top of page

Тума талант

Тума талант

Осыдан оншақты жыл бұрын досым көрнекті қоғам қайраткері Хайрулла Ғабжәлелов баласын үйлендіріп «Анкара» отелінің мейрамханасында той жасады. Жиналған өңкей ығай мен сығай. Осы той үстінде асаба болған ұзын бойлы, сыптығыр, толқынды бұйра шашты жігіт назарымды қайта-қайта аудара берді. Лебізінде көтеріңкі леп те бар, қазақи айшықты сөздерді орнымен қолданып, нұрын жүректерге жеткізіп тұр. Бірде «О, аспан, төсіңе күн көтерілсе бауырыңнан жұлдыз қашқан, адамның өмірі солай шығар, бірде тасқан, бірде тосқан. Ал күн кетсе бауырына жұлдыз шашқан», – деп пәлсафалық ой тастаса, бірде «Оңтүстіктің өтірігі де қабыл болар, өйткені өтірік айтса да құдай қаласа деп айтады» деп жұртты әзіл-күлкіге қарық қылып қояды. Тіркестері тосын, қанатты сөздерге сұранып-ақ тұр: «Саумал сүттей қыздарың түскен жеріне қаймақ болсын», «Екі құдай қосқан құданы арамза туған бала айырады». Талай асабаларды көріп жүрміз ғой, мына жігіт алабөтен.

Өзі асаба ғана емес әнші де екен. Бір кезде халық әні «Алқоңырды» жіберді. Дауыс саф алтындай таптаза. Талай әншілерді тыңдап жүрміз ғой. Мына жігіттің орындасы тым бөтен, жүрекке жақын, майдай ерітіп барады. Жұрт керемет қошемет көрсетіп жатты. Шынымен тәнті болдық. Ыңғайы келгенде ишарамен шақырып алдым:

– Атың кім?
– Әділбай.
– Қай жердікісің?
– Аға, мен Түркменстаннан келгем.
– Қайда тұрасың?
– Осында.
Таныстық осыдай басталды. «Хабарлас» деп телефон нөмірімді бердім.

Өнердегі жолын асабалықтан бастаған Әділбай Жаниязов саф алтындай ерекше тұлға. Әттең арнайы музыкалық білімі жоқ. Нота дегенді білмейді. Бірақ сол музыкалық білімінің жоқтығы Әділбайдың кемістігі емес, кейде артықшылығы сияқты көрінеді. Өйткені өнердің батыстық, кеңестік мектебі қазақ дауысын белгілі бір қалыпқа салып жіберетіні бар. Әділбай «нотаға да ноқтаға басы сыймаған қалпы» құдай берген табиғи дауысы мен табиғи үндік колоритін сақтап қалған. Оқымаған өнер жұлдыздары өмірде де көп. Қарап отырсаңыз, америкалық виртуоз-гитарист Джимми Хендрикс, әйгілі «Рамштейн» тобының солисі Тилль Линдеманн, ресейлік әншілер Валерий Меладзе, Валерий Леонтьев, тіпті Виктор Цой да еш жерде арнайы музыкалық білім алмаған. Сірә, таланттың тас жаратыны анық.

Жәния Әубәкірованың тойында Әділбайдың әуелете шырқаған әніне тамсанған Англия корольдігі оркестрінің музыкант-дирижеры Дориан Уилсон деген азамат келіп ризашылығын білдіріп, Англияға шақырған екен. Бірақ Әдекең ағылшын тілін білмегендіктен, «Тұманды Альбионға» қарай мойнын соза қоймапты.

Әділбай 1966 жылы 13 қарашада Түркменстан жерінде Ташауыз облысы Көне Үргеніш ауданында Мәдениет ауылында дүниеге келген. Әкесі атадан жалғыз Тұрақбай деген жігіт 1974 жылы 30 жасында өмірден озған. Адайдың ішінде Тобыш, оның ішінде Бегейден тарайтын Тұрекең өнерге жақын, дәулескер күйші болған екен. Өмір гүлі ерте солды. Әділбай сөйтіп сегіз жасында әкеден айырылды. Тағдырдың жазуына қарсы тұрар шама бар ма, бес баламен қалған анасы Рәбиға үш ұл, екі қызды қатарға қосуға барын салды. Анасының төркіні Адайдың ішінде Қараштан тарайды. Көргенді жердің қызы болғандықтан балаларына ең алдымен еңбекқорлық, имандылық, адамгершілік тәрбиесін беруге тырысты. Әділбай кішкентай кезінен анасына жәрдемші болуға ұмтылатын. Алайда мектепте оқып жүрген кезінде ұстаздарының айтуымен түрлі іс-шараларға белсене араласатын.

Әлі есінде. 1978 жылы 5-сыныпта оқып жүрген кезінде іссапармен Түркменстанға келген қазақ жазушылары Қалмұқан Исабаев пен Бәкір Тәжібаев мектепте кездесу өткізеді. Әділбай сахнаға шығып, сол тұста кең тараған «Ақбұлақ» әнін орындаған. Алдыңғы қатарда отырған ақын Бәкір өзінің әнін орындаған қаршадай баланың дауысына тебіреніп көзіне жас алған. Артынан шақырып алып, басынан сипап, батасын берген. Бәкірдің кім екенін кейін біліп жүр ғой. Ол кезде үйдегі радиодан Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Әлібек Дінішев айтқан әндерді сүйсіне тыңдайтын. Әнші болсам деп армандайтын. Әсіресе Әлібекке ұқсағысы келетін.

Үшінші кластан сахнада ән салып жүрді. Аудандық, облыстық, республикалық байқауларға, фествальдерге қатысты. Талай рет жеңімпаз болып анасын қуантты. Әншілік оқу оқығысы келді. Бірақ әкесіз баланың сүйенері қайсы. Шиеттей балалармен анасын кімге тастасын?! Музыкалық білім алу жүзеге аспайтын іс болды. Ақыры сол нота дегенді білмеген күйі қалды. Десе де өз бетінше ән үйренуден, күй үйренуден жалыққан емес. Бос уақытында қолынан домбырасы түспейтін. «Музыкалық мектеп бітірмей-ақ Құрманғазы бабам атақты күйші болған, консерватория бітірмесе де Мұхит әндеріндей ән қайда?» деп ойлайтын. Тыңдаушыларды өзі әдетте тобыр тыңдаушы, топ тыңдаушы, тұлға тыңдаушы деп үшке бөледі. Содан өнеріне іштей сенген ол: «Тобырды шаң қаптырам, топты тоқтатам, тұлғаны тыңдатам» деп ширығатын.

Мектептегі жылдар да зу етіп өте шықты. 1983 жылы ауылдағы он жылдық мектепті бітірген соң Ашхабадтағы сауда-кооперативтік оқу орнының экономика факультетіне түсіп, оны 1987 жылы бітіріп шығады. Бітірген бойда Октябрск аудандық тұтынушылар одағында бухгалтер бо­лып еңбек жолын бастады. Одан кейін біраз жыл «Түркменселсервиз» мекемесінде бас директордың орынбасары қызметін атқарды. Сөйтіп жүргенде көңілі атамекенге ауа берді. Қазақстанға көшкісі келді. Әр нәрсеге бір себеп дегендей бұған Әділбайдың асабалық өнері де ептеп түрткі болды.

Міне, жиырма жылдан бері әншілікке қоса асабалықты серік етіп келеді. Түркменстанда алғаш ауылдағы ағайындардың тойын жүргізуден басталған. Ағайын-туыс, меймандар бірінен бірі көріп шақырып, біртіндеп Маңғыстау қазақтарының тойларынан бір-ақ шықты. Одан Ресейдің Астрахан облысының қазақтары шақыратын болды. Кейін Өзбекстан қазақтарының тойы жалғасты. Бірақ атамекен магниттей тартты да тұрды.

2004 жылы біржола Қазақстанға көшіп келіп, Алматы түбіндегі Қарасай ауданының Еңбекші ауылына қоныстанды. Сол Еңбекші ауылындағы қазір отырған үйін алғаны да тура ертегідей. Астраханда өткен бір той үстінде «Япур-ай» әнін естіп риза болғаны сон­шалық, Сапарғали Абдуллаев деген азамат Әділбайға қазіргі отырған үйін сатып әперген. Бұл – сол көшіп келіп қиналып жүрген 2004 жылы болатын.

Қазір сол шаңырақта анасы Рәбиға ұл-қыздарының рахатын көріп отыр. Келіншегі Зилаш сегіз баланың анасы. Екеуі бұрын мектепте бірге оқыған, сыныптасы, қазір болса Батыр ана. Балаларының үлкені Жанар Қаскелеңде дәрігер, үш перзенті бар. Гүлнары аудитор, екі балалы. Дәметкені КИЗ-де дәрігер, ол да екі балалы. Одан кейінгі Нұргүл мен Айгүлі – дәрігер. Нұржанаты мен Нұрсанаты - студент, Ерқанат – мектеп оқушысы.

Көңілі бірленген соң Әділбай өнер­ге біржола ден қойып, репертуарын толықтыра түсті. «Япура-айға» қосымша «Алқоңыр», «Гауһартас», «Ақбақай», «Назқоңыр» сияқты халық әндері дауыс ерекшелігімен түрленіп, жаңа оранжировкада өнерін өрге сүйреді. Домбырада Маңғыстаудың мақамымен орындалатын Ескелді Сүгір мен Бәубек Елібайдың жыр-термелері өз алдына бір төбе.

Күйшілік өнері болса Әділбайға ата-бабасынан дарыған. Кішкентайы­нан Құрманғазы мен Динаның күйлерін тартып өсті. Оған Мұрат Өскенбаев күйлері қосылды. Бұрыннан тартып жүрген түркмен күйлері тағы бар. Ұлттық өнерді, ұлттық дәстүрлерімізді насихаттағаны үшін Әділбай Жаниязовқа 2006 жылы Қазақ Ұлттық Әдетғұрып, салт-дәстүр Акадмиясының профессоры атағы берілді. Ол отбасылық қуаныштарда ғана емес, түрлі тұсаукесерлерде, кәсіпорындардың, Алланың жердегі үйі – мешіттердің ресми ашылу салтанаттарын да жүргізіп келеді. Құдайға шүкір, оған ойы да, бойы да жетіп тұр. Әділбайдың өнерін Қадыр Мырза Әлі, Исраил Сапарбаев, Марат Тоқашбаев, Әлихан Бәйменов, Ержан Белгозиев сияқты ағалары жоғары бағалады. Ақын Қадыр Мырза Әлі: «саған Әділбай демеймін, Әдеке деймін» дейтін құрметтеп. Марқұм Ибрагим Исаев ағасы «Ой өлшемі» деген өлең де жазған.

Әділбай осыдан бірталай жыл бұрын Астанадағы Президенттік мәдениет орталығына өте бағалы кілем сыйлады. Түркменнің үлкен қалы кілемін алты келіншек төрт ай тоқыды. Кілемнің жоғары жағында «Бекет Ата», орта тұсында «Қазақ жері бүлінбесін, Үш жүзім бөлінбесін» деген ұрансөз, төменгі жағында «Бірлікпен қорғашы азамат бауырым, кең далам пейілім атадан қалғаным» деген тілек жазулары бар. Құны төрт мың долларлық бұл кілем Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында тұр. Мекеменің сол кездегі директоры Мырзатай Жолдасбековтың өзі қол қойып, мөр басып береген сертификаты Әділбай отбасында сақтаулы.

Өнер жолын қуған Әділбай тек ән­шілікпен ғана емес біртіндеп сазгерлікпен де әуестене бастады. Алғашқы «Үміт пен бақыт» әні 1995 жылы туған. Одан соң «Қыздарыма», «Сұлу дана», «Бөлелерім» «Үнсіз уақыт», «Самғау-сағыну», «ХХІ ғасырға той жыры», «Бала үміті» сияқты әндер дүниеге келді. Бұл әндерді өзі орындап жүр. Ал «Ана үміті», «Дүние керуен», «Қайран Қайып» (Ақбөбекке ғашық болған Қайып Қорабайұлына арналған) күй­лері бұл күндері тыңдарманға жақсы таныс. Әнші, күйші Әділбай Жаниязов бүгінде эфирден жиі көрінеді. Ол орындаған ондаған ән-күйлер Қазақ радиосынының Алтын қорына жазылып алынған. Телеарналар да Әділбай әндерін жиі береді. Өзі қазіргі әншілерден Рамазан Стамғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Ардақ Исатаева, Еркін Шүкіман, Бауыржан Исаевты жоғары бағалайды. Қазақ эстрадасындағы арзан, жылтылдақ, жалқыкәделік дүниелерге жаны қас. «Сөзінің мағынасы жоқ, біркүндік әндер адам жүрегіне жетпейді. Бір киіп тастайтын қытай киімдері тәрізді. Қандай коммерциялық жоба болса да әнші деген сөзі кім көрінгенге қолдануға болмайды. Радио мен теледидарда көркемдік кеңестің жоқтығынан өте нашар дүниелер эфирге кетіп жатыр. Кейбіреулер ұялмай аузына келгенін айтып жатады. Мұны тоқтату қажет», – дейді ол. Ары қарай жиі орындалатын түрлі арнау әндердің сөздерін дұрыстау қажеттігіне назар аударады.

Әділбай әкесіз өссе де әлсіз болмады. Консерватория бітірмесе де көп ішінде қалмады. Өмірде де, өнерде де өз мінезі бар, жағаласа кетсе ешкімге алдыртпайтын білегі бар. Бозбала кезгі «Тобырды шаң қаптырам, топты тоқтатам, тұлғаны тыңдатам» деген жастық әсірешілдігін бүгінде күле отырып еске алады. Адамды алға жетелейтін күштің бірі намыс екені де рас-ау. Томас Манн: «Талант дегеніміз – өз тағдырыңды өзің жасау қабілеті» деген екен. Әділбай шынында талант пен еңбекқорлығының арқасында өзін өзі қалыптастырған жан.

Халықтың рухани әлеміне қызмет ете жүріп, Әділбай асабалық этикеттің жоғары болуын қалайды. «Асабалық – тәрбие мінбері. Қолдағы микрофон анайылыққа, бетімен кетушілікке емес ізгілікке, имандылыққа, жақсылыққа қызмет еткені жөн. Асаба тойға келген адамдарды жадыратып, қуантып қайтаруы керек. Ол халқымыздың ше­жіресін, қанатты сөздерін, әдет-ғұрыптық, салт-дәстүрлік ерекшеліктерін, олардың ретін, этнографиялық құндылықтарын жетік білгені жақсы. Кейбір асабалар күлдіремін деп бүлдіріп жатады. Бұл дұрыс емес», –дейді ол. Әділбай енді жұрт ішіне кең тарайтын бірнеше ән жазуды мақсат етіп жүр. Құдай қаласа, оған жетеріне шүбә жоқ.

Әйгілі күйші Құрманғазы өзіне өзі риза болған бір тұста қайран шешесіне қарап отырып: «ұл туар дәл өзіңдей ана қайда?!» депті. Сол айтпақшы, Рабиға жеңгейге біз де «Әділбайдай ұл туар ана қайда?!» дегіміз келеді.
Мұрат ЖАНЫСБАЕВ.
Алматы облысы

bottom of page