top of page

ҰЛТ ҮШІН АТҚА ҚОНҒАН АҚСАҚАЛДЫҢ ЕРЛІГІ

ҰЛТ ҮШІН АТҚА ҚОНҒАН  АҚСАҚАЛДЫҢ ЕРЛІГІ

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісің туындауына патша билігінің 19-41 жас аралығындағы ер азаматтарды Герман соғысындағы тыл жұмыстарына алу туралы жарлығы себеп болған еді. Онсыз да жан-жақтан қысымға ұшыраған қазақ даласын бұл жарлық ашындырып жіберді. Жетісудағы көтеріліс ошақтарының бірін басқарған Бекболат Әшекеев еді.

Төменде белгілі тарихшы, марқұм Тілеу Көлбаевтың мұрағат көздерінен тапқан деректер негізінде Бекболат Әшекеев туралы жазған материалы оқырман назарына ұсынылып отыр.

Көтерілістің алғашқы ошағы Жетісу облысында пайда болды. Мұнда патша жарлығына қарулы қарсылық шілде-тамыз айларында бұқаралық сипат алды. Барлық жерде найза сүңгілермен, қылыш, шоқпарлармен, жекелеген қарапайым аңшы мылтықтарымен қаруланған сарбаздар жасақтары ұйымдастырылды. 17 шілдеде ресми билік Түркістан өлкесінде, оның ішінде Жетісуда, соғыс жағдайын жариялады. Патшалық өкімет органдары Жетісуға ірі жазалаушы әскери күштер жеткізе бастады. Тамыз айында 35 рота жаяу әскер, 2 жүздік атты әскер, 240 атты барлаушылар, 16 зеңбірек, 47 пулемет, майданнан қайтарылған бірнеше әскери бөлімшелер, жергілікті казак-орыс күштері пайдаланылады. Көтерілісшілерді жазалау үшін облыстағы орыс селолары мен казак станицаларының тұрғындарынан қа-рулы жасақтар құрылды.

1916 жылы тамыз-қыркүйек айларында Асы, Самсы, Отар өңірлерінде де казак-орыс жазалаушыларымен қарулы ұрыстар болды. Қордай мен Верный арасындағы барлық пошта стансалары қиратылды. Күнбатыс Қастек болысындағы көтерілісті Нұрке Сатыбеков пен Сатай Қара-шев басқарды. Жайылма болысында 73 жастағы қарт, ел басшысы Бекболат Әшекеев атқа қонды.

Бекболат ағаш шебері болатын. Ол 1843 жылы Қаскелең тауында туған. Жастайынан мал бағып, егіншілікпен шұғылданған. Жас кезінде домбыра шертті, есейген кезінде ел арасындағы дау-жанжалды шешуге қатынасты. Әлінің келгенінше әділ төреші болды. Осысы үшін аз уақыт болыс болған кезі де бар.

1916 жылы 7 шілдеде Үшқоңырда Жайылмас қазақтарының съезі болады. Отар приставы Гилевтің 1 тамыз күні жазған хабарына қарағанда, 8 шілде күні Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыс-тарының мыңнан астам қазақтары Үлкенсаз жайлауына жиналады. Мал санағын жүргізуге келген шенеунік Ивановқа қарсы пікір айтады. «Не істесе де балаларымызды солдатқа бермейміз» деп жазба түрде қарсылық білдіреді. Оған Әміре Төлеубаев бастаған 45 кісі қол қояды. 10 шілде күні тағы да сол Үлкенсазда 5 мың адам қатынасқан жиын өткізіледі. Жиналғандар «Патшаға солдат бермейміз, бәріміз бірігіп со-ғыс ашамыз» деп хабарлайды көпшілікке.

Осы жайында 9 шілде күні Үлкен-сазға барып, «ештеңені біле алмай оралған» Ыбырайым Жайнақов 13 шілдеде Верныйға – Меркі, Үлкен Алматы болыстарының әйгілі адамдарын шақырады. Жиналыс өткізеді. Басқосуға Тоқаш Бокин де қатысады. «Солдатқа бала беруді шешу үшін Жетісу қазағының басы қосылуын» талап етеді. Ал келесі күні Үлкен Алматы, Шамалған, Шығыс Қастек болыстарын аралауға аттанады. 12 шілдеде – Мойынқұмда, 14 шілдеде – Үлкен Алматыда, 3-4 тамызда Шығыс Қастекте болады. Ондағы ауыл азаматтарымен сөйлеседі. Көтеріліс басшыларын тағайындайды. Жалынды сөздер сөйлейді. Халықты патшаға қарсы көтерілуге үгіттейді. 17 тамызда Самсы мен Шиен бекеттеріндегі жазалаушы отрядтарға қарсы шық-қан көтерілісшілердің басы-қасында болады. Сөйтіп, Самсыда (басшылары – Қасабек Кәкенов, Сырғабек Жалпыетеков, Қасеней Айдарбеков), Шиенде (басшылары – Досмұхамбет Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Мойнақ Берденов, Бектұрсын Кебекбаев, Қашаған Ырысқұлбеков), Ақшиде (басшысы Қарабай Аламанов) болған халық қозғалысына белсене араласады. Сөйтіп, 4 тамыз күнгі Шиенде тұратын Қашаған Ырысқұлбековтің үйінде келіскендей, Самсы-Шиен-Күртібастау-Ақши көтерілісшілері Ұзынағашқа беттейді. Одан Үшқоңырдағы Бекболат Әшекеевке қосылып, Алматыға шабуыл жасауға бекінеді.

…Бекболат ауылында үш тәулік бойы ел ақсақалдары мәжілістесуде. «Құрық ұстаған малшыны, таяқ алған қойшыны, соқа соңында жүрген егіншіні түгел матап беріп, бала-шағаны аштан қырмаймыз, қарақан басымыз қаңқиып қалмаймыз. Патша өкіметінің жарлығына қарсымыз» дегенге саяды ақсақалдар сөз түйіні.

Әттең, қару!
Қару Кіші Алматының әскери қор-ғанында (крепосте).
– Басшы Бекболат! Көтер Әшекейдің көк туын! Әумин!. – деп алақанын ілгері жайды жасы тоқсанды алқымдаған Қалампырдың Мыңжасары.
– Кеудесін оққа тоспайтындар атқа мінбесін! – деді Бекболат өзінен бір лебіз күткен қалың топтың шарасыз көздерін шола қарап:
– Мылтық атылғанда тауға шаппай, жауға шабыңдар! – деді және біраз ойлана түсіп, қатты-қайырымсыз жауды жақсы білетін Бекболат.
– Ша-ба-мыз!
Үздік-создық шыққан дауыстар құздарды жаңғыртып барып сап болды.
– Баста бізді!
Ел рухы қызылтанау боп сабылып-шалдығусыз-ақ, қол көтермей-ақ, Бекболатты бірауыздан көсем сайлап алды.
Бекболат та жұрт үкіміне жүгінді.
«Алматыдан орыстар шығыпты» деген хабар жұртты біраз сейілткендей болды, асуларға сақшылар жіберіліп, олар екі асудың (Шұбарат пен Жамбастың) аузын алды: жол бойынан сыбыс тыңдайды, өткен-кеткендерді сұраққа тартады.

– Қайдағы орыс?! – дейді жансыз боп келгені кейініректе әйгіленген бір «жолаушы». – Алматыдан шықтым, ырымға бір орыс көргенім жоқ, – дейді ол сақшыларға.

– Олай болса, жігіттер, тартыңдар, жуық жердегі ауылдан қымыз ішіп қайтайық.
Сол екі арада Алматыдан шыққан жазалаушы отряд та асуға жетіп қалған. Отряд бастығы – қазақтың қас жауы, қазақ үшін мұндарлықтан өзгені білмейтін Верный оязының өзі, подполковник Базилевский екен. Отряд контигенті Верный гарнизонының құр сұлбасын сақтап отырған – Симбирск жаяу әскер полкінің солдаттарынан табан астында іріктелген жұлымырлар. Олар қаланың атты полициясы мен өрт сөндіргіштер дивизиондарының мәстектеріне мінгізіліп, Кіші Алматыдағы соғыс қоймасынан (крепостен) қылыш-сайман, оқ-дәрі алысымен-ақ осылай жөнелтілген. Жолшыбай Қаскелеңде отрядқа жол-бастаушылыққа және тілмаштыққа бірқауым казак-орыстар қосылады.

Тамыздың 10-ы және 11-і күндері. Жазалаушы отряд анталап асуға шықты. Ел шетіне жетуі-ақ мұң екен – әлекедей жаланып жеңіл сайран сала бастады. Қару-жарақ асынған мұншама орысты жөнді көре алмай, жол жиегінде көзін көлегейлеп қарай түскен, мал қайырған жайдақ атты қарияны көзі шалған Базилевский: «Сіз анау шпионды жауып тастаңыз!» деп бұйырды солдаттардың біріне. Атын шпорлап омыраулата түскен жаяу әскер киіміндегі ебедейсіз кавалерист ол қарияны ықай-шықайсыз жауып тастады. Қозы бағып жүрген бір жасөспірімді Базилевский және бір солдатқа винтовкадан көздетіп атқызды. Базилевский өзінің бұл найсаптығын қылмысқа баламайды, қайта соған өнеріне машығы жоқ мынадай топырды жауынгерлікке үйрету деп біледі.

–Жау келіп қалды! Аттан, аттан! – деген айқай шықты, әлгінде ғана көкпар алдындағы тыныштықтай бейқам көрінген жастар жағы жаңа ғана абыржыды. Тұтқиылдан сау еткен жауды жігіттер енді өз көздерімен көрді.

Бұл – тамыздың 13-і күні еді. Жаяулатып сап түзеген солдаттар бірі жатып, бірі тізерлеп оқ жаудырды. Беттетпейді: жұрт әрі-сәрі. Дара шығып, ат қойған сойылшылар арқан бойыдан артық бара алмай оққа ұшып жатты.

Үлкен қантөгіс Герман майданының шебінде емес, дәл осы ауылдың ортасында болды.
– Оқтан қозыкөш шегініңдер, жылқы келеді! – деді Бекболат аттары оршып, шиыршық атқан сарбаздарға арт жақты нұсқап.

Жылқы дүбірі Бұрған жақтан да, Кіші Шыңбұлақтан да – екі бүйірден шықты, жер қайысқан қысырақ үйірлері жүйткіп кеп қалды. Сарбаздардың бір сәтке үміт оты жанды, отрядты құрсап алу да ойларында болған. Жылқы беті жауға бұрылды. Қиқулаған қалың нөпірден сесі қайтқан жау қашуға бет алды. Бірақ дауылдай ескен қуғын-шылардан құтылмасын түсініп, белестегі қойтасқа бекініп, қайта оқ жаудырды. Дүркін-дүркін атылған оқ алапатынан үріккен жылқы алай-түлей. Ат басын ірікпей, жеке-дара «төлелеп» шапқан Көпесбай мен Мұсабай қарт бірдей оққа ұшты. Осы қақтығыста 43 адам қаза тапты, алты адам жаралы болды.

– Беке, қайтеміз? Ту құлады! – деді серік қарттардың бірі.
Ұрыс өңіріне жайлау-жайлаудағы құз-шоқылардан жазбай көз тіккен ауыл сақшылары: «біз жеңілдік» деп азан салуы-ақ мұң екен, артынып-тартынып дайын отырған ел Қырғызды бет алып, одан әрі Қытай асуға лап көтерілді.

Көшкен елдің жұрты үрей туғызады. Бекболат «ел басына түскен қорлыққа шыдамай» өзі келіп, Шамалғанда тұратын Төлегенов Балғабектің үйінде жауына беріледі.

Қыркүйектің 7-сі күні губернатор Фольбаумның: «екі күн ішінде тергеліп, сотқа берілсін» деген әмірімен Алматыда (ресми Верныйда), қолма-қол соғыс жағдайындағы заңмен жүргізілген әскери сот процесінде:

– Айыпкер Әшекеев, айтыңызшы: тастабандап тұрған Германияны тықсырып бара жатқан осындай дүлей күшке қарсы шығуға Сізді кім еліктірді? – дейді лепіре сөйлеген трибунал басшысы, орыстың юстиция полковнигі Левашев.

– Елімнің ерлік ынтасына еліктірді мені Жасаған ием, – деді Бекболат жайлап. Ол жау шеңгеліне мықтап іліксе де күмілжіп саспады және жауабын сонда отырған куәгерлер Күнтубаев пен Сүлейменовтерге, жалтақтаған үрпек бас тілмаштарға да арнағандай рай білдіріп.

– Сонда да болса, өзіңіздің әлгі сыбайластарыңыздың аттарын атаңызшы?
– Сыбайласым – елім, оны қоштаған – бір өзім, көрген – екі көзім, – деді Бекболат.
– Үшқоңырдағы бата не жайлы болды? Және ол батаны берген кім? Соны айтыңызшы?..
– «Қазақтан солдат алмаймын» деген антын бұзған ақ патша оңбасын!» деп бата берілді.
– Айыпкер Әшекеев, Сіз ата жолын қуып, өзіңізді хан жариялапсыз ғой. Соны айтыңызшы?
– Қазақ ханнан ада болғаны қашан! Ертең бізді дарға ассаңдар, сонда «қан» болады. Қан төгу сендердің қолдарыңда, – деді Бекболат Левашевті табалай түсіп, аз қалған өмірін жұдырығына жұмып отырған жаудан жасқанбай.

Сот мүшелері Бекболаттан бірнеше рет жауап алды. Бірақ халықтың адал ұлы, ержүрек ардагерінің: «Халқым, сендердің еш-қайсысыңды да жылатпаймын. Бар кінәні өз мойныма аламын. Сендер үшін құрбан боламын» дегені, айтқанын орындауы оның адамға деген шексіз сүйіспеншілігін, жау алдындағы қайсарлығын, батылдығын, бірбеткейлігін, алдына қойған мақсатына беріктігін байқатады.

Бұл ойымызды Бекболаттың тергеушілерге берген мына жауабы да толықтыра түседі. «Ешкіммен байланысым болған жоқ. Көтерілісті өзім ұйымдастырдым», – деп өлім тұзағын саналы қарсы алады. Көпшіліктің құрбаны болуға бекінеді.

Бас-аяғы бір күн ішінде әскери сот Бекболат бастаған 13 адамға (ішінде Бекболаттың үлкен баласы Әбділдә бар) ақиқат-айғақсыз ең ауыр жаза қолдануды ұйғарды. Бекболат Әшекеевке «заңсыз съезд шақырды», «елді көтеріліске үндеді», «өзін хан жариялады» деген мойындалмаған, дәлелденбейтін жала жабылып, оны және оның жақын серіктері Тамабаевты, Бекбатыровты, Сыпатаевты, Әбдірашевті, Сатқыновты, Қасымбековті қылмыстың ең ауыр жазасына – дарға асуға үкім шығарды. Өзгелерін ұзақ жылдарға кесіп, Сібірге айдатты.

Үкімді Фольбаум сол күні бекітті. Бұл қыркүйектің 8-і күні болатын.

Қыркүйектің 9-ы күні. Таң азанғы елең-алаңда абақтының көп камераларының бірінен:
– Молданы әкетті! Молданы әкетті! Ләйлаһа иллалаһ! – деп сүрен салған бір тұтқынның жанайқайы шықты. Молдасы – Бекболат. Бекең сол аз күн ішінде абақтыда «молда» атанған. Ажал аузында жатса да бес уақыт намазын қаза етпеген, тұтқындар басын сәждеге жығып, өзі имамдық жасаған.

Сәске әлетінде Бекболаттарды мылтық кезеніп, қылыш көтерген айдауыл Боралдайда құрылған дар ағаштарының алдына алып келді. Губернатор әмірімен төңіректегі дүйім елді осында жинапты. «Көрсін, түге! Шошысын! Дәрмені қашсын!» – деген Фольбаум үкімді орындауға белгі берді. Бекболат ажал тұзағын қасқайып тұрып қарсы алды.

Жендеттер елі үшін құрбан болғандардың денесін жасырып, топырақ бетін тегістеп жермен-жек-сен етті және қарулы күзет қойып, қазалы жерге бір ай бойы жан жуытпады. Ел даналарын солай қорлады олар. Тек бір айдан кейін, онда да түнделетіп, жау таптаған топырақ астынан жеті арыстың сүйегі қазып алынып, ақ жуып аруланып жерленді. Қаза болған Бекбатыров ақсақалдың төс қалтасынан Балуан Шолақтың елмен қоштасқан көп шумақты өлеңдері шыққан. Халық ақыны Саяділ Керімбеков сол өлеңдерді әркез айтушы еді, біздің есімізде қалмапты.

Ол – ол ма! Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің сол жылғы 12 желтоқсандағы бұйрығы бойынша Жайылмыс болысының 23 адамы қосымша тергеуге тартылып, әскери соттың қармағына ілікті. Бас-аяғы үш күн ішінде әскери сот 14 адамды «бүлікші» деген айыппен өлім жазасына кесті. Олардың ішінде: Әшекеев (Бекболаттың ортаншы баласы), Әбішев, Аманбаев, Нұрабаев, Сұлтанов, Аманжолов, тағы басқалары бар. Куропаткин сот үкімін ірікпей 22 ақпанда бекіткен, бірақ сол күндері Петербургте Ақпан көтерілісі басталып, ол үкім орындалмай қалды, сонда да елді меңдеген езгілік дерт асқындаған бетінде қала берді.

Үшқоңырмен тұспа-тұс көзкөрім жердегі Үлкен жол («Жібек жолы») бойында жеміс бағына бөккен аумақты кеңшар жатыр. Бүгінде ол Бекболат ауылы деп аталады.

Үшқоңырдағы сұрапыл шайқаста мылтыққа қарсы сойыл сермеп, азаттық үшін өлім құшқан: Мұсабай Рысқұлұлының, Көпесбай Бижанұлының, Сағындық Жанысбайұлының, Иісбай Самалұлының, Әмір Шуақұлының, Сәрсенбек Қошақұлының, Бұғыбай Құрманбайұлының, Сұлтанбай Кебекбайұлының, Елеусіз Бағылұлының, сондағы бүкіл көтерілген елдің ендігі үрім-бұтақтары, өрен-жарандары – осы ауыл тұрғындары. Кейінгі толқын ұрпақтар кешегі сол жауапкершілікті – ертегінің батырларындай қиялда емес, осы елдің дәл ортасынан көрініс берген бабалар батырлығын, олардың ел үшін өлімге жол тартқан қайсарлығын, біз үшін бітімсіз қалған сол бір қантөгісті білсе екен дейміз.

Бекболаттың азаттық ұраны, көтеріліс дүбірі сарқыла қоймаған 1936 жылы бұл оқиғаны жазушы Дәулетбаев қағазға түсірген (Еркебай Қойшыбаев. Үркіншілік жыл. «Қазақ әдебиеті», №20, 14 мамыр, 1996 жыл; Қазақстан Республикасы Мем-лекеттік мұрағаты, 76-қор, 510-іс, 385-397-беттер).

Осылайша Жайылмыс болысындағы көтерілісті дайындаған, оған басшылық еткен Тоқаш Бокин екендігі айқын сезіледі. Ал Бекболат бастаған көтерілістің сәтсіздікке ұшырауына келсек, Самсы, Шиен, Ақши көтерілістерінің айтылған уақытта Бекболаттың отрядына қосыла алмағандығы еді. Ал Бекболат Әшекеевтің ұрыс жоспары аумақты еді. Оның батыстағы – Ботбай, шығыстағы – Қызылбөрік, Қырғыздағы – Пішпек, Тоқпақ, Ыстықкөл көтерілістерімен тікелей байланысты болғандығын соттың протоколдары да дәлелдейді.

Бекболат Әшекеев бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліспен аяқталды. Рас, патша жендеттері бас көтерген қазақты атты, шапты, түрмеге салды, Сібірге айдады, дарға да асты, бірақ тәуелсіздікке деген елдің ұлттық рухын жоя алмады.

Қыркүйектің соңы мен қазанда Жетісу көтерілісшілерінің негізгі күштері жеңіліске ұшырады. Патша жендеттері көтерілісшілерді ғана емес, олармен бірге бейбіт халықты да қатал жазалады. Жалпы, Түркістан өлкесі бойынша 1927 жылдың 1 ақпанына дейінгі мәліметтер бойынша мыңдаған көтерілісшілер сотқа тартылып, 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге отыруға кесілді (ҚР ОММ, 46-қор, 1-тізбе, 385-іс, 42-п).

Қатал қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам адам немесе Жетісу өңірінің тұрғылықты халықтарының төрттен бір бөлігі ата-мекендерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сондықтан да Жетісуды мекендеуші тұрғылықты халықтар 1916 жылды тек қана көтеріліс жылы емес, сонымен бірге «Үркін» (үрке көшу) жылы ретінде көп уақыт ұмыта алмады.

Бекболат Әшекеевтің ерлігі «Қазақ КСР тарихында» лайықты бағасын алды. Батыр жайында бірнеше дастандар, очерктер, мақалалар, естеліктер жазылды, жарияланды.

Осылар жеткілікті ме? Жоқ. Себебі сол еңбектердің бәрінде де батырдың Үшқоңырдағы соғысы ғана қайталана баяндалады. «Бекболат дар алдында да мойымады, айтқанынан қайтпады» дегенмен шектеледі. Тіпті Бекболат Әшекеев жөніндегі мәлімет 1999 жылғы шыққан «Қазақстан. Ұлттық Энциклопедия», 2000 жылы шыққан «Түркістан. Халықаралық энцик-лопедия» кітаптарында жоқ болып шықты. Мақтан етерлік ұлымызды, ерлігіне ел сүйсінген ерімізді құр-меттей білуіміз керек.
Тілеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор.

bottom of page