top of page

Домалақ ана

Домалақ ана

Нұрила ананы халық “Домалақ ана” деп атаған. Аңыз бойынша, Ұлы жүз, Албан, Суан және Дулат Домалақ ананың ұрпақтары. Бүгінде қазақ оны бүкіл қазақ халқының анасы деп санайды. Бүгінгі ұрпақ әулие ананың басына жиі барып, құрмет көрсетеді.

Нұрила 1378 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол Қожа Ахмет Яссауидің мазарындағы шырақшы Шайх Мизамбектің қызы еді. Түркістанға әйгілі қазақтан шыққан сопының мазарына баруға келген Бәйдібек би Домалақ ананы сонда алғаш кездестіреді. Оны Нұриланың өткір ойы мен әдептілігі таң қалдырады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі бір сәуегей оған кеңес береді: “Осында бір айналасына нұр шашып жүретін, құдайдың рақымы мен мейіріміне бөленген бір қыз бар, соны әйелдікке алыңыз”, – деп кеңес береді. Бәйдібек би оның кеңесіне құлақ асып, көп ұзамай үйленеді. Ол кезде Нұрила 19 жаста еді.

Осы оқиғаның тағы бір нұсқасы бар. Ортағасырлық шежірелер бойынша Нұрила Бәйдібек бидің үйінде күң болған. Қыз құдықтан су алмақшы болып жатқанда, байқаусызда құлап кетеді. Бидің қызметшілері көп болса да, жылқыларды өзі суаратын әдеті болған. Үйірді құдыққа апарып иіріп, құдыққа үңілгенде түбіндегі Нұриланы көреді. Қызды құтқарып алады, сол сәтте ғашық болады. Нұрила Бидің үшінші әйелі болып, оның ұрпағын жалғастырады.

Неліктен Домалақ ана аталғанын ешкім білмейді. Бір нұсқа бойынша, бойы аласа болғандықтан солай атады десе, екінші жағынан, “домалақ ана” сөзі парсы тілінде “дихнат ана”, яғни “қасиетті ана” дегенді білдіреді.

Домалақ ананың ұрпағы ақыл-парасатымен, білімімен ерекшеленіп, халықты да басқарған. Сонымен, оның баласы Жарықшақ Ташкент әмірінің кеңесшісі болды, кейінірек ол Жетісудың билеушісі, содан кейін Есенбұға ханның бас уәзірі болды. Дәстүр бойынша, Домалақ ана барлық істерді ең алғыр және тапқыр немересі Дулатқа тапсыруға кеңес берген. Жарықшақ Домалақ ананың кеңесіне құлақ асып, Дулатқа тапсырады. Албан мен Суанның басқа немерелері бұл шешімге ренжіп, оңтүстік-шығысқа қоныс аударады. Нұрила Дулатқа батасын береді, оның ұрпағы көбейеді. Кейін Албан қайта оралып, кешірім сұрайды. Домалақ ана кешіреді. Бірақ Суан сол кеткеннен ешқашан оралмайды.

Біз патриархалдық қоғамда әйелдің кеңесіне құлақ асу деген қалай болды деп таңдануымыз мүмкін. Бірақ Нұрила ақылды, парасатты және ықпалды болғандықтан, оның ақыл-кеңесіне міндетті түрде құлақ асып отырған. Оның үстіне ол өте көреген еді. Күйеуіне айтқан сәуегейлігі туралы да аңыз бар: “Бірде Қаратау жотасының етегінде орналасқан Бәйдібек ауылына жау кенеттен шабуыл жасап, оның мыңдаған жылқыларын ұрлап әкетеді. Бұл кезде Бәйдібек пен басқа да жігіттер ауылдан алыста еді. Шабуыл туралы хабарды естіген Бәйдібек қол жинап, үлкен әйелі Сары Байбишенің алты ұлымен бірге іздеріне түседі. Бір заматта ұрланған мың жылқыдан мінілмеген бір асау жылқы қайтып келеді. Ол ат Домалақ ананың киіз үйінің жанындағы кермеге байланады. Бәйдібекке хабар жіберген Домалақ ана: “Жаудың артынан жүрмеңдер, айғыр бізде қалды. Алты күн өткеннен кейін, асау үйір өзіңе қайтып келеді. Балалар аман оралсын. Тілегім осы”, - дейді. Бірақ батыр әйелін тыңдамай, жауға қарсы аттанады. Күйік асуынан жауды қуып жетіп, шайқасқа қосылады. Алайда жақсы қаруланған жау Бәйдібектің тобын жеңеді. Бұл шайқаста оның алты баласы бірдей қайтыс болады. Оларды Үшқарасай аңғарына жерлеп, би үйіне қайтады. Алты күн өткен соң, үлкен үйір жылқы үйге қайтып келеді. Бәйдібек би Нұрила ананың сөзіне құлақ асқанда, оның балалары аман қалар еді... Домалақ ананың көптеген бол-жамдары орындалған еді.

Домалақ ана қазақ халқының есінде қарапайым, сүйікті ана ретінде қалды, ол барлық бала атаулыға мейірімін төкті. Даналығының арқасында ол жауласқан тайпаларды татуластырды. Бүгінде оны аналықтың символы ретінде құрметтейді.

Аңыз бойынша, Домалақ ана қайтыс болар алдында жақындарына былай деген: “Байдібектің жанына мені жерлеп, әуре болмаңдар. Ақ түйеге менің сүйегімді салып, артынан жүріңдер. Түйе шөккен жерге жерлеңдер”. Оның балалары айтқанын бұлжытпай орындайды. Түйе Қос Бөген өзенінің сағасына тоқтады. Осында оны жер қойнына тапсырады. Немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып, Домалақ ананың басына төрт қанатты, төбесі күмбезбен көмкерілген кесене тұрғызады.

Кесене 1456 жылы салынды. Ол кезде күмбезі бар төрт қабырғалы мазар болды. Домалақ ана кесенесі бірнеше рет бұзылып, қайта өңделген және қазіргі уақытқа дейін оның өзіндік бейнесі, өкінішке орай, сақталмаған. Кесене XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қайта тұрғызылды. Мазар кіребе-рісіндегі қабырғада қазақ тілінде былай деп жазылған: “Ақсұлтан қызы, Бабыжар Ұлы Ана құрметіне салынған ескерткіш”.


Мадина АШИЛОВА

bottom of page