Patriot-tulga.kz
Алтыншаш Нұрғожинова
Отаны үшін от кешкен Алтыншаш Нұрғожинова
Соғыстың соңғы бір сәтінде Кеңес Армиясында 600 мыңнан астам әйел жауынгерлер болса, оның 80 мыңы офицер еді. Олар ұшақпен аспанда самғады, танк жүргізді, барлауға барып, ұрыс даласында мергендік көрсетті. Атқыш мергендер мектебін бітірген әйелдер 12 мыңнан астам жаудың көзін жойды. Майдандағы дәрігерлердің 41 пайызы, фельдшерлердің 43 пайызы, медбикелердің 100 пайызы әйелдер еді. Екінші дүниежүзілік соғысында 100 мыңнан астам әйел ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың 91-і Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.
Соңғы архивтік мәліметтерге қарағанда, Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанған. Олар қай майданда болсын батырлық пен табандылықты, Отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгілерін көрсетті.
Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қазақ әйелдері аз емес. Оларды майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың әр түрінен кездестіруге болатын. Олардан ұшқыш та, танкист те, барлаушы да, партизан да шықты. Айталық, штурман, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, ұшақтың механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкистер – Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмилә Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева.
1-Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан» газетінің 1944-1945 жылдардағы сандарында майдан шебінде жүрген қазақ қыздарының есімдері жиі кездеседі. Соның бірі – туысқан Беларусь пен Литва, Польша жерлеріндегі қатты соғыстарда болып, ақыры фашистік Германияға бұзып өткендердің ішінде болған Ертістің шығыс жағалауынан келген Баян Байқожина еді. Оның Германия жерінде жүргізген ауыр да даңқты ұрыстардағы көрсеткен ерлігі жөнінде «Правда» газеті жазып, қарапайым қазақ қызының есімін дүниежүзіне таратты.
Сондай-ақ «Қызыл әскер ақиқаты» атты майдан газетінің қызметкері Рахима Жанбекова, медициналық қызметтің капитаны Мәриям Сырлыбаева, майдан дәрігері Роза Момынова, радистер – Орынкеш Мысырова, Шәкира Ботақанова, Бикен Сәдуақасова, Шағила Құсанова, барлаушы Рахима Ералина, рота басқарған Құралай Натулаева, пулеметші Зинат Оңайбаева, мерген Мәликә Тоқтамысова, медбикелер – Рәзия Ысқақова, Мая Ғабитова тағы-тағы сол сияқты көптеген қаһарман қазақ қыздары Отан үшін жанқиярлықпен шайқасты.
Соғыс жылдарының шежіресіне назар аударсақ, қазақ қыздарының ерлігі қайран қалдырады. Содан газет тігінділерін ақтарып отырып «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылғы 28 қазандағы санында «Үшінші батыр қыз – Алтыншаш» деген мақалаға тап болдым. Мақала авторлары – Бақытжан Қанапиянов пен Жүсіпбек Қорғасбек. Мақала «Ленин комсомолына – 70 жыл» деген айдармен шығыпты. Төрт шумақ өлең мынадай жолдардан басталады:
«Екі фашист танкісін жойған комсомол қыз Алтыншаш Нұрғожиноваға арнаймын.
Мен гүлденген Украинаданмын,
Маған қымбат Днепр жағалауы.
Астықты алқап әнменен тербелетін,
Көзді арбап кешкі алауы.
Бірақ мен де ол секілді,
Қазақстанда туғандаймын,
Қазақ жерінде өскендеймін...
Жымиып күлгенін, көздерін,
Қос бұрымын көремін
Тұманды, түтінді кештен кейін.
Ақсақалды ақын кешкілік осы ауылда,
Домбыраға қосылып жыр айтқандай.
Бізді бастап ол кенет алға ұмтылды,
Жау қолынан атылды сұм оқ қандай...
Таулы өңір тыныш ұйқыға батар,
Басылып соғыс күркірі.
Таңдарын күтер жарқырап атар,
Даланың тірі бір гүлі».
Бұл 1944 жылы майдандық «Патриот Родины» газетінде «Даланың тірі бір гүлі» деген тақырыппен жарияланған жауынгер ақын Михаил Левченконың өлеңі. Кейіннен ол майдан жолдарын топтастырғанда, бұл өлеңді де жинағына енгізген. Ақын бұл жырды фашистердің екі танкісін жойған комсомол қыз Алтыншаш Нұрғожиноваға арнап жазған.
Өлең авторы соғыстан кейінгі өмірінде он шақты жыр кітапты жазған. Бұл күнде Одесса университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы, профессор. Алтыншаштың есімін алғаш «Майдан дәптері» атты жинақтан кездейсоқ ұшырастырған белгілі ақын Бақытжан Қанапиянов болатын.
Көп ұзамай Бақытжан Михаил Александровичтен төмендегідей хат алады.
«Менің өлеңім Алтыншаш Нұрғожинованың өзім көзбен көріп, куәсі болған ересен ерлігінің ізі суымай жатып жазылған еді. Мәселе былай болған. Ол кезде мен «Патриот Родины» газетінің қатардағы қызметкері едім. Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Катовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға!» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Әлгі қыз әй-шайға қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзі де мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Ол осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова екен. Өлгеннен кейін оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды”, – дейді.
Қорыта айтар болсақ, кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан әрбір жауынгер қазақ қызын нағыз батыр деп бағалауға болады. Өйткені өз тілегімен жас жанын қиып, өлімге бас тігу тек өз Отанын шынайы сүюден туады. Жастардың жүрегіне жауынгер қыздардың ерлік істері терең ұялап, олардың рухына бас иіп, тағзым етулері керек. Міне, сол қасиетті де киелі орын – Қазақстан әйелдерінің ерлік істерінің шежіресі – ескерткіш – мемориал болуы керек.
Оның алдында жастарды, барлық келушілерді Әлия мен Мәншүктің, Хиуаз бен Алтыншаштың, Дәмелі мен Иісжанның, Майра, Мәриям, Рахиляның, Баян мен Мархабаның, Шағила мен Зураның т.с.с. қазақ қыздарының асқақ бейнелері қарсы алып тұрса дейміз. Өйткені Ұлы Отан соғысының белгілі және белгісіз қаһармандары – замандастары мен ұрпақтар алдында өзінің алып тұлғасымен асқақ көрінеді. Қазақ әйелдерінің сәулетті болашақ үшін күресте көрсеткен ерлігі мен еңбекте қосқан сүбелі үлесі кейінгі ұрпақтарға тамаша үлгі болып қалуы тиіс.
Әлия мен Мәншүк, Хиуаз сияқты қаһарман қазақ қыздарының қатарын Алтыншаш толықтыра түссе, нұр үстіне нұр емес пе?!
Тілеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымының докторы,
академик, профессор