Patriot-tulga.kz
Алау мінез Алханбек
Редакция өтініші бойынша Алханбек Мәлкеев туралы материал жазу ол кісінің замандастарын іздеуден басталды. Әрине, туғанына жүз жылға жақын уақыт өткен, қысқа ғана өмірінде ұжымдастыру кезеңін, Ұлы Отан соғысының от-жалынды майдандарын, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын алға бастыру науқандарын басынан өткеріп, халық тұрмысын жақсартуға аянбай атсалысқан азамат туралы жазу оңай емес. Өзін көрмегеннен кейін замандастарын іздеп, тауып, олармен сұқбаттасу, мұрағаттық деректерге жүгіну әлбетте ләзім.
Бұл ретте маған алғаш қолұшын берген жасы тоқсаннан асқан соғыс және еңбек ардагері, қаскелеңдік Үсенбай Тастанбеков болды. Үсекең А.Мәлкеев Еңбекшіқазақ ауданында бірінші хатшы болған кезде «Үлгілі колхоз» газетін басқарыпты. Қызық болғанда қолында қазір мен жетекшілік етіп отырған «Еңбекшіқазақ» аудандық газетінің атасы – «Үлгілі колхоздың» 1953-1957 жылдардағы сарғайып, тозуға айналған тігінділері бар болып шықты. Мұндай ұқыптылығы мен жанашырлығы үшін Үсенбай атамызға алғыстан басқа не айтарсың?! Газеттен сол кездің отты лебі айна-қатесіз сезіліп тұр. Аудандық партия комитетінің шешімдері мен қаулыларында ауданды басқарған адамның жүрек лүпілі, азаматтық өресі мен өз ісіне жауапкершілігі, аудан үшін өткір мәселелерді қоя білетіндігі айқын байқалады.
Зерттеу барысында жары Айым-бүбінің қосағы Алханбек туралы жазған өмірбаяны да қолымызға түскен. Қолжазбада елі үшін аянбай қаны мен терін төккен азаматтың биік бейнесі мен-мұндалайды. Құжат: «Алханбек Мәлкеев 1915 жылғы тамыздың 4-і күні Алматы облысы, бұрынғы Шелек ауданының Төре жайлауында туған. Он жасында анасы Тұрдыбала қайтыс болады. 1932 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, ауыл ша-руашылық қызметкерлерін дайындайтын курста оқиды. Оны аяқтаған соң, Шелек ауданындағы «Социалды Қазақстан» колхозында есепші, артынан бригадир қызметін атқарады, – деп басталады.
Ары қарай 1934 жылы Қазақстан жер комиссариатының жолдама-сымен радиостанцияларға саяси басшылар даярлайтын бір жылдық курсқа оқуға жіберілгені, оны бітірген соң, Оңтүстік Қазақстан облысының Жуалы ауданындағы Бөрлі МТС-і радиостанциясының саяси басшысы болып істегені баяндалады. – Ол жерде бір жыл істеп, 1936 жылы Алматыдағы электротехникалық байланыс техникумына оқуға түседі. Техникумда үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Сонымен қатар, төменгі курс оқушыларына қазақ тілінен сабақ береді. Оған қоса, техникумда комсомол ұйымының хатшысы қызметін де атқарады. Содан да болар, 1939 жылғы 12 желтоқсандағы сайлауда Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайланады.
1940 жылдың қаңтар айында техникумды радист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Фабрика-зауыт училищесі (ФЗУ) директорының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып істейді. Арада бірнеше апта өткен соң А.Мәлкеев әскер қатарына шақырылады. Алты айлық арнайы курста оқып, артиллерия дивизионына комиссар болып тағайындалады. Өзінің білімі мен іскерлігі арқасында қатардағы жауынгерден офицер шеніне дейін көтеріледі. 1941 жылы соғыс басталған тұста Алханбектің артиллериялық дивизионы жауға алғашқылардың бірі болып соққы берді. Комиссар соғыс кезінде өте жауапты міндет болатын Әлханбек жауынгерлерді жеңіске жігерлендіріп, үнемі алғы шепте жүреді. Соғыстың бірінші күнінен 1944 жылға дейін жаумен шайқасады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Алханбек Мәлкеев 1944 жылғы тамыз айында Мәскеудегі әскери заң академиясына оқуға жіберіледі. 1945 жылдың қыркүйек айында академияны бітірген тұста Екінші жаһан соғысы да аяқталған болатын. 1945 жылдың аяғында Қазақстан Министрлер Кеңесінің мәдени-ағарту техникумының директоры болып істейді.
1946 жылғы шілде айынан Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Мәдени-ағарту комитетінің оқу орындары жөнінде кадр бөлімі бастығы қыз-метін атқарды.
Алханбек Мәлкеев 1948 жылдан бастап Алматы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, информация секторының меңгерушісі, үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып істейді. 1952 жылғы қыркүйек айында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Айымбүбі апай жазған өмірбаяндық деректер Алханбек аға ғұмырынан осылай сыр шертеді.
Бұл қызметте Алханбек Мәлкеев аудан экономикасын көтеру, тұрғын-дардың әл-ауқатын жақсарту мақ-сатында көп жұмыстар атқарды. Ұсақ шаруашылықтар ірілендіріліп, қуатты совхоздар құрылады. Оларды басқаруға білімді, тәжірибелі маман-дар тағайындалды. Мал санын көбейту мақсатында шопандарға ерекше жағдайлар жасады. Көшпелі монша, дәрігерлік бригадалар, авто-клубтар саны көбейтілді. Мәдениет ошақтары жанданып, олар халыққа жақсы қызмет етті. Ең бастысы Алханбек елмен жақсы тіл табыса алды. Өйткені, ол табиғатынан мейірімді, ақкөңіл, қарапайым адам еді. Оның үстіне ол жыр жолдары төгілген ақын, тамаша әнші, керемет домбырашы болатын.
Осылай алғашқы бес жылда аудан облыста алдыңғы қатарға шықты. 1956 жылдың қорытындылары бойынша қол жеткізген тамаша табыстары үшін Алханбек Мәлкеев 1957 жылы «Ленин» орденімен марапатталды. Осындай ерен еңбегінің нәтижесінде ол Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1956 жылы СОКП ХХ съезіне делегат болып сайланып, Мәскеуде жеке басқа табынушылыққа байланысты Сталинді айыптаған Н.Хрущевтің баяндамасын тыңдады. Қазақ халқы сталиндік зұлмат жылдардың теперішіне көп ұшырағанын бұрын да іштей сезетін.
Кеңес Одағын Хрущев басқарған жылмық жылдарда Алханбек осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысты. 1958 жылы даңқты Есік көліне асфальт жол салғызып, көлдің маңына қонақүй, мейрамхана, ойын-сауық орындарын тұрғызды. Сөйтіп көлді жалғыз Еңбекшіқазақ ауданының ғана емес, бүкіл облыс-тың, тіпті республиканың игілігіне ай-налдырды.
1960 жылы қаңтарда Алханбек Мәлкеев Алматы облысы Іле (қазіргі Талғар) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Бұл жерде де Алханбек аудан экономикасын көтеруге, елдің әл-ауқатын жақсартуға белсене атсалысады. Еңбекшіқазақ ауданында қолға алған игі істерін осында да әрі қарай жалғастырады. Аудан халқының мәдениетін көтеруді назарда ұстайды.
Алханбек Мәлкеев ақын әрі композитор еді, оның бірқатар жақсы өлеңдері, өзі шығарған төрт-бес әні жұртшылық арасына тез тарап кеткен. Оның поэзиядағы еңбегін Қазақстан Жазушылар Одағы лайықты бағалап, 1959 жылы оны Қазақстан Жазушылар Одағына мүше етіп қабылдайды.
Амал не, Алханбек Мәлкеев кемеліне келіп, басшылық ісінде де, шығармашылық өнерінде де толысып, буырқанған шағында, небәрі 45 жасында, 1960 жылғы 4 тамыз күні қайтыс болды.
«Туған халқы, еңбек еткен аудандарының азаматтары Алханбек Мәлкеевті ұмытқан жоқ. Есікте орта мектеп және бір көше Мәлкеев атымен аталады. Талғарда зиратының басына ескерткіш тас орнатылды, бір көшеге Мәлкеев аты берілді» деп жазады марқұм Айым-бүбі апай.
Аға буын әріптесіміз Қаскелең қаласының тұрғыны Үсенбай Тастанбековтың айтуынша, Алханбек Мәлкеев ақкөңіл, жайдары мінезімен, ақындық, әншілік, домбырашылық өнерлерімен өзі басқарған қалың елдің де, жоғарғы, төменгі басшылық қызметтегі замандас, қатарластарының да алдында өте беделді болған.
1952 жылдың тамыз айында Алханбек Мәлкеев Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған сәттен бастап шаруашылық жағдайымен танысады, мал соңындағы малшылардың тұрмысымен, үй жағдайымен танысады. Сарытауқұмдағы қыстауларды аралап, ондағы мал қыстатып жатқан шаруашылықтардың басшыларын кезектесіп малшылар арасында үзбей болуын тапсырады.
Аудан орталығынан, колхоз-совхоздардан ондаған шақырым алыстағы малшылармен қарлы, боранды қыста байланыс жасап, барып-келіп тұру оңай шаруа емес. Осы жағдайды жете зерттеп, шешім іздеген Алханбекке өзінің электротехникалық байланыс техникумының радио бөлімінде алған білімі мен біліктілігі көп көмек көрсеткен. Малшы қыстауларына шағын радиостанциялар орнатқызып, орталықпен әр күні хабарласып отыруға мүмкіндік жасаған. Әр шопанның үйінде радиоқабылдағыш болуын қадағалап, әр он күн сайын шопан қыстауларына, жаз айларында Асыдағы жайлауға құрамында дәрігерлер, автодүкен, көркем-өнерпаздар, киноқондырғы, көшпелі монша бар мәдени-тұрмыстық бригада аттандырып отыруды ұйымдастырып, қадағалап отырған да аудан басшысы Алханбек Мәлкеев еді.
Сарытауқұмдағы малшылар қыстауларындағы «Алты аяқ» аталған уақытша күркелер мен жұпыны үйшіктер орнына кірпіш үйлер салғызып, әр шаруашылыққа құдық қаздырып беруге, су, шөп, жем таситын автокөлікпен қамтамасыз етуді тікелей ұйымдастырып, бақылаушы болған да А. Мәлкеевтің өзі еді.
Басқаруындағы аудан ша-руашылықтарын дамыту мәсе-лелерінің тасасында осы аумақтың мәдениеті, әлеуметтік жағдайы ұмыт қалмауын да өте жіті қадағалап отырды. Алғыр ойлы, алдағысын аса зеректікпен бағдарлап отыратын Алханбек Мәлкеевтің бақылауымен аудандық пионер лагері, Есік қаласында әмбебап дүкен (универмаг), жаңа кинотеатр, стадион, аудандық ауру-хана, аудандық партия комитетінің ғимараты салынды. Бұл жаңадан са-лынған ғимараттарға көшкен ұйым-мекемелерден босаған үйлерде балабақшалар ашылды.
«Көкірегі ояу, көңілі ашық, өнер-білімге, нулы, сулы, таулы өлкесіне ғашық Алханбек Мәлкеев қазақ атамның «Туған жерге туыңды тік» деген қағидасын тек қанатты сөз деп қабылдап қоймай, тіршілігіне тұтқа етті. Көк шалғынды, шөбі шүйгін, суы кәусар, аты аңыз Асы жайлауына жол салдырып кетті. Қазіргі Түрген сайын өрлеп, Батанды басып, Асы жайлауына асатын асфальт-жолды салдырған сол. Қазір Құлжа жолы атанған Алматы-Қорғас күре жолынан Есікке қарай бұрылысынан басталып аудан орталығындағы «Балалар әлемі» дүкені тұсынан оңға бұрылып, әйгілі биік таудағы Есік көліне апаратын асфальт жол да Алханбек Мәлкеев ауданды басқарған жылдары салынған», – дейді ақ сақалды ағалар мен ақ жаулықты аналар – Мәлкеевтің тұсында ғұмыр кешкен замандастары.
Осыншама шаруашылықты ұйымдастыру, аудан мәдениетін, денсаулығын, білім беру салаларын дамыту да бір адамға оңай жүк емес-ау деп ойлайсың. Бұл іс-терді атқарудан басқа өз шығармашылығымен айналысуға қайтіп уақыт тапты екен? – деген ой да келеді. Бірақ «Дарынды адам жан-жақты» демей ме. Ел басқарудағы дарындылығынан болар, Еңбекшіқазақ ауданын басқарған алғашқы жылдары еліне етене танымал болып, үлкен беделге ие болған Алханбек Мәлкеевті жерлестері бірауыздан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты етіп сайлайды. Ал 1956 жылы Мәскеуде өткен жеке басқа табынуды әшкерелеген әйгілі Кеңес Одағы Коммунистік партиясының съезіне қатысады.
«Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек» дейді халық даналығы. Замандастары Алханбек Мәлкеевтің сегіз қырын тізбелеп шықпақ болса, алдымен адамгершілігін атар еді. Одан кейін ақкөңіл-ақжарқындығы, үлкенге ізет, кішіге қамқорлығы, жаңашылдығы, табиғатқа, туған еліне деген сүйіспеншілігі, іскерлігі, сауаттылығы, бастамашылдығы, шығармашылдығы...
Апырым-ай, Алханбек туралы естіген әңгімелерден, оқыған естеліктерден әр қырын есептеп отырсақ сол сегізден де асып кеткенін байқаймыз. «Тек табыс тауып, тамағын күйттеген адамның төрт аяқты жануардан қандай артықшылығы бар?» – деп хәкім Абай айтса керек. Өткір сөзбен артына адамдарды ерте алмаса, оның көшбасшы-лидерлігі қайда? Бұл ретте Құланбай Көпішевтің соғыс кезінде жазып, газеттерде жариялаған «Комиссар біздің Мәлкеев» деген өлеңі назар аудартады. Одан сәл-кем үзінді келтірейік:
«Ер боп тусаң өмірде,
Жалғыз қадам шегінбе!
Келген жоқсың өлуге,
Шықтың жауды жеңуге.
Бұл иттерді қонаққа,
Жоқ едік қой шақырған.
Тура соқ, бет қаратпа,
Ал жақсылап алқымнан, – деп ұрандайды шабуылға шақырған командир Алханбек Мәлкеев.
Артиллерия дивизионының комиссары болып Калинин, Бі-рінші Балтық майдандарында фашист басқыншыларынан елін қорғауға қатысқан, әлі отызға да толмаған жас Алханбек майор шеніне дейін көтеріліп, жеке ерлігі үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденімен, көптеген медальдармен наградталған». Майдандас достың берген сипаттамасы осы.
Басшыға қажет бір қыры қатаң талапкерлігі болса, аңдамай жасаған қатесі үшін адамды кешіре білетіндігі де ардақты. Елдің ортақ мүлкін талан-таражға салған суық қолдыларды аямай жазалап, құқық қорғаушылар қолына тапсырып отырған А.Мәлкеев жастық-мастық қызуымен жолдан тайған азаматты ақылмен, орынды сынмен сынақтан өткізіп, әділ жазасын бергізіп, дұрыс жолға түсуіне себепкер болып жататын. Ондай мысалдар көп.
Партия, үкімет қайраткері болған, жауынгерлік жолда да биіктерге жетіп, ерлігімен ел көзіне түскен Мәлкеевтің шешендігі де, ақындығы да жұртты тәнті ететін.
Орынды әзілмен, отты шумақтармен кемшілікті сынап, олқылықтың орнын толтыруға себепкер болатын. Жайлаудағы малшылар жағдайын білмек болып бір орта буын басшының үйіне кірсе, дәл төрге итін жатқызып қойыпты. Алханбек сонда үй иесіне қарап былай депті:
Кіріп едім «арс» етті қара тазы,
Текеметке оралған қысы-жазы.
Кісі орнына тазыны құрметтейтін,
Не істетпес адамға мидың азы.
Мәлкеев «Ақши» колхозы бастығының жылқы өсірудегі қырсыздығын былай сынапты:
...Бурыл айғыр, қара айғыр,
Әрі ат боп жүр, әрі айғыр.
Жалы болса жалпиған,
Қарны болса қампиған –
Дейсіздер ме бәрі айғыр?!
Алханбек Мәлкеевтің мәдениетке қамқор ғана болып қоймай өзі де өнер қуған, өлең жазған, ән шығарған, домбыраны да келісті тартып, әдемі қоңыр дауыспен ән де айтқан адам болған екен. Өзі сөзін жазып, әнін шығарған «Есік көлі», «Қыз мінезі», «Асы жайлауы» атты шығармаларын әйгілі композиторымыз қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов нотаға түсіріп берген екен. Ең өкініштісі, сол әндердің нотасы табылмады. Мүмкін осы жолдарды оқып отырған аға буын ақ-сақалдарымыздың есінде ән ырғағы қалған болар...
«Алатау» атты өлеңінде: «Көз салсам Алатаудың шыңдарына, ойлаймын: қалай оған бара аламын?» деген жолдар бар екен. Оған «тауға қарап өскен тау түлегінің» асау арманы, ақ басты Алатау шыңдарына – өмірдің небір биіктеріне шықсам деген мақсаты сыйып тұрғандай.
Небәрі 45 жас қысқа ғұмырында ол Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, майдангер комиссар, Еңбекшіқазақ ауданының басшысы, Алматы облысының ардақты аза-маты, Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып үлгерді. Ақындық, сазгерлігі өз алдына Алханбек Мәлкеев артында айшықты із қалдырған, ел тарихында абыройлы атын қалдырған азамат болатын. Сондықтан да халқы оны ұмытпайды.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ,
журналист.