Patriot-tulga.kz
Тайлақ батыр
Тайлақ Бекежан батыр Айбекұлының бәйбішесі Салихадан туған үш ұлдың бірі. Тайлақтың ғұмыр-баяңдық деректері жете зерттелмеген.
Тайлақ батырдың жас кезінен Әбілқайыр сұлтанмен бірге өскені, бірге шыңдалғаны, дос болғаны, той-думанда да, жорықтарда да қатар жүргені, ерлігі мен адамгершілігі туралы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында кеңінен жазылған.
Тайлақ батыр «Ақтабан шұбырынды» аталып кеткен қазақтың басына түскен ауыр заманда құдіреті күшті қолбасшыға айналды. Осындай қысылған заманда Кіші жүзге басшы болып, барлық тайпаны біріктіріп алға жетелеген Әбілқайыр хан десек, осы халықтың әскеріне бас қолбасшылық жасап жеңіске жетуге бар күшін салған, ақыл-айласымен басқарған Тайлақ батыр болды.
Аждаһадай аузын ашқан жау ешкімді аямады, Жетірудың арқа сүйер байы, биі, ақсақалы Тайлақтың әкесінің ауылын қырғынға ұшыратып, найзаға шаншып кетті. Бұның бәрін көзімен көрген Тайлақ, қасындағы Әбілқайыр досымен екеуі әкені жерлеп күңіренгеннен басқа ештеңе жасай алмады. Міне, осыдан бастап әр елге жаушы кетті, әр биік төбенің басына от жағылды, әр ру өздерінің батырлары бастаған қолдарын Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қасына топтастырды. Хан сарайының маңында ел болып ақылдасып, бүкіл 29 рулы кіші жүздің атынан бас әскербасы болып Тайлақ батыр сайланды. Тайлақтың аты сол күндердің өзінде қазақ даласына аңыз болып кеткенін Әнуар Әлімжановтың «Жаушы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабынан анық білуге болады.
Қасірет төнген заманда батырлардың аты билерден жоғары сатыға көтерілгені белгілі, тіпті хандардың өздері атақты батырларға жол берген. Тарихтан белгілі, халық сарбаздары батырлардың жанына топталды, солардан үміт күтті. Табындарды бастаған Бөкенбай батыр, тамаларды бастаған Есет батыр, Жағалбайлыларды бастаған Сәрке батыр, жалпы Жетірудың барлық батырлары Тайлақ батырдың арқа сүйер күші болатын. Батырлығымен қолбасшыға сай ақылы, алғырлығы Тайлақтың басқа ру басшыларының алдында абыройы мықты екенін көрсетті, сендірді. Кіші жүздің әскері жоңғар мен Еділ бойының қалмақтары қосылып кетсе, қазақтың шырылдаған жаны шегіне жететінін білді, тез қимылдап бар күшін алға салып Жем, Елек, Қобда бойын қалмақтардан босатып, Жайықтың екінші бетіне қуып шықты. Әбілқайыр ханның басшылығымен бұл шабуылдарда жүрген қазақ әскерінің қолбасшысы Тайлақ батыр болатын.
Тайлақ батырдың шығу тегіне тоқтадар болсақ, Жетіру шежіресінде былай көрсетілген: «Тайлақ — аты алты алашқа белгілі, Кіші жүздің төбе биі Шеген бидің төртінші ұрпағы. Аты аңызға айналып, бүкіл Жалпақ Жағалбайлы еліне ұран болған Малатау батырдың немересі — Тайлақ батыр».
Мырзабай Жақсылықовтың «Жағалбайлы шежіресі» кітабының 57-бетінде Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты Мамыр деп көрсетілген. Сонда Тайлақ Мамырұлы болып шығады. Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 8-томының 177-бетінде Тайлақ Мәтіұлы деп жазылған. Мамыр бабамыз Шеген би сияқты қазақтың атақты сұңқарының шөбересі екенін ескерсек, жастайынан тәрбие алып, білімнің ордасында өскен Мамыр бабамыздың билік құрып, Мәті би атануына шек келтіруге болмайды.
Батырдың өмірден өткен жылы туралы дәл дерек жоқ. Ұрпақтары құлпытасын тауып, зерттеуге беруде. Тайлақ батырдың жоңғарлармен соғыстан кейінгі өмірі туралы да толық мәлімет жоқ.
Еліміздің іргесі сөгілмеуіне бар өмірін қиған, аяғынан тұрғаннан, көзін жұмғанша халқымыздың бостандығы үшін, қазақтың жоқ болып кетпеуі үшін соғыс өртінің ортасында жүрген Тайлақ бабамыз Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Жамбыл ауылының жанында ескі қорымда бір төбешік болып жатыр. Қасында сынып жатқан құлпытасына қарап, асыл ұрпақтарына: «Мен мұнда жатып сендердің тілегіңді тілеймін, ендігісін өздерің біліңдер» деп жатыр-ау деген ойға кетесің.
Баянғали ҚҰЛТАЕВ, Ақтөбе қаласы.