top of page
Нұрағаңның шәкірті

Нұрағаңның шәкірті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік
филармониясы концерт бөлімінің жетекшісі
Бірлік Құралұлы Орынбаевпен сұхбат

– Бірлік Құралұлы, бүгінде Сіз ұлттық филармонияның көрнекті тұлғаларының бірісіз. Өнерге қалай келдіңіз? Музыкант болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Музыкант болу бала күнгі арманым емес, тағдырдың маған жазған сыйы десем болар. Ойламаған жер­ден небәрі 4 жасымда музыка ма­ман­дарының талғамынан шы­ғып, осы салаға келуіме себепкер болған сы­ңайлы. Әңгімені әріден бас­­тай­ық... Менің туған жерім Жамбыл об­лы­­­сының Шу өңірі. Жасым шама­сы екі-үшке келгенде әкемді партия­лық тапсырмамен қазақтың қаһарман батыры туған жер Жамбыл облысы­­ның Жуалы ауда­нына қа­расты Бурный стансасына қыз­мет­ке ауыстырыпты. Сол жерде тұ­рып жатқан кезі­міз­де . бір күні біздің балабақшаға А. Жұбанов атындағы музыка мекте­бінің мұғалімдері келіп, біздерге ән салдыртып, би билетті. Ол кез­де мен төрт жаста едім. Топтан мені және тағы бір баланы таң­да­ды. Тәрбиешілерім ата-анама қуанышты хабарды жет­кізгені сол-ақ екен, олар естері шығып кетті. Әжем: «Алматы деген – жердің түбі. Көзімнің ағы мен қарасындай болған тұңғышымды жібермеймін. Бар­мақ­тай баланы Алматыға жіберіп өлтіре алмай жүрсіңдер ме?» –деп ашуланып ата-анама ұрсып тас­тады. Үлкен кісі айтқасын, қайдан қарсы келсін. Жұбанов мектебінің ұс­таздары «әттең» деп ұнжырғасы тү­сіп келген беттеріне қайтты.

Мен 1-сыныпты бітірген кезде әкемді жұмыс бабымен Алматыға ауыстыратын болып шешіпті. Көп ке­шікпей республикамыздың астанасына жол тарттық. Жасыл желекке оранған апортты Алматымыз көрген жанды тамсандырмай қой­майтын еді ғой. Қала өте ұнады. Мек­тепке баратын кезде ата-анам «орысша мектепке берейік» деп шеш­ті. Сабағымды 4-5-ке оқып келгем. Бірақ бір ауыз сөз орысша білмеймін. Десе де орыс мектебіне бардым. Бар ынта-жігерімнің арқасында бір жылда орысшам судай болды ғой.

3-сыныпқа баратын кезде ата-анам К.Байсейітова атындағы музыка мек­тебіне алып барды. Мұғалімдер музыкалық қабілетімді байқап көріп, мектепке қабылдады. Мені үрмелі аспаптар класына бөлді. Онда ойнау үшін демің мықты болуы керек екен. Мен болсам нәзік әрі кішкентай едім. Суық тиіп жиі ауырып қалатынмын. Бірақ үрмелі аспапта ойнау шынымен де маған оңай болған жоқ. Бірақ сабақ өте ұнайтын. Жағдайыма қарап ата-анам мені қайтадан жай мек­­­тепке ауыстырды. 7-сыныпқа бар­ғанда анамның сіңлісі –нағашы әпкем қарындасым екеумізге пианино алып берді. Қарындасым клавишын біраз басқасын, көңілі суып, жоламай кетті. Ал маған ұнайды.

Естіген мелодияларды ойнай бас­тадым. Нотадан еш хабарым жоқ. Бірақ қызығушылық басым. Содан менің пианинодан айналшықтап шықпай жүргенімді көрген анам: «мына баладан бірдеңе шығатын секілді. Слухы бар. Мұны музыка мектебіне берейік», – деді әкеме. Әкем қарсы болған жоқ. Содан 8-сыныпты бітіргесін,1980 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищесінің ұрмалы аспаптар бөліміне түстім. Ұстазым Пернебек Хасенов болатын.

Төрт жылда өте көп нәрсе үйрен­дік. Музыкалық біліммен қатар ұс­таз­дарымыз адамгершілік сабағын берді. Өз басым ұстаздарыма әлі күн­ге дейін басымды иіп, алғысымды білдіремін.

Училищеде соңғы курста оқып жүр­­ген кезімізде «Адырна» фольк­лорлы-этнографиялық ансамблі ашы­­лайын деп жатыр дегенді ес­тідік. Құлағымыз елеңдеп жүрген ке­зі­міз. Бір күні белгілі дирижер, дом­бырашы Сейілхан Құсайынов келіп: «Адырна» ансамблін ашқалы жатырмын, келіңдер», – деп ұсыныс тастады. Қанша қызықсам да, ары қарай жоғары білім алу, үлкен мақ­саттарға ұмтылған арманым бар еді, содан ұсыныстан бас тарттым.

Сол арманның ізімен жақсылап дайындалып, консерваторияның ұр­­малы аспаптар бөліміне түстім. Бөлім меңгерушісі Мұхтар Жамашұлы Өтеуов екен. Мұхтар Жамашұлы: «Балам, енді сен менде оқисың. Музыка деген керемет нәр­се. Оған өзің ақырындап көз жеткізе бересің. Ең бастысы, еңбектену ке­рек», – деді. Консерваториядағы сүйікті ұстазым Мұхтар аға менің өнер­дегі ғана емес, өмірдегі ұстазы­ма айналды. Ол кісімен талай жыл бірге қызметтес болдым. Өмір бойы ол кісіден үйренгенім аз емес. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген осы болар.

–«Отырар сазында» Нұрағаңның қарамағында көп жылдар еңбек еттіңіз, сол сәттерден бірер ес­телік айтып өтсеңіз...

– Консерваторияның 3-курсында оқып жүрген кезімде Н.Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестріне келдім. Ол кісі мені тыңдап көрді де: «үш ай күнде келіп үйренесің, сосын белгілі болады», – деді. Мен еш ақысыз-пұлсыз екі ай келіп үйреніп жүрдім. Үшінші ай басталғанда Нұрғиса Атабайұлы үрмелі аспапта ой­найтындарға естіртіп: «бұның бір нәрсесі бар, арыз жаз, оркестрге аламын», – деді.

Сөйтіп үшінші курста республика­ға аты шыққан «Отырар сазының» му­зыканты болып шыға келдім. Бас­тапқы кезде ұлттық нақыштағы сыл­дырмақ, тоқылдақ, асатаяқ, қо­ңырау сияқты түрлі аспаптарда же­ңіл­деу партияларды ойнап жүрдім. Студент кезімде гастрольдерге шыға алмадым, тек Алматыдағы концерт­терге қатысып жүрдім. Оқуымды бітіргесін Нұрағаңның қасында табаны күректей 24 жыл еңбек еттім. Ол кез – мен үшін тарихи кезеңдер.

Нұрағаңның өзі тұнып тұрған талант әрі табиғаты өзгеше ғажап адам еді. Қазақстанның қай қиыры­на барсақ та қасиетті жерлеріне, мав­золейлерге, ұлы тұлғалардың зират­тарының басына барып зиярат етіп, құран бағыштаушы едік. Нұрағаң сон­да айтатын: «мұндай жерге арнайылап өздерің келе бермейсіңдер. Бұлар халқымыздың ұлы тұлғалары. Құран бағыштап қайтайық. Өнер адам­дары ел руханиятынан хабардар болуы керек» деп.

Бір жолы Оңтүстік Қазақстан об­лы­­сының Созақ ауданына барған кезімізде Төлеген Момбековтің үйіне атбасын бұрдық. Нұраға бізді үй иесімен таныстырып жатып: «Бұл кісінің «Салтанат» деген жақсы күйі бар, соны ойнап берсеңіз, Төке», – деді. Бәріміз Төлеген ағаның на­қышына келтіре орындаған күйін сүйсіне тыңдадық. Сол бір қонақтық өте керемет болып еді, әлі күнге дәл кешегідей есімде.

Гастрольге барған сапарларымыз­да біздерді партия хатшылары алып жүретін. Нұрағаңа ерекше құрмет көрсетіп, көңілін аулауға тырысатын. Ол кісі: «маған дастарқанның керегі жоқ, балаларыма дұрыс тамақ беріңдер. Мен барып тексерем», – дейтін. Содан біз тамақтанып жатқан кезде Нұрағаң келіп, бәрін өз көзімен көріп, тексеріп кететін. Оркестр музыканттары өзімізді Нұрағаңның баласындай сезінетінбіз. Ол кісі өте талапшыл әрі әділ еді. Бүгінде аға­ның ізін қызы Дінзухра жалғастырып келеді. Ағамыздың көзіндей болған Дінзухра қарындасымызға да ризамыз.

Нұраға оркестрге қазақтың ұмыт болған көптеген көне аспаптарын енгізді. Бізге ол кісі: «ұрмалы аспап­тар – оркестрдің жүрегі. Жүрегі тоқ­тап қалса, аспаптар шашырап кетеді», – дейтін.

– Дауылпаз тек қазақта ғана емес, көптеген түркі халықта­рын­да да бар. Қазақтың дауылпазы басқа халықтардың дауылпазы­нан несімен ерекшеленеді?

– Қазақ халқының ұрмалы аспаптары басқа ұлттың ұрмалы аспаптарынан жасалу технологиясына байланысты ерекшеленеді. Қазақтар да­уылпазды теріден, ағаштан, тағы басқа да көптеген табиғи заттардан жасаған.

Дауылпаз ертеректе аңға барған­да аңдарды үркіту үшін қолданыл­ған. Сондай-ақ уақыт өте келе жау­ларды қорқыту үшін жан-жақтан да­был ұратын болған. Ондағы мақсат – ар жақтағы адамдарды көп әскер келе жатыр деп шошыту. Да­­былды үрейлендіру үшін ұрған. Әскерде ал­дымен жауды морал­дық тұрғыдан әлсірету болса, екіншіден күшпен жаншу басты назарға алынған ертеректе.
– Дауылпазды бүгінде тыңдар­ман қалай қабылдайды?

– Өте жақсы қабылдайды. Қазір­гі заманда ұрмалы аспаптар өте көп: ксилофон, литавра, бара­бан­дық қондырғы, тоқылдақ, қоңырау, сыл­­дырмақ, асатаяқ...Жастары­мыз­дың өзі осы музыкалық аспаптарды эстараданың сүйемелдеуімен же­тіл­діріп, тыңдарманға ұсынып жүр. Бұл да көне мұраларымызды жаң­ғыртудың бір жаңаша тәсілі деп ойлаймын.

– Бұл аспапты шебер меңгерген маман ретінде қазіргі кездегі мықты дауылпазшылар деп кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

– Мұхтар Өтеуов, Бейбіт Шотаңбаев, Ақылжан Күлметов, Жанғали Егешов, Қайрат Аманов, Әлішер Өтеуов, Бекбай Сағым­беков, Қайрат Байкөбесов, Жекенше Телғожаев, Күзембай Бектаев, марқұм болып кеткен Қайрат Әб­ді­к­әрімов, т.б. көптеген мықты му­зы­канттар бар. Осы тізімнің ал­дың­ғы қатарында тұрған Мұхтар Жамашұлы Өтеуов Құрманғазы атын­­­­дағы ұлттық консерваторияның профессоры, ол кісі өте көп талант­тардың көзін ашты, көп шәкірт тәр­­биеледі. Бірінші кезекте осы ұс­тазым­мен мақтанамын!

– Ұлттық өнерімізге мемлекеттік қолдау өз дәрежесінде көрсетіліп келеді деп ойлайсыз ба?

– Ұлттық музыкаға мемлекет тара­­пынан соңғы жылдарда жақ­сы көңіл бөлініп келеді. Бір-екі жыл­дың көлемінде «Домбыра күні» бел­­гіленді. Домбыраның насихатталу мүмкіндігі кеңейді. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында көптеген шаралар жүзеге асты. Шетелдерге ұлттық музыка өкілдері барып, тамаша концерттер қойып қайтты. Бұл игі шара әлі де жалғаса береді деген ойдамын.

– Бүгінде Сіз Жамбыл атын­дағы қазақ мемлекеттік филармониясында Концерт бөлімінің жетекшісі қызметіндесіз. Шығар­машылықтан қол үзіп қалған жоқсыз ба?

– «Сабақты ине – сәтімен» де­ген­дей, әр нәрсе өз уақытында бол­ғаны жақсы ғой. Бүгінде шығар­ма­шылықтан гөрі жастарға ақыл-кеңес айтып, соларға жол нұсқаушы болған жөн бе деймін. Біздің орнымызды жастар басып келеді. Мен қазіргі шаруам – концерт ұйым­дас­тыру. Концертке адамдарды тарту. Өнерді насихаттау. Орта білім орындарымен қоса жоғары білім беру мекемелерінің жастарына арнап концерт ұйымдастыру. Жас­­тарға эстетикалық тәрбие беру. Музыкаға баулу. Бұл жұмыс та мен үшін өте маңызды. Өзіме қай кез­де болсын айналысқан жұмысым ұнайды. Бәрі де шығармашылық ортаның ортасында болғандықтан да шығар.

– Сіздің ойыңызша, тұлға деген кім?

– Елімізде ұлттық тұлғалар өте көп. Олар өмірдің әр саласында. Мен өз салам туралы айтар болсам, оркестерде жұмыс жасайтын әр музыкантты да тұлға деп айтуға болады. Кезінде Нұрғиса Атабайұлы айтатын: «Бізге сендердің бәрің бір-бір тұлғасыңдар. Сендер ұлттық өнерді насихаттап, ұлтына қызмет етіп жүрген өнер тұлғасысыңдар», – деп.

– Бірлік Құралұлы, тұщымды әңгімеңізге көп рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан
Талап ҚАРАШ, «Тұлға»



bottom of page