Patriot-tulga.kz
Малыбай батыр
оның ата-бабасы мен ұрпақтары туралы
Алматы облысының Шелек өңірінде Малыбай дейтін ауыл бар.
Әркiмге де өзiнiң туып, кiндiк қаны тамған жерi қымбат емес
пе?!. Сондықтан да Малыбай ауылы туралы құлағым шалса елең
ете қаламын. Малыбай ауылының тұрған жерi де ерекше. Өзi
таудың етегi болса, құбыла жағы арқыраған Шелек өзенi. Күнi-
түнi бiр тынбай арыстанша күркiреп жатқаны. Бала кезiмiзде
әпкiшпен (иiнағашпен) екi шелек суды тiлерсегiмiз дiрiлдеп
терең сайдан алып шығатынбыз. Бiр шақырымдай жердегi үйге
жеткенше екi шелектен бiр шелектей ғана су қалатын. Жол
жөнекей асық атып, ләңгi теуiп кешiгетiн кездерiмiз де болады.
Сондай ойын кездерiнде «Малыбай деген кiм болған?» деген
сұрақ туып қалады. Көршi көшедегi достарымыз «Малыбай
деген ұйғыр байы болыпты, ауылға соның аты қойылған екен»
деп қалады. «Жоқ, Малыбай деген батырдың аты» деп бiз де құлақ
шалған елеспен дес бермеймiз. Талас әйтеуiр үнемi аяқсыз қалып
жатады. Ешкiм мұны тәптiштеп түсiндiрiп бере алмайды. Осы сауал
ұзақ жылдар көкейде шешiлмей жатты.
Кеңестік кезеңде ру-тайпа тарихын зерттеуге жол берілмейтін.
Кейін тәуелсіздік жылдарында зерттей келгенде Малыбай шын
мәнінде батыр адам болғандығы анықталды. Ол тек елді жаудан
қорғап қана қоймай, тоған қаздырған, жұртты диқаншылыққа
баулып, қамқорлық жасаған да жан болыпты. Малыбай Қараұлы
шамамен 1719 жылы туған. Жиырмадан асқан шағында әкесі
үйлендіріп бөлек шығарады. Ол Шелек өзенiнiң оң қапталынан
тоған шығарып, диқаншылықпен айналысқан. Ол тоған әлi күнге
Малыбай тоғаны деп аталады. Сол тоғанды дiрмән еткен ауыл
алдында Көктерек ауылы, кейiн Малыбай ауылы атанған.
Малыбайдың арғы жағы Әлмерек бабаға барып тiреледi.
Ұғынықты болу үшiн шежiрелiк деректерге жүгiнелік. Жетiсу
өлкесiнiң қазiр өр жағын мекендеген Албан руының iшiнде
Шыбыл, Сары деген аталары бар. Сарыдан Сүймендi, Сүймендiден
Сүйерқұл, Сүйерқұлдан – Айт, Бозым шығады. Бозымнан Сары,
Шобал (Таз), Жаншық өрбидi. Жаншықтан Әлмерек туады.
Тарихи деректерде Әлмерек Жаншықұлының 1658 жылы
туып, 1754 жылы қайтыс болғаны айтылады. Әрi батыр, әрi
шешен, көрiпкелдiк қасиетi бар баба ұзақ жасаған, тоқсан алты
жас ғұмыр кешiптi. Тоқсанға таянғанда жұрт оған абыз атағын
берiптi. («Жетiсу» энциклопедиясы, «Арыс» баспасы, 162-бет)
Одан қазақтың Хангелдi, Бақай, Малай, Райымбек батырлары
бата алған. Осы энциклопедияда Әлмеректен бес бала тарайды
делiнген. Алайда оның тiкелей оныншы ұрпағы Әбдуали
Әбдiкәрiмовтың айтуынша, Әлмеректен сегiз бала туған. Олар:
бәйбiшеден – Жәнiбек, Тоқан, Баба, Құрман, Каракiсi, тоқалынан –
Едiл, Жайық, Жұмық.
Шелек өңiрiндегi Сөгетi тауының терiскей сiлемiн, Шелек
өзенi таудан жазыққа шығар аңғар аймағын басқа ру-тайпалармен
бірге Құрман балалары мекендеген. Құрманнан: Мәмбет, Үмбет,
Қара деген үш бала өрбiген. Қарадан: Елшiбай, Малыбай,
Орынтай, Майлыбалта деген төрт бала тарайды. Енші беріп бөлек
шығарғаннан кейін Қара балаларын аралап сынамақ болады.
Тұңғышы Елшібайдікіне келсе баласы ешкі сояды. Малыбайға
келгенде ол әкесін қошқар сойып құрметтейді. Боқы
(Майлыбалтаны солай атайды екен) бір қазан көже пісіртеді.
Орынтай болса көрші-қолаңын шақырып тай сояды. Сонда Қара
әкелеріне үлкен сый-құрмет көрсеткен Малыбай мен Орынтайға
батасын беріпті дейді. «Малыбайым қошқар сойды– тұқымы жілікті
болар. Орынтайым аямастан тай сойды – тұқымы қатыгездеу, батыр
болар» депті. Шынында да Малыбай мен Орынтай тұқымы
ормандай болып өсіп бір қауым елге айналады.
Әке сынының дәлдігіне қайран қаласың. Малыбай расында әрі
батыр, әрі дәулетті болады. Албан-Бұғыға (қырғыз руы) белгілі бай,
жомарт болып атын қалдырады. Қарқара-Ыстықкөлді мекендеген
қазақ-қырғыздарға ортақ «Қырғыз болсаң Алыбайдай бол, қазақ
болсаң Малыбайдай бол» деген сөз қалған. Малыбай батыр туралы
Қабан (Қабылиса) жырау жырында да айтылады. Малыбайдан
тараған бүгінгі ұрпақтар арасында әйгілі археолог, академик Карл
Байпақов та бар. Малыбайға қатысты деректер орыс зерттеушісі
Румянцевтің кітабында кездеседі.
Ал Орынтай тұқымына қарап отырсаңыз батырлық дарығанын
көресіз. Орынтайдың баласы Түменбай жоңғар соғысы кезiнде
қазақтың ту ұстаған батыры болған. Түменбайдан Алпар, одан
Саурық батыр, одан 1916 жылғы Қарқара көтерiлiсiнiң
басшыларының бiрi Ұзақ батыр туады. Ережесіз жекпе-жектен
әлемнің қазіргі үш мәрте чемпионы Ардақ Назаров пен әлем
чемпионы Бейбіт Назаров осы Орынтай ұрпақтарынан.
Малыбайдың әкесi Қара деген кiсi өте батыр, ел билеген кiсi
болған. Жұртты аузына қаратқан шешен екен. Көнекөз Шәрiпақын
Сыбанқұлов қарияның айтуына қарағанда ол кiсiнiң тұсында
қалмақтар ұсақ-түйек қақтығыстар кезiнде жергiлiктi қазақтардан
үнемi жеңiлiп қала берiптi. Содан қалмақтар Қараға қатты өшiгiп
қалайда көзiн жоюды ойлайды. Сапардан келе жатқан батырды
аңдып жүрiп, Асы өзенiнiң тау шатқалынан шығып Шелек
өзенiне ұмтылған сағасындағы жоғарыда айтылған Асы-Саға деген
жерде қалмақтың 500 кісілік қолы қоршап алып Қараны қасындағы
жетпiс нөкерiмен қоса өлтiредi. Сол маңда Қараның сайы деген
жер әлі күнге бар.
Жалпы Малыбай әкесі Қара тәрізді қаһарлы, батыр кiсi екен.
Малыбайдың тірі кезінде қалмақтар Көктерекке беттеп бара
бермепті. Ол кейбір деректерде 49 жасында қайтыс болған делінеді.
Оның ұрпақтарының iшiнде Ереншiнiң аты бөлек аталады.
Ереншiнiң Қаба, Бөбетай деген немерелерi елге танымал болған.
Қаба ер жеткен соң би болып Малыбай ауылына билiк жүргiзiптi.
Көртоғай мен Сөгетi тауларының арасында Қабасай деген жер осы
кiсiнiң атымен аталған.
Әлмерек абыз тұқымы 1680 жылдар мен 1850-шi жылдардың
арасында Алматы қонысынан шығысқа қарай Сөгетi жазығына
дейiнгi кең аумақты мекендеген. Бұған дәлел — Әлмерек бабаның
өзi Алматы өзенiнiң бойында қазiргi Әлмерек ауылында (бұрынғы
Покровка) жерленгенi.
Әлмерек абыз 1754 жылы 15-қазанда дүниеден көшкелі жатқан
кезінде балаларын, немере,шөберелерін алдыртады. Жанына
Байсейіттің немересі он бес жасар Мұсылманбайды
(Пұсырманбайды) шақыртады. «Ата, міне, мен келдім!» дейді ол.
Сонда Абыз: «Ендігі үмітім өзіңде. Жаугершілікте ұстайтын Ақ
жібек туды өзіңе тапсырамын!» депті. Сол Пұсырманбай ел қорғау
жолында жар құлағы жастыққа тимеген. 19 жасында Төле бидің
баласы Жоланның қытайлармен келіссөзіне қатысады. Бұл деректер
жазушы Төлен Қаупынбаев кітабында да бар.
Әлмерек ұрпақтары осынау аумақта мал өсiрiп,
диқаншылықпен айналысқан.Тастан, балшықтан үй салған.
Тұрақты қыстаулары болған. Малшылықпен айналысқандары
Асыны жайлау еткен. Диқаншылықты кәсiп еткендерi өзен
бойларынан тоған шығарған. Бидай, тары, арпа егiп, бау-бақша
өсiрген. Егiн пiскен кезде бидай, тарыны торғайдан қорғау үшiн
бүкiл бала-шағасы жұмылдырылған. Олар торғайды үркiту үшiн
ағаштан жасалған сартылдақ деген құрал пайдаланыпты.
Құрманнан тараған Адыр шешен айтыпты деген мынадай сөз
бар:
Сартылдақпен шуылдатып маңды,
Қуып бердiк мал мен торғай, жанды.
Егiстiкке төккен терiм төлендi
Бала жедi қазанжаппа нанды!
Енді Әлмеректен тарайтын Жәнiбектiң тұқымына тоқтала
кетейік. Жәнібектің Байсейiт, Тоқсейiт, Көшек, Қойлыбай деген
төрт баласы болған. Үлкенi Байсейiт батыр екен. Ол жоңғардың
Шебiктi деген мыңбасын жекпе-жекте қолға түсiрiп, мұсылман
жасаған. ХVIII ғасырдың басында қазақтар тек қалмақтармен ғана
емес, соқтығыса берген қырғыздармен де шайқасқан кездерi аз
емес. Сондай бiр қазақ-қырғыз қақтығыстары кезiнде Байсейiт
батыр жекпе-жекте қырғыздың Орманхан деген батырының
қолынан қаза табады. Байсейiт жекпе-жекке шыққан, қаза тауып
жерленген жер әлi күнге Байсейiт деп аталады. Ол Алматы-
Нарынқол тасжолының бойында Шелектен күншығысқа қарай 10
шақырымдай қашықтықта. Сол жерде Байсейiт деген ауыл әлi
күнге дейiн бар. Жәнiбектен тараған ұрпақтардың біразы
Шелектен 7-8 шақырым төмен Қаражота ауылын мекендеген.
Күнкөрiске ыңғайлы жерде мал өсiрiп, диқаншылық жасаған. Онда
да тоған қазған. Сол тоған бүгiнде де Жәнiбек тоғаны аталады.
Әлмеректен тарайтын Баба тұқымы болса Қаражотадан 15
шақырым төменiректе тоған қазып, диқаншылық жасапты.
Бабадан елге танымал Қашаған, Тұрысбек сияқты азаматтар
шыққан. Сол жердегi елдi мекеннiң аты әлi де Бабатоған. 1881
жылы Ресей мен Қытай арасындағы Петербург шарты бойынша
8 мың түтiн ұйғыр мен 2 мың түтiн дүнген Жетiсу жерiне қоныс
аударуға рұхсат алғанда дүнгендердiң шағын бiр бөлегi сол
Бабатоғанға апарылыпты. Дүнгендер ол жердi өздерiнше
Милянфан деп атаған. Сол екi атау да әлi күнге жергiлiктi
халықтың аузында.
Әлмеректен тараған Тоқанның қалмақтармен шайқаста ел
есiнде қалған Баржық батыр, Адыр шешен, Бәтжан сияқты мақтан
тұтар ұрпақтары болыпты.
Шежiре деректерiнде Әлмеректiң тоқалы Кiшi жүздiң қызы
болғандығы айтылады. Одан Едiл, Жайық, Жұмық деген үш бала
көрiптi. Едiл, Жайық деп аналары туған жерiн, жағасында өскен
өзендерiн сағынған соң қойса керек. Әлмеректiң кенжесi Жұмық
та Кiшi жүзден қыз алыпты. Одан Бекбау деген жалғыз ұл болған.
Оның туған кезi шамамен 1711 жыл. Бекбау қалмақтармен
шайқаста 1730-1740 жылдары қаза тапқан. Шелек өңiрiндегi Асы-
Саға мен Ғайрат ауылдарының арасын қосатын ұзын сiлем бар,
жұрт оны әлi күнге Бекбаудың жотасы деп атайды. Бекбау осы
жотаға жерленген.
Әлмерек абыз немересi Бекбауды қатты жақсы көрiптi. Ол қаза
болғаннан кейiн Абыз: «Жұлдызды түнiм, күндiзгi күнiм,
Бекбауым! деп маңдайынан иiскеп, қолынан еш қақпадым» деп
жоқтап, жез сақалын салалап отыруды мәртебе көрген. Бұл әрi
батыр, әрi ақылды ұрпағына берген бағасы болса керек.
Бекбаудан Сатан деген ұл қалыпты, одан Сармырза, одан
Қорам туады. Бұл қалмақтармен соғыс әлi бiте қоймаған кез,
ХIХ ғасырдың отызыншы жылдары.(«Жетiсу» энцикл. «Арыс»
басп. 2004, 416 бет) Қордайдағы нағашы атасы Дулат Кененбай
ауылында тәрбиеленген ол атасынан найзаласу, садақ ату,
аударыспақ сияқты ұрыс өнерлерiн үйренедi. Ер жеткен соң туған
жерiнде қалмақтарға қарсы шағын шайқастарға қатысады.
Дұшпанды қуған соң елдi егiннiң тарыдан басқа бидай, арпа
сияқты түрлерiн егуге үйретедi. Тоған қаздыртып
отырықшылыққа баулиды. Ел арасында Қорамның құтырған
бураның мойнын үзгенi, Iле бойындағы ну қамыста құр қолмен
жолбарысты жайратқаны туралы аңыз әңгiмелер әлi де бар.
Қорам сексенге таяп, 1907 жылдары Шелек селосының
оңтүстiгiндегi Сарықамыс деген жерде қайтыс болыпты. Сол жер
кейiн Қорам батырдың атымен аталған.
Ендi Әлмеректiң бәйбiшесiнен туған кенжесi Қаракiсiге
тоқталайық. Қаракiсi 1747 жылы маусым айында Аласа мен
Бұғыты тауының ортасында қалмақтармен қатты шайқаста iшiнен
оқ тиiп дүние салған. Оның жерленген жерi қазiргi Бартоғай су
қоймасының жағалауы. Қаракiсiнiң Лабар деген немересi болған.
Ол да елге танымал азамат болыпты. Алматы— Нарынқол тас
жолының Қаратұрық ауылынан Шелекке бет алған тұсында қазiр
«Лавар» деп жүрген жер бар. Сол Қаракiсiнiң немересi Лабардың
атымен аталған. Бәлкім бейіті де сол маңда болса керек. Әлмерек
абыздың қарақазаны мен ошағы сол кенже ұлы Қаракiсiде қалған
екен. Бұрын Нарынқол ауданында бiрiншi хатшы болған, бүгiнде
Алматыда тұратын дербес зейнеткер Рауан Әрiпов ақсақал 2002
жылы бұрынғы Покровка ауылында Әлмерек кесенесi ашылғанда
сол қазан әкелiнген едi деген ақпарат айтты.Ұрпақтары мұражайға
өткiзуге келiскенiмен кейiн алып кетiптi. Қазаны мен ошағы қазiр
Кеген өңiрiндегi Жылысай ауылында тұратын мұғалiм Бексұлтан
Солтанбайұлының әжесi Ажар апаның қолында көрiнедi. Кеген
өңiрiне белгiлi азамат Бағашар Тоқмолдаев та осы Қаракiсiнiң
ұрпағы екенiн мақтан тұтады.
ХIХ ғасырдың ортасына таман күш жинаған қазақ жасақтары
қалмақтарды тықсыра бастайды. Кезiнде Орынтайдың баласы
Түменбай батыр қалмақтың Бұрқамбы дейтiн қолбасшысының
тәжiн атып сындырып қуған екен. Ендi жаудың соңына Түменбай
батырдың немересi, Алпар батырдың ұлы Саурық батыр бастаған
қол түседi. Қазақтардан қашқан қалмақтар болса Қытай жерiне
өтедi. Саурық батыр Маңғұлкүренiң Қарағанды деген жерiнде
қалмақтарды қуып жетiп, Текес өзенiнiң үстiндегi көпiрде
Бұрқамбының басын алады. Дұшпанды жеңген соң қазақтар
Қарағандыда қоныстанып қалады. Сол Маңғұлкүре, Қызылкүре,
Нылқы аудандарында албан тайпасының ұрпақтары қазiрде де
мекен етедi. Ежелгi қазақ қоныстары азат етiлген соң 1850—1860
жылдары Әлмеректiң ұрпақтары өрге қарай көшедi. Өйткені
жаудан тазартылған Кетпен, Кеген, Нарынқол өңiрi мал өсіруге
аса ыңғайлы болатын.
Мақаламыздың басында Әлмеректiң Сүйерқұл Бозымнан
тарайтынын айттық. Айт, Бозымның Қарашаш дейтiн қарындасы
болған. Қарашаш анамыздан туған, нағашыларына сіңген Бекбол
деген баланы жеңгелерi Жиенқұл (қыздың баласы деген мағынада)
деп жүрiп, кейiн қыстық киiмiн жазға дейiн киiп жүретiндiктен
Қыстық атап кеткен екен. Жиенқұлдан Ақназар мен Тоқназар
(Тоқтамыс) тарайды. Жұрт Ақназарды Аққыстық, Тоқназарды
Қарақыстық атап кетедi («Қыстық руы. Тарихи деректер»
Алматы, 2004 ж 13 бет). Әлмеректен өрбiген Құрман балалары да
бiртiндеп шығыстағы таулы өңiрге қоныс аударғанда Қыстықтар
отырған орындарында қалып қояды. Біртіндеп Малыбай, Асы-
Саға, Он үй, Жиырма үй, Байсейiт, Масақ, Қаражота, Сарбұлақ,
Бұрған, Аяққалқан қыстауларына қоса Қоянды (Шелек), Қорам,
Лабар, Қаратұрық қыстаулары да олардың қанат жайған
қоныстарына айналады.
Арада бiрнеше ұрпақ ауысады. Жоғарыда айтылған 1881 жылғы
Петербург шарты бойынша Жетiсуға көшiрiлген ұйғыр
отбасыларының бiр бөлегiн (ол кезде ресейлiк ресми құжаттарда
ұйғырлар тараншы деп аталған) жергiлiктi халық пен болыстардың
келiсiмiмен Малыбай, Байсейiт, Шелек, Қорам, Лабар (Лавар),
Қаратұрық ауылдарына қоныстандырылады. Жалпы 1881-1894
жылдар аралығында Қытайдың Iле өлкесiнен Жетiсуға 9752 ұйғыр
отбасы (45373 адам) көшiрiлiп келген (М.Н.Кабиров. Переселение
Илииских уйгуров в Семиречье.Алма-Ата, 1951 г). Мұсылман
халықтары болған соң қазақтар мен ұйғырлар бiр-бiрiмен тез
тамыр, дос болып әлi күнге бiрге өмiр сүрiп келедi. Ал
Қарақыстықтың ұрпағы болса сол Малыбайда қазiрде де тұрып
жатыр.
Марат ТОҚАШБАЕВ