Patriot-tulga.kz
Мақсатымыз – қобызды
насихаттау!
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрі – қазақ музыка өнерінің мақтанышы. 87 жылдан бері халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан оркестрдің құрамында еліміздің мәдениет және өнер қайраткерлерінің үлкен шоғыры қызмет етті. Ондағы музыканттардың әрқайсысы оркестрдің бір-бір тұлғасы. Бүгінгі ұжымның сондай мақтан тұтар жастарының бірі, оркестрдің бірінші қобыз тобының жетекшісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Зайрагүл Сүйекенова. Журналымыздың осы санында Қорқыт баба ізін жалғаған дарынды музыкант жайында әңгіме қозғалады.
Зайрагүл Жақсылыққызы 1993 жылы 29 қазанда Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Қурайлысай ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты өзінің туған ауылындағы «Талап» жалпы білім беретін мектебінде оқыған. Ал орта білімді Орал қаласындағы №41 мектеп-лицейінде алып шығады.
Зайрагүл мектепте оқып жүрген кезінде музыкаға аңсары ауады. Ол жайында өзі былай деп еске алады: «Бала кезімде негізі скрипкаға қызығатынмын. Теледидардан, радиодан скрипканың үнін сүйсіне тыңдайтын едім. Жаныма сондай жағып тұратын. Бірде 9-сыныпта оқып жүрген кезімде, мектептегі кезекшілік кезінде дәлізде скрипканың үніне ұқсас әуен естілді. Сол әуенге қарай жақындап келгенімде мүлдем басқа аспап екенін көрдім. Ойнап отырған қыздан «бұл қандай скрипка?» деп қызыға сұрастырып жатқанымда музыка пәнінің мұғалімі Сырға Базарғалиқызы келіп, қобыз аспабы жайлы тамаша әңгімелеп берді. Ол кісінің мені қызықтырғаны соншалық, сол күні қобызда ойнаймын деген шешіммен үйге қайттым.
Бір жыл қобыз аспабының үйірмесіне қатыстым. 2009 жылы 9-сыныпты бітіріп, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне түстім. Сонда Мұзапбарова Қалия Шәмшіқызының сыныбына қабылдандым», – дейді музыкант. Таудай талабы мен еңбегінің арқасында Зайрагүл Жақсылыққызы колледжді үздік бітіріп, музыкалық білімін ары қарай жетілдірмек болып Алматыға атбасын бұрады. Үздіксіз дайындық оң нәтижесін берді. “Талапты жас 2013 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концертмейстері, өнертану ғылымдарының магистрі Әсел Рақымжанның класына оқуға қабылданды.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, бүгінде Зайрагүл Жақсылыққызы ұстазы Әсел Рақымжанмен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптары оркестрінде бірге қызмет етіп келеді.
Зайрагүл Жақсылыққызынан «Қазақ музыка тарихында өзіндік орны бар Құрманғазы оркестріне қалай келдіңіз?» деп сұрағанымда ол әңгімені әріден бастады. «Ұлы оркестрде қызмет ету колледжге түскен кезімнен үлкен арманым болатын. Теледидардан Құрманғазы оркестрінің концерті берілсе қозғалмай отырып көретінмін. Кейін Алматыға келіп, консерваторияға түскеннен кейін Құрманғазы оркестрінің қандай концерті болсын қалдырмай бара беретін болдым.
Ең бірінші барғаным әлі есімде. Қазақ ұлттық өнерінің профессионалды бастау алуының негізін қалаған, қазақ музыкасының мәртебесін көтеріп, әлемдік деңгейге шығарған ұлы тұлғалар қызмет еткен ұжымды көзбе-көз көру, жандарында бірге жүру, тіпті сол ғимаратқа жақындап кірудің өзі мені үлкен тебіреніске, ерекше сезімге бөлейтін. Осы үлкен арманым консерваторияның 4-курсына келгенде жүзеге асты. Жазғы демалыста Оралдағы үйіме бармай, жаз бойы оркестрге тыңдалуға (прослушивание) дайындалдым. Еңбегім ақталып, сол кездегі оркестрдің бас дирижеры Арман Жүдебаев пен оркестр директоры Нұрғиса Дәуешов тыңдап көріп, жақсы бағасын беріп, Құрманғазы оркестріне 1-ші қобыз тобына қызметке алды.
Қуанышымда шек болмады. Бала күнгі арманым орындалғанына қатты қуандым. Сондықтан армандап қана қоймай, сол арманыңа жетуге ұмтылу керек екен», – дейді Зайрагүл Жақсылыққызы.
Қазақта қобыз десе бірден төл аспабымыз, күйдің аспабы Қорқыттың қобызы еске түседі. Ол қазіргі тілмен айтқанда қыл қобыз аталып жүр. Қыл қобыз әрине, өзіміздің дәстүрлі аспабымыз.
Жалпы прима қобыз бүгінде тек оркестрлік аспап қана емес, өз басына жеке аспап ретінде де уақыт өткен сайын мойындалып келеді. Қуаныштысы, бүгінде ұлттық аспаптарымызды насихаттап, қалыптасып қалған дәстүрлі қырынан ғана танытып қоймай, жаңаша қырларын ашып, қоғамның талғамына, заманға сай лайықтап, әр ұлттың әуенін, тіпті әр музыкалық жанрды еркін ойнап қазіргі дәуірдің ауқымды құралы әлеуметтік желілер, телевидение, әлемдік музыкалық платформаларға шығарып жүрген әріптестеріміз көбеюде.
Қобыз оркестр саласында квинтет бойынша бес түрге бөлінеді. Соның бірі прима қобыздың тарихы оркестрдің тарихынан басталады. Прима қобыз – музыкалық кеңістіктегі өте жас аспап. Жалпы қобыз бүгінде оркестрлік аспап саналады. Қуаныштысы бүгінде ұлттық аспаптарымыз эстрадалық мүмкіндіктер арқылы көпшілікке жаңаша қырынан ұсынылуда. Бұл жөнінде әркім әртүрлі пікір айтуға қақылы. Ал Зайрагүл Жақсылыққызы бұны ұлттық өнерді насихаттаудағы елеулі қадам деп есептейді. «Ұлттық музыканың тыңдарманы – қазақ ұлты барда ұлттық аспап жоғалмасы анық. Тек ұлттық музыкаға лайықты насихат қажет», – дейді ол.
Қорқыт атадан мұра болып қалған көне қыл қобыз аспабы бүгінде көптеген ұлттық оркестрлердің ортасынан ойып тұрып өзінің заңды орнын алған. Қазақ музыкасын кәсіби деңгейге шығарған академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов оркестрдің орындаушылық мүмкіншілігін арттыру мақсатында қыл қобызды реконструкциялап үш ішекті прима қобызды өмірге әкелді. Кейін Шамғон Қажығалиевтің жетілдіруімен төртінші ішек қосылып, қазіргі прима қобыз аспабы пайда болды. Прима қобыз музыкалық кеңістіктегі өте жас аспап. Соған қарамастан қызығушылық жыл санап артып келеді. Қобызшылар қатары ұлғаюда.
Ұлттық музыканың насихаты жайлы ой қозғағанымызда Зайрагүл Жақсылыққызы былай дейді: «Қазіргі таңда халықтың ұлттық музыкаға қызығушылығы жоғары. Жұмыс барысында бейтаныс адамдармен сөйлесе қалсақ Құрманғазы оркестрінің әртісі екенімді білгенде «концерттеріңіз қашан болады?» деп үнемі қызығушылықпен сұрап жатады. Халық концертке көптеп келеді. Тек елімізде ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де тыңдарманымыз гастрольдік сапарларымызды ерекше ықыласпен күтіп, өнерімізді жоғары бағалайды. Бірінші қағысынан-ақ тыңдарманды баурап алып, қазақ ұлтының мінезін, болмысын, рухын, ұлы даланың шексіз кеңдігін, таулы бөктерін, салқын самалын, ұяңдығын, дархандығын бұлжытпай айқын сипаттайтын дәстүрлі күйіміз бен әнімізді өзге ел адамы естігенде осының бәрін сезінгендей, арқасы қозып, тіпті орындарынан тұрып қошемет білдіріп жатады», – дейді музыкант.
Осы арада мемлекет тарапынан ұлттық өнерге айтарлықтай қамқорлық жасалып отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Домбыра күні» белгіленілгені қандай игі іс. Әрі мектеп бағдарламасына домбыра аспабын үйрену енгізілді. Бұл да жас буынның мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап ұлт руханиятын игеруге құлшынысын арттыра түсетіні анық.
«Қазіргі жаһандану кезеңінде бірегейлікті сақтап қалудың негізі «Ұлттық мәдениет» екендігі анық. Біз мәдениетіміз арқылы болашаққа бағдар жасаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады» дегеніндей, біз бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін, болашақ ұрпаққа өнерді, тәрбиені, патриоттық сезімді дұрыс жеткізіп, мәдени құндылықтарды сақтаудың жолдарын негіздеуіміз қажет. Осы орайда Құрманғазы оркестрі ұжымы оркестріміздің директоры ҚР мәдениет саласының үздігі Қуанышев Медет Ермекқалиұлының бастауымен өткен жылы балаларға арналған үйірме жұмыстарын бастаған болатын», – дейді Зайрагүл Жақсылыққызы..
Шығармашылық адам ізденісін тоқтатқан жерден тоқырау басталады. Сондықтан Зайрагүл өткен жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Дәстүрлі музыка өнері» факультетінде прима қобыз аспабы бойынша ҚР Халық әртісі, профессор, «Парасат» орденінің иегері Ғалия Әбіл-Әкімқызы Молдакәрімованың класында магистратурада білім алуда. Теория мен тәжірибе ұштастырылып, жаңа биіктерге жол ашуда.
2020 жылы коронавирус індеті көптеген қиындықтар туғызғаны аян. Ал өз ісінің майталмандары мұндайда да қол қусырып қарап отырмайды. Зайрагүл Жақсылыққызы да өзіне тән белсенділікпен түрлі онлайн байқауларға, концерттерге қатысып отырды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Біз біргеміз» онлайн концертіне қатысып, өнерін паш етті. Талантының арқасында жұртқа жақсы көңіл-күй сыйлады, талайға рух берді.
Әрі ең қызығы қобызшы қыз шығармашылық ізденісін тоқтатпай, қазақ музыкасын, оның ішінде прима қобызды насихаттау мақсатында Ресейдің Мәскеу, Болгарияның Велико-Тырново, Түркияның Анкара қалаларында өткен онлайн конкурстарға қатысып, бірқатарында лауреат атанды. Осылардың ішіндегі ең ерекшесі Ресейдегі онлайн конкурсқа қатысқаны болды. Осында Ресей Федерациясының халық артисі Александр Андреевич Цыганков Зайрагүл Жақсылыққызының өнеріне өте жоғары баға берді.
Испанияда өткен «World Art Games», АҚШ-тың Техас штатында «ARTIVITIES WINTER SEASON IN 2021» халықаралық конкурстардан 1-орын иеленсе, Германияның Мюнхен қаласында «Fröhlichen valentinstag 2021», Канада-Украина «TORONTO 2021», Швециядағы «Stockholm förenar talang 2021» байқауларынан Гран при жеңіп алды.
Зайрагүл Жақсылыққызы барлық әріптестеріне құрметпен қарайды. «Қай аспапта ойнамасын әрбір музыканттың өзіне тән ойнау стилі, шығарманы тыңдаушыға жеткізу мәнері болады. Кез келген орындаушыдан өзімізге керегін алып, жақсы жағын үлгі тұтуға болады. Мен Қазақстандағы әр қобызшының шығармашылығын құрметтеп, жаныма жақын көрем. Әрине, ерекше атап өтерім осы аспапты өмірлерінің мәні еткен ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор Меруерт Кәленбаева, ҚР Халық әртісі, профессор, «Парасат» орденінің иегері ұстазым Ғалия Молдакәрімова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор Ғайни Болтаева сынды аға буын ұстаздарым. Әрі соңғы сегіз жылға жуық уақыттан бері жанымда жүрген ұстазым, әріптесім, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы оркестрінің 1-қобыз тобының концертмейстері, өнертану ғылымдарының магистрі Әсел Рақымжанның шығармашылығын ерекше бағалаймын», – дейді музыкант ұстаздары жайлы толғана.
“Алдымызда қобызды әлемдік деңгейде таныту міндеті тұр. Техникалық қиындықтарына қарамастан мүмкіндігі өте мол аспап. Оркестрдегі прима қобызшылар әлемдік деңгейдегі классикалық шығармалардағы скрипканың партиясын өз деңгейінде орындап жүр. Жеке орындаушы ретінде де емтихан, конкурс, концерттерде де әлемдік деңгейдегі күрделі формадағы классикалық шығармаларды ойнаймыз. Мысал ретінде, скрипкада нотаны саусақпен грифке басып ойнаса, қобызда тырнақтың етімен ойнаймыз. Скрипканың ысқышын пайдаланғанымызбен аспапты ұстау әдісінің өзгешелігінен сапалы дыбыс шығаруында, әртүрлі штрихтарды орындау барысында біраз кедергілер тудырады. Яғни прима қобыз аспабы скрипкадан әлдеқайда қиын аспап. Соған қарамастан скрипкаға жазылған күрделі шығармаларды, небір концерттерді ойнап жатқанда қазіргі қобызшы мамандардың деңгейі өте жоғары екенін көреміз.
Зайрагүл Жақсылыққызы таяуда қобыз аспабын насихаттау мақсатында оркестр құрамындағы әртістерден жаңа «Qobyz Quartet» жобасын дүниеге келтірді. Аты айтып тұрғандай ішекті аспаптар негізіндегі қобызшылардан құралған квартет. Құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, оркестрдің альт қобызшылар тобының концертмейстері Ритта Уразгалиева, халықаралық конкурстардың лауреаты Жансая Уалиева, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, оркестрдің 1-қобыз тобының концертмейстері Әсел Рақымжан бар. Квартет ішекті аспаптар тобына жазылған Қазақ композиторларының тамаша шығармаларын орындап жүр.
Қобызшылар үшін дәстүрлі халық музыкасынан бөлек қазақ композиторларының шығармаларының өзі бір төбе. Камералық музыка жанрында жазылған қазақ композиторларының шығармаларын ғұмыры ғасырға толып үлгермеген прима қобыз, альт қобыз аспабында орындаудың өзі бір жаңалық. Ғазиза Жұбанова, Қуат Шілдебаев, Артық Тоқсанбаев, Арман Жайым сынды композиторларымыздың шығармалары ішекті квартет, квинтеттерде кеңінен ойналынып жүр. Алайда қазақ музыкасының камералық музыка жанрында ұлттық аспаптармен орындау кездесе бермейді. Жеке орындаушы немесе оркестр әртісі ретінде аспапта орындау бөлек, ал квартеттік музыканы ойнау бұл орындаушылықтың мүлдем басқа қыры.
Әрқайсысының өз орыны бар төрт дауыстың үйлесімділігі, интонацияның өзі бөлек, бір-біріңді тыңдап, бір адамдай сонымен қатар өз партияңды тең дәрежеде жүргізе білу керек. Оқу орындарында аспапты орындаушылық бөлімдерде камералық класс деген арнайы сабақ өтеді. Біздерде дәстүрлі музыка өнерінде әзірге ондай пән жоқ, тек ансамбль, оркестр ғана бар. Сол себептен де камералық музыканы ойнау бізге сәл қиындау келетіні рас. Оның бәрі уақыт өте тәжірибемен келеді. Алға қойған мақсат бар, жоспарлар да жәймен орындалып жатыр. Прима қобыз аспабын барынша дәріптеу, насихаттау біздің мақсатымыз, борышымыз», – дейді Зайрагүл Жақсылыққызы.
Зайрагүл Жақсылыққызының репертуарында классикалық шығармалардан басқа Құрманғазы, Дәулеткерей, Динаның күйлері бар. Бұл жөнінде музыкант: «ата-бабаларымыздан мирас болған домбыра, қыл қобыз күйлерін де осы прима қобыз аспабына лайықтап, ойналып жүр. «Күй кеші» атты онлайн концертімде прима қобызға лайықталған домбыра күйлерін ойнаған болатынмын. Одан бөлек әрине, колледж, консерватория қабырғасында мамандықтан жанжақты болу үшін шетел композиторларының күрделі формадағы, виртуозды шығармаларын ойнаймыз міндетті түрде. Және де ең бастысы, қазақ композиторларының шығармалары біздің репертуардың негізі», – дейді.
Бүгінгі таңда ұлттық музыканың тыңдарманы біртіндеп көбейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тынбай жалғасуы қажет. Зайрагүл Жақсылыққызы музыканы танымал етудің бір тиімді тәсілі кинофильмдерге арналған «саундтректер» дейді. Міне, осы тәсілді ұлттық музыка насихатына пайдалануды жөн санайды маман.
«Классикалық және дәстүрлі музыка концертінде орындалатын шығармаларды көп жағдайда арнайы мамандар болмаса, жалпы көпшілік түсіне бермейді, сондықтан ұлттық музыканы жаңағыдай саундтректер арқылы насихаттаса, жастардың қызығушылығы артар еді» деген ой айтады маман. Бұл тұрғыдан ұлттық музыканың насихатына жанашырлық танытқан оркестрдің бас дирижеры, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепбергеновтің тыңдарманның талғамын, ұлттық музыкаға қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар жасап, жалпыға бірдей қызықты жобаларды сәтті атқарып жүргендігін мысал етеді.
Зайрагүл гастрольдік сапармен Болгария, Қытай, Франция, Испания, Ресей, Өзбекстан елдерінде болды. Қай жерде болсын Құрманғазы оркестрінің әрбір концерті жоғары деңгейде өтетінін көпшілігіміз жақсы білеміз. Әсіресе шетелдік қандастарымыз ұлттық концертті ерекше сағынышпен күтеді. Біздің сайын даланың музыкасы шетелдіктерді тамсандырып, қайталанбас әсер сыйлап, ерекше күйге бөлейтіндігін музыкант та сөз арасында айтып өтті. «2017 жылы Франция астанасы Парижде ЮНЕСКО аясында өткен концерт, 2018 жылы Испания астанасы Мадридте өткен «Ұлы дала әуендері» атты концерт үлкен табысқа ие болды. Әсіресе 2019 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Геликон-Опера» және Санкт-Петербургтегі Михаилов театрында оркестрдің 85 жылдығына арналған концерттер көрерменнің ерекше ыстық қошеметіне бөленді», – дейді ұлт өнерін ұлықтаған музыкант.
Ұлтымыздың інжу-маржанына айналған Құрманғазы оркестрінің талантты қобызшысы Зайрагүл Жақсылыққызы ұлт өнеріне талай жаңалық әкеледі деген үміттеміз. Іске сәт, өнер тарланы!
Раушан
КАРШАЛОВА,
«Патриот тұлға».