top of page

Барак Хусейн Обама

Барак  Хусейн  Обама

Барак Хусейн кіші Обама 1961 жылдың 4 тамызында Гавай штатының оралығы Гонолулу қаласында дүниеге келген. Әкесі кениялық Барак Хусейн үлкен Обама бала күнінде малшы болып жүріп, ағылшын мектебінде оқиды. Өзінің алғырлығының арқасында мемлекеттік стипендияға қол жеткізіп, Америкаға оқуға барады. Сол жерде антропология маманы ақ нәсілді американдық Стэнли Энн Данхэммен танысады. Екеуі отау құрып, Обама дүниеге келеді. Ұлы екі жасқа келгенде әкесі үлкен Обама Гарвард университетінде экономика саласы бойынша докторлық диссертациясын қорғайды. Көп уақыт өтпестен әкесі ұлы мен әйелін тастап Кенияға кетуге мәжбүр болады, өз елінде үкімет аппаратында экономистік қызмет атқарады. Ол ұлын өмірінде бір-ақ рет, 1982 жылы жол апатынан қаза боларынан сәл бұрын көріп үлгереді.
Обаманың туған әкесінің Когело ауылында бүгінде көп нәрсе өзгере қоймаған. Кенияның басқа жерлеріндегі сияқты халқы кедейшілікте өмір сүреді. Тек Обама әулеті басқаларына қарағанда дәулеттірек тұрады. Кіші Обаманың туған әжесі Сара Хусейн Обаманың кішігірім ғана үйі бар. Бүкіл ауыл бойынша осы кісі де радиоқабылдағыш пен қалтафон бар болатын. Луо тайпасы өмір сүретін осы ауданда тек екі мектеп ғана бар, олар Обаманың атымен аталынады. Сара немересі кіші Обамамен тек қол қимылдары арқылы ғана түсінісетін-ді. Сара әжей луо және суахили тілінде ғана сөйлей алады. Ал немересі ол тілде «аман-есенсіз бе?» дегеннен басқа сөз білмейді. 86 жасар Сара Обама немересінің жетістігне өте қуанышты.
Енді Обаманың балалық шағына қайта оралар болсақ, анасы Стэнли Энн Данхэм ханым Обама 6 жасқа келгенде Лоло Соэторо деген студент жігітке тұрмысқа шығып, Индонезияға қоныс аударады. Ол жақта Джакартаның мемлекеттік мектептерінің бірінде төрт жылдай оқыған кіші Обама кейін Гавайға қайта оралып, нағашы ата-әжесінің қолында тәрбиеленеді. 1979 жылы Гонолулудағы артықшылықтары мол Пунахоу жекеменшік мектебін тәмәмдайды.
Кіші Обама оқушы кезінде баскетболмен айналысып жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Мектептен соң ол Лос-Анджелестегі Батыс колледжіне түседі. Аз уақыттан соң Колумбия университетіне ауысады. 1983 жылы саясаттану мен халықаралық қатынастар пәні бойынша бакалавр дәрежесінде оқуын бітіреді. 1985 жылы қызмет қумай, Чикагода шіркеу қайырылымдық топтарымен бірлесіп жұмыс жасайды. Одан кейін Gamaliel Foundation бөлімшесінде қаланың кейбір аудандарында әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындарына жәрдем беретін «әлеуметтік ұйымдастырушы» қызметін атқарды. Олардың баспана мәселесін шешуге арнайы бағдарлама ойлап тапты.
1988 жылы Обама Гарвард университетінің құқық мектебіне түседі. 1990 жылы тұңғыш рет университет тарихында Harvard Law Review басылымының алғашқы қара нәсілді редакторы болды. Университетте бұл лауазым студенттер үшін ең жоғарғы мәртебе болып саналатын. Осы жылы Барак Обама Гарвард университетінің 104 жылдық тарихында тұңғыш рет университеттің заң клубының бірінші афроамерикалық президенті болады.
1991 жылы Обама құқық докторы дипломын үздік бағамен бітіріп, Чикагоға келіп заңгерлік жұмыспен айналысады. Ол сотта көбінесе нәсілдік кемшітушілікке ұшырағандардың құқығын қорғады. Осы кездері Чикаго университетінде конституциялық құқықтан дәріс берді.
1992 жылы Обама жас басшылардың біліктілігін жетілдіруге бағытталған Public Allies коммерциялық емес ұйымын құрды. 1993-2004 жылдарда Davis, Miner, Barnhill & Galland адвокаттық кеңcесінде қызмет жасай жүріп, қайырылымдық шараларымен де айналысты. Заңгерлік жұмысын 2002 жылы заңгерлік жұмысқа лицензиясы аяқталған тұста тоқтатты. Бәлкім бұл Обамаға оңтайлы келді ме, ол либерал ретінде танымал бола бастады.
2004 жылы Обама АҚШ Сенатына Иллинойс штатынан таласқа түсті. Нәтижесінде ол алты оппонентін артқа тастады. Оның Демократиялық партияның ұлттық съезінде арнап айтқан ұсынысы теледидар арқылы әлемге тарады. Ол тыңдарманды америкалық қоғамды түп – тамырына қайта оралуға шақырды. Және де АҚШ-ты «ашық мүмкіндіктер» еліне айналдыруда жеке өз басын мысалға келтіре отырып, елді елең еткізді. Сенат сайлауында Обама республикалық Алан Кейстен басым түсіп жеңіске жетті. Ол өз міндетіне 2005 жылдың 4 қаңтарында кірісті. Обама қоршаған ортаны қорғау, Қоғамдық жұмыстар, Ардагерлер ісі және Халықаралық қатынастар жөніндегі комитеттердің мүшесі ретінде талай игі істерге ықпал етті. Ол сенатта үкімет жұмысының мөлдірлігіне байланысты заңда жасауға қатысты. Белгілі республикалық сенатор Ричард Лугармен Ресейге атбасын тіреп, жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпау мәселесін бірлесіп шешу ісіне де куәгер болды.
Ол сенаторлық қызметінде энергияның баламалы көздерін дамытуға ерекше мән берді. Обама бұқаралық ақпарат құралдарының көңілінен шығып, Вашингтондағы көрнекті тұлғаға айналды. 2006 жылдың күзінде сарапшылар Обаманың кандидатурасын президенттікке ұсынуға болатындығын ауық-ауық айтып қалып жүрді.
2007 жылдың басында Обама Демократиялық партия кандидаттарының ішінде Хиллари Клинтоннан кейінгі танымал тұлғаға айналды. Осы жылдың қаңтарында Обама президенттік сайлауға қатысу үшін бағалау комитетін құрды. Ақпанның басында демократтардың 15 пайызы Обаманы, 43 пайызы Клинтонды қолдағысы келетіндігі белгілі болды. Ақпанның 10-ында Спрингфилд қаласында, Иллинойс штатында өткен митингіде Обама президенттік тартысқа түсетіндігін жария етті. Ол жеңіске жеткен жағдайда америкалық әскерді Ирактан алып кететіндігіне уәде беріп, Буш әкімшілігінің сырттан әкелінетін мұнай мен білім саласының дамуына тәуелділіктен арыла алмай отырғандығын айыптады.
Сенатта Обама демократтармен де, республикалықтармен де ынтымақтастықта жұмыс жасады. Бірлесе отырып аз қамтылған отбасылардың салығын азайтуға байланысты бағдарламаны жасасты. Ол мектепке дейінгі білім беру ісіне де зор белсенділік танытты. Тергеу орындарының тәртібін қатаң қадағалауға күш салды.
Барак Обаманың «Әкеден қалған арман» атты тұңғыш кітабы оның атын әйгілей түсті. Бұл кітап афроамерикалық саясаткерді америка қоғамында «қара нәсілділер» тақырыбын тартымды ете алды. Ал 2006 жылы жарық көрген «Үзілмейтін үміт» атты кітабы да оқырман жүрегінен орын тауып, аудионұсқасы «Grammy» сыйлығына ие болды.
2007 жылдың жазында әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде Обама мен Клинтонның рейтингісі теңелді. Бұдан кейін 2008 жылдың 3 қаңтарында Айова штатында өткен бастапқы сайлау ерекше маңызға ие болды. Бұл жолы Обама Хиллари Клинтон мен Джон Эдвардсты артта қалдырып, жеке дара алдыңғы орынға шықты. Тартыс бәсекелі жағдайда өтті. Бақылаушылар жалпыұлттық тартыста Обаманың жеңіске жететіндігін болжады. Білгір мамандар қателеспеді. 2008 жылдың 3 қаңтарында Айовада өткен бастапқы сайлауда Обама 37,6, Эдвардс 29,7, Клинтон 29,5 дауыс жинады. Бұл жеңіс Обама сайлау компаниясының мықтылығын байқатты. Социологтар бұл көрсеткіштен кейін Обама мен Клинтонды теңестіруге келмейтіндігін айтты. Ал 7 маусымда Клинтон өзінің сайлауалды науқанының жұмысын тоқтататындығын мәлімдеп, өзінің жақтастарын Обамаға дауыс беруге шақырды. Бұдан кейін Обама республикалық кандидат Джон Маккейнмен тартысқа түсті.
Обама Маккейнмен үш рет сайлауалды дебаттарда пікір таластырды. Жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес осы үшеуінде де Обама жеңіске жетті.
Обаманың көп дауыс жинауына оның дінге сенушілігінің де әсері мол болды. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында АҚШ президенттіне кіріскен тұстан 16 айдың ішінде Ирактан америка әскерін әкететіндігін баса айтты. Тек әскердің белгілі бір бөлігі содырлардың көзін жою үшін және АҚШ азаматтарын қорғау мен Ирак қауіпсіздік қызметкерлерін үйретуге қалдыратындығын атап өтті.
Обама 2004 жылы АҚШ сенаты сайлауына тартысқа түскен сәтінде Иранға қарулы күштерді енгізуді ең қажет болған жағдайда ғана жасайтындығын жария етсе, ал Президенттік сайлау кезінде Иранды Таяу шығыстағы әлемге қауіп төндіріп тұрған мемлекет ретінде қарастыратындығын мәлім етті.
Обаманың Чикагоның кедейлер тұратын ауданында қарапайым адамдармен жұмыс істеп үйренуі оның сайлауалды жұмыстарына көп септігін тигізді. Үміткердің сайлауалды кампаниясының командасында католигтер де, еврейлер де, Орталық батыстың ақ нәсілді жұмысшылары да, үй шаруасындағы әйелдер де, қоғамның барлық саласындағы жекелеген жандар белсенділік танытты. Обама технологияның барлық жаңалықтарын өте ұтымды пайдалана білді. Электрондық поштамен мәліметтер тарату, SMS-хабарлар жіберу, өзі туралы деректері бар Facebook беттерін ашу сияқты тәсілдерді қолданды. Обаманың штаб пәтерінде мыңдаған адамдар тегін жұмыс жасап, қолдау көрсетті. Американың кішкене қалаларының өзінде демократтардың штаб пәтері қызу қарқында жұмыс жасады. Обаманың Бас штаб пәтері Чикаго қаласында орналасты. Онда Обаманың кандидатурасын насихаттауға көмектесу үшін тіркелуге келген адамдар кезекпен жазылып жатты. Оны қолдаушылар арасында тек америкалықтар ғана емес, еуропалықтар да көптеп кездесті. Олардың басты мақсаты - АҚШ-тың сыртқы саясатын өзгерту, мемлекеттер арасында диалогқа келу. Батыс қоғамын өзгерту. Әлемнің Америкаға деген теріс пікіріне оң жауап беру. Осы сияқты көптеген пікірлерді Обама жақтастары лек-легімен айтып жатты.
Барак Обаманың Президенттік билікке қол жеткізгендігі қарашаның 4-інде кешкі сағат 22:00-де белгілі болғанда CNN телекомпаниясының жүргізушісі Вульф Блицер Демократиялық партияның кандидаты Виргиния штатында жеңіске жеткендігін айтты. Дәл бір минуттан кейін аталмыш телеарна АҚШ тарихында тұңғыш рет афроамерикалық президенттің сайланғанын батыл түрде жария етті.
Бұл хабарды естігіндер:
-Иә, біздің қолымыздан келеді! Yes, we can!- деп бір-бірін құшақтап, көздерінен қуаныштың жасы төгілді. Көп уақыт өтпестен көшелерде орналасқан теледидар экрандарынан АҚШ-тың 44-ші президенті сөйледі.
-Егерде демократия күшінің мықтылығына күмәнданатын болса, біз оларға бүгін жауап бердік. Бұл-Сіздердің жеңістеріңіз!» Мен білемін, бұл қадамды Сіздер мен үшін жасаған жоқсыздар, бұл қадамға сіздер алда бірлесіп шешетін түйінді мәселелердің оңтайлы шешілуі үшін бардыңыздар,- дей келе өзінің сайлауалды митингісіне қатысқан 106 жастағы Энн Никсон Куперді есіне алды. – Энн Никсон Купер кезінде екі себепке байланысты дауыс беру құқығына қол жеткізе алмаған, біріншісі-әйел болғандықтан, екіншісі- терісінің түсіне орай. Ал маған дауыс берген қарт ана үшін мен бүгін өзімді бақытты санаймын,-деді Барак Обама.
Журналистер АҚШ-тың жаңа сайланған Президенті туралы жұртшылық пікіріне құлақ асқанда орта жастағы афроамерикалық Анджела:
-Мен оның президент болатынына ешқашан күмәнданған емеспін,-дей келе ол кезінде Обамамен Чикагоның оңтүстік аудандарында әлеуметтік жұмысқа бірге атсалысқанын былай деп баяндайды:
-Ол біздің арамызға келгенде 24 жасар қылшылдаған әдемі жігіт еді. Мен өмірімде алғаш рет осындай жастағы адамның ақылдылығына, сезімталдылығына таңғалған болатынмын. Мен оның ашуланғанын бірде-бір рет көрген емеспін. Бізге ол үнемі: «Ешқашан ашуланбаңдар» деп ақыл беріп отыратын. Сайлау науқаны кезінде Джон Маккейн мен Сара Пейлин оның бұрын әлеуметтік жұмысшы болғандығын келемеж етті. Ел басшысы қарапайым халықтың арасында болып, олардың тұрмыс-тіршілігін білмейінше, олардың жағдайын қалайша білуге және шешуге болады, айтыңыздаршы?! Маккейн жоқшылықтың дәмін татқан емес. Қарапайым адамдармен еңбек етіп көрген жоқ. Ал Барак Обама олармен бірге еңбек етіп, бірге ұйықтап, бірге тамақтанып, олардың жан дүниесінің сырын терең ұғатын. Ол кезде Обама жылына 10 мың доллар ғана табыс тапты,-дейді Анджела.
АҚШ-тың жаңа сайланған президентінен америкалықтар нәсілшілдікке бөлінудің көзін жояды, бейбітшілік орнайды, агрессияның тамыры шабылды деп үміттенеді.
2005 жылы британдық «New Scotsman» журналы Обаманы әлемді өзгерте алатын он адамның бірі деп тапты. Осы жылдары оған Американың көптеген жоғары оқу орындары ғылыми атақтар бере бастады. Көптеген ток- шоулардағы оның пікірлері жұртшылық жүрегінен орын таба білді.
Обама экономикалық мәселелерге байланысты баяндамаларында көбінесе орта тапқа бағыт ұстанды. Ол жылына 250 мың доллар табыс табатын жандарға салынатын салық жеңілдігін алып тастауды, сонымен қоса үлкен корпорациялардың салық төлеуін қатаң бақылауға алуды ұсынды.
Енді Обаманың отбасылық жағдайына келер болсақ, оның жан жары Мишель Лавон Робинсон қарапайым жұмысшы мен хатшының отбасында дүниеге келген. Мишель өте тамаша білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Пристон университетінің әлеуметтану факультетін, Гарвардтың заң мектебін бітірді. Ол қала әкімшілігінде және Чикаго университетінің Медициналық орталығында қызмет жасады. Бүгінде көптеген саяси қайраткерлердің жары секілді Мишель де Обаманың кейбір ресми кездесулеріне қыздарымен бірге барып қатысып жүреді.
Обама жарымен Гарвардтың заң колледжінде танысқан болатын. Бүгінде олардың Малиа Энн және Саша есімді екі қыздары бар. Обама отбасында мінсіз отағасы, сүйікті жар және қадірлі әке.



Жанерке МАРАТ

Жанерке МАРАТ
bottom of page