Patriot-tulga.kz
Қазақтың тұңғыш генералы
Туды қазір азат күн,
Өтті заман жас тамған.
Генералы қазақтың,
Өзіңізден басталған.
(Қадыр Мырза Әлі)
Қазақтың тілі өте бай. Бір ауыз сөздің өзі көп жағдайда әртүрлі мағыналар білдіреді және мазмұнына қарай әртүрлі айтылады да. Сондай сөздің бірі «тұңғыш» деген сөз. Жалпы бұл сөздің мағынасы қарапайым тілде «алғашқы» деген ұғымды білдірсе керек.
Міне, сондай «Тұңғыштың» бірі жәйлі сөз етпекпіз. Әңгіме – ұлтымыздан шыққан Кеңестер одағының генералы Шәкір Жексенбаев жәйлі болмақ. Ол бұл атақты отан соғысында, қып-қызыл от пен су кешіп жүріп, 1943 жылдың қазан айында алған.
Иә, әр адамның өмірі бір-бір тарих қой. Біз де Шәкеңнің ата-бабасы, шыққан тегі жайлы шежірге ден қояйық. Шәкір атамыз 1901 жылы 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданындағы Шоңай ауылында Айтәлі Жексенбаевтың отбасында дүниеге келген еді. Шәкеңнің арғы атасы Қолөткен өз шаңырағын қалайда аман сақтап қалу үшін үш ұлы, екі қызымен Маңғыстаудан жаяу-жалпы көшіп жүріп, хан ордасына жетіп, Жәңгір хан ұрпақтарының үйіне от жағушы болып орналасып, үш ұлын қойшылыққа шығарған. Сөйтіп, Шәкеңнің арғы атасы Жексенбай бабамыз 40 жыл-дай хан әулетінің қойын бағып жүріп, ұлдары – Айтәлі, Орынбай, Шанабастарды өсіріп жеткізген. Шәкең Жексенбай бабамызды үлкен ұлы Айтәлінің баласы болып келеді. Міне, осы үлкен ұл Айтәлінің үйінде дүниеге келген Шәкірді атасы Жексенбай бауырына басып, өз атына жаздырған. Жексенбай қария көзі ашық, көкірегі ояу адам екен. Кішкентай Шәкір сөз түсіне бастағаннан-ақ қазақтың халық ертегілері, батырлар жырымен, аңыздарын айта отырып, немересінің бойына бабаларымыздың ерлік істерін бойына сіңіре білген. Тіпті, ауыл маңындағы «Далбын көлін» Ер Тарғын батырдың тұлпарының тұяғынан пайда болған десе, ал бұл жер Сайқын батырдың тұрағы деп олардың ерліктерін жыр қылып айтқан. Содан да болар сәби Шәкір «мен де солардай батыр болам» деп еліктеп өскен сыңайлы. Алайда, Шәкірді өмір еркелетпеген. Ауыр тұрмыс оны бұғанасы қатпай еңбекке араластырып, жеті жасынан бастап Басқұншақтан тұз тасып, оны теміржолшыларға сатып, еңбекпен ерте айналысқан.
Бір жағы жұмыс істей жүріп, көзінің оты бар жас 1908 жылы Шоңайдағы бастауыш мектепте сауат ашып, орыс тілін үйренеді. Бұл кейін де Жәңгірхан ашқан мектептегі сабақтарды еркін алып кетуіне көп көмектеседі. Шәкір Жексенбаевтың Жәңгірхан мектебінде оқығаны жөніндегі аттестаты сақталған. Онда Шәкір 1912 жылдан 1917 жылға дейін оқығаны және бағалары берілген. Осы мектеп шаңырағында Шәкір кейін елімізге кеңінен танымал болған Хамит Чурин, Хұсаин Ищанов, Нұрсұлтан Бекетов сияқты шәкірттермен бірге тәлім алған. Білімге құштар Шәкең бұл алған біліміне қанағаттанбай, 1918 жылы педагогикалық курста бір жыл тыңдаушы болады да, оны бітірген соң Басқұншақ тұз өндірісі басқармасында жұмысшы одағының қызметкері болып, еңбек жолын бастайды.
Дегенмен Шәкеңнің өмір жолы басқа арнаға, әскери қызметке тартады. Ол 1919 жылы Бисен Жәнекешов құрған 1-ші атты әскер эскадронына сарбаз болып қабыл-данады. Бұл әскери құрамда жүріп, Шәкең Кеңес Одағының белгілі қоғам қайраткерлері – әскери басшылары В.Куйбышев, М.Фрунзелермен кездеседі.
1919 жылғы қыркүйек айында эскадрон комиссариатымен бірге Орынбор қаласына көшіріледі. «Іздегенге – сұраған» дегендей Орынборға келген соң басшылық оны Борисоглебскідегі Кеңес Кавалерия курсына жібереді. Аталмыш оқу орнында бір жылдай оқып, қызыл командир атағын алады. Оқыған-тоқығанын өзгеге үйрету жолындағы ұстаздық қызметін бастайды. Алғаш взвод командирі, көп ұзамай эскадрон командирінің көмекшісі қызметіне жоғарылайды. Оның жоғарғы білім алсам деген арманы орындалып, өмірінің ең маңызды белесінің бірі 1920 жылдың 25 тамызында жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы бас штабының Академиясына қазақстандықтардан «тұңғыш» рет оқуға жолдама алады. Бұл кешегі өмір бойы қой бағып, малшылықпен өмір сүрген қара табан малшының баласы қанша армандаса да қол жетпейтін биік еді.
Бұл оқу орны – Орталық Штабтың Әскери Академиясы сол кездегі «тұңғыш» әскери оқу орнының ең жоғарғысы болатын. Бұл жерде дерлік барлық әскери қолбасшылар оқыған. Кейіннен бұл оқу орнын бітіргендердің 700-і Кеңестер Одағының батыры атануының өзі не тұрады? Міне осындай «атының өзінен ат үркетін» оқу орнын Шәкең қажымай-талмай еңбектенудің арқасында 1924 жылы ойдағыдай бітіріп, сол кездегі Кеңестер Одағы революциялық Кеңесі төрағасының орынбасары және Академияның бастығы М.В. Фрунзенің қолынан жоғары білімді әскери басшы деген құжатты алады.
Бұдан кейін тағдыр Шәкеңді Волга маңына орналасқан әскери округінің №34 дивизиясының 100-ші атқыштар полкіне жетелеп, сонда рота қомандирі болады. Бұл қызметті бір жылдай атқарған оны, 1925 жылы Қазақ АҚСР-нің Біріккен соғыс мектебінің оқу бөлімінің бастығы қызметіне тағайындайды. Бір жылдан соң ол Қазақ АҚСР-ның Соғыс Комиссариатының жаяу әскер бөлімінің бастығы болып жұмыс жасайды. Осы жылдары ол ха-лықтың ықыласына бөленіп, Қазақ Республикасының Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне кандидат болып сайланады. Осы жылдары Қазақстанның қорғаныс күштерін қалыптастырудың іргетасын қалау-шылардың бірі болады. Оның тікелей араласуымен Қазақтың бірінші атты әскер армиясын құрып, революция ісін баянды ету үшін ақ гвардияшылар Колчак пен Дутов армияларын жоюға атсалысады. Қазақстанның соғыс Комиссариатын ұйымдастырып, қазақтың қорғаныс мектебінің жұмысын жолға қояды.
1930 жылы Қызыл армияның жоғарғы әскери-химия мектебіне жолдама алған Шәкір, қалған жауынгерлік өмірін тұтастай осы салаға арнады. Бұның себебі Кеңес Одағына көз алартушылардың түрлі улы заттарды қолдануы мүмкін еді. Сондықтан бұған тойтарыс беру үшін білікті әскери химиктер даярлау міндеті тұрды.
Сөз орайы келгенде айта кетуіміз керек 1914-1918 жылдардағы соғыстарда 150 мың тонна улы заттар пайдаланған, бұның әсерінен 1 млн-ға жуық адам көз жұмған. Міне, осындай жағдайда қорғанбай көріңіз. Кеңестер Одағында ресми түрде 1918 жылдың қараша айында арнайы жарлықпен әскери химиялық қызмет түрі құрылады. 1922 жылы Генуя конференциясында Кеңестер Одағы химиялық улы заттарды пайдаланбау жөнінде ұсыныс айтқанымен, бұл ұсыныс өтпей қалады.
Міне осындай қиын-қыстау кезеңде Шәкеңе оқуды бастауға тура келеді. Бұл жерде ол еліміздің белгілі академиктері, өз ісінің білгірлері В.К.Аркадьев, Н.Д.Зелинский, Н.С. Курнаков, С.И.Скляренко, Н.А. Шиловтардан дәріс алады. Аталмыш Жоғарғы әскери-химиялық курс сол кездегі бұл саладағы ең білікті оқу орны еді. Бұл жерде Шәкең тек қана арнайы сала бойынша білім алумен қатар, басқа да әскери істің машықтарын үйреніп шығады. Осы оқу орнын Шәкеңмен бірге бітір-ген А.Ф.Авроров, П.Т.Вершинин, Н.С.Губанов, А.С.Кубасов, Н.И. Озерский, Д.Е.Петухов, К.Н. Шальковтар кейіндері ірі маман және әскери химия қызметтерінің басшылары болумен қатар бүкіл Кеңестер Армиясының басшылық қызметтерін атқарады. Осылардың ішіндегі Шәкеңе етене жақын болған Д.Е.Петухов Ұлы Отан соғысы жылдарында әртүрлі майдандарға химия қызметінің басшысы, 1942 жылдан бастап 20 жыл бойы химия Қорғанысы Әскери академиясының басшысы болады. Ал курс бастығы В.Н.Баташов Кеңестер Қорғаныс Комитетінің химия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Осы оқу орнын ойдағыдай аяқтаған Шәкір 1931-1932 жылдары бүкіл Кеңестер Әскерінің химия Басқармасының сектор меңгерушісінің көмекшісі болады. Осындай қызмет енді оны Украинаға апарып, 1932-1934 жылдары химия батальонының командир-комиссары міндеті жүктеледі.
Ал 1935-1936 жылдары химиялық улы заттарды пайдалану кең құлаш жая бастаған. Германия улы заттар шығаратын арнайы завод соғып, шыққан өнімді көптеп жинай бастайды. Ал Италия мен Жапония улы заттарды кеңінен қолдануды жүргізеді. 1935-1936 жылдары Италия Эфиопияға қарсы соғыста оны пайдаланса, 1937-1938 жылдары Жапония Қытаймен соғысқанда жерде де, аспанда да қолданады. Қытай әскерлерінің шығынының 10%-ке жуығы осы улы заттардың әсерінен болады. Және улы заттарды шығару тәсілдері күннен-күнге дамып, жаңа улы заттар түрі пайда болады. Міне, осындай қым-қиғаш қауырт шақта химиялық улы заттардан қорғану жұмыстарының дайындығын күшейтпесе болмады.
Шәкең 1936 жылы талантты қолбасшы К.Рокосовскийдің бас-шылығымен өткен әскери-оқу жаттығуында көзге түсіп, алғыс алады. Бұл оқу-жаттығуда сан-салалы қарулар түрі мен қатар химиялық улы заттардан қорғану әдістері қолдануда тың әдістәсәлдерді бас қол-басшыға Шәкең көрсетеді.
1937-1939 жылдары осы қызметті атқарып жүргенде Мәскеуге шақырылып, енді Солтүстік Армия тобына жіберіледі. 1939-1940 жылдары осы Армия тобының химиялық қызметінің бастығы болып, полковник әскери атағын алады. Осы аралықта халықаралық жағдай шиеленісе түсіп, әскерге қажетті командирлерді дайындау міндеті қойылады. Енді Шәкеңнің жолы Балтық өңіріне түсіп, осындағы Калинин әскери химиялық қорғаныс училищесінде курсанттар батальонын 1940-1941 жылдары басқарады. Осы оқу орнындағы атқарған ерен еңбегін сол кезде училищеде оқыған, кейін Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып генерал-лейтенант дәрежесіне жеткен, өзінің ұстазы Шәкір Жексенбаевтың «Соғыстың түтіні де ащы» кітабына алғы сөз жазған П.Е.Красота былай дейді: «Біз Шәкір Жексенбайұлын училищеде өте құрметтейтінбіз. Біріншіден, ол кісі училищедегі екі полковниктің бірі еді. Біреуі училище бастығы, ал екіншісі осы кісі. Сабақ жүргізгенде өте талапшыл, ал жәй өмірде кішіпейіл кісі болатын. Өңшең 20 жастағы сарыауыз балапандай біздерге ылғи да қамқор болып, білмегенімізді үйретіп, тіптен жаттығуларда бізбен бірдей қимылдап, командирдің жеке үлгісін көрсететін. Әрине, бұл бізге үлкен сабақ болып, алдағы өмірімізге үлкен игі әсерін тигізді» – деп ағынан жарылады.
1941 жылдың 20-шілдесі күні полковник Жексенбаевты Мәскеуге, Әскери-химиялық Бас басқармаға шақырды. Ол Бас басқарманың кадрлар бөлімінен өзінің батыс бағыт әскерлерінің химиялық қорғаныс бөлімі бастығының аға көмекшісі болып тағайдалғанын куәландыратын ресми құжатын алып, кідірместен майдан шебіне аттанды.
Осылай Шәкеңнің майдан жолы басталды. Бұл кезде Батыс бағыт әскерлерінің Бас қолбасшысы Совет Одағының Маршалы С.К.Тимошенко, ал Штаб бастығы Совет Одағының Маршалы Б.М.Шапошников еді. Бірақ көрсетілген жерге жету оңай болмай шықты. Арасына екі күн салып, Вязьманың шет жағына орналасқан Батыс бағыт әскерлері штабына барып, майданның химиялық қорғаныс бөлімінің тұрған жерін білді.
Бұл кезде фашистік Германияның химиялық қаруды, атап айтқанда, уландырғыш заттарды майданның осы маңайында қолдануға әзірленіп жатқанын әшкерелейтін құпия құжаттар Совет командованиесінің қолына түсіп, осыған орай ССРО Қорғаныс халық комиссарының арнаулы жарлығы шықты да, онда әскери химиктеріміздің жауапты міндеттері белгіленді. Жаңа ғана майданның химия бөліміне келген полковник Жексенбаев 3-ші армиядағы химиялық қорғаныстың жайы және 46-шы Дербес химиялық қорғаныс батальонының ұрысқа әзірлігін тексеруге жіберілді. Орталық майданнан алынған арнаулы химиялық лаборатория орнатылған машина дереу іске қосылды, әскерлердің химиялық шабуылдан қорғануын күшейтетін басқа да шаралар дер кезінде белгіленді.
Тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы нәтижесінде Туланы қорғаушы біздің әскерлерге аз уақыттың ішінде жандырғыш сұйық зат құйылған 38 мыңға жуық бөтелке жеткізілді. Мұның өзі қорғаныс шебіндегі жауынгерлеріміздің дұшпан танкілеріне қарсы төтеп беруге батылдығын арттырып, қалаға жауды өткізбеуге сенімін күшейтуге жәрдемдесті. Негізгі Шәкең өзінің әскери өмірінде көптеген ірі-ірі әскери қолбасшылармен қызметтес болған. Жоғарыда өзі айтқан К. Рокосовскийден бөлек маршалдар С.К.Тимошенко, Б.М.Шапошников, А.И.Еременко, Л.К.Говоров, генерал-полковник М.А.Рейтерлер Шәкеңнің ерлігін жоғары бағалап, ыстық лебіздерін білдірген.
Шәкір Жексенбаевтың білімдарлығы мен біліктілігін әріптестері мен басшылықтағылар жоғары бағалап отырды. Курск майданындағы әскерлердің шабуылға дайындығын тексеру кезінде Қорғаныс Комитетінің өкілі генерал Тихомиров жанына басқаны емес Шәкір Жексенбаевты алуы тектен-тек емес. Тыңғылықты жүргізілген жұмыстың арқасында Шәкең басшылығымен жасалған фосфорлы бомбалар түннің өзінде маңайды жап-жарық етіп, жау нысандарын атқылауға көп көмек тигізеді. Осының арқасында 64-ші және 3-ші Армиялар жаудың қорғанысын бұзып өтіп, Воронеж бағытында 220 шақырым ендікте және алға 160 шақырым жылжиды. Майдан аймағындағы 1972 елді мекен жаудан тазартылып (ішінде Курск, Косторно қалалары бар), жаудың 1000-ға жуық ауыр әскери жабдықтары, 120 танкі, 8 мың автоматы, 7000 винтовкасы және 100 пулеметі қолға түседі.
1943 жылғы 12 шілде де Брянск және Батыс майдандарында әскерлері шабуылға көшіп, жау қорғанысын бұзып өтіп, Орел қаласын азат етеді.
Осы жеңістердің құрметіне 5 та-мыз 1943 жылы Москва қаласында Ш. Жексенбаевтың ұйымдастыруы-мен өзі ойлап тапқан отшашу аспанға атылып, артынша Шәкең кезекті наградасын алады.
Көп ұзамай Шәкеңді Москваға Қорғаныс Комитеті төрағасының орынбасары, бас әскери химиялық Басқармасының бастығы генерал-лейтенант В.В.Аборонков арнайы шақырады. Ұзаққа созылған әңгіменің тоқетері майданда оталғыш және түтіндеткіш заттарды дұрыс пайдаланып, мейлінше адам шығынын азайтуды көздейді.
Шәкең 1943 жылдың қазан айының 16-шы жұлдызында өзінің майдандас досы Н.Ф.Успенскийдің үйінде отырып, радиодан Юрий Левитанның оқуындағы Қызыл Армияның командирлеріне кезекті әскери атақтар беру туралы Совет Үкіметінің қаулысы жарияланғанда, «Техникалық әскерлердің генерал-майоры» дегеннен кейін «полковник Шәкір Жексенбаевқа» делінгенін анық естіген Николай Федотович әріптесін, бұрынғы бастығын, досын құшақтап, қолын алып, шын жүректен құттықтайды. Бұл хабар Шәкір Жексенбаевтың туған республикасына да лезде тарайды. Осыған байланысты Қазақ ССР Үкіметі өкілдігі ССРО халық комиссарлары Советінің осы шешіміне байланысты Қызыл Армияның әскери-химиялық Бас басқармасы мен химиялық шабуылдан қорғану әскери академиясының басшы қызметкерлеріне шағын қонақасы беріп, атап өтеді. Әрине, бұл қабылдауға Ш. Жексенбаевтың өзі де қатысып, туған ел өкілдерінің бұл ісіне зор ризашылық білдіреді.
Генерал Ш.Жексенбаев майдан әскерлерінің алдына қойылған жаңа жауынгерлік міндеттердің ойдағыдай орындалуына химиялық қорғаныс бөлімдерінің барынша жәрдемдесуін қамтамасыз ету үшін от-жалын мен түтінді кеше жүріп, талай күрделі істің түйінін шешті, барлық уақытта да алған атағы мен атқарған қызметінің деңгейінде болды.
Ш.Жексенбаев бейбітшілік күн-дерінде де Совет Қарулы Күштерінің жауынгерлік сапында қала берді. Ол ұзақ жылдар бойы әскери академияларда ұстаздық жұмыста болып, өзінің мол білімі мен бай тәжірибесін химик офицерлердің жаңа ұрпағын тәрбиелеуге жұмсады. Оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі лайықты бағаланды да. Шәкір Жексенбаев – Ленин орденімен, төрт мәрте жауынгерлік Қызыл Ту, екі мәрте І дәрежелі Отан соғы-сы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұның ішінде 1971 жылы жетпіс жасқа толуына орай Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталуы бір төбе еді. Өмірінің соңына дейін Мәскеуде тұрған Шәкең Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында журналист Мірболат Сүлейменовтің әдеби өңдеуімен «Соғыстың түтіні де ащы» деген естелік кітабын жазды. Шәкең қай жерде жүрсе де туған жерінен қол үзбей, Қазақстанда болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден хабардар болып отырған. Тіптен Мәскеуде тұрып, қазақ газеттерін жаздырып алып оқыған.
Мүмкіндігінше туған жеріне – Орда еліне де келіп-кетіп, аунап-қунап жатады екен. Шәкең өзіне де, өзгеге де қатаң талаппен қараған. Жалғыз ұлының өзін еркелетпей тәрбиелеген. Тіпті, Оралға аз күнге қонаққа келсе де соғыс комиссариатына барып тіркеуге тұратын.
Осындай темір тәртіппен өмір сүрген, екі бірдей соғысты бастан өткерген абзал қария 1988 жылы 23 ақпан күні, тұп-тура Кеңес әскерлерінің құрылғанына 70 жыл толып, ел мерекелеп жатқанда дүниеден озды. Бұл да бір өмірдегі сәйкестік болар.
ССРО Қорғаныс Министрлігі мен Қазақ ССР-нің Мәскеудегі Тұрақты өкілдігі оны Кунцево зиратында жерлеуді әскери құрмет рәсімдері бойынша ұйымдастырды. Жерлеу рәсіміне марқұмның туған жерінен бір топ жерлестері қатысты.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
ҚР ардагерлер ұйымы
Орталық Кеңесі төрағасы.