top of page

Клеопатра

Клеопатра

Клеопатра – Ежелгі Мысыр тарихындағы ең танымал патшайымдардың бірі. Көбіне оның есімі Юлий Цезарь мен Марк Антонни сияқты атақты Рим императорларының атымен бірге аталады. Плутарх жазбаларына сәйкес, Клеопатра «ақылына көркі сай» болған. Сондай-ақ, математика, астрономия, саясат, әдебиет пен өнерге қызығушылық танытқан.

Клопатра б.д.д. 69 жылдың 2 қарашасында туылған делінеді кейбір деректерде. Бір қызығы, оның туылған жылының датасы айтылғанымен, қай жерде туылғаны жайлы мәліметтер жоқтың қасы. Бірақ көп деректер оның Александриядан шыққандығын алға тартады. Мысыр тарихында аты қалған патшайымның тегі грек ұлтына тиесілі. Ол Птолемей І-ден өрбиді. Жас кезінде Клеопатра Александрия кітапханасындағы кітаптарды құлшына оқып, оқығанын көкейіне тоқи білген. Философиялық ой қорыта білген. Сондай-ақ бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаған. Сегіз шет тілін жетік меңгерген. Сол кездегі қыз балалардың тәрбиесінде қыз балаларды білімге баулу қаперге алынбайтын. Сіңлісі Береника болса, көңіл көтергенді жақсы көретін, білім-ілімнен алыс қыз болып өседі. Ал Клеопатра болса, өмірден сабақ алуға ты-рысты. Б.д.д. 58-55 жылдарда әкесі Птолемей XII Авлет тақтан құлатылып, елден қуылады. Кейіннен римдіктердің көмегімен әкесі таққа қайта отырып, елді аяусыз қырып-жойып, жазалайды. Соны көрген Клеопатра әкесінің қателігінен сабақ алып, әділетті әрі білімді болуды өзіне мақсат тұтады.

Клеопатра Мысырды жиырма екі жыл бойы басқарған. Және Клеопатраның өлімінен кейін римдіктер Мысырды жаулап алып боданға айналдырған. Римдіктер Клеопатра билігінің тұсында да Мысырға қауіп төн-дірген. Алайда Клеопатра, айла-керлігі мен ақылының арқасында Мысырды кезекті соғыс пен адам шығынынан құтқарып қалған. Юлий Цезарь Клеопатраға ғашық болғаны соншалық, дегеніне көніп, айтқанын бұлжытпай орындаған. Тіпті Клеопатрадан туған ұлы Птолемей Цезарионды Рим тағының мұрагері жариялағысы келген екен. Бұл ойын біліп қойған ақсүйектер Цезарьді қастандықпен өлтіріп, орнына Марк Антонниді император етіп жариялайды. Марк Антонни де Клеопатраны ес-түссіз жақсы көріп, Венера құдайының ғибадатханасына Клеопатраның алтын мүсінін орнатып құдай деп жариялайды. Кейінірек өз әйелімен ажырасып, Мысыр патшайымына ресми түрде үйленеді.

Клеопатра Мысырдың соңғы патшайымы саналады. Ол Мысырдың жұлдызы сөнген уақытта таққа келді. Десе де бар күш-жігерін, айла-амалын, ақылын Мысырдың тәуелсіздігін сақтауға барынша атсалысқан тарихи әйгілі тұлға.

Жанерке МАРАТ,
“Патриот-Тұлға”

Жанерке МАРАТ
bottom of page