top of page

Бізге кәсіби әскер керек!

Бізге кәсіби әскер керек!

Еліміздегі әскерилердің ішіндегі ең әйдік тұлғалардың бірі, отандық әскер саласындағы алғашқы ғалым, полковник, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Ким Серікбаев сексеннің сеңгірінен асса да сергек, қимылы ширақ, ойы тұнық, сөзі нық. Зейнетте болса да талмай еңбектеніп келеді. 2007 жылдан Алматы қаласы Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде. Түрлі оқу орда­ларының шақы­руымен жастармен жүздесіп, көрген-білген, өмірден түй­ген мол білім, тәжірибесімен жиі бө­лісіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосуда.



– Есіміңіз елдікінен ерек. Оның мағынасын көбісі, әсіресе қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін.

– Біле бермейтіні рас. Оның тарихы былай ғой. Әкем партия, Кеңес үкіметі деп өле-өлгенше қыз­мет қылған адам. Ол кезде фер­ма бастығы болыпты. Одан бұрын орыстардың бақшасында бри­гадир болып істегендіктен орысша жақсы сөйлеген. Шамалы арабша білетін. Партия қызметіне шын беріліп, идеясын қолдаған. Сол тұста «Ком­мунистический интернационал мо­лодёжи» деген жастар ұйымы бол­ған. Қысқартып айтқанда КИМ. 1948 жылы ВЛКСМ болып өзгертілді. Әкем өзі шын беріліп қызмет еткен қоғамға деген құрметінің белгісі ретінде «комсомолдың аты менің ұлым­да қалсын» деп осы есімді берген екен.

– Алайда әкеңіз де, анаңыз да дүниеден ерте өтіпті. Оның үстіне балалық шағыңыз соғыспен тұс­па-тұс келді. Сол бір қиын- қыстау кездерде кім сүйеніш болды?

– 1947 жылы өзім үшін оңай бол­­ған жоқ. Ақтөбе өңіріне жауын жаумай, көк өспей, халық қиын­шылық көрді. Ол кезде әкем бұл дүниеде жоқ еді. Анам қатты нау­қастанып жатты. Сол кезде үйдегі жалғыз сиырды сатып, қашар алып, оны сойып, анамызға сорпа ішкіз­генім есімде. Ұзамай анамыз да дүниеден өтті. Жетім қалдық. Мен жалпы өткенді жамандамайтын жанмын. Кеңес заманында жақ­сы күндер де, қиын күндер де бол­ды. Бір­жақты қаралай беруге бол­­майды. Бізді Үкімет далада қал­­дырған жоқ. Әуелі ауыл, кейін қала интернатында жатып оқыдым. Сондықтан мен сияқ­ты жетім бала­ларды адам қылған үкі­меттің тәр­биесі. Қазір де жетімдер бар. Бірақ оларға бізге жасалғандай қам­қор­лық өкінішке қарай жасалып жат­қан жоқ. Біздің мұғалімдеріміздің бір­сыпырасы соғыстан келгендер еді. Олар “ажалдан аман қалдым” деп еңбектерін адал істейтін. Басы­мыз­дан сипайтын. Сол кісілердің ар­қасында көштен қалмадық

– Өзіңіз өмір сүрген замандағы оқиғалар, көріністер әскери адам болуыңызға қаншалықты әсер етті?

– Бала болсақ та соғыстың сал­дары, ондағы аға-апалары­мыз­дың ерлігі санамызға ерте қонды. Бас­­тауыш сыныпта оқығанда Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдул­лин­нің, Әлия мен Мәншүктің атын ес­тідік. “Солардай батыр бола­мыз” де­дік. Балалық қой, 45 жылы соғыс біт­­кенде бізде «соғыс жылдам бітіп қал­ды, біз соғысқа қатыса алмадық» де­ген ой да болды. “Отан­ның қорғаны – Бауыржан, Мәлік­тер­дей батыр болам” деген балалық арман алға же­телеп отырды. Сол кісілердің ізін жалғау өмірімнің мәніне айналды.

– Еліміз егемендік алған тұста әскери доктрина қабылдау, соған сәйкес әскер жасақтау мәселесі туды. Осы маңызды істің басынан өзіңіз табылдыңыз. Әскери құжат дүниеге қалай келді?

– О баста әскери доктринаның қаң­қасын білгенімізбен, құрылымын толықтай білмейтін едік. Өйткені ол – құпия зат. Әсіресе кеңес әскерінің доктринасы. Сол кезде ҚР Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов «Мен өмір тәжірибем, соғыс тәжіри­бесі бойынша әскердің құрылыс мәселесі туралы практика жөнінен жұмыс істеймін. Ал сен білімің бар, тәжірибең бар, әскери доктрина жазуға, заңдарды әзірлеуге еңбек­тен», – деп жұмысты тапсырды. Әуелі қорғаныс комитетінде істедім, кейін президент аппаратында ашыл­ған қорғаныс бөлімін басқардым. Сауа­ты, тәжірибесі, білімі бар әс­кери ғылыммен айналысқан аза­мат­­­тарды жинадым. Мәскеуге ба­рып аспирантурада бірге оқыған жігіт­терден сыр тартып көрдім. Олар ол жақта бір-бір генерал бо­лып жүр екен. Әскери достық де­ген бір керемет қой. Солар өйтіп-бүйтіп Ресей доктринасының жөн-жоба­сын айтып берді. Арғы жағын жұмысшы тобы болып өзіміз бітірдік. Сол доктрина әлі күнге күшінде. Тек жағ­дайға байланысты шамалы өзгер­ген болуы керек.

– Сол кезде әскери техниканы Ресейге тасу әрекеттерінің орын алғандығы туралы естіген едік...

– Ондай оқиғалардың болғаны рас. Сондай әңгіменің шеті шыға бастағанда мәселенің анық-қаны­ғы­на көз жеткізу мақсатымен ар­найы комиссия құрдық. Оған ұлттық қауіпсіздік қызметінен, қаржы ми­нис­трлігінен, парламенттен адам­дар кірді. Барлығын тексеріп, қоры­тынды баяндаманы Нұрсұлтан Назар­баевтың төрағалығымен өт­кен Қауіпсіздік кеңесінің отыры­сына алып келдік. Мән-жайды Елба­сы­­ға айтқанымда, ол кісі: “сабыр қы­лып, жауапты адамдарды тыңдап кө­релік, кейін шешім қабылдармыз”, – деді. Отырыста салаға жауапты бірі ресейлік, бірі белорустік гене­рал ештеңе болмағандай баян­да­м­аларын оқып шықты. Артын­ша мен генералдардың әре­кетін әш­ке­релейтін тексеріс қорытын­ды­сын таныстырдым. Президент екі ге­нералды да орнынан алып, көп ұза­май «Қазақстанның аума­ғындағы бар­­лық әскери техника, қару-жа­рақ Қазақстанның мүлкі, Үкімет қау­лы­сынсыз мұны сыртқа шығаруға бол­майды» деген жа­рлық шығарды. Елі­міздегі әскери техниканы осылай сақтап қалдық.

– Әскер санмен ғана емес, са­памен де өлшенеді. Сапа­лы әс­кер көп жағдайда әске­ри ғы­лым­­ның дамуына байла­ныс­ты. Осы орайда әскери ғылым­ның еліміздегі жай-күйін, оның ма­ңыздылығын айтып өтсеңіз...

– Ә деп тәуелсіздік алғанда «ғы­лымды қоя тұрайық, алдымен қиыр­ман-шиырман болып жатқан уа­қытта әскерді құрып алайықшы» деген пікірлер айтылды. Мен әс­кери ғылымды қолға алуды ке­шеуіл­детпеуге шақырып әлекпін. Сол уақытта әскери кадр дайындау бойынша Қазақстан мен Ресей арасында уағдаластық бар еді. Оған сай 400 адамды Ресейде оқыту мүм­кіндігі болды. Мен солардың арасынан 50-ін аспирантураға түсі­­рейік деген ұсыныс білдірдім. Бірақ ол қолдау таппады. Арада бір­неше жылдар өтті. Әскери са­лада қателіктер орын алып жатты. Ол туралы мен ашық айттым. Тек 8-9 жылдан кейін ғана әскери ғы­лымға көңіл бөліне бастады. Бұл істе тарихшы Манаш Қозыбаев көп еңбек сіңірді. Оған Елбасының «Ке­­лешекте қорғаныс мәселесін ой­ласақ, егеменді еліміздің тәуел­сіз­дігі тұрақты болсын десек, әскерді дұрыс құруымыз керек. Ол әскер әр уақытта өткен тәжірибе бойынша құрылуы керек» деген мәлімдемесі де қозғау болды. Кейін ресейлік, бе­лорустық тәжірибелер қолда­нылды. Солардың негізінде әскери ас­пирантура – адъюнктура аштық. Өзіміздің мамандарды Ресейде, Белорусьте оқыттық. Солардың ар­қасында қазір 40-қа жуық әскери кандидат, 9 әскери доктор бар. Қазіргі әскери ғылым жағдайы жа­ман емес. Тек бір айтарым, әс­ке­ри ғылымға боллондық жүйе келмейді. Осы жүйеге сай P&d док­торы атанып жүргендердің білім-бі­лік­тілігі бұрынғы жүйе бой­ынша оқыған кандидаттардан әлдеқайда төмен. Оның үстіне студент алмасу деген бар. Ал біздің әскери оқу орындарында шетелдіктердің оқы­ғаны қан­шалықты қажет? Әскери, мем­лекеттік құпия деген бар емес пе?! Соны ойлану керек.

– Соңғы жылдары елімізде әскер санын азайтып, келісім-шартпен қызмет етушілерді кө­бейтуге басымдық берілуде. Бұ­ған қалай қарайсыз?

– Келісім-шарт жақсы, бірақ кә­сіби әскер одан да жақсы деген ұс­та­нымдағы адаммын. Келісім-шарт бойынша қызмет етуге келген адам кәсіби маман болса, әскери тә­жірибесі, әскери ынтасы болса жақсы. Бірақ шынын айту керек қазір әскерге жұмыс таба алмай жүріп келіп жатқандар, әскери мәсе­леден қашық адамдар бар. Ал бізге кәсіби әскер керек. Тым бол­маса келісім-шартпен қызмет ету­шілер санын елу пайыз, қалған жар­тысын әскерге шақырылған жас­тар бойынша жасаған дұрыс шы­ғар. Өйткені отанды қорғау керек қой. Ертең ел басына күн туса сол жауынгерлер қорғанымыз болады. Соған жауынгерлеріміз әрдайым дайын болуға тиіс.

– Дайындық демекші, қол­да­ныстағы 1 жылдық әскери бо­рышты өтеу мерзіміне пікіріңіз қан­дай?

– Бұл мәселеге қатысты нақты айтар болсам, 1 жыл әскери істі мең­геруге, жауын­герді толық даяр­лауға жеткілікті емес. Қазір қару-жарақ түрі өз­герген, техника жаңар­ған, түрлі әс­кери көліктер шықты. Бір жылда бала неге үйренеді?! Жау­ын­гер етіп қалып­тас­тыруға кемі 2 жыл керек.

– Жастармен жиі кездесіп тұ­расыз. Өскелең ұрпақтың пат­риоттық рухы­на қандай баға берер едіңіз?

– Мектептерге, жоғары оқу орын­дарына барам. Сонда кейде «қандай маман болғың келеді?» деп сұраймын. «Бизнесмен болам» дейтіндер көп. Ал әскери ма­ман болғысы келетіндермен мақ­тана алмаймыз. Бұл заманға бай­ла­нысты шығар. Бұл жөнінен үл­кен жұмыстар күтіп тұр. Ұлт­тық қауіпсіздік мәселесін алға қою қа­жет. Жастарға осынау бай­тақ жер­ді бізге мұра еткен баба­лары­мыз­дың ерлігін айтуымыз керек. Жер­дің үстіндегі, жердің астындағы байлықтық қорғаны тек қана қазақ. Ұлттың болашағы, ұлттың тұтас­тығы солардың қо­лында. Соны құлақ­тарына құйып, қаперінен шық­пастай етуге тиіспіз.

– Бүгінде мектептерде ер мұғалімдер тапшы. Бұның теріс салдары болуы мүмкін бе?

– Бұл да күрделі проблема. Кейбір мектептерде тіпті ал­ғаш­қы әскери дайындық пәнін әйел мұғалімдер жүргізеді. Ер мұғалім­дер жоққа жақын. Ер адам от-оша­ғын құрып, отбасын асырау керек. Сон­дықтан олар «мұғалім болсам менің келешекте жағдайым қалай болады?» деп уайымдайды. Сол үшін мұғалімдердің жалақысын көтеріп, балаларды мұғалім болуға ынталандыру керек. Бала тәрбиесінде ер адамның орны ерекше болады. Ұлтымыздың тәр­биесі оңды, ұлдары отаншыл бол­сын десек, осыған аса мән берген жөн.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,, журналист

bottom of page