top of page
Бәукеңмен кездескенде...

Бәукеңмен кездескенде...

Өткен жиырмасыншы ғасырдың 54-59 жылдары Шымкент педагогикалық институтында оқып жүрген кезім. Бір топта оқитын 25 студенттің ішінде озат болдым, қоғамдық жұмыстарда да бел сенділік көрсеттім. Мəдениет, əдебиетке байланысты өтіп жататын іс-шаралардан қалмайтынмын. Əбіш Байтанаев деген ағамыз қазақ əдебиеті кафедрасының меңгерушісі еді. Сол кісінің көзіне түсіппін.

Бір күні Əбіш ағай мені өз үйіне ертіп барды, бірнеше бөлмеде сығылысып тұрған бай кітапханасын көрсетіп, менің емін-еркін келіп, керекті кітаптарды алып оқуыма болатынын айтты. Əдебиетке байланысты алдағы жиындарда баяндамалар жасауға бірнеше тақырып ұсынды. Құлшына кірістім. Ұстаз ағамның ыстық ықыласы мені қанаттандырып жібергендей болды.

Бір қызығы, мен Əбіш ағамның үйіне барған сайын Алматыдан іс-сапарға келген ақын-жазушыларды кездестіретінмін. Келгендер Əбекеңнің үйіне соқпай кетпейтін. Осы үйге келіп, осы үйден аттанатын. Бұл үй бейне бір əдеби орталық іспетті болатын. Мен алғашқы рет аяулы Мұхаңды (Мұхтар Əуезовты), Сəбит Мұқановты, ер жүрек Баукеңді (Бауыржан Момышұлын), сатирик ақын Асқар Тоқмағанбетовты, тағы басқаларды сол үйден көрдім. Астанада жүріп ол ұлыларды көрмей қалған менің жасымдағы адамдардың өкінішін естісем, мен өзімді бақытты санаймын. Əбіш ағама сол үшін де өмір бойы борыштармын.

Енді Баукең жөнінде баяндайын. Бір жолғы оңтүстікке келген сапарында жауынгер жазушы Шымкенттегі Қарсыбай Сыпатаев атындағы орта мектепте, қалалық партия комитетінде, педагогикалық институтта кездесулер өткізді. Үшеуіне де бардым. Баукеңнің сөздерін қалт жібермей ыждағатпен тыңдап, өзіме көп тағылым алдым. Көкірегімде оның бəрі осы күнге дейін сайрап тұр. Əсте ұмыта алмаспын!

Сонымен, бірінші кездесу мектепте өтті. Кездесуді кəнігі ұстаз, сол Сыпатаев атындағы мектептің директоры Үсіпбек Жарқынбеков ағамыз кіріспе сөзбен ашты. «Бұдан қырық жыл бұрын осы мектептің интернатында тұрып Баукең Əбділдə Тəжібаев, Құрманбек Сағындықовпен (Кейінірек «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы) бірге оқыған. Бəріңізге белгілі, қазір ағамыз-үлкен жауынгер жазушы, халық батыры, бірнеше кітаптары бар. Мысалы, «Москва артымызда» («Москва за нами») дегенде: «Əй, інішек,» «Москва арқамызда» де, өйткені «арт» деген төмендеу болады» деп отырғандарды қыран күлкіге кенелткені бар.

Онан кейінгі оқырмандармен жүздесу педагогикалық институтта болды. Онда да көп нəрсе айтылды. Баукеңнің ойлау жүйесінің тереңдігі мен кеңдігіне, жан-жақтылығына, қос тілділік шешендігіне таңдай қақпаған адам институтта болған жоқ-ау, сірə!

Батыр ағамыздың келетінінен алдын ала Əбіш Байтанаев ағамыз арқылы хабардар болған мен Баукеңнің өмірі мен шығармашылығына біраз экскурс жасап, бір өлең жазып қойған едім, кездесудің соңында соны оқып бердім. Ол өлеңім мынау.

Бауыржанға!
Қош келдіңіз, төрлетіңіз,
Сыйлы қонақ, абзал Аға!
Арала, көр, бағаңды бер,
Алтын ұям зəулім, жаңа,
Студент шат, қызық сабақ,
Өмір тіпті жаңаша.
Ұстаздардан естисіз, Сіз,
Ыстық лебіз тамаша!
Солдатымыз – ғылымның біз
Бүгін міне, бейбіт күнде,
Бұлт үйірілсе арам пиғыл,
Жауынгерміз, емес сүлде!
Білемін мен: ешкім сенбес
Бұл сөзімді мақтан деуге.
Арамыздан, Сіз, ағажан,
Таба алмайсыз қуыс кеуде.
Мұның бəрі өмір сəні
Партиядан алған үлгі.
Қала берсе, кітабыңнан
Баяндайтын «Жалғыз түнді».
Шетте емес аты əйгілі
«Жауынгердің өр тұлғасы»,
Жұрт аузында аңыз болған
Бектің де бар «Арпалысы».
«Тізе берсең ерінбестен,
Мұның əлі бар жалғасы,
- Дейді маған əр оқырман,-
Бауыржанның «Москвасы».
Иə, ағажан, таңырқанам:
Солдат едің, жазушысың,
Қай майданда ер атанған,
Кездессе де не ауыр сын.
Қазір міне, бейбіт күнде
Прозадан көтердің тың.
Тілге шешен ақын жансың
Сөз нөсері миллион-мың.
Сəтті қадам – бастамаңыз.
Шын құттықтап, қуанамыз.
Бізде де бар жас таланттар,
Есеймеген əлі шақпыз.
Шама келсе, еңбектеніп,
Біз де Сізді қуантпақпыз.
Дұғай сəлем жеткізіңіз
Жазушылар Одағына.
Қолда барда оқып болдық,
Кітап керек көп тағы да.

Бұл – 1959 жылы болған оқиға еді.

Төрде зейін сала тыңдап отырған Бауыржан аға риза болғандай бас изеп ишарат білдірді. Шынын айтсам, өлеңімді апарып беруге жүрексіндім. Қолдан көшіріп те қойған едім. Қалтамда қайтты. Жаңылыспасам, бұл өлеңімді Баукеңнің өзіне тапсыру сəті тек 15 жылдан соң, 1974 жылы түскен еді. Көктем айы болатын.

Осылайша ойламаған жерден Баукеңмен бұрынғы Қазақ ССР-ы Денсаулық сақтау министрлігі 4-ші Бас басқармасының Орталық ауруханасында кездестім. Ағамыз жүдеу. Аяғы ауырады екен, таяқпен жүреді. Ревматология бөлімшесінде емделіп жатыр екен. Мен болсам, гастроэнтерологиядамын. Сол кездегі Қазақстан Жазушылар Одағының секретары Қабдыкəрім Ыдырысов ағамыз кардиология бөлімінде болып шықты.

Ауа райы мейлінше жылы, жаныңды жадырататындай.Таңертеңгі тамақтан соң үшеуіміз ауладағы скамейкалардың біріне отырып əңгіме-дүкен құруды шығардық.

Осындай күндердің бірінде сəлемдесіп, орындыққа жайғасқанымыз сол еді, Баукең кенеттен: «Сендер отыра тұрыңдар, мен процедурамды алып келейін», – деп орнынан тұрып кетті. Қабдыкəрім аға екеуіміз оны-мұныны əңгіме етіп отыр ғанымызда бір нəзік те талдырмаш келіншек: «Батыр атаны көрдіңіздер ме?» – дегені. Қабең: «Білмейміз», – деп қалды. Əлгі əйел аурухана бөлімшелерінің əрқайсысына бір қарап, алға жылжи берді. Оның сұрағаны Баукең екенін, түсінбей ағаттық жасағанын біле қойған Қабдыкəрім ағамыз орнынан шапшаң тұрды да ревматология бөліміне беттеді. Қойшы, əйтеуір Баукеңді ертіп шығып, іздеп жүрген кісімен жолықтырды да өзі қайтадан менің қасыма келіп отырды. Аз-кем өтпей аяғын сылти басып, ентіккен Баукең бізге келіп қосылды.

Қабдыкəрім аға аз сөйлеп, көп тыңдайтын, мінезі салмақты, сабырлы кісі еді ғой. Мен де, ол да үнсіз. Баукеңнің аузына қарап отырмыз. Батыр аға: «Құдай маған келінімнен салған. Жаңағы келген Бақытжанның əйелі – турчанка келінім ғой… Бақытжан əлі келген жоқ, қызталақ… себебін біле алмадым…», – деп реніш сезімін біл діргендей болды.

Ол кісі сөзін бітер-бітпестен: «Бауке, Сізге сұрақ қоюға бола ма?» – дегенімде: «Ну, задавай!» - деді даусы гүрілдеп. Мен: «Бауке, ел арасында Сіз туралы кереғар əңгімелер көп-ақ. Біреулері мақтаса, біреулері даттай ма, қалай?... мінезі тік, ашуы қатты, тіпті шектен шыққан əсіре ұлтшыл…» деген де Сізге айдар тағатын сияқты. Бұл туралы не дер едіңіз? – деп едім: «Мен шындықты – шын, өтірікті – өтірік деймін. Бұқпантайлай алмаймын. Көргенімді айтамын. Қазақта «Ауызға келген түкірік, жұтып жіберсең – мəкүрік» деген мақал бар емес пе?! Айтарым осы. Əділетсіздікті көрсем, ешкімнің шен-шекпеніне қарамай, бетіне тіке айтамын. Сондықтан да базбіреулерге жақпаймын. Так что, мен анадан осылай туылғанмын», – деп сөзін аяқтады. Мен де қарап отырмай: «Басыңыздан өткен осындай бір-екі оқиғаны айтып беріңізші», – деп қолқа салдым.

Бірінші əңгіме

«Екі жағдайды айтайын, тыңдаңдар. Бұл соғыстан кейінгі 50-шы жылдардың басында не орта шенінде ме екен, анығы есте қалмапты. Москвадағы Александр Фадеев атындағы жазушылар үйінде қаламгерлердің Бүкіл-одақтық үлкен форумы болды. Күн тəртібінде Ұлы Отан соғысы кезінде жəне одан кейінгі жылдары Москваны қорғау тақырыбына кім қандай шығармалар жазды? lеген сұрақ тұрды. Баяндамашы – сол кездегі СССР Жазушылар Одағы басқармасының бірінші секретары Константин Александрович Федин болатын.

3000-орындық залда ине шаншыр жер жоқ. Өңкей ығай мен сығай жиналған. Қазақстан Жазушылар Одағының кейбір басшылары президиумда отыр. Баяндама екі жарым, үш сағатқа созылды.

Аталмыш тақырыпқа жазылған қаламгерлердің туындыларын атай келе, бір кезде баяндамашы Константин Симоновтың «Жди меня» деген өлеңін мақтай жөнелгені. Маған «Мұның Москваны қорғауға қандай қатысы бар? Бұл орынсыз ғой» деген ой келді. Баяндама бітісімен, партердің бірінші қатарында отыр едім, орнымнан тұрып, трибунаға шығып алдым. Залда отырған 3000-нан астам «тобырға», президиумдағыларға бұрылып қарадым да «Жди меняны» бар даусыммен соңына дейін жатқа айттым.

Əрине, бұл өлең классикалық дəрежеде жазылған. Соғыс кезінде ол солдаттардың гимніне айналып кетті десем артық болмас. Ол былайша басталатын еді ғой:
Жди меня, и я вернусь,
Жди, когда снега метут,
Только очень жди.
Жди когда жара.
Жди, когда наводят грусть
Жди когда других не ждут,
Желтые дожди.
Позабыв вчера...
Дегенмен шындықты айту – парыз ғой...

Где здесь, товарищи, тема обороны Москвы? Такое стихотворение любой сколько-нибудь умеющий писать на русском языке малограмотный казах мог посвятить своей любовнице!» дегенімде, біреулер қол шапалақтап қалды. Залда күлкі. Президиумға қарасам, Константин Симонов не қыларын білмей қызараңдап қолайсыз жағдайда отыр екен. Ал президиумдағы Қазақстанның «туздары» мені ала көзімен атып жеп барады. «Басқа бəле – тілден» деген ой басыма сап ете қалды. Енді аналардың кəріне ұшырайтын болдым… Көпбосын, мұндай жағдайда тығырықтан шығатын бір-ақ жол бар. Ол – сынаған адамыңнан гөрі мықтырақ біреуді өтірік болса да мақтап жіберу. (Қар қылдап күліп алды). Екінші рет бұрылып қарасам, орыстың үлкен ақыны Алексей Сурков: «Бауыржан, сен дұрыс айттың» дегендей бас изеп отыр екен. Оның да Москва қорғау тақырыбына жазылған бірде-бір шығармасы болмаса да, залдағылар мен ол кісіге қарап: «Иное дело Алексей Александрович Сурков. Он откликался и на темы гражданской войны» деп оның «Боевой восемнадцатый год» атты өлеңін жатқа соқтым. Қол шапалақтаудан зал жаңғырып кетті. Трибунадан түсе берейін дегенімде, біреу екі иығымнан ұстап тұрып отырғандарға: «Оказывается, Бауыржан Момышулы – не только маститый писатель, но и замечательный оратор… спасибо тебе, брат», – деп құшағына қысып, бетімнен сүйді. Қарасам, Сурков екен.

Бұдан соң маған кəрін тіккен Одақ басшылары жұмған аузын ашқан жоқ. Осылайша даудан құтылдым. А.Сурков неге маған құлай қалды десем, К.Симоновпен екеуінің арасы онша емес екен». Онан соң Баукең сəл ойға шомды да тағы қарқылдап күлді. Біз Қабдыкəрім екеуміз қосыла күлдік.

Екінші əңгіме

Соғыстан кейінгі жылдары Калинин əскери академиясында ординарлық профессор болып істедім. 1948 жылы елге қайттым. Сұрапыл жылдар тақырыбына шығарма жазуды жалғастыра бердім.

Бір күні Одақ басшыларының бірі телефон соқты: «Бауке, бізге əйелімен Канада жазушысы Стюарт (қателеспесем) келді. Ол кісі Фидель Кастро көрсем деп армандаған аты аңызға айналған қазақ батыры Бауыржан Момышұлымен кездесіп, дидарлассам деп талап қойды. Дəл осы мезетте «Одақтың акт залында 300-дей ақын-жазушы бар, тыңдармандар бар Сізді күтіп отырмыз. Тезірек келіңіз», – деп өтініш білдірді.

Қыстыгүні ғой деймін. Ол кезде денім сау, өз формамда едім. Əскери мундирімді тез кидім де таяқ тастам жерге жаяу тарттым. Иду и думаю: «Канада –это двуязычное государство: в основном жители говорят на английском, а в провинции Квебек – на французском. Иə, Стюарт дегеніне қарағанда, ол ағылшын тектес болуы керек. Я довольно хорошо владею двумя иностранными языками: английским и немецким, свободно могу изъясняться на них. Келсем, зал лық толы. Қонақтар мен басқарма басшылары президиумға жайғасқан. Кіргенімде, жиналғандардың бəрі орындарынан тұрып қарсы алды. Ал мен болсам, əскери честь беріп ағылшын тілінде амандастым. Маған президиумда қонақтар қасынан бір орын қалдырыпты, сон да қонжидым.

Кездесу емін-еркін сұрақ-жауап ретінде өтіп жатты: Қонақтар сұрақ қояды, біздің басшылар жауап береді. Осындай бір сəтте Стюарт: «Сіздің Жазушылар Одағында қанша мүше бар?» – деді. Өзіміздің «мылқаулар» қайдан түсінсін, мен орнымнан тұрдым да ағылшын тілінде «Тізім бойынша 300-дей, ал шын мағынасында Одақ мүшесі үшеу-ақ», – дедім. Қонақтар қар қылдап күлді. Олардың шашпауын көтергендей президиум мен залда отырғандар қосыла күлді. Енді менің айтқан сөздерімді аудармашы ағылшын тілінен орысшаға аударған кезде Одақ бас шыларының көздері шарасынан шығып кетті. «Тағы да тілімнен таптым-ау» деген ойда отырғанымда Стюарт маған жымия қарап: «Оказывается, такое явление присуще и Канаде. По списку числится членов писателей столько, а настоящих столько…» дегенде зал тағы да күлкіге басты. Кəрін тігіп отырған Одақ басшылары да маған лəм-мим демеді. Баукең Қабдыкəрім аға мен маған езу тарта: «Осылайша екінші рет пəледен құтылдым. Дегенмен айтқаным орынды емес пе? Кемшілікті айтпауға жаралмаған адаммын», - деді. Біз құптап бас изестік.

Үшінші əңгіме

Шығармашылыққа көзқарасы
Сəті түсіп бір-екі күннен кейін Баукеңмен тағыда дидарластым. Ол менің өз шығармашылығыма байланысты еді. Бұған түрткі болған мына жағдай: гастроэнтерология бөлімшесі меңгерушісінің өтінішімен бөлімшенің мерекелік қабырға газетін шығардым. Май мерекесінің қарсаңында арнайы «Майское» деген өлең жазып, сол нөмірде жарияладым.

Батыр ағамен əңгіме осы өлеңмен басталды. Мен: «Бауке, мына жаман ініңіз орыс, қазақ тілінде жыр жазады жəне екі тілден бір-біріне аударады. Сынап көріңізші, менен ақын шыға ма? Бет-жүзіме қарамай тек əділ бағаңызды беріңіз» дегенімде: «Ну, читай! деп бұйырды. Өлеңді жатқа айтып: «Я – казах родом» деген сөйлемге келгенімде: «Стоп! Дальше видно, что бьешь ты в грудь «Я – казах, я – казах», в чем меня незаслуженно не раз обвиняли за любовь к своему народу. Əбділдə Тəжібаев ағаң да «Біз қазақпыз!» деген поэмасы үшін Москвадан таяқ жеген: ол А.Ждановтың 1950 жылғы «Звезда» жəне «Ленинград» журналдары туралы баяндамасында осы мəселе бойынша қабылданған орталық Комитеттің қаулысында арнайы айтылды… Жарайды, тағы бір-екі өлеңіңді оқышы» деп сөзін аяқтады.

Мен «Думы о Родине», «Солдатское» атты патриоттық тақырыптағы, «Утешение своему сердцу» деген лирикалық өлеңдерімді жатқа айттым. Баукең зейін сала тыңдап болды да, енді қазақша жырларыңды оқы деп ишарат білдірді. Оқитын өлеңдерімді ойша таразылап алдым да партия, комсомол, Маркс, Ленин, Сталинге арнаған ертеректегі туындыларым мен соңғы кездегі бірнеше махаббат, пейзаж тақырыптарына жазылған жырларымның тиегін ағыттым. Баукең үнсіз ойға шомып отырды да: «Көпбосын, сен қазақ тілінен, орыс тіліне, орыс тілінен қазақшаға аударамын» деген едің ғой, енді соны тыңдап көрейік»,- деді. Тағы да өлең оқуға кірісіп кеттім. Орыс тілінен аударған Расул Гамзатовтың «С женщиной наедине» («Оңашада арумен»), Рудакидің «Слепую прихоть подавляй» («Араныңды аша берме»), Максим Танктің «Спокойной ночи», (Жақсы жатып, жай тұрыңыз») өлеңдерін оқыдым. Баукең Рудаки жырының бірінші шумағын қайталатып оқытты. Ол мынау:
Араныңды аша берме – міне, саған адалдық!
Мүгедек пен соқырларға істей көрме жамандық!
Адамдық па басып өтсең құлап жатқан кісіні?
Олай емес! Тұрғыз оны – міне, саған адамдық!

«А что ты перевел на русский язык?» деген Баукеңнің даусы саңқ ете қалды. Күткенім сол еді, мен де аянбадым. Қасым Аманжоловтың «Сен фашиссің» («Ты же фашист»), Мұзафар Əлімбаевтың «Өзің де жігіт қызықсың» («Странный ты, паренек») өлеңдерін, Махамбет Өтемісовтың Жəңгірге айтқан «Хан емессің…» («Не хан ты…»), Сырым Датовтың Нұралы ханға айтқан сөздерін орысша сайраттым.

Кенет Баукең: «Көпбосын, мен ақын емеспін, ақынжанды адаммын. Өлеңнің жақсы-жаманын ажырату үшін əр адамның ақын болуы шарт емес. Көкірегінде сəулесі бар, көзі қарақты оқырман кез келген жырға баға бере алады. Мен де соның бірімін. Қазақша, орысша жазғандарыңды айтпағанның өзін де түсініп аударма жасау да ақындық қой. Тəржімалаған шығармаларың тəп-тəуір шыққан… Бізде алдымен подстрочный перевод жасатып алады да сонан соң аударады… Сен білетін боларсың, 10-шы орыс класы үшін қазақ əдебиетін жазған Сильченко деген академик болды, ол кісі бір ақынның «Қол сілтеп қала берді» деген жолын алдыңғы екі сөзге мəн бермей «город дал» деп аударған. Міне, осындай аудармашылар да бар» деп қарқылдап күлді. Онан соң маған төне қарап: «Сен мына шенеуніктікті қойып, бір баспаның айналасына барып кітап шығармайсың ба? Атақ десең атақтың, ақша десең ақшаның астында қаласың», – дегені.

Аз-кем үзілістен кейін: «Əрине, кез келген жазушыға өзін мойындату қиын. Оған үш себеп бар:
1. Баспаларда сенің шығармаңды күндейтіндер отыр. Сен ақын болсаң, олар ақынсымақтар. Сенің
жырларыңды баспайды, үп-сүп деп кері қайтарады. Бұл əділетсіздік пе? Əділетсіздік.
2. Сол баспаларда отырған редакторлардың екінші тобы – жырларың дұрыс, я бұрыс деп айтуға өресі жетпейді, кілең тоғы шарлар. Салың суға кетіп тағы бос қайтасың. Бұдан артық не қасірет бар?!
3. Бізде «жерлестік» деген пəле етек алған. Қайда кірсең де: «Кімсің? Қай туғансың? Қай облыс, ауданнансың?» деп бастырмалатады. Мұнда да шығармаларыңды жариялауға есік жабық! Біз, қазақтар осы дерттен қашан құтылар екенбіз?!

Əулие Баукең осының бəрін сол кезде-ақ пайғамбарлықпен айт қан-ау! Қазір тірі болса, бүгінгі келеңсіздіктерге не дер еді?

Сол кезде менің есіме осы күнгі «команда» деген асқынған ауру түсті. Экономисті Мəдениет министрі, құрылысшыны Білім министрі, тағы басқа министрліктерге де басшылырды мамандықтарының сəйкес келмейтініне қарамай судай сапырылыстырып тағайындап жатады. Айтар сөздеріне істеген істері сəйкес келе бермейтін, өткен өмірі мен істеген істері күмəнді, жемқор тақыр былықбайлар əртүрлі академиялардың президенттері болып шыға келеді.

Ой жіберсем, мемлекетіміздегі істің оңға баспай жатқаны да осындай сорақылықтарға байланысты туындап жатыр екен ғой!

Сөз соңында айтарым: Баукең туралы көптеген кітаптар жазылды, мақалалар жарияланды. Бірақ қалай айтсақ та, ол кісінің өр тұлғасын, ақыл-парасатын, терең философиясын, логикалық жəне психологиялық түйсігін, əскери білік тілігін толық суреттеп шығу мүмкін емес. Тұлға болғанда да тылсым тұлға, жұмбақ тұлға! Сол батыр ағаның бай мұрасын терең зерттеп, ашылмаған жақтарын айқындау, ақын-жазушылар, тарихшылар, əскери мамандардың келешекте де борышты міндеті болып қала берері хақ.

Көпбосын ПАНЗАБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар жəне
Журналистер одақтарының
мүшесі, ақын,
Қазақстан Республикасы Білім
беру ісінің Құрметті қызметкері.

bottom of page