Patriot-tulga.kz
Жақсылармен жарқырайды дүние
Қазақстандық дәрігер-стоматолог, ортопедиялық стоматология саласындағы тұңғыш ғылым докторы, ұзақ жылдар С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина академиясының ортопедиялық стоматология кафедрасын басқарған ұстаз, бүгінде «Профессор С.Рузуддинов колледжінің» директоры Сәуірбек Рузуддинұлы Рузуддиновтың есімі тек қазақстандықтарға ғана емес шетелдік ғалымдарға да жақсы таныс. Төмендегі материалда ғалымның өмірдегі қалыптасу жолдары баяндалады.
Қазақстанда ортопедиялық стоматология мамандығы негізін қалаушылардың бірі, медицина ғылымының докторы,Қазақстанның еңбек сінірген қайраткері, профессор Сәуірбек Рузуддинов туралы сыр
ТЕКТІЛІК ТӨРКІНІ
Таяуда қолыма түскен «Шахматная игра длиною в жизнь» деген кітапты парақтап отырғанда қызыққаным соншалық, бес-алты сағаттың ішінде бас алмай бір деммен оқып шыққаным бар. Кітап профессор С.Рузуддиновтың өмір жолынан, қиын да қысталаң шақтарынан, ғылымдағы жетістіктерінің түйіндерінен сыр шертеді. Ғажайып өмір-дастан. Таңданысымды жасыра алмай өзімен жолыққанда пікірлерімді айттым.
– Сәке, Сіздің де, сіздің әкеңіздің де өмірі ертегі тәрізді. Әсіресе жетім өскен әкеңіз Рузуддиннің, атасы кешегі Хан Кененің мыңбасы болған Бедел бидің немересі Хайриниса анаңыздың тағдырына таң қалдым. Тектілік десе осыны айтатын шығар.
– Иә, әкем Рузуддин тіпті кішкентай кезінде тұл жетім қалыпты. Анасының туысы болып келетін Әбдір молда деген кісі өзінің бес қызына қосып, Рузуддин деп ат қойып, нәрестені асырап алған екен. Өкінішке қарай бірнеше жылдан соң әлдебір жұқпалы аурудан асырап алған ата-анасы көз жұмады да артында қалған дүние-мүлікке қызыққан ағайындары кішкентай қыздарды күңдікке, Рузуддинді өзбектерге құлдыққа сатып жіберіпті. Жеткіншек боп қалған тұста құрғақшылықтан таршылыққа ұшыраған өзбектер жетім баланы сатып алып, өздерінің әлдебір ырымдарымен құрбандыққа шалып, бөгеннің табанына көмбек болып, қожайынға келеді:
– Мына жетімекті қаншаға сатып алдың?
– Бір өгізге!
– Біз қышлақ болып жиналып саған бір өгіз алып берейік, баланы бер, құрбандыққа шалып бөгенге тастаймыз!
Қожайын келіседі. Бұл әңгімені құлағы шалып қалған әлгі өзбектің қызы жаны ашып, түн ішінде Рузуддинге әкесінің атын мінгізіп қашырып жібереді. «Жарықтық әкем, бала кезі ғой, суға тұншығып, өлдім-талдым дегенде өзеннен өтіп, қазақ ауылына тұяғы ілініп, әйтеуір тірі қалыпты.
Ал анам Хайриниса болса бойжетіп қалған шағында әкесі Әймен мен ағасы аяқ астынан қайтыс болып, жаңғызілікті анасымен қалады. Бірде туыстары сиыр сатпақ болып Шымкент базарына барса, әлімжеттік жасаған қарақшы топ бұлардың сиырын тартып алыпты. Араға менің әкем, жас та қайратты, бірақ дөкір мінезді Рузуддин түсіп, бұлардың сиырын қайтартып беріпті. Риза болған туыстар әлгі жігітті ауылға қонаққа шақырмай ма, сонда бойдақ екендігін білген соң бойжетіп отырған өзі көрікті, өзі әнші, өзі сауатты Хайринисамен таныстырыпты. Шешем тәрбие көрмеген, дөрекі Рузуддинге барғысы келмейді. Оның үстіне күйеуге тиіп кетсе, анасы жападан жалғыз қалмақ. Кенесары хан әскерінің мыңбасы болған Бедел бидің немересі деген аты тағы бар. Паңдық құрып шалқайып жүрейін десе жағдайлары көтермейді. Содан Рузуддинге шешесін жалғыз қалдырып кете алмайтынын, өзінің намаз оқитынын айтыпты. Рузуддин болса бірбеткей мінезіне басып, елдің «күшік күйеу» деп мысқылдағанына пысқырмастан көкір-сөкір заттарын көтеріп бұлардың үйіне көшіп келіпті. Отбасы солай құралған.
Хайриниса кейін білсе Рузуддиннің ата-бабалары аса қайратты, батыр да балуан, елге танымал кісілер болыпты. Үлкен атасы Тәжібай Сыр бойын мекендеген жас кезінде суға барған сұлу қызбен жолығу үшін өзен бойындағы қалың қамысқа барады екен. Бірде кеште айдың жарығымен қаннен қаперсіз келе жатқанда қамыс арасынан жолбарыс атылады. Қарусыз жігіт шалт қимылдап, жалаңаш жұдырығымен ұрғанда түз тағысы гүрзі тигендей болып сеспей қатыпты. Айналасына тыныштық бермей жалғыз-жарым адам мен малды жарып кетіп жүрген қауіпті жыртқыштан құтқарған жігіттің батырлығына риза болған ауыл ертеңіне ақылдасып, әлгі сұлу қызды Тәжібайға қалыңмалсыз некелестірген екен дейді.
Рузуддин Хайринисаға үйленген соң адам қалпына түсіп, мінезі жұмсарып, балалы-шағалы болып кетеді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Рузуддин қырықтан асып мосқал тартқан кезі екен. Бірақ колхоз бастығы он сегіз жастағы баласын соғысқа жібермеу үшін орнына Рузуддинді жазып жіберген ғой. Мәскеу түбінде қырғын ұрыс жүріп жатқанда командирі: «Сақалы беліне түскен 18 жастағы солдат болмайды» деп медициналық комиссия шақыртып, әскерден қайтартып жіберіпті. Жол-жөнекей көрмегені жоқ, тіл білмегендіктен айдауға түсіп, 1946 жылы ғана елге аман-есен оралады ғой.
ҰМТЫЛЫС
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Сәуірбектің анасы тартқан азап пен қиындықтың, жоқшылық пен аштықтың салдарынан ауруға ұшырайды. Қайта-қайта ауруханаға түсе беретін анасына жаны ашыған Сәуірбек бәлкім бір шипасын табармын деген үмітпен дәрігерлік оқуға түссем деп армандайды. Әкесі оның ауруханада жұмыс істеуіне қарсы болмағанымен, бірақ анасы үзілді-кесілді қарсы шықты.
– Доқтыр да болмайсың, мұғалім де болмайсың. Тракторшы бол! Көрдің бе, ана көршілеріміз сияқты жақсы тұрасың, қап-қап етіп ұн аласың, үйге жем-шөп тасисың!
Бірақ өмір Сәуірбекті басқа жолмен айналдырып ақыры арман еткен бағытына салып жіберді. Жетіжылдық мектепті бітірген соң, сегізінші сыныпты сол кездегі Шаян ауданындағы ХХІҮ партсъезд атындағы мектепте оқыған. Ағасының үйінде тұрушы еді, оқу жылының ортасында бауыры жұмыс бабымен басқа ауданға көшетін болды. Осындайда досының ағасы көмек қолын созып, солардың үйінде оқу жылын аяқтады. Бір қызығы осы мектепте оқып жүргенде Сәуірбек домбыра үйірмесіне қатысты, өлең жазды, шахматпен әуестенді.
Кәдімгідей нәтижелерге де жетіп жүрді. Бүкіл мектеп бойынша жеңімпаз болған соң дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі бірде оны облыстық жарысқа алып барған. Алғашқы партияда жеңіске жеткенімен кейінгілерінде ұтылып қалды. Бірақ жарысты бақылаған төреші оны іштей бағалағаны болар, Сәуірбекті медициналық училищеге оқуға шақырады. Құжат тапсырып, училищеге түскен соң, көп ұзамай дәрігер болу үшін бұл білімнің жеткіліксіз болатындығын сезініп, жұмысшы жастардың кешкі мектебінде оқуын жалғастырады.
Кешкі мектепті бітірген аттестат бір жағынан, адам болсам деген ынта екінші жағынан жетелеп 1964 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына алып келеді. Бірақ кешкі мектептің аттестатын мұндағылар көзге іле бермейді екен, педиатриялық, санитариялық, емдеу факультеттерінің ешқайсысы құжаттарын қабылдамай қояды. Кездойсоқ біреудің «екі күннен кейін емтихан, құласа өзі-ақ кетеді ғой, құжатын алсаңдаршы» деген сөзіне бола әзер алыпты. Құдай сәтін салғанда Сәуірбек емтихандардың бәрін ойдағыдай тапсырып, стоматология факультетіне оқуға түседі.
Студенттік өмірдің алғашқы күндерінен Сәуірбек қоғамдық өмірге белсене араласа бастады. Бұл туралы профессор Исатай Құлмамбетов былай деп еске алады: «Қай кезде уақыт табатынын кім білсін, Сәуірбек сабақты өте жақсы оқумен бірге еркін күреспен де айналысты, шахмат жарыстарын да ұйымдастырып жүретін, институттың домбыра оркестріне де қатысатын. Өзі әрі институт комсомол ұйымының хатшысы. Сөйтіп жүріп еркін күрестен Алматы қаласының екі дүркін чемпионы болды, Қазақстан құрама командасына қабылданды. Бірақ кейін ғылыммен айналыса бастағанда әуесқойлықтарын кейінге шегеруге тура келді. Жалпы Сәуірбек қатар болсақ та өмірде, ғылымда маған көп өнеге көрсеткен жан.
Сәуірбектің институтта студенттік құрылыс отрядын (ССО) басқарғаны есіме түседі. Бірде институт ауласында студенттік құрылыс отрядының мүшелері жазғы жұмысқа аттанар алдында сапқа тұрғызылды. Отряд командирі ретінде Сәуірбек сөз алып бәрін жік-жігімен түсіндіріп бергенде таң қалдым. Өте жатық, орысшасы қандай! Кеше ғана ауылдан келген қазақ баласы көз алдымызда биіктей берді. Бұрынғы Шелек ауданындағы Қаратұрық, Сөгеті ауылдарында ондаған үйлер салдық. Адамдар қоныстанған соң, ол көшеге «Медицинский» аты берілді. Сәуірбек жұмыс көлемін қамтамасыз ету үшін жай жұмысшылар мен прорабтан бастап кеңшар директорлары, аудан басшыларымен сөйлесетін. Үлкен лауазым иелерінің қабылдауында болатын. Сөйтіп 700, кей жылдары мыңға тарта студентті құрылыс жұмыстарымен қамтитын. Бұл екі жаққа да пайдалы еді. Ауыл, аудандарда жаңа нысандар пайда болса, студенттер қысқы киетін киім-кешегіне, күнделікті жүріп-тұруына қажетті қаражат табатын. Сәукең содан тапқан азын-аулақ ақшасына ағасы берген қаражатты қосып, Тастақ жақтан бір бөлмелі үй сатып алып, ары қарай келер жылы өзі екі бөлме қосып кәдімгідей баспаналы болғаны естен кетпейді. Үздік жұмыстардың нәтижесінде Сәукең Одақтық орталық комсомол комитетінің жолдамасымен Болгарияға, одан кейін Кубаға барып қайтты. Ол заман үшін бұл ұмтылыстар үлкен жетістік болатын». Марқұм Исатай Құлмамбетов айтпақшы бұл ұмтылыстар ақиқатында өмір мектептері болатын.
КЛИНИКАДАН – ҒЫЛЫМҒА,
ҒЫЛЫМНАН – КЛИНИКАҒА
Сәукең 1969 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетін «қызыл» дипломмен бітіріп, жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданына жіберілген. Алайда бір ай өтпей жатып институттан жеделхат келіп, ортопедиялық стоматология кафедрасында зерттеуші-стажерлық орынға шақырту алады. Сөйтіп Сәуірбектің ғылымға келуіне жол ашылды. Сөйтсе өзіне қамқорлық жасап жүрген стоматология факультетінің деканы Қожақан Шәкенов екен. Талапты да талантты жас бір қиырда қалып кетпесін деп көмек қолын созыпты ол. Жарты ставкаға болса да жұмысқа тұруына да ықпал етті. Міне, сондай ағаларын қалай ұмытсын?!
Сәуірбектің өзінің алғашқы ғылыми мақаласы жарыққа шыққандағы қуанышын айтсаңшы. Медицина ғылымының кандидаты, доцент Георгий Тимофеевич Сухарев пен сәби стоматологиясы кафедрасының тұңғыш меңгерушісі Жәнібек Нәлібайұлы Жұмаділлаев жас жігіттің ғылым жолына түсуіне жөн-жосық, бағыт-бағдар сілтеді, үйретті, жігер береді. Әлі есінде. Бірде биохимиялық зерттеу жүргізіп жатқан екеуінен
– Сіздерге дейін мұндай зерттеулерді біреулер жасап па екен? –еп сұрап қалғаны бар.
– Жоқ, біз ең алғашқысымыз!
Сухарев пен Жұмаділлаев сөйтіп ғылыммен айналысу сол бағыт, сол зерттеу бойынша ең алғашқы болу екендігін ұғындырды. Бұл Сәуірбектің ғылымға деген құштарлығын одан да бетер арттыра түсті. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуының арқасында аспирантураға да жол ашылды. 1971 жылы Мәскеуге тағылымдамаға барған кезінде әйгілі профессор Вениамин Юрьевич Курляндский, Анатолий Петрович Воронов, Юрий Александрович Петрович сияқты көректі ғалымдармен танысып, солардың көмегімен Мәскеу медициналық стоматология институтының госпитальдық ортопедиялық стоматология кафедрасының аспирантурасына қабылданды. Түске дейін кафедрада сабақ жүргізді, қалған уақыттын, протез бен сілекей ферменттерінің ара қатынасы туралы ғылыми ізденістермен шұғылданды. Әрі клиникада кәсіби деңгейін шыңдады. Үздік білімнің арқасында үздік маман атанды, Ресейдің талай көрнекті тұлғаларымен танысты. Әйгілі Евгений Леонов сияқты танымал әртістерге дейін тіс протезін салып берді. Мәскеу ауылдан шыққан жас ғалымды адами қатынастардың жанды биігіне көтерді. «Протездік материалдардың аралас сілекей ферменттеріне әсері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғап шыққан жас ғалым Алматыға оралғанда жұмыс таппай министрлік пен институт арасында біраз сандалғаны бар. Өйткені орын жоқ көрінеді. Профессор Курлянскийдің жанашырлықпен: «Тіркеуге тұруға көмектесейін, Мәскеуде қал!» дегеніне қарамай елге оралғанына өкінген жоқ бірақ.
Ақыры біраз машақатпен әзер дегенде жарты ставкамен ассистенттік орынға тұрды-ау. Сол жұмысқа тұрған 1974 жылдан бері Сәуірбектің өмірі мен қызметі бүгінгі С.Аяфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетімен тығыз байланысты болып келеді. «Ортопедиялық стоматология кафедрасына ассистент болып орналасқан Сәуірбек Рузуддинов өте жақсы ұстаз болып шықты. Өзі темекі тартпайды, ішімдікке үйірсектігі жоқ. Мінезі ашық, үнемі көңілді жүреді, тұла бойы тұнған ізгілік. Тәкәппарсымайтын, шәкірттерімен өзінің қатарындай тең сөйлесетін қарапайым қалпы үшін студенттер де қатты сыйлайтын. Менің ойымша, ол бойындағы ізгі қасиеттерінің біразын Мәскеуде оқыған кезінде ұштай түскен тәрізді», – деп еске алады профессор Жұмаділлаев.
Сәуірбек Алматыға оралған соң да Мәскеуде бастаған протездік материалдардың сілекей аралас ферменттерге әсері туралы тақырыпты зерттеуді одан әрі жалғастыра берді. Мәскеуде ондай тақырыпқа қызығушылық көп еді, мұнда ешкім айналыспайды екен. Тіпті тіс протезін жасатуға адамдар айлап, жылдап кезекте тұратын. Әйтеуір тіс протезі болса болды. Сәуірбек ғылыми жұмыстармен айналыса жүріп, өзінің қалай өндірістік медицинаға қалай бет бұрғанын байқамай да қалды.
1977 жыл еді. Бірде әлдебір газеттен Жамбыл қаласында (қазір Тараз) фосфор зауытының маңындағы сиырлардың тісі сорайып өсіп кететіні туралы, шөп жей алмайтындықтан аштан өлетіндігі туралы материал оқып қалады. Сәуірбектің басына бір ой сап ете қалды: «Ал адамдар не болып жатыр?». Кезекті еңбек демалысына шыққан бойда Жамбылға тартып кеткен, өкінішке қарай әлгі зауыттың бастығына жолығудың сәті түспеді. Ал Шымкент фосфор зауытының бас директоры Пименов болса бетінен қақпады. Мұның фосфор өндірісіндегі жұмысшылардың тісін емдеу мен түрлі тіс ауруларының алдын алуға байланысты шаралармен шұғылданғысы келетіндігін естіген бойда келісті.
Жыл сайын 15 мың сомнан бес жылға шаруашылық келісім-шарт жасалды. Сөйтіп зерттеу жұмыстары басталып кетті. Фосфор өндірісінде проблема жетіп жатыпты. Әскери міндетін өтеген, жиырмадан енді асқан жас жігіттер мұнда құлшына келетін. Өйткені жалақы жоғары, бірден жатақханадан орын беріледі, төрт-бес жылда пәтерге қол жеткізеді. Алайда тепсе темір үзетін сол жігіттер он жылға жетпейтін уақытта «фосфорлық некроз» деген бәлеге ұшырайды. Жай қарапайым кариестің өзінде ауруды сезбестен ет шайнап, шашлык жеп отырып тістерінен айырылып қалады екен. Тіпті үстіңгі, астыңғы жақ сүйектері іріңдеп, шіріп, тамақ жей алмайтындықтан аштан өлген жағдайлар да аз болмаған. Зерттеу жұмыстары басталған бойда Сәуірбек зиянды өндіріс цехтарының жұмысшыларына келіп, «Кімнің тісі іріңдеп тұрса бірден маған келіңдер!» деп ескертеді. Сөйтсе мұндай жағдай оншақты адамның басында бар екен. Әлгілерді кешенді емдеу арқасында 12 адамды өлімнен аман алып қалады. Мәскеуден фосфорға төзімді аэросил деген протездік материал алдыртып, ары қарай ауруды ұшықтырмай тұрып, дереу протез жасау арқылы зауытта бұл дертті тоқтатады.
Алайда ғылыми жұмыстары тоқтатылмай жалғасып жатты. Сәуірбек зауытқа тәжірибелік егеуқұйрықтар әкеліп, жұмысшылардың жанында торда өсірді. Сөйтсе егеуқұйрықтардың да жақ сүйегінде фосфорлық некроз пайда болған. Зиянды өндірісте фосфор қайтсе де адам ағзасына еніп кетеді. Оны тоқтату мүмкін емес. Ал фосфор өндірісінде оны өндіруден өңдеуге, қолдануға дейінгі аралықта 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Протез дегенің уақытша. Фосфор адам организміне түспейтіндей не істеуге болады?
Осы ой жетелеп Сәуірбекті Ұлттық ғылым академиясының Органикалық катализ институтындағы бөлім меңгерушісі, су көздеріндегі реакциялар катализімен айналысатын Яков Абрамович Дорфманға алып келеді. Болған жайттың бәрін айтып бергенде ол фосфордың қауіпті әсерін сүзіп қалатындай ерітінді жасауға мүмкіндік беретіндей зерттеулерге қолдау көрсетеді. Сәукең шаруашылық келісім-шартпен зерттеуге бөлінген 15 мың сомынан бір қызметкерге жалақы тағайындайды. Үш айдан кейін Дорфман фосфорды толықтай ұстап қалатын ерітінді құрамы табылғанын хабарлайды. Органикалық катализ институты тапқан ерітінді шынымен де фосфорды төрт түрлі болып келетін құрамымен қоса түгелдей ұстап қалатын болып шықты. Егер фосфордың төрт құрамын жеке-жеке сүзетін құрылғы жасалса ол тыныс жолдарын қорғайтын кәдімгі противогазға айналып кетер еді.
Сәуірбектің зерттеу қорытындыларына Мәскеу сене қойған жоқ. «Барып тұрған ақымақтық! Фосфорды ұстап қалу мүмкін емес!» десті олар күлкіге айналдырып. Сынақ ретінде Сәуірбекті Пермь мен Екатеринбургтің зауыттарына жіберіп көрді. Ондағылар бұған ақыры көзі жетті: «Адамдарды фосфордың зиянды әсерінен қорғауға болады екен!». Алматыға әдейі келген ресейлік ғалым, ШБ «Лепесток» респираторының авторы, профессор С.Н.Шацкийге ерітінді жағылған респиратордың тиімділігін көрсеткенде ол шексіз таң қалды. Бұл оның зерттеудің артында тірнектелген қаншама шаруа жасалғанын түйсінгені еді. Көп ұзамай Тәжікстандағы Табошар әскери противогаз бен респиратор зауытында жаңа респиратордың тәжірибелік тобы жасалып сынақтан өткізілді. Нәтижесі керемет! Оған авторлық куәлік рәсімделді.
Сөйтіп Қазақстанның фосфор өндірісінде істеген мыңдаған адамдар оның пайдасын көрді. 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде апат орын алды. Әуеге радиоактивті йод таралып, ағзаға түскен мөлшері артып кеткен кезде адамдар қалқан безінің жарылуынан қаза тауып жатты. Адамдарға одан сақтанатын әлдебір қорғаныш қажет еді. Есіне өзі ойлап тапқан респиратор түскен Сәуірбек жұмыс тобымен қосымша зерттеулер жүргізгенде оның радиоактивті йодты да 100 пайыз ұстап қалатынын айқындады. Дереу жоғары жаққа жеделхат жіберілді. Рұқсат та келді. Баяғы Табошардағы зауыт бір түнде 5 млн дана респиратор жасап шығып, қолдануға Чернобыль атом электр стансасына жөнелтеді. «Қызығылт күлтеше» атанған бұл респираторлар өте қажет қорғаныш құралына айналды. Содан Табошар зауыты күн сайын 5 миллион дана респираторды апатты аймаққа жіберіп тұрды. Сөйтіп Сәуірбек бастаған бір топ ғалым жасаған респиратор адамдарды радиоактивті шаң мен йод-131 буынан қорғайтын бірден бір арнаулы респиратор болып шықты. Сол үшін Сәуірбек «СССР-дың еңбек сіңірген өнертапқышы» атағын иеленгені бар. Бұл респиратор қаншама адамдардың өмірін сақтап қалды десеңізші. Сөз арасында айта кетелік, таяуда Қарағандыдағы “Қолғанат-Қарағанды“ ЖШС арнайы келісім-шартқа отырып, сол респираторды бүкіл Қазақстан нарығына қайта шығаруды қолға алыпты.
Чернобыль апатынан соң бір жылдан кейін Сәуірбек Мәскеуде «Фосфор өндірісіндегі жұмысшыларға стоматологиялық көмекті жетілдіру, арнайы профилактикалық құралдар мен тіс протездік материалдарды клиникалық-лабораториялық негіздеу» деген тақырыпта докторлық диссертациясын үлкен табыспен қорғап шықты. Алты сағатқа созылған ғылыми дискуссия ғалымдарды қатты риза етті. Көп ұзамай диссертациясы бекітіліп, «профессор» атағын алды. Сәукең мақтанышты сапардан оралған бойда әлі доцент болып жүрген өзінің ұстазы Анатолий Андреевич Седуновқа көмек қолын созды. Мәскеуге қайта-қайта барып жүріп екі жылдан кейін оның да докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығуына ықпал етті. Ұстазының сонда риза болғанын көрсеңіз.
ҒЫЛЫМДАҒЫ ДАРА ЖОЛ
Сәуірбек Рузуддинов медициналық институтта ортопедиялық стоматология саласын дамытуға айтулы еңбек сіңірді, қырық жылда өз мектебін қалыптастырды. 1989 жылдан бастап 2011 жылға дейін 22 жыл үздіксіз ортопедиялық стоматология кафедрасын басқарды, бірқатар жыл кафедра меңгерушісі қызметімен қоса факультет деканы да болды. Салаға қатысты әлденеше оқулықтар жазды.
Дегенмен медицина ғылымындағы өзі қатты қызыққан ілкі бағыт – өндірістік стоматология тақырыбын зерттеуді жалғастыра берді. Бірнеше ізбасарын осы салаға баулыды. Сондай-ақ екінші ғылыми бағыт – баяғыда өзі Мәскеуде таңдап қайтқан «Тіс протездерінің ауыз қуысы тіндері мен ағзаға әсері» тақырыбы да тоқтап қалған жоқ. Оны дамытып жүрген бірнеше шәкірті бар. Үшінші, ортопедиялық стоматология кафедрасы оқытушыларының адамның бетжағы ақаулықтары мен деформациясы жағдайында ортопедиялық емдеу проблемаларына қатысты ізденістері. Бұл да назарда ұстайтын маңызды дүние.
Ұстаз өзіне келген әрбір жаңа аспирантпен тақырып бойынша ақылдасқанды қалайды. Еш нәрсені бұйырып тықпалағысы келмейді. Әркез аспиранттың өз қалауымен, мүмкіндігімен санасатын. Осының арқасы болар Сәукең ғылымда өз мектебін қалыптастыра алды. ҚазҰМУ сайтында Сәуірбек Рузуддиновтың жетекшілігімен 15 кандидаттық, бір докторлық диссертация қорғалғаны жазылыпты. Бұған Сәукең жазған 14 монография мен оқулықты, 205 ғылыми мақала мен 17 әдіскерлік нұсқаулық, 35 өнертапқыштық ұсынысты, 29 авторлық куәлік пен 15 патентті қосыңыз. Стоматология факультетінің студенттеріне арналған оқулықтарының бірқатары Қазақстан мен Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында пайдаланылады. Медицина ғылымының көрнекті тұлғаларының бірі, бұрынғы ректоры Талғат Муминов: «Ортопед-стоматологтардың өзіндік мектебін қалыптастыруы – академик Рузуддиновтың өзіндік биігі. Оның шәкірттерімен бөлісетіндей бай ғылыми жетістіктері бар. Бөлісіп қана қоймай оларға идея беру, жағдай туғызу, міндет қою мен оның орындалуын қадағалау, нәтижесін бағалау бұл педагогикалық қабілетті қажетсінетін табанды жұмыс. Жаратқан иеміз тура осындай қасиеттерді Рузуддиновке үйіп-төгіп бере салған», –дейді.
БІЛІМ МЕН БІЛІКТІЛІК
Білім мен біліктіліктің емдеу ісіндегі орны қандай десеңізші. Бірде қызық жағдай болды. Тұмаумен ауырған 42 жастағы бір келіншек тамағына тас тұрып қалғандай әсерде жүреді екен. Көрінбеген дәрігері қалмаған, стоматолог та, невропаталог та қарайды, тамақта ешнәрсе жоқ. Байқұс әйел күннен-күнге тынысы тарылып, үйінде амалсыз отырып ұйықтайтын халге түскен. Екі жылдан кейін дәрігерлер оны психиатриялық ауруханада емделуге жолдама беріпті. Сол ауруханаға жатар алдында біреулер «профессор Рузуддиновке көрінсеңші» деп кеңес беріпті. Ауыз қуысын қарағанда жоғарғы оң жағында тістері алтын екен де, төменгі жағында тістері құйма металлдан жасалыпты. Төменде керісінше сол жағы алтын да, оң жағы металл құймадан. Сәуірбек ауыз қуысындағы ток көлемін өлшеп көрсе тілшік аспандап тұр. Сілекей құрамындағы микроэлементтер қалыпты мөлшерден әлденеше есе артып кеткен. Бұрын жүргізілген тәжірибелер кезінде ток мөлшерінің мұндай ауытқушылығынан егеуқұйрықтардың жүрегі тоқтап қалатын. Сәуірбек әйелдің жұтқыншағында тас тұрғандай сезім ауыз қуысындағы металдардың әр тектілігінен туғанын байқап, металл протездерді алып тастау туралы ұсыныс жасайды. Ондаған профессордың алдын көрген әйел оған сенбей бас тартады. Егер әрекет сәтсіз болса протездерді қайтадан тегін салып беруге уәде берген соң ғана әзер келіседі. Протездер алынады. Айтқан уақыт – екі аптадан кейін келген әйел қабылдауға кірісімен еңіреп жылап жіберіпті. Жылап тұрып айтқаны: «Екі жылдан бері алғаш рет өз төсегінде тыныш ұйықтаған. Мазалаған еш нәрсе жоқ!». Сөйтсе Сәуірбектің болжамы рас болып шыққан. Ары қарай темір тістерін түгелдей алтын тістерге ауыстырып алған әйел әлі күнге шағымсыз шапқылап жүргенін айтайық.
Сәуірбекті қызықтырып жүрген нәрсенің тағы бірі еліміздегі тіс протезінің тарихы. Осы бағытта ол қызықты дүниелерге кезікті. Бұрын ХХ ғасырдың ортасына дейін Қазақстанда тіс протезі болмаған делініп жүрсе, ақиқатында ХІХ ғасырдың аяқ кезінде-ақ адамдарға тіс протездері салынған екен. Алысқа бармай-ақ қоялық, әйгілі Абай Құнанбаевтың өзі тірі кезінде тіс протезін қолданыпты. Ұлы ақынның Жиделідегі «Абай мұражайында» тұрған ілкі протезі соның дәлелі.
Сәукең Димекеңнің де тіс протезін көріп, қолымен ұстаған. 1990 жылы стоматолог Т.Әбдікеев Димаш Ахметұлы Қонаевқа толықтай астыңғы-үстіңгі тіс протездерін салып берген. Димекең бұл протезбен Ш.Айтматовтың кітабын дауыстап оқып, алма жеп көріпті. Ұнап, рахмет айтқанда стоматолог ұлы тұлғаның ескі протезін ескерткішке сұрап алып қалған ғой. Сәукең Абайдың да, Димекеңнің де тіс протездеріне өте мұқият қарағанын, ұқыпты пайдаланғанын айтады.
КОРРУПЦИЯСЫЗ КОЛЛЕДЖ
Алматы қаласында Бөгенбай батыр көшесінің Жароков көшесімен қиылысар тұсында әйдік жеті қабатты ғимарат тұр. Маңдайшасына «Профессор Рузуддиновтың колледжі» деп жазылған. Сәуірбек Рузуддинұлынан сұраймын:
– Сәуке, осы колледж қалай дүниеге келді?
– Ой, оның әңгімесі қызық. 1991 жылы құрылған жекеменшік «Қазақстан медицина институтының» ректоры, бұрыннан таныс Владимир Голубченко шақырып, орта арнаулы медициналық білім мектебін ашқысы келетінін айтады.
– Орта медициналық мамандарын, әсіресе тіс техниктерін оқыту үшін аудитория, құрал-жабдық, материалдар, инвестиция қажет қой, –деймін. Ол:
– Біз көмектесеміз! Қалай айналысасыз ба? – деді. Мен келістім, 1991 жылы тамыздың соңында алғашқы 16 студентті қабылдадық. 1 қыркүйекте ректорға келіп 16 адам қабылдағанымызды, енді оқытатын бөлме қажеттігін айтсам, «Студенттер төлеген ақшаға бөлме жалдаңыз» дейді.
– Володя, онда маған сенің қажетің не?» – деймін.
– Мен сенің «крышаң» боламын!.
– Мен – қазақстандық профессормын. Маған ешқандай «крышаның» қажеті жоқ. Студенттердің ата-анасының алдында ұятқа қалатын – мен. Мәселені шеш!
– Кет!
Мен оның қолынан ұстай алдым. Екеуміз тіресіп тұрғанда жекеменшік медицина институты құрылтайшыларының бірі Қуаныш Мүбәракұлы Мәскеев кіріп келгені. Ол екеумізді ажыратып «алдағы уақытта көмектесеміз, өзің де бірдеме істейсің ғой» деп басу айтты. Бірақ біліп тұрмын, енді ары қарай өзімнен басқа ешкім бұл іске жәрдем жасай алмайтынын. Ашуым әлі басылмаған қалпы:
– Володя, есігіңді қайта ашпаспын! Ана балаларды оқыту жауапкершілігін енді толықтай өз мойныма аламын! – деп шығып кеттім. Ары қарай республикалық стоматологиялық емханадан бір бөлме жалға алып, 5 қыркүйекте сабақты бастап кеттік. Талай қиыншылықтарды бастан өткердік. Осы салада қырық жылдан астам уақыт істеп келе жатқандықтан жұмысқа келген тіс технигі, медбике, лаборанттардың кемшіліктерін үнемі байқап жүретінмін. Сондықтан стоматологиялық мектептің басқалардан басты айырмашылығы қандай болатыны көкейімде сайрап тұрды. Ең бастысы одан шыққандар дайын маман болуы керек! Қажетті құжаттарын толықтырып, Білім министрлігінің арнайы комиссиясының алдына барғанда Білім министрінің сол кездегі орынбасары Ерлан Арын мырзаның ұсынысымен стоматологиялық мектебіміз «Профессор Рузуддиновтың колледжіне» айналып шыға келді. Колледж солай құрылған. “Жақсылармен жарқырайды дүние“ деген сол.
«Әрекетте – берекет!» деген. Жалға алған бөлмелер де, алғашқы бөлек қонысымыз да өткен тарих тәрізді есімізде қалды. Небір қиындықтарды бастан өткере жүріп, колледж біртіндеп бүгінгі биігіне жетті. Жақсы оқытушы-профессорлар құрамы қалыптасты. Қазір колледжде мыңға тарта студент оқиды». Жеті қабатты әйдік оқу ғимаратының жетінші қабатындағы кабинетінің терезесінен Алатау шыңдарына көз тастап қойып Сәуірбек Рузуддинов осылайша сыр шертіп отыр.
Өткен жылы кедейсоқ Рашид деген тіс технигінің көлігіне мініп қалғаным бар. «Қандай оқу орнын бітірдің?» деп сұрасам, «Рузуддинов колледжін» дейді. Сөйтсем, Рашид інісі екеуі де сол колледжді бітіріп, соңғы алты-жеті жылдан бері Шведияның Стокгольм қаласында жекеменшік тіс протездеу емханасында техник болып істейді екен. Қожайынның өзі тіс технигі көрінеді. Келіп түскен тапсырыстармен яғни тіс протезін жасаумен тек өзі ғана айналысады екен. Бұларға сенбейді ғой баяғы. Бірде інісі қожайынның жұмыс үстелінде ұмыт қалдырған заказ-протезді қарап отырып, кемістіктерін түзетіп қойыпты. Қожайын келген соң әлгі түзетуге айран-асыр болып таңданып, оны жасаған мына екеуіне кейін ең күрделі протездерді қорықпай тапсыратын болыпты. «Сәуірбек аға берген білімнің арқасында біз қазір Шведиядағы ең таңдаулы тіс протезшілері қатарындамыз!» дейді Рашид. Менің есіме сол түсті.
Сәукең оқу үдерісінде дискуссиялық тәсілді қолдануды ұтымды санайды. Өйткені, кешегі кеңестік кезеңде студенттер оқытушылардың зекуі мен үстемдігіне үйренген. Бүгінгі студент солар сияқты үрейленіп бүріскен шәкірт емес. Ол өзіне тең қарағанды ұнатады. Сондықтан да Сәукең дискуссияны сабақты ұғындырудың жетік тәсілі ретінде шебер пайдаланады. Әлгі Рашид деген жігіттің шетелде жүріп абыройлы болуы – білімді осындай тәсілдер арқылы сіңіруі.
Колледжде корупцияға жол берілмейді. Оқытушылар колледжге қатаң сынақпен таңдалып алынады. Жалақылары да өзге оқу орындарымен салыстырғанда едәуір жоғары.
Жазушы стоматолог Иван Герчиков: «Стоматологтың кәсіби шеберлігі артқан сайын оның кабинетінен шығатын бақырған дауыстар бәсеңдей береді» деген екен. Мұнда ең бастысы, кәсіби шеберлікке баса мән беріледі.
Сәукең соңғы жиырма шақты жылдан бері ислам құндылықтарын ардақ тұтады. Қажылық сапарға да барып келді. Мұсылмандық бес парызын да қалқадерінше орындап жүр. Өзі ширек ғасыр тұрған Шымбұлақ ауылында мешіт салып тұрғындардың игілігіне берді. Жұбайы Ләззат болса: «Ой, Сәкең өзін аямай әлі күнге қоғамдық, оқу-өндірістік, ғылыми жұмыстардың қақ ортасында. Демалу керек қой», – дейді. Бірақ өмірбақи тынымсыз еңбекпен жүрген адам қайтіп тыныш жатсын?! Балалардың бәрі өмірден өз орнын тапқан, әке абыройын аспандатқан перзенттер. Үлкен қызы Әзима – ғылым кандидаты, бүгінде Канадада тұрады. Еңбек және миграция министрлігінде қызмет етеді. Үлкен ұлы Жәнібек – ғылым докторы, Астанада. “Жусанбанктің“ директорлар кеңесінің мүшесі. Екінші ұлы Нұрмұхаммед болса әке жолын қуып стоматологияны таңдады. Қазір ғылым кандидаты, доцент, колледж жұмысына басшылық етеді. Зарина атты қызы – заңгер, Англияда магистратура бітірген. Қазір колледждің заң бөлімін басқарады. Кіші ұлы Бейбарыс – Чехияда оқуда. Рузуддинов әлемі ғарыш кеңістігі тәрізді жылдан-жылға кеңейіп барады.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Патриот-Тұлға»