Patriot-tulga.kz
ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы
«Білім және ғылымқызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Т.А.Қоразовпен бірге «Молекулалық физика және термодинамика негіздері» атты кітап авторы. Профессор И.Ф.Спивак-Лавровпен бірге «Решения олимпиадных задач по физике» оқу-әдістемелік құралының авторының бірі болып табылады.
Сәрсенбаев Берікбай Оңайбаұлы 1971 жылы 17 сәуірде Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Алтай совхозында қарапайым отбасында дүниеге келген. 10 баланың кішісі, әкесі Сәрсенбаев Оңайбай – Ұлы Отан соғысының мүгедегі, шешесі Азиева Нұрзия аурухана қызметшісі болған.
Берікбай Оңайбаұлы 1985 жылы 7-сыныпты Байғанин ауданынан бітіріп, Алматы қаласына Республикалық физика-математика мектеп-интернатына қабылданады. 1988 жылы РФММ-ны аяқтап, В. Куйбышев атындағы Томск мемлекеттік университеті радиофизика факультетіне оқуға түседі.
1989-1991 жылдары Владивосток қаласында әскери борышын өтеген. 2001 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін үздік бітіріп, осы оқу орнының магистратурасын 2002 жылы тәмәмдайды.
Сәрсенбаев Берікбай Оңайбайұлы ұстаздық жолын 2001 жылы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Ақтөбе филиалында физика пәнінің оқытушысы болып бастады.
2005 жылдан бастап, қазіргі уақытта Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Физика» кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет жасайды. Профессор Е.И.Исматовтың қарамағында ядролық физикамен айналысып, 30-ға жуық ғылыми мақалалары жарық көрген. 2008 жылы академик Абдильдиннің төрағалығымен құрылған ғылыми кеңесте, ядролық физика мамандығы бойынша ғылым кандидатына іздену емтиханын «өте жақсы» бағаға тапсырған. Киев (Украина), Ташкент (Өзбекстан) қалаларында халықаралық конференцияларда ғылыми баяндама жасаған.
2014 жылы доцент Т.А.Қоразовпен бірге жазған «Молекулалық физика және термодинамика негіздері» атты кітабы жарық көрген. 2020 жылы профессор И.Ф.Спивак-Лавровпен бірге жазған «Решения олимпиадных задач по физике» оқу-әдістемелік құралы жарық көрді.
XXI ғасырдың нағыз ұстазы, әрине, ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.
Жастар – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген XXI ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», деген тұжырым жасады.
Сәрсенбаев Берікбай Оңайбай-ұлы – оқытудың жаңа технологиялық әдістерін сабағына тиімді пайдалануды мақсат ететін, өз ісінің шебері, жан-жақты ізденімпаз, жаңашыл ұстаз. Оқытушының студенттері жылма-жыл республикалық пән олимпиадаларының жүлдегерлері. Атап айтқанда, 2016 және 2017 жылдары Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің VIII, IX Республикалық пәндік олимпиадаларында «Физика» мамандығы бойынша Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің командасы жүлделі III орынды иеленіп, дипломмен марапатталды.
Б.О.Сәрсенбаев тек жоғары оқу орындарының студенттерін ғана дайындап қоймай, мектеп оқушыларын да олимпиадаға дайындайды. Нәтижесінде 2019-2020 оқу жылы Республикалық олимпиаданың об-лыстық кезеңінде 11-сынып оқушысы Ахметияр Темірлан жүлделі III орынды иеленіп, грамотамен марапатталды.
2020-2021 оқу жылы Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде 9-сынып оқушысы Абилтаев Бекмырза және 11-сынып оқушысы Байұзақ Әмина I орындарды жеңіп алса, ал 10-сынып оқушысы Шаимова Адина жүлделі III орынды иеленіп, грамоталармен марапатталды. 2020-2021 оқу жылы Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 11-сынып оқушысы Байұзақ Әмина жүлделі II орынды иеленіп, грамотамен марапатталды.
Сәрсенбаев Берікбай Оңайбайұлы кәсіподақ активі жұмысына белсене араласады. Оның нәтижелі жұмысының жемісі 2021 жылы 18 мамырда «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Б.О.Сәрсенбаев үлгілі отбасы иесі, үш ұл және бір қыз тәрбиелеуде.