Patriot-tulga.kz
Ақынның жүрек сөзі
Қазақ өлең өнерінің айдынына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының о жақ, бұ жағында қосылған буын туралы көп жазылып, көп зерттеліп келеді. Бұл негізінен соғыстың алдында туған лек. Көрнекті өкілдері ретінде Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев сияқты жыр жампоздарының есімдері аталады. Олар өндіре жазды, өлең өлкесінің өрісін кеңейтті. Қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарына айналды. «Толқыннан толқын туады» демекші, 1970 жылдардың басында қазақ поэзиясына жаңа бір буын келіп қосылды. Ағалар өкшесін басып ақындық әлеміне келген Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдрашев,Тынышбай Рақымов, Жұматай
Жақыпбаев, Дәуітәлі Стамбеков сияқты ақындар шоғырында Рахымжан Өтегенов та бар еді.
Соғыстан кейін дүниеге келген бұл буын бейбітшілікті, отаншылдықты, табиғатқа құштарлықты, адамгершілік пен махаббатты сүйсіне жырлады, құлшына тер төкті. Кеңестік кезеңде өмір сүрді десек те, олар қазақтың ақындық өнеріне ұлт-жандылық сипат берді. Әсем жыр шумақтарымен сұлу сурет салды. Солардың бірі де, бірегейі, өлең еткен, нәзік лирик ақын – Рахымжан Өтегенов болатын. Болатын деуіміздің де өкінішті сыры бар. Рахаң поэзия дейтін қасиетті әлем айдынында еркін де, ұзақ жүзе алмады. 1993 жылы не бары 44 жасында пәни дүниемен қош айтысып, бақи дүниеге кете барды. Тірі болса бүгін ол жетпістің екеуіне келер еді. Біздің жастық шағымыз бірге өтті. Алматы облысы бұрынғы Шелек ауданының орталығы Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектепте бір сыныпта оқыдық. 1966 жылы мектеп бітірген соң екі жылдық еңбек өтілі қажет болып,ол аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, мен «Горный овцевод» кеңшарында шопанның көмекшісі болып еңбек жолымызды бастадық. Екі жылдан кейін Рахымжан КазГУдің журналистика факультетіне бірінші курсына түсті. Одан екі жылдан кейін әупірімдеп мен де сол факультетке іліктім.
Оқу сырттай болғандықтан Рахымжан Алматы облыстық «Жетісу» газетіне курьерлік жұмысқа тұрған. Оған жиі келіп жүріп жұмысымен танысып,тіршілік тынысы қызықтырып мен де редакцияны жағаладым. Рахымжан секретариат бөліміне ауысқанда оның орнына мені шабармандыққа тағайындады. Сөйтіп редакция жұмысын тез-ақ меңгеріп,екеуміз де қамшы салдырмайтын қызметкерлерге айналдық. Суреттердің сөзін әзірлейміз, шағын материалдар жазамыз. Өстіп бір те бірте журналистиканың қыр сырына қанықтық. Редакцияға кешке Мәлік пен Дүйсек досымыз келетін. Олар жұмыстан шығып жеткені. Ал біз газет штабы саналатын секретариатта жұмыстың ең қызған шағындамыз. Кезекшілік түнгі 11,12 де бітсе қуанамыз. Көп жағдайда таңғы 4, 5-ке дейін созылып кететін. Кезекші редакция мен баспаханада нөмірді жүргізуге мәжбүр боп,қалғанымыз өзіміз жататын пәтерге тартатынбыз. Үйде күтіп отырған қай бір келіншегіміз бар, бәріміз бойдақпыз. Қалтамыздағы ұсақ-түйек, тиын тебенімізді құрастырып асханадан тамақ ішеміз, оған жетпесе нан мен маргарин алып, үйде шай қайнатып ішеміз. Кейірек Рахымжан екеумізге жатақханадан бір бөлме тиіп, оған сырттан Мәлік пен Дүйсек досымыз қосылып төртеуміз тұрып жүрдік. Күндердің күнінде әскери борышын өтеп келген соң Рахымжан досымыз үйленді. Күйеу жігіт – Мәлік. Мәлік ол кезде бойдақ болса да өзі істейтін Қазақ жеміс жүзім ғылыми-зерттеу институтынан ескі де болса екі бөлмелі ағаш үй алған. Рахымжан жұбайы Дариға екеуі Мәліктің сол үйінде тұрды. Алғашқы перзенттері Ерлан сонда дүниеге келді. «Орбита2» ықшам ауданынан өздері пәтер алған кезде бірінен кейін бірі Эльмира мен Гүлмира дүниеге келді. Отбасылық қуаныштарымыз да, реніштеріміз де ортақ еді. Рахымжан кеңестік кезеңде өмір сүрді десек. өнерін бала жасынан өзіне серік етті. Рахымжан дүниеден өткенде Ерлан мектеп те бітірмеген болатын. Ерлан институтқа іліге алмай қалды. Бұл кезде «Заң газетінің» бас редакторы болып тағайындалған мен Ерланды Өмірәлі Қопабаев басқаратын Заң институтының ақылы бөліміне түсірдім. Әкесі қайтыс болып кеткенін көлденең тартып 50 пайыздық жеңілдік алып, қалған жартысын қолма қол қаражатпен төледім. Досымның отбасына басқа қалай көмектесе аламын? Бір жылдан соң көз таныстығымды пайдаланып,Нағашыбай Шәйкенов басқаратын Заң академиясының прокурорлық факультетіне бюджеттік оқуға ауыстыртып алдым. Абырой болғанда Ерлан ұятқа қалдырмай жақсы
оқыды. Қызмет сатыларынан өтіп,ҚР Бас прокуратурасында қызмет етті. Бүгінде елордада қалалық прокуратурада жауапты қызметте,полковник дәрежесінде. Эльмира мен Гүлмира да өмірден өз орындарын тапты.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай айтқан емес пе. Журналист,ақын Рақымжан Өтегеновтың артында оншақты жыр жинағы қалды. Ақындық мұрасының жыр қатпарлары, сыр қатпарлары енді ғана ашылуда. Әр кітабы бір белес десек, Рахымжанның шығармашылық мұрасы аз емес. Оның зерттейтін де, зерделейтін де тұстары көп. 2009 жылы қарап отырсам, 60 жастың белесіне келіп қалыппын. Есіме Рахымжан түсті. Оны елеусіз
қалдырып өзім мерейтойымды қалай өткізейін?! Дереу Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалинмен сөйлесіп, 13 наурызға одақтың залын алдық. Сөйтіп екі ай дайындалып Рахаңның 60 жылдығын үлкен салтанатпен атап өттік. Мектеп шәкірттері, эстрадалық цирк колледжінің студенттері Рахымжанның өлеңдерін жатқа оқыды. Өнер қайраткерлері ән шырқады. «Сыбаға» деп аталатын жаңа жыр жинағының тұсаукесерін өткіздік. Ауылдан да көп адам келді. Рахымжанды білетін, шығармашылығын бағалайтын біраз жұрт лебіз білдірді.
Жалпы енді тура осы арада ақын ғұмыры туралы азкем сыр шерте кеткен жөн болар. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Рахымжан Тілеуімбетұлы Өтегенов 1949 жылы 10 қаңтарда Шығыс Түркістан топырағында дүниеге келді. 1973 жылы Қазақ мемлеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Алматы облыстық «Жетісу» газеті, бұрынғы Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан»,республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, Қазақстан телерадио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет істеді. Ол жүздеген мақалалардың, әңгімелердің, радиохабарлардың авторы. Алғашқы өлеңдер жинағы 1969 жылы «Жас керуен» деген атпен жарық көрген болатын. Одан кейін 1975 жылы «Көктем тынысы» шықты. 1977 жылы жарық көрген «Ақ шуақ» Рахымжанның шынайы ақын, тамаша лирик болып қалыптасқандығын байқатты. 1982 жылы жарық көрген «Көңіл көктемі», 1985 жылғы «Арманымның ақ құсы» сияқты кітаптары ақынның шығармашылық жолындағы елеулі белестер болды. Баспадан 1986 жылы шыққан «Күтіп жүрмін көктемді» кітабы жыр сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жинағына айналды. Қайтыс боларынан төрт жыл бұрын 1989 жылы шыққан «Жырлайды жүрек» Рахымжан шығармашылығының биік шыңы деуге болады. Өзі де бұл күнде марқұм болған ақын Қаржаубай Омаровтың редакторлығымен 1996 жылы жарық көрген «Бір уыс бүлдірген» ақынның балалар шығармашылығына арнаған кітабы еді.
Жалпы Рахымжан Өтегенов шығармашылығын оның журналистік қыры, азаматтық қыры, ақындық қыры ретінде жіктеп қарастыруға болады. Алдымен оның журналистік қыры туралы бірер сөз. Ол өзін қазақтың айтулы публицисі, баспасөз ісін үздік ұйымдастырушылардың бірі Әбдуали Қарағұловтың шәкірті екендігін мақтан ететін. Газетте секретариат дейтін бөлім болады. Рахымжан сол бөлімде істей жүріп, газеттегі әр мақала, әр беттің әдемі, полиграфиялық тұрғыдан сауатты безендірілуіне жанын салатын. Сарбас Ақтаев, Жәнәбіл Темірбеков, Баймолда Мусин, Жолдасхан Бозымбеков, Мұғалімбай Жылқайдаров, Сарыағаң –Хабдішаһар Әмренов сияқты аға буын әріптестестері Рахымжанды шебер макетші ретінде ғана емес, берген тапсырманы жедел де ұшқыр орындайтын қаламдас ретінде жоғары бағалайтын. Газет редакцияларында әлі күнге тасырманы өте жедел орындайтын журналистерді «ақ мылтық» деп бағалайтын дәстүр бар. Рахымжан сондай «ақ мылтық» журналист болатын. Оның қаһармандары еңбек майталмандары, өнер адамдары еді
Іссапарлардан жазған ондаған материалдары газет лездемелерінде мақтауға ие болып жататын. Қазақ журналистикасында Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева туралы ең алғаш қалам тербеген – Рахымжан. Көркемөнеріміздің Әбілхан Қастеев, Жанатай Шарденов сияқты біртуар дарындары туралы көлем ді очерктердің де авторы – Рахымжан. Журналистің қымқуыт тіршілігінің
арасында «мына бір өлең жазып едім, тыңдашы» дейтін де – Рахымжан. Ақынның жырларынан азаматтық леп қалай сезілсе азаматтық өре оның бітім болмысынан да солай сезілетін. 1984-1985
жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының жанынан Шона Смаханұлының бастауымен Мектеп кеңесі құрылғанда Рахымжан Алматыда және еліміздің басқа да қалаларында қазақ балабақшалары
мен қазақ мектептерін ашу жолындағы күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Рахымжан тек Алматының өзінде ғана 20-шақты қазақ мектептерінің ашылуына атсалысты. Сол кезде ашылған қазақ мектептерінің бірінші сыныбына барған балалардың өзі бүгінде ат жалын тартып мініп, азамат болды. Рахымжанның сіңірген бұл еңбегі талай жерде айтылып та жүр, жазылып та жүр. Ұлт жандылық оның басты қасиеттерінің бірі болатын. Отаншылдық сезім, азаматтық жауапкершілік Рахымжанның көптеген жырларын көктей өтетін басты тақырып екендігі де сондықтан. Рахымжан көп оқушы еді. Мерзімдік басылымдарда әріптестерінің бір жақсы өлеңі жарық көріп қалса айналасына дауыстап оқып беретін. Жақсы жырға, әдемі теңеуге қуанушы еді. Пендешілік қызғаныш оған мүлде жат болатын. Мұқағалиды қатты құрметтейтін. Тұманбай ағаны өзіне өмірбақи ұстаз санап өтті. Бірақ ол ақындық шығармашылығында ешкімді қайталаған емес. Әрқашан өзіне басқа жол, тың теңеу, ұтымды ұйқас іздеді. Жай бір табиғат құбылысының өзінен жаңаша ой айтуға ұмтылды. Мәселен, «Көгілдір таулар» деген өлеңіне көз жүгіртелікші:
Көгілдір таулар бұлттарға
аппақ оранған,
Ол адам болса, кеудесі шіркін
толы арман.
Күн шыққан кезде сəулелер
алғаш қонады,
Бұлақтар біткен басталады
екен солардан.
Ұясын салып, биікпен
асқақ достасып,
Қырандар тобы жатады
таумен қоштасып.
Бір шыңға бір шың қосыла
алмай тұрады,
Секілді олар арманда кеткен
қос ғашық.
Асқақ таулардың биік шыңдарын осылай қосыла алмаған қос ғашыққа теңеу қазақ поэзиясында бұрын соңды кездескен емес. «Жұлдыздар» дейтін мына өлеңіне назар аударалық:
Түнгі аспанда жымыңдаған көп
жұлдыз
Сан арудың жанары ма шуақты?
Арман болып кеткен маған сол
бір қыз
Көк күмбезден қарап тұрған
сияқты.
Əдемі сурет көзіңе
елестейді.
Ақынның шынайылығы алдыңнан шығады. Ақын жүрек әрқашан адамзатпен бірге. Тағы бір өлеңінде:
Бақыт нұры бетімді
жуар қашан,
Ол тезірек келер ме, жыр арнасам?
Адам болып несіне
жаратылдым,
Шаттығына біреудің
қуанбасам?! –дейді.
Міне, бұл – ақынның жүрек сөзі. Онда ұрандаған пафос жоқ. Ол өзінің азаматтық тұлғасын, асқақ армандарын жай, қарапайым адамдық пейілі менақ аңғартып тұр. «Таудың биіктігін одан алыстаған сайын білесің» дейді ғой. Рахымжанның ақындық, азаматтық биіктігін біз одан алыстаған сайын біле түскендейміз. Иә, ол аз ғұмыр кешсе де өмірден сыбағасыз өткен жоқ. Артында әсем жырларға толы кітаптары мен ғұмырын жалғастырар перзенттері қалды. Сүйген жарына деген махаббаты мен адалдығын ту еткен Дариғасы Рахаңның шығармашылығына үздіксіз қамқор болып келеді. Ол қандай құрметке де, алғысқа да лайық. Рахымжан өмірге қарыздар болып қалмайын деп мынау тіршілікке де жырдан «Сыбаға» соғып кетті.
Марат Токашбаев