Patriot-tulga.kz
Қаһармандық траекториясы
Жуырда даңқты қазақ ұшқышы, екі мәрте Совет Одағының Батыры Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 90 жасқа толды. Осы орайда журнал оқырмандарына жазушы Марат Тоқашбаевтың қазақтың батыр ұлы жайлы очеркі ықшамдалып ұсынылып отыр. Очеркте ардагер аға өмірінің майдандағы бір сәті бейнеленеді.
1943 жылдың ақпаны. Старая Русса түбінде кескілескен шайқас жүріп жатыр. Бойы кішкентай, жасы жиырмаға жаңа келген бозбала жігітке бастапқыда командирлер тарапынан сенімсіздік аңғарылады. Бірақ Талғат ұшуға машық, жоғары ұшу пилотажын шебер меңгерген талантты да, тәртіпті ұшқыш екендігін тез-ақ дәлелдейді.
Таяу маңдағы Глухая Горушка деревнясында тұрған жау оны өзіндік бекініске айналдырып алыпты. Сонда бекінген жау артиллериясы кеңес жауынгерлерінің алға жылжуына қатты кедергі болып тұрды.
Штурмовиктерге қалайда осы шепті жою міндеті жүктелді. Жауапты тапсырманы орындауға тоғыз «ИЛ-2» аттанды. Оларды қорғауға тиісті сегіз «ЯК» келісілген аймақта ұшырасып, қырандар белгіленген ауданға самғап келеді. Жау артиллериясының шебіне шабуыл жасалған соң самолеттер сол жақтағы батпақты өңір үстімен кері айналып, өз әскерлеріміз табан тіреген Ловать өзенінің арғы жағына шығуға тиіс.
Кенет командалық пункттегі ұшуды басқарып отырған офицердің қобалжыған үні естілді. Ол топ бастаушысы майор Русановқа белгіленген шаршыда 60 неміс истребителі ұшып жүргенін хабарлады. Құзғындар үш топқа бөлінген екен. Бірінші тобы 3 мың метр биіктікті иемденіп, екіншісі 1500 метр биіктікті күзетіп, ал үшінші легі батпақты аймақ үстін торуылдап жүр. Ол кезде самолеттермен радиобайланыс біржақты болатын. Командалық пункт пен бастаушыны ғана естисің. Жауап қайтара алмайсың. Талғат айналасына көз салды.
Қорғап келе жатқан кеңестік «ЯК» истребительдері жаудың жоғары қабаттағы самолеттерімен шайқасқа кірісіп те кетті. Соның арасынша жаудың екінші тобындағы «Мессершмидтер» кесекөлденеңдей берді. Шабуылға бет алған майор Русановтың самолеті жалынға оранып құлдырап барады. Іле-шала оның звеносындағы тағы бір штурмовик лап етті. Артынан түскен бір құзғыннан құтыла алмай оқ тиген үшінші самолет те жерге барып соғылды. Сол жақ қанатта келе жатқан «ИЛ» звеносы айдалада орайлы маневр жасап, жердегі нысанаға бомба мен пулемет оғын төгіп-төгіп, дереу жер бауырлай ұшқан қалпы бұлталақтап айлаға басып, із шалдырмай кетті. Оларға жер жағдайы да көмектескен тәрізді.
Жалғыз қалған звено төменге шүйіле берді. Жетекші самолеттегі аға сержант Петко «Идем на атаку!» деп команда берді. Құйрық тістесе ілескен бір фашист оны дегеніне жеткізбей атып түсірді. Оның сол жағындағы Шишкиннің де самолетінен қара түтін көрінді. Әп-сәтте лап ете қалды. Ешкім секірген жоқ. Сірә ұшқыш та, атқыш та бірден қаза тауып немесе өлімше болып жараланса керек.
Бортында «13» цифрлы самолет бетінен қайтпады. Талғат күйіп кеткен. Бес бірдей жолдасынан бір сәтте айырылу қандай қиын. Истребительдер аулақта шайқасып жатыр. Қорғайтын да ешкім жоқ. Кешегі шайқаста аяғынан жараланған атқыш үйде қалып еді, орнына алмастыратын адам табылмады. Мұншама күйініш көмекейіне кептеліп келіп ересен ашу-ызаға ұласты.
Төменге тастай шүйілген штурмовик нысанасына Горбушкадағы жау объектілері, аман қалған зеңбіректері іліге кеткені. Барлық бомбаны ағытып, зеңбірек, пулеметтен оқты сыдыртты-ай. Қолы гашеткаға жабысып қалған тәрізді. Құйғытып, құлдырап келе жатқан самолет жерге жақындай бере қайқаң етіп қайта көтеріліп кетті. Бар сұсын жауына арнаған Талғат соңғы сәтте көз қиығымен тау-төбе, темір-терсек үйінділерін, мылжа-мылжа фашист өліктерін көріп қалғандай болды.
Талғат жамау-жасқаулы шұрық-тесік самолетін батпақты өңірге бұрды. Тапсырма орындалды. Енді аэродромға қайтуға болар. «ИЛ» бағдарын өзгертіп, жартылай бұрылыс жасай бергені сол еді, дәл самолет тұмсығы алдынан пулемет оғының қызыл-жасыл трассасы кесіп өтті. Ұшқыш кабинасының әйнек жапқышы – фонарь үстінен тағы бір жарқылды із сайрап қалды. Қаперінде аңғармай қалған Талғат өзіне қауіп төнгенін енді сезді. Жалт бұрылып еді – бір «Мессершмидт» төніп келеді екен. Маневр! Оқ бұл жолы да тимеді. Қу тақым жау құзғыны қалар емес. Қай жақтан тап берсе де көсілдіре атады. Талғаттың жоғары пилотаж шеберлігін жетік меңгергенінің пайдасы осы арада тиді.
«Мессершмидтің» ұшқышы бұлтыңдаған Талғат самолетінің соңына кіре алмай кіжінеді. Тигізе алмай қалғанда жұдырығын көрсетіп сестенеді. Есерленіп, екіленіп алған әбден. Қорғану қаперіне кіріп шықпай, әккілігіне сеніп, «Қалайда түсірем сені!» деген сеніммен еркінси қимылдайды.
Мұны байқаған Талғаттың бойында ашу-ыза толқыны жаңа бір леппен лықсыды. Елес берген қорқыныш пен үрей сап болды. «Қарғыс атқыр қарақшыдан неге қашам, неге сасам?!» Қаша бергенше қарсы тұрсам қайтеді? Тап беріп тарпа бас салсам қайтеді?» деген бір ой санасында жарқ етті.
Көзәйнегі жалтылдаған неміс ұшқышы машинасын тағы туралады. Жылдамдығын азайту үшін дөңгелектерін шығарды. «Тапқан екенсің, босқа өлетін қазақты!». Оңтайы келе қалғанда Талғат машинасын тіке жау самолетіне қарай аяқ астынан бұрып кеп қалды. Осы сәтте нысанаға да іліге кеткені. Талғат зеңбірек, пулемет гашеткаларын құлшына басты. Жау самолетінен түтін бұрқ етті. Іле-шала неміс машинасы сол жақ қанатын ала жантайып, артына шұбатылған із тастап құлдилай берді. Ұшқыш нағыз сұмпайы-сұмның өзі екен, жерге соғылып енді тас талқаны шығады-ау деген шақта самолетін игеріп, жөнге салып, қалың қарға қойып кетті.
Талғат аэродромға әзер жетті. Мотордың ара-тұра қалшылдап, самолеттің енді болмаса құлағалы келе жатқанын әлгінде аңғарған. Зорға дегенде еркіне көндіріп келген беті. Ұшақтан шыққан Талғат достарының қолына құлап түсті.
Жұрттың бәрі көңілсіз. Бес бірдей қарулас достан айырылу оңай ма. Сондықтан несіне мақтанайын деді ме, Талғат истребительмен кездескенін айтпай қалды.
Ертесіне таңертең шұғыл шақырумен дивизия штабына баруға тура келді. Дивизия командирінің адютанты жанында отырған бейтаныс жай киімді адамдар бұған таңдана ықыласпен көз тігеді. Дивизия командирі Совет Одағының Батыры әйгілі ұшқыш Г.Каманин жылы қарсы алды.
— Кешегі шайқасты айтшы, – дейді. Талғат тәптіштеп айта бастап еді, – тоқта, истребительмен соғысқаныңды айт! –деп күлімдейді. – Сенің онымен шайқасыңды жердегі артиллеристер көріп тұрыпты. Тіпті «13» деген нөмерің де олардың есінде. Сен атып түсірген самолет ұшқышын олар тұтқынға алған. Мұндай жағдай авиация тарихында тұңғыш рет кездесіп отыр.
Талғатқа осы ұрыстың егжей-тегжейін мұқият баяндап беруден өзге ештеңе қалмады. Сөйтсе әлгі фашист құзғыны нағыз қандыбалақ екен. Ондай¬ларды «ас» деп атайды. Майор шені бар көрінеді. Бұрын Бельгия, Франция, Балкан түбегінде әбден «сайран» салған сұмпайы боп шықты. 108 самолет атып түсіріпті. Өзін жауынгерлік тапсырмамен небәрі жеті-ақ рет ұшқан қазақ сержанты атып түсірді дегенге тіпті иланбапты.
Әлгінде ауыз бөлмеде отырған газет тілшілері екен. Олар да шақырылды. Бәрі анталап жатыр.
— Әлгі немісті біз тылға жөнелтіп жібердік. Онымен таныспай қалғаныңа өкінбейтін шығарсың, – деп қалжыңдады дивизия командирі, – Әскери Әуе күштерінің қолбасшысы СССР Жоғарғы Советі Президиумының атынан осы ерлігің үшін сені Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен наградтайды.
— Кеңес Одағына қызмет етемін!
Талғаттың өңі балбұл жанды. Кеудесінде үлкен құлшыныс, жігер пайда болды. Қыран жүрегі Отанның алғашқы наградасын үлкен сенім деп түсінді. Алда оны талай ерлік пен жүректілік, тапқырлық пен батылдық көрсететін ұзақ та ауыр аспан шайқастары күтіп тұрды. Жеңіске барар жолда барлық сыннан мүдірмей өтті...
Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы.