top of page

100-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының комиссары

100-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының комиссары

Қазақтың 100-ші ұлттық атқыштар бригадасының комиссары, құрамының саяси бөлімінің бастығы, Қызыл Армияның Бас саяси басқармасының жауапты қызметкері болған ол соғысты Берлинде аяқтады.

Өз халқының тағдырына ажырамас жарқын да күрделі өмір кешкен азамат еді ол. Жаңа, таптаурын болмаған соқпақпен биікке өрлеген ұрпақтың өкілі десек те артық емес. Сол жылдарда бәрі де: үлкен жеңістердің қуанышы, қателіктер мен сәтсіздіктердің өкініші де болды. Соған қарамастан Сақтаған Бәйішев секілді қайраткер үшін айнымас мақсат — халқына, еліне қызмет ету болып қала берді.

Осыдан 100 жыл бұрын Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Ақжар елдімекенінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген оның еңбек жолын комсомол айқындап берді. Жастар ұйымының жолдамасымен жас жігіт Қазақстан металлургиясының тұңғышы — Қарсақпай мыс қорыту зауытының құрылысын салуға аттанды. Жігерлі жастың бойында кейін ірі ғалым болуына ықпал еткен сапалар осынау қызықты да күрделі жылдары қалыптасқан. Оңтүстік Қазақстанның аудандық комсомол комитеттерінің жауапты хатшысы бола жүріп идеялық тұрғыдан шынықса, «Лениншіл жас» газетіндегі бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған журналистік қызметі оны өмір ағымындағы күрделі құбылыстардың түпкі себебіне үңілуге, оларды ой-санадан өткізіп, қалам қуатымен қалың көпшілікке ұғынықты етуге үйретті. Алматыдағы Марксизм-ленинизм иститутынан теориялық терең білім алуы оны қайраткер ретінде сомдай түсті.

Шапшаң қалыптасқан жаңа қазақ совет интеллегенциясының өкілі ретінде ол институтты тәмамдаған бойды-ақ Марксизм-ленинизм институтының директоры, іле-шала республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы қызметтерін атқарды. С.Бәйішевтің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, алғашқы сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған тұсы да осы кез.

Бірақ көп кешікпей соғыс басталды. 1941 жылғы 13 қарашада Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қызыл армияның Ұлттық бөлімдері мен құрамаларын құру жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімнің негізінде Орта Азия соғыс округінің әскери кеңесі 27-қарашада өзбек, қазақ, тәжік, түрікмен және қырғыз республикаларында ұлттық құрамаларды жасақтау жөнінде арнаулы бұйрық шығарды. Сол бұйрық бойынша Қазақстанда 96-атты әскер дивизиясы, 100 және 101-дербес атқыштар бригадалары, 105 және 106 атты әскер дивизиялары құрылды. 100-ші бригаданың негізгі құрамына 1922 жылы туған қазақ жастары шақырылды. Желтоқсан айында Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан жиналған боздақтар сапқа тізілді.

Бригаданың алғашқы командирі подколковник В.Е.Шевцов, штаб бастығы майор В.М.Заборин, комиссары Сақтаған Бәйішев, саяси бөлім меңгерушісі Әбдірахман Досанов болды, ал оның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары болып саяси жетекші Егемқұл Тасанбаев белгіленді.

Бригаданың құрамында 1941 жылдың желтоқсанда мынадай жеке бөлімдер болды: үш батальон, миномет батальоны, артиллерия дивизионы, барлаушылар ротасы, саперлер ротасы, авторота, санитарлық рота.

Бригаданың адам құрамы жөнінде де мағлұмат айтуға болады. Бұл туралы бригада саяси бөлімінің бастығы батальон комиссары Ә.Досановтың бригада комиссары С.Бәйішевке 1942 жылы 20-шілдеде жолдаған саяси ақпарынан көруге болады. Онда былай делінген:

«Жаттығуға біздің бригаданың барлық құрамынан 4374 адам шықты. Ауру себепті және қарауыл қызметін атқаруға байланысты 362 адам лагерьде, ал бөлімнен тыс жерде (госпитальде, жол сапарда) 153 адам болды». Міне, бұл мәлімметтен біз қазақтың 100-ші ұлттық дербес бригадасының құрамында майданға аттанар алдында 4889 адам болғанын көреміз. Бұл соғыс кезінің штаты бойынша барлық жағынан сай жабдықталған әскери құрама деген сөз.

Соғыс өнеріне машықтану, елімізге баса көктеген гитлершіл — фашистік басқыншыларды тас-талқан етуге үйрену әзірліктері тездікпен де, сапалы өтіп жатты. Бригада Алматы іргесінде әскери дайындық үстінде тұрғанда Қазақстан үкіметінің туын алды, ал 1942 жылдың қазанында оған генерал-лейтенант К.Ф.Телегин Мәскеу түбіндегі Бабушкино қаласында жауынгерлік ту тапсырды. Бұдан кейін 100-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының майданға қарай жорықты жолы басталды. Апрелевкадан Погорелое Городище станциясына дейінгі теміржолмен сапар, одан соң Старица қаласы арқылы Волганың жоғары саласындағы Холнино деревнясына дейінгі жаяу жорық бастан өтті. Сөйтіп, бригада 1942 жылдың сол бір жауынды-шашынды, ызғарлы күзінде Селижарово мен Ржев арасында майданның алдыңғы шебіне жақындай келіп орналасты.

1942 жылдың 24-қарашасында Қазақстан сеніммен жасақтап майданға аттандырған біздің 100-атқыштар бригадасы бірінші рет жауға қарсы шабуылға шықты.

Бригада командирі В.Е.Шевцов пен комиссар Сақтаған Бәйішев түнде бөлім командирлерімен кеңесіп, алдағы ұрыстың жай-жапсарын дәлдей түсті. Бұл екі арада Молодой Туд өзенінің солтүстік батысынан аттаныс рубежін алған біздің батальондарымыз жау бекінісіне лап беруге әзір тұрды.

Алғашқы ұрыстар алғашқы батырларды да көрсетті. Қатардағы көптеген жауынгерлер күндіз-түні тынбастан оқ атып бөлімдердің алға ұмтылуына бөгет жасап тұрған жаудың атыс ұяларына жер бауырлап барып, танк қиратқыш гранаталар лақтырып, жаудың күлін көкке ұшырды. Мәселен, сержант Қарабек Бұрышев өз отделениесін атакаға тез көтеріп, неміс траншеяларына бірінші болып кірді. Оның өзі және жауынгерлері автомат оғымен, гранатамен жаудың станокты пулеметін және бір взводқа жуық әскерлерін құртып жіберді. Бұл ұрыста қатардағы жауынгер Төребек Тоқмағамбетов те қажырлы қайрат көрсетті.

Бұл екеуі де Алматыдағы №12 орта мектебінің бұрынғы шәкірті, тал шыбықтай жас жігіттер еді.

Сол сияқты, командирлер мен саяси қызметкерлерден Шәкір Тәжібаев, Жұмаділ Әубекеров, Қалжан Әлжанов, Қажым Көшеков, Райымжан Әшкеев асқан ерлік жасады, бұлар шабуылдағы әскерлердің алғы сапында болып, оларды ілгері бастады, оларға рух берді. Бұл ержүрек жігіттердің бәрі дерлік, Шәкірден басқасы, сол ұрыс тұсында ерлікпен қаза болды.

100-бригада Алматыда жасақталған кезде саналуан қазақ жастары өз қалауларымен армия қатарына алынып, бригада құрамына келіп қосылды. Солардың бірі қарапайым қазақ қызы Алматыдағы медициналық институтының студенті Мәншүк Мәметова еді. Буыны әлі қатып болмаған тал шыбықтай жас қызға алдыңғы сапта жүруші жауынгерлер қатарында болу қиын болар еді деп оны бригада штабында хатшы етіп тағайындады. Бірақ ол оған қанағаттанбай, өз еркімен сұранып, пулемет расчетына барып орналасады. Мәншүк Мәметова жиырма бір жасқа толар-толмасында 15-қазанда ерлікпен фашистердің оғынан опат болды. Бригадада соңғы тынысына дейін 239 немістің көзін жойған атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов те дәл осы күні оққа ұшты.

Қазақстанның халық жазушысы, осы бригаданың мүшесі Әзілхан Нұршайықов қазақтың қос батыры қаза болғанда Баишевтің майдангерлер алдында сөйлеген сөзін былай деп жазған екен өз естелігінде: «Мен осы бригада ең алғаш сонау Алматыда жасақталғанда тағайындалған комиссары едім. Осы сапта тұрған жауынгерлердің бәрін осы араға дейін бастап келдім. Енді подполковник Баймолдин екеуміз бұларды бастап, Отан тапсырмасын орындау үшін батысқа қарай шеру тұтқалы тұрмыз. Халқымыздың бір ұл, бір қызын ұлы орыс қаласының құшағында қалдырып барамыз. Көптеген азаматтарымыз Невель түбінде, Қаратай көлінің жағасында мәңгілік мекен тепті.

Даңқты Невель қаласының тұрғындары! Ұландарымыздың моласын сіздерге тапсырдық. Жүдетпей, күтіп ұстап, туысқандық көз қырын сала жүріңіздер. Әскери комендатурасының ұсынысы бойынша Невель қалалық Советі бұрынғы Новоквартальная көшесін Ыбырайым Сүлейменов көшесі деп атап, тағы бір көшеге Мәншүк Мәметованың атағын беріпті. Бұған біз шын жүректен алғыс айтамыз.

Қымбатты жауынгерлер мен командирлер! Мәншүк пен Ыбырайымды ұмытпаңдар! Бұл екеуіне және басқа да жауынгер жолдастарына мекен болған Великие Луки, Невель қалаларын мәңгі естеріңде сақтаңдар. Бұл екі қаланы қазақтың өз ауылдарындай жүректеріңе жақын ұстаңдар. Әрқашанда Мәншүк пен Ыбырайым сияқты ер болыңдар», дейді комиссар Сақтаған Бәйішев.

1943-1944 жылдардың түйіскен межесінде, Ұлы Отан соғысының барысында үлкен өзгеріс туып неміс-фашист әскерлерін барлық бағыттарда да кері қарай жаппай қуу басталған кезде Кеңес Армиясы алдына өз құрамаларының құрылымын жетілдіру мен ірілендіру міндеті тұрды. Осыларға байланысты 1943 жылдың аяғында бұрынғы дербес бригадалар мен дербес полктарды біріктіру арқылы толық құрамды дивизиялар құру процесі басталды. Солардың бірі ретінде 1943 жылы желтоқсанда Невель қаласының қасында біздің 100-дербес атқыштар бригадасы мен 31-дербес атқыштар бригадасы құрамының негізінде жаңадан №1 атқыштар дивизиясы құрылды. Осы дивизияның құрамында даңқты жүзіншінің солдаттары мен офицерлерін басқарған подполковник Сақтаған Бәйішев Невель түбінен бастап Польшаның Цоппот қаласына дейін барды. Белоруссияда Брест қамал-қаласын азат еткені үшін бұл дивизияға Брест атағы беріліп, бұдан кейін ол Брест атындағы №1 атқыштар дивизиясы аталынды. Жүзіншінің жауынгер ұрпақтары Польшаның Торн, Тухель қалаларын жаудан азат ету соғыстарына қатынасты. Полковник Сақтаған Бәйішев өзінің жауынгерлік жолын Берлинде жеңіспен аяқтады.

Бейбіт кезеңде С.Бәйішев біраз уақыт республика Министрлер Советі жанындағы мәдениет істері жөніндегі басқарманың бастығы болғаннан кейін ол тоғыз жыл бойы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Қазақ бөлімшесіне жетекшілік етті. Осында ғалымдық таланты айқын танылып, алғашқы еңбектері жарыққа шықты.

Қазақстанда экономикалық ғылымның қалыптасуы мен дамуы С.Бәйішевтің есімімен тікелей байланысты. Республика Ғылым академиясының вице-президенті бола жүріп ол Экономика институтын басқарды. Оның жетекшілігімен күрделі қаржының тиімділігі және оны арттырудың факторлары, еңбек ресурстарын қоғамдық өндірісте тиімді пайдалану, жаңа қоғамның материалдық-техникалық базасын құруда Қазақстанның ролімен орнын белгілеу, Қазақ ССР-інің экономикалық тарихы секілді маңызды ғылыми бағыттар айқындалды.

Ғалымға тән негізгі қасиеттердің бірі — жаңалықты жанымен сезінуі дер едік. Оның зор зерттеулердің бағытын көрегендікпен болжай алғандығының талай мысалын еске түсіруге болады. Ғалымның жетекшілігімен болашақта Қазақ ССР-інің өндіргіш күштерін дамыту және орналастыру жөніндегі зерттеулер жүргізілсе, республиканың экономиялық дербестігі кеңейіп отырған бүгінгі таңда онда болжаулар егемен елеміздің дамуы үшін маңызды бағдар болды.

Тарих, экономика ғылымдары саласында талмай тер төккен азамат, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Сақтаған Бәйішұлы Бәйішевтің өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Оның есімі ел алдында жүруі үшін Алматыда бір көше Бәйішев атымен аталған. Жібек жолы көшесіндегі ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Туған жері Темір қаласындағы орта мектеп, Ақтөбе қаласындағы облыстық кітапхана академик атында.

Ол кейінгілерге мұра етіп заман шежіресін талмай жазған кітаптарын ғана емес, жоғары идея, азаматтық борышы, халқы алдында жанұқиярлық еңбектің үлгісін қалдырды.

Тілеу КӨЛБАЕВ,
Тарих ғылымдарының докторы,
профессор, академик

bottom of page