Patriot-tulga.kz
Қошке Кемеңгерұлы
Қазақ халқының біртуар қайраткері һәм көрнекті қаламгері Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы 1896 жылдың 15-шілдесінде ескіше Ақмола облысы Омбы уезі Теке болысы Қаржас ауылында туды. Кеңес үкіметі орнаған соң бұл аймақ Ресейдің Омбы облысы Әдес (Одесское) ауданына қарап кетті. Қазіргі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан Қаржас ауылы небары он бес шақырымдай жерде қалды. Тағдырдың жазуымен, тарихтың шешуімен Қошкенің кіндік қаны тамған жер, туып-өскен топырақ бүгінде бөтен елдің құрамына қарайды.
Қ.Кемеңгерұлының әкесі, ата-бабасы қазақтың қасиетті өлкесі Баянауылда туған. Мұса мырза Шорманұлының заманында Қошкенің атасы Баяннан Омбыға келіп, осы төңіректі мекендеп қалады.
1913 жылы Омбыда оқитын қазақ шәкірттері «Бірлік» атты ұйым құрып, оның үні – «Балапан» қолжазба журналын шығара бастады. Ұйымды, негізінен, Орта дәрежелі Омбы ауылшаруашылық училищесі мен Омбы мұғалімдер семинариясының қазақ шәкірттері ұйымдастырды. Қошкенің ұйымдастырушылық қырын, қайраткерлік қабілетін алғаш шыңдаған жер – осы «Бірлік» ұйымы болды. Бұл ұйым қазақ жастарының тұңғыш съезін ұйымдастырды. 1918 жылы мамырдың 5–13-і аралығында Омбы қаласында жас алашшылар қазақ жастарының тұңғыш съезін өткізді. Съезге Семейдегі «Талап» жастар ұйымынан болашақ ұлы жазушы М.Әуезов қатысқан. Жиынның ұйымдастыру ауыртпалығын көтерген адамның бірі – Қ.Кемеңгерұлы болды. Съезд қорытындысы бойынша қазақ даласында тіркелген жастар ұйымы бұдан былай біртұтас жалғыз ұйым ретінде бірігетіні жөнінде шешім қабылданды. Оның аты «Жас азамат» аталды. Ұйым Алаш партиясының ұстанған саяси бағытын қолдады. Жаңадан құрылған жастар ұйымының үні «Жас азамат» газеті шығатын болып ұйғарылды. Оның редакторы болып Қ.Кемеңгерұлы болып бекітілді.
Сеңдей сапырылысқан қорғансыз халықты біресе 1916 жылғы патшаның атышулы жарлығы, біресе төңкерістер, толып жатқан съездер, аштық, жоқшылық, азамат соғысы әбден тоздырды. Тұрмыс толқындары соққылаған момын ел саяси бағытын жоғалтып, аз уақыт кімге сенерін, қайсысының соңынан ерерін біле алмай қалды.
1917 жылдың 5–13-желтоқсанында Орынбор қаласында Екінші Жалпықазақ-қырғыз съезі өтті. Бұл айтулы жиынға қазақ даласының түкпір-түкпірінен түрлі ұйымдар мен мекемелерден 82 өкіл делегат ретінде қатысып, съезд қорытындысы бойынша уақытша Ұлт кеңесі, Алашорда үкіметі құрылды. Аталған съезге Қ.Кемеңгерұлы да шақырылды. Ұлт тағдыры шешілген мұндай тарихи оқиғаға Қошке Кемеңгерұлы да қатысып, маңызды мәселелер бойынша өз дауысын бергені – оның сол уақытта замандастарының ішінде беделінің биік болғанын байқатады. Қайраткердің жасы бұл кезде небәрі жиырма бірде ғана еді.
Қ.Кемеңгерұлының 1924–1930 жылдар аралығындағы өмірі Түркістан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өтті. Бұл кез – Қ.Кемеңгерұлының шығармашылық, ғалымдық қабілетін жан-жақты ашқан аса жемісті уақыт болды.
Омбыдағы медицина институтының төрт курсын тәмамдаған Қ.Кемеңгерұлы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысады. 1928 жылы ол осы университеттің шығыстану факультетінің түркітану кафедрасына аспирантураға түседі. Бір жылдан кейін осы аспирантураға М.Әуезұлы қабылданады. Іргелі ғылыми жұмыспен айналысуға ден қойған Қ.Кемеңгерұлы шығармашылық қуаты толысып, бойындағы күш-қуатының әбден жетілген шағында репрессияға ұшырады. «Аспирантов Ауэзова и Кеменгерова снять с аспирантуры, Кошкинбаева с ассистентом педфака САГУ снять с оплаты со дня их ареста – 1/Х. 1930 года»,- деп көрсетеді мұрағат көздері (М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі. Алматы: Ғылым, 1997. 113 бет).
Бұдан кейін қаламгер бір жарым жыл Алматы абақтысында тұтқында болып, 1932 жылы Орталық Ресей аймағына жер аударылады. Айдаудағы мерзімі толық аяқталған соң, ол туған жері Омбыға оралуға рұқсат алады. Омбы облысы, Шарбақкөл аудандық ауруханасында дәрігер қызметін атқарып жүрген қайраткер 1937 жылдың жетінші тамызында екінші рет тұтқындалып, 16-қарашада Омбы қаласында атылады. Жазушының жары Гүлсім және балалары оның ақталғаны жөніндегі қағазды жиырма жыл өткеннен кейін алады.
Қ.Кемеңгерұлы әдебиеттің поэзия, проза, драматургия, аударма жанрларында көркем шығармалар қалдырған жазушы. Олардың біразы («Алтын сақина» драмасы, әңгімелері) қазақ әдебиеті тарихында жоғары бағаланатын еңбектер. Сондай-ақ Қ.Кемеңгерұлы – кәсіби журналист, қазақ баспасөзінің қалыптасып-дамуына айрықша үлес қосқан көсемсөзші. Ол әр жылдары «Айқап», «Қазақ», «Балапан», «Жас Азамат», «Бостандық туы», «Ақ жол» «Сана», «Еңбекші қазақ», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп», «Темірқазық» т.б. басылымдарда еңбектерін жариялады. Кейбіреуінің өзі редакторы болды. Мұнымен қоса Қ.Кемеңгерұлы – ғалым. Ол – ғылымның әдебиеттану, тіл білімі, қазақ тілін оқыту әдістемесі, тарих, педагогика салалары бойынша іргелі еңбектер жазған адам. Көрсетілген ғылым салаларынан бөлек оның еңбектерінен әлеуметтану, саясаттану, философия, география, психология, химия, медицина, гигиена, биология ғылымдары бойынша да құнды ой-пікірлерді кездестіруге болады.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.