top of page
Шанышқылы Бердіқожа

Шанышқылы Бердіқожа

Қазір Ұлы Отан соғысы аталып жүрген ХҮШ ғасырдағы қазақ-қалмақ соғысы туралы сөз болғанда Шанышқылы Бердіқожа батырдың есімі жиі аталып қалады. Алайда оның өмірі, ерлік істері туралы мағлұматтар онша көп емес. Төмендегі материалда батыр туралы бірқатар деректер беріледі.

Шанышқылы Бердіқожа батыр – кезінде бүкіл ел құрметтеген, Абылай заманында қол бастаған қа­­һарман тұлға. Шежіре деректеріне қа­рағанда ол Ұлы Жүздің Шанышқылы тай­пасынан шық­қан. Ауызекі деректерде Шанышқылы Бердіқожа мен Қаңлы Сар­бұқа батыр Есім ханның Еділ-Жа­йық қалмақтарына қарсы жорығына бірге қатысқаны ай­ты­лады. Дұшпанмен ұрыс­тарда оның стра­тегиялық көз­қарас­тары құнды кеңес ретінде бағаланған.

Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 2-томының 286-бетінде Бердіқожа ту­ралы былай деп жазылған: «Бердіқожа батыр (шамамен 1690-1770 ж.ж.) – жоң­ғарларға қарсы шайқаста қол бастаған аға ба­тыр. Мағлұматтарға қарағанда қа­зақ қол­басылары Бердіқожа батырсыз хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шық­паған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтеген. Бердіқожа батыр Аягөз, Бұланты-Білеуті және Са­рысу өзені бойындағы, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұланасу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға ұрыс­та­рында, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақ­­­шәулі, Итішпес көлдері маңындағы, Аңы­­рақай шайқастарында Ұлы жүз жа­сақ­тарына басшылық еткен».

Бұл деректер Бердіқожа батырдың Абылай хан кезінде тек жай тактик әс­кербасы ғана емес, стратег, көреген қол­басшы болғандығын айғақтайды. Абы­­лай заманына қатысты көптеген де­ректерді жинаған, хатқа түсірген М.Ж. Көпеевтің жазбаларында да Бер­діқожаның есімі аталады. Ол: «Абы­лай ханның заманындағы қазақ жұр­тынан шыққан батырлар қаракерей Қа­банбай, қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, көкжарлы көкжал Барақ... шанышқылы Бердіқожа, сырым Малайсары... Бал­та­керей Тұрсынбай, тарақты Байғозы, он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай, Малай жәдігерден Жауғаш, Биғаш, бөрі тонды бөрте атты, бөрі бас Орманшы, ақсары Шотана, қозған Биікше мерген, қарауылшысы әлтеке Жидебай, уақ Баян. Бұл айтылған батырлардың бәрі де Ербекейше бұзау жарып батыр атанған емес, жалғыз жүріп қал­мақ­тың қамалын бұзған батырлар...

Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда сырым Малайсары да бар еді, шанышқылы Бердіқожа да бар еді», – дейді ол.

Шанышқылы Бердіқожа туралы ба­тырдың ұрпағы, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Қасым­беков те көп ізденіп жүр. Таяу жыл­дар­да Қарағанды облысының Қарқа­ралы ау­данына барып, Бердіқожа ба­тырдың тамын көріп қайтады. Про­фес­сор Қарқаралыдан 250 шақырым қа­шықтықтағы Темірші ауылынан 45 ша­қырым жерде Мәшекең жазған Көк­шетау мен Дуана тауларының аралы-ғын­дағы Дағанделі өзенінің биік жерінде Бердіқожаның ескі мазар тұрғандығын кө­зімен көріпті.

«Осыдан екі жарым ғасыр бұрын тұр­ғызылған батыр бейітінің қос қабырғасы құлап, кесектері жан-жақта шашылып жа­тыр. Күмбезінің жартысы ғана сақ­талыпты. Дегенмен, жел мен жауыннан мү­жіліп, күн көзі қақтаған батыр мазары өзінің асқақтыған сақтап қалыпты. Ұзын­дығы сегіз метр шамасында, күм­безі доғал, төрт құлақты, биік етіп соқ­қаны көрініп тұр. Сақталып қалған оң­түстік шығыс бұрышы иіннің бітісі оның шаршылы шикі кірпіштен өрілгенін аң­ғартады. Бейіттен сәл төменде таспен шегенделген құдық бар екен. Тереңдігі қырық құлаштай. Суы таза әрі суық. Ке­зінде бұл маңайда, іргедегі Дағанделі өзені бойында батыр бабаға қарасты ауылдар қоныс тепкен көрінеді.

Дәл осы жерде XVІІІ ғасырда Абылай хан туының астына бір қол болып бі­рігіп, Қазақ елін қанымен, жанымен қор­ғаған Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Жәнібек, Барақ батырлармен тізе қосып айдаһардай Қытай мен қаһарлы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы ерлік көрсеткен Бердіқожа батырдың мүрдесі жатыр дегенге не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің», – дейді ол. Төңіректе бұл ма­зарды «Бармақ бейіт» деп те атайды екен.

Бердіқожа батырдың қазасы ту­ра­лы Мәшһүр Жүсіптің 1993 жылы Ал­матыдағы “Жалын” баспасынан шықан “Қазақ шежіресі” атты кітабында бірқатар деректер келтірілген. Дұшпан қолында қалып, өзін жау өлтірерін білген соң, жол­дасына: «Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріне көміңдер де, соған там салып, “Бердіқожа тамы” атаңдар. Мені есіне алғандар дұға ғылып өтер», – депті. Со­дан бұл тамды жұрт бірде «Бердіқожа тамы», бірде «Бармақ бейіт» деп атайтын көрінеді.

Профессор Б. Қасымбеков ресейлік офи­цер, тарихшы әрі этнограф ғалым Иван Андреевтің “Қырғыз–қайсақтың Ор­та жүзінің сипаттамасы” деген еңбегінде Бердіқожа туралы аздаған мағлұмат ұшы­расатынын айтады. Оның жазуынша, 1781 жылы Абылай хан қайтыс болғасын Ала­таудан асырылған қырғыз қайтадан қазақ жеріне еміне бастайды. Міне, осы кезде Аягөз маңына қоныс тепкен Бердіқожа батыр қырғыздарға қар­сы соғысқа аттанады. 1785 жылы Аягөздің тұсында батыр бастаған қазақ қолы қырғыздарға күйрете соққы береді. Бердіқожа батыр 18 жыл бойы қыр­ғыз ауылдарымен аралас отырған же­рін тастап келгенде, қырғызға қарсы шыққан жорықтарында көмек бермеген аягөздік наймандарға ренжіп, Сарыарқаға ойысады. Сөйтіп, 1783 жылы мамырда Шыңғыстау аймағына біржолата көшіп келеді.

И. Андреевтің жазуына қарағанда, Бердіқожа бастаған Шанышқылы ауы­лы малға бай, жылқысы көп, ұзын са­ны үш жүз шаңырақ болыпты. Орыс офи­церінің жазуынша, Бердіқожа батыр аз ғана қолмен қырғызға шайқасқа атта­нады. Іле өзеніне келіп, қырғыздарға таяу аялдайды. Қазақ қолы артта қалған жа­сақты күтіп, аттарын отқа жібереді. Осы кезде қырғыздың жасағы, шамамен 80 адам, олар да аттанысқа шыққан екен, қос тігіп бейқам жатқан қазақтың үстінен тү­седі. Бердіқожаның басын шауып, да­лаға тастап кетеді. Мұндай сұмдықты көрген қазақтың артынан келген жасағы қырғыздарды қуа жөнеліп, ұрыста жеңіп, Есенгелді манаптың ұлын тұтқынға тү­сіріпті.

2007 жылы Бішкек қаласында жарық көрген “Алымбектин санжырасы” (“Қырғыз шежіресінде”) деген кітапта Бердіқожа ба­тырдың Есенқұл бастаған көп қолмен аямай шайқасып, ақыры, қырғыздың қы­лышынан қаза тапқаны жазылған. Демек, батырдың қырғыздардың қолынан мерт болғаны ақиқат.

Батыр өмірін зерттеуші Б. Қасымбеков Бердіқожаның 1786 жылы қаңтарда қыс кезінде қаза тапқанын жазады. Ауылға жетіп, қаралы хабарды естірткен соң, Бердіқожаның әйелдері тұтқынға түскен Есенгелді манаптың ұлын пышақтап өлтірген. Батырдың артында інісі Сек-лоян (Секержан) мен төрт ұлы қалады. Үлкені – Лепес, енді бірі – Шоқ, қалғанының есімдері белгісіз .

Бердіқожа батырдың кіндік қаны там­ған ата қонысы Сыр мен Келес өзендерінің арасы. Шанышқылы руынан тарайтын ұр­пақ қазір де Шымкент, Са­рыағаш, Таш­кент, Тараз, Алматы, Түркістан, Кен­тау және т.б. қалаларда тұра­ды. Ал Бердіқожаның соңынан ер­ген шанышқылылардың бір бөлігі бас ба­тырынан айырылған соң Шығыс Түр­кістанға өтіп, Абақ-керей арасында Ша­нышқылы тармағын құраса керек. Мұның бәрі әлбетте қосымша зерттеулерді қа­жетсінеді.

«Қазақ тарихының әліппесі» атты кіта­бында Шанышқылы Бердіқожа батырды Абылай заманының бас батырларының қатарында атайды. Аталасы үшін ғана емес, дүйім елдің, алты Алаштың мұраты үшін атқа қонып, елінің тәуелсіздігі жо­лында жан берген қазақтың қайқы қара қылышы – Бердіқожа батырды атаусыз қалдырмай, есімін ілтипатпен еске алуы да оның баһадүр батырлығын дәлелдесе керек.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы.

bottom of page