top of page
Қорқыт Сарынынан - әлемдік классикаға

Қорқыт Сарынынан - әлемдік классикаға

Аспап пен тұлға туралы әңгіме қозғайық. Бүгінде қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының бірі қобыз аспабы қалай насихатталып жүр? Оның келешегі қаншалықты? Жастардың қобызға көзқарасы қандай? Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық академиялық халық аспаптары оркестрінің әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының оқытушысы, Өнертану ғылымдарының магистрі Рақымжан Әселмен сұхбат осындай өткір сұрақтарға жауап іздейді. Тілші сұхбаты осы аспаптың бүгіні мен келешегі туралы ой өрбітеді.

– Әсел Амалбекқызы, Сіз оқытушылықпен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық академиялық халық аспаптары оркестрінің қобызшылар тобының концертмейстері әрі солисісіз. Халықаралық және Республикалық конкурстардың сан мәрте лауреаты болғандығыңызды білеміз. Қобыз аспабын таңдауыңыздың сыры неде?
– Біріншіден, қобыз аспабы – қазақ халқының ұлттық құндылығы, қобыз сарынынан ғасырлар үнін, қазақтың қилы, көне тарихын естуге болады; екіншіден, бұл аспапта ойнау өте күрделі, қолға ала салып жеңіл ойнап кетуге келмейді, сонысымен ерекше; үшіншіден, Қорқыттың сарындарынан бастап, әлемдік классикалық шығармаларды орындауға жететін мүмкіндігі бұл аспаптың болашағының зор екендігін көрсетеді. Менің бұл аспапты таңдауымның – сыры осы. Осы орайда, ұстаздарым ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Каленбаева Меруерт Қабыкенқызына, қолыма алғаш қобыз ұстатып, қиын аспапты үйренуіме зор еңбек сіңірген алғашқы ұстазым Оразалиева Ғалия Абдуллақызына, көптеген конкурстарда лауреат атануыма жол ашқан ҚР Мәдениет қайраткері Теңізбаева Гүлмира апайға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Маған тәлім беріп, өнерде жол көрсетіп, мамандығым бойынша аяғымды нық басуыма бірден-бір себепкер болған осы ұлағатты ұстаздарымның арқасында қобыз өнері – сүйікті мамандығыма, өмірлік ісіме айналды.
– Сіз Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық академиялық халық аспаптары оркестрінің құрамында және жеке қобыз аспабымен де шет елдердің сахналарында көптеген концерттерде өнер көрсетіп жүрсіз. Шетел тыңдарманы қобызды қалай қабылдайды?
– Қобызға қызығушылық үлкен. Шетелдерде концерт кезінде бейнебаянға жазып алып, концерттен кейін суретке түсіріп, жылы лебіздерін білдіріп, аспап жайлы сұрап, дыбысының ерекшелігіне, тырнақ көбесімен ойнау әдісіне таңғалып, өздерінің ықыластарын білдіріп жатады.
– Қобыз үнінің ерекшелігін көрсетуде жеке орындауда орындаған дұрыс па әлде оркестрде әдемі шыға ма?
– Жақсы сұрақ, прима қобыз аспабының даму тарихының өзі оркестрдің тарихымен тығыз байланысты. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрі алғаш академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың басшылығымен құрылғанда, оркестрдің аспаптық құрамын кеңейту үшін қыл қобызды өңдеу арқылы бас қобыз, альт қобыз, прима қобыз, контрабас қобыз деген түрлері жасалған. Оркестрді көп жылдар бойы басқарған, кәсіби дирижер, КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиевтің осы прима қобыз аспабын жетілдіруде еңбегі зор болғанын атап айту керек. Прима қобыз – оркестрге арналып өңделген қобыз, қазіргі күнде өз алдына мектебі бар, жеке аспап ретінде қарқынды дамып келеді. Қобыз үнінің ерекшелігі жеке орындауда да, оркестрмен, ансамбльмен, фортепиано, домбыра кез-келген аспаппен сүйемелдеуде де әдемі шығады. Сызылтып шыққан әуені, сазды үні адамды ерекше баурап әкетеді.
– Бүгінде бұл аспапты меңгеруге жастардың ынтасы қалай?
– Қобызға ерекше қызығушылық байқалады. Тек өткен жылы ғана консерваторияға түскен талапкерлердің ішінде қобызшы мамандығына құжат тапсырғандар легі өте үлкен болды. Жылдан жылға қобызшылардың саны көбейіп келеді. Бұл өте қуанарлық жайт. Бұл аспапты меңгеруге жастардың ынтасы зор. Өте күрделі, қиын игерілетін аспап болса да, қобыз сыныптарында оқитын оқушылардың, студенттердің санының өсуі бұған айғақ.
– Қобызды қыздарға қарағанда ер адамдар ойнағаны дұрыс деп жатады, бұған қалай қарайсыз?
– Қызық сұрақ, негізі өз ойым ер адамдар қай салада болмасын, нәзік жандыларға қарағанда мүмкіндіктері зор. Олар еш алаңсыз сүйікті ісімен айналысып, кереметтей нәтиже көрсете алады. Қыл қобыз мектебінің негізін салып, өркендеуіне зор үлес қосқан, шебер орындаушыларды атап айтсақ, Жаппас Каламбаев, Дәулет Мықтыбаев, бүгінде қобыз өнерін дамытып, шәкірттер дайындап жүрген қобызшылар Базархан Қосбасаров, Әбдіманап Жұмабеков, Сматай Үмбетбаев, Сәрсенғали Жүзбаев, Әлқуат Қазақбаев, Саян Ақмолда және көптеген жас талантты орындаушылар Алмат Сайжан, Мақсат Медеубек, Дамир Абашев, Әділет Азбаев, Олжас Кұрманбек сұрағыңыздың негізсіз емесін растай түседі. Қыл қобызда ер адамдардың ойнауы дыбысына әсер етеді. Прима қобызшылардан прима қобыздың реконструкциясына өзінің үлесін қосқан Досымжан Тезекбаев керемет ұстаз болған.
Ал енді прима қобызға келсек, Гүлнафис Баязитова, Фатима Балғаева, Алмажан Шагирова, Қаншайым Құдабаева, Зере Бисембаева, Сопихан Идрисова, Раушан Нұрпейісова сынды тарихи тұлғалар қобыз өнерінің бастауында тұрса, Меруерт Каленбаева, Ғалия Молдакәрімова, Ғалия Уразалиева-Шілдебаева, Раушан Мұсақожаева, Гүлсара Ізтілеуова, Ғайни Болтаева, Роза Қойшиева, Тұрсынхан Қарақожаева, Жанар Ермағамбетова, Айнагүл Адилова сынды концертмейстер болған майталман қобызшылар, осы аспаптың биік дәрежеге жетуіне үлкен үлесін қосып, ұстаздық етіп, сан мыңдаған шәкірттер дайындаған, әлі де тәрбиелеп келеді.
Еңбек жолдарын ұстаздыққа арнаған прима қобызшылар: С.Нокин, А.Берікболов, Қ.Кагенова, Р.Бимендина, М.Сейтжанова, О.Қарашева, Н.Жанабаева, Ш.Рауандина, Л.Шуженова, Т.Кәрібаев, С.Құсайынова, Ш.Тналина, Б.Омарова, Г.Қожамқұлова, Ж.Нұрымбетова, Г.Теңізбаева, Г.Адилова, С.Пұсырманова, Н.Маштақова, М.Суюнтаева, Л.Ченемисова дарынды шәкірттер тәрбиелеп, қобыз аспабының өркендеуіне өлшеусіз үлестерін қосуда.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының, Қазақ Ұлттық өнер университетінің, К.Байсейітова, А.Жұбанов атындағы музыка мектептерінің, Республиканың әр қиырындағы музыка мектептерінің аттарын мақтанышпен айтарлық талантты түлектері бұл аспаптың болашағының зор екенін көрсетеді. Айталық, К.Мұсаева, Г.Қуанышбаева, Ә.Қалекешова, Э.Ахмедьярова, Ғ.Ғабдрахимова, Ә.Нүркенова, Г.Стамбек, Б.Ташимова, Л.Тәжібаева, Г.Саргизова, А.Аужанова, Ғ.Мұратова, Б.Жүнісова, С.Мурзагалиева, М.Сайланбек, А.Қожабаева, Ш.Балтина, А.Бейсенғұлова, А.Қабдымананова, А.Темір, А.Аяпова, З.Сүйекенова, А.Еркебуланова, Г.Атошева, Ф.Амантаева және басқалар қобыз аспабын жаңа биіктерге көтереді деп ойлаймын.
– Қобыз бен скрипканың айырмашылығы неде?
– Қобыз да, скрипка да ысқышты аспаптарға жатады. Зерттеушілердің болжамы бойынша түбі бір, екеуі де қобыздан шыққан деп те айтылады. Айырмашылықтарына келетін болсақ, прима қобызды тізеге қойып, скрипканы иыққа қойып ойнайды. Екінші айырмашылығы, скрипкада пернені және ішекті саусақтың жұмсақ етімен басып ойнаса, қобызда перне жоқ, ішекті тырнақтың көбесімен басып, ішектің үстінен емес жанынан ойнайды. Нотаны дәл басу, таза ойнау, үлкен дайындықты қажет етеді.
– Қобыз аспабының насихаты туралы не айтар едіңіз?
– Қобыз аспабының насихатына келсем, домбыра мен қобыз – қазақ халқының ұлттық мәдени құндылықтары, көне замандардан жалғасын тауып, дамып, өркендеп, әлемді таңғалдыруда. Қазір көретін, тыңдайтын, оқитын дүниелер өте көп. Соған қарамастан қобыз аспабын сүйіп тыңдайтындар бар. Баспасөздерде ұлтық аспабымыз ұлықталып, теледидардан жиі беріліп тұрса, халық тыңдап, жас ұрпақ, жас буын тыңдап, ұлттық құндылығымызға құрметі одан сайын артады деп ойлаймын.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен және қолдауымен «Тарихтан сыр», «Карантиндегі жұлдыз», «Пайдалы бос уақыт» жобалары арқылы онлайн түрде Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық академиялық халық аспаптар оркестрі, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның ұстаздары мен студенттері аспаптарды насихаттап, концерттер ұйымдастырылуда. Оркестр қобызшылары да жеке онлайн концерттерін беріп, қобыз аспабын насихаттауда жұмылып атсалысуда.
– Сіз елімізде және шетелдерде оркестрмен және жеке өнер көрсетіп, үнемі шығармашылық ізденіс үстіндесіз, жеке концерттер беріп, тыңдарман қауымды қуантып келесіз. Солардың қатарында «Қобыз сыры» атты жеке концертіңіз жұртшылықтың есінде. Сол концертіңіздің ерекшелігін айта кетіңізші?
– 2019 жылдың сәуір айында Құрманғазы оркестрімен «Кобыз сыры» атты жеке концертімді бердім. Онда қобыз аспабымен алғаш рет орындалған біраз шығармалар болды. Олар: С.Танеевтың скрипка мен оркестрге арналған концерттік сюитасынан «Тарантелла», Н.Хесстің «Күлгін көйлекті келіншек» шығармалары қобыз және халық аспаптар оркестрімен алғаш рет орындалды. П.Сарасатенің «Интродукция мен тарантелла» шығармасы, Құрманғазы оркестрімен алғаш рет орындалған Е.Құсайыновтың «Қыпшақ жыры» атты қобыз бен оркестрге арналған концерті кештің ерекше тартуы болды. Концерттің бірінші бөлімі қобызшылар тобымен басталды. Құрманғазының «Төремұрат», А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» циклынан «Көктем», Непесовтың «Фантазия», «Наурыз нақыштары» т.б. шығармалары орындалды. Бұл концерт бір жағынан қобыз тобының жетекшісі, концертмейстері ретіндегі жұмысымның өзіндік көрсеткіші, есебі сияқты десем де болды.
-Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Ұлттық оркестр атағын алды, сол туралы қысқаша айта кетсеңіз?
-Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптары оркестрі – қазақ халқының ұлттық дәстүрлі аспаптарын, ұлттық дәстүрлі музыкасын саф алтындай сақтаған, өз деңгейінде насихаттап жүрген әлемге әйгілі шежірелі өнер ұжымы. Қазақстан сахналарында, әлем сахналарында өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған қазақ мәдениеті мен өнерінің жауһары. Оркестр тарихын жазса, бірнеше том болады деп ойлаймын. Ұлттық атаққа лайық екендігі бар болмысынан көрініп тұрған ұжым. 1934 жылы құрылған бұл оркестрде Ахмет Жұбанов, Латыф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков сынды қазақтың ұлы композиторларының қолтаңбасы қалған. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Құрманғазы оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі болған Айтқали Жайымов, Төлепберген Абдрашев, Дүйсен Үкібай, Жалғасбек Бегендіков, Арман Жүдебаев сынды кәсіби дирижерлердің жетекшілігімен оркестр өркендеп, дамыды.
Оркестрде көп жылдар бойы дирижерлік етіп келе жатқан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұровтың, және оркестрге көптеген өңдеулер жасап, оркестрдің репертуарлық қорын байытуға үлес қосып жүрген ҚР Мәдениет қайраткері Жексен Айсынның еңбегі де зор. Қазіргі таңда оркестрдің бас дирижері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген дирижерлігімен жаңа мазмұн, жаңа леп, жаңа тыныс біткендей болды.
Оркестрдің Меруерт Каленбаева, Сопихан Идрисова, Мүслима Әбдікәрімова, Іздәулет Исаметов, Ма Дзе Хай Гиматдинова, Алик Күлметов, Темір Ткишев, Владимир Каравасилиди (Грекия), Өтепберген Хамзин, Амантай Нүрпейіс, Күләш Күлметова, Батыр Теміралиев, Гүлсара Ізтлеуова, Фазиля Әжғалиева, Любовь Понамарева, Қайырбек Адилов, Лилия Шонова, Ғайни Болтаева, Айгүл Үлкенбаева, Нұрлан Абдрахман, Назгүл Шегебаева, Ерболат Ерғалиев, Заур Сапараев, Сансызбай Такилов, Валентина Кондратева, Сұлтан Қожахметов, Гүлнар Қабашева, Жоламан Аманғалиевтей ақылшы ардагерлері бар. Бүгінде асыл мұраны аға толқынан қабылдап алған орта буын мен жас буын өкілдері оркестр дәстүрін әрі қарай жалғастыруда. Оркестрде толысқан орта буын бар. Оркестрдің аңыз қобызшысы Жаппас Қаламбаевтың қызы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің, Президенттік стипендияның иегері Құндыз Қаламбаева, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Сейтмұхамбет Қанапиянов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ләйла Мазова, Құрмет орденінің иегері Жаңылсын Қажығалиева, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Гүлзира Түлкібаева, ҚР мәдениет саласының үздігі Еркін Шарипов, ҚР мәдениет қайраткері Мақсат Тілепберген, Таир Тұрлыбеков, сексен адамның атын атап шығу оңай емес, сол себепті әр аспаптар тобының концертмейстерлеріне тоқталып өтсем, оркестрдің І домбырашылар тобының концертмейстері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, ІІ домбырашылар тобының концертмейстері ҚР Мәдениет саласының үздігі Шыңғыс Құрманқұлов, шертер тобы – Жұмашева Эльвира, домбыра прима – ҚР Мәдениет қайраткері Сәнжан Сабырғалиева, домбыра секунда – ҚР Мәдениет қайраткері Нұргүл Әбілқасымова, бас домбыра – Әсет Жұмабаев, домбыра контрабас – ҚР Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Әлімжанов, І прима қобыз тобы – Рақымжан Әсел, ІІ прима қобыз – Дина Мейірбекова, қыл қобыз тобының концертмейстері ҚР Мәдениет саласының үздігі Ардақ Итекеева, альт қобыз – ҚР Мәдениет саласының үздігі Рита Уразгалиева, бас қобыз – Әсел Жылқышинова, контрабас қобыз – ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрлан Төлегенов, үрмелі аспаптар - Әсел Әлімбаева, І баян – ҚР Мәдениет саласының үздігі Әділет Жақиянов, ІІ баян - Мейрамбек Қонысбеков, ІІІ баян - Еркеғали Қайырғазы, ұрмалы аспаптар – Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Сейтмұхамбет Қанапиянов. Оркестр туралы арнайы бір сұхбат немесе зерттеу-мақала жазбасақ, шежірелі тарихын айтып шығуға уақыт қажет деп ойлаймын.
Қобызшылар әлемінде Ықылас Дүкенұлының күйшілік-композиторлық дәстүрі айырықша бағаланады. Бүгінгідей электрондық құрылғыларға тәуелділік орын алған заманда осы дәстүрді жалғастырушылардың мүмкіншіліктері қаншалықты?
– Қазақ Елінің талантты композиторлары, жалынды жастары барда Қорқыт бабаның, Ықылас Дүкенұлының, Жаппас Қаламбаевтың күйшілік-композиторлық дәстүрлері жалғасын тауып, қобызбен күй шығару дәстүрі де жаңғыра береді деп ойлаймын. Ол үшін тәуелсіз Қазақстанның композиторлары көбірек қобызға арналған туындылар жазса деген тілегім бар.
– Өзіңіздің бастамаңызбен әдемі жалғасын тапқан «Гамманы үздік орындаушы» байқауына қатысушы жастар көп пе? Осы байқау туралы бір-екі ауыз айтып өтсеңіз.
– Бұл байқауды мен оркестрдің қобызшылар тобының арасында өткізген болатынмын. Себебі, бұл қобызшылардың кәсіби деңгейін дамытып, орындаушылық шеберліктерінің шыңдала түсуіне үлкен әсер етеді. Және де бұл байқауды дәстүрге айналдырып жыл сайын өткізу ойымызда бар. Сонымен қатар, қазір студенттерімнің арасында «30 күн жаттығу» («30 day of practice») деп аталатын онлайн марафон ұйымдастырып, өткізіп жүрмін. Бұл студенттердің мотивациясын, қызығушылықтарын арттырады. Нәтижесінде шәкірттерім жақында Ресей, Болгария, Түркия елдерінде өткізілген Халықаралық байқауларға қатысып, І орындарды иеленіп, лаурает атанды. Олар: Орысбаева Әсем, Тұрсынбекова Сая, Рахметбек Дана және өзім жетекшілік ететін прима қобызшылар ансамблінің І орын алғанын мақтанышпен айта аламын.
– Сіз бүгінде қобыз саласы бойынша шәкірттер дайындап жүрген ұстазсыз. Айтулы жетістіктерге жеткен шәкірттеріңіз бар ма?
– – Әрине, өте талантты шәкірттерімді мақтан етемін. Айталық, Зайрагүл Сүйекенова деген шәкіртім Украинада өткен «PERPETUUM MOBILE» атты IX халықаралық конкурста бірінші орын алды. Өткен жылы ол фольклор бойынша IV әлем кубогы үшін бәсекеде тағы да бірінші орынды иеленді. Орысбаева Әсем өткен жылы Мәскеуде «International Music Fantasy Competition» атты халықаралық байқау-фестивалінде І орын алды. Тұрсынбекова Сая Түркияда өткен «Geleneksel Halk Sanati Festivali» жас таланттардың халықаралық байқауында І орынға ие болды. Орманова Мөлдір, Рахметбек Дана, Сұңғатова Айгүл сияқты шәкірттерім де келешегінен үлкен үміт күттіреді.

– Болашақтағы жоспарыңыз туралы айтып өтсеңіз...
– Болашақтағы жоспарымыз: Қазақ халқының ұлттық құндылығы қобыз аспабының аудиториясын кеңейтіп, Қазақстан композиторларының туындыларын қобыз аспабында кеңірек орындасақ. Тәуелсіз Қазақстанның музыкалық мәдениетінің өркендеуіне бір мысқалдай үлес қоссам, өзімді бақыттымын деп есептеймін.


Өмірдерек
Рақымжан Әсел Амалбекқызы 1989 жылы 25 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. К.Байсейітова атындағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектеп-интернаттың прима қобыз класын бітірген. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында оқып, «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша «Өнертану ғылымдарының магистрі» дәрежесін алды.
2012 жылдың қыркүйегінен бастап, бүгінгі таңға дейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің артисі, қобыз тобының концертмейстері. Сонымен қатар 2013 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында қобыз және баян кафедрасының оқытушысы. Нәтижелі еңбегі үшін 2019 жылы «Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына 75 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

Жеке жетістіктері
Рақымжан Әсел тек қана елімізде ғана емес шетел сахналарында қобыз аспабының мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсетіп жүрген дарынды музыкант. Ол 2001 жылы Гүлнафис Баязитова атындағы 1 қалалық конкурс-фестивалінде қыл қобыз номинациясы бойынша I жүлде алса, 2006 жылы Орындаушылардың XXVII Республикалық конкурсында қобыз номинациясы бойынша I орын жеңіп алды.
2007 жылы «Қазақстанның жас таланттары» байқауында бірінші орын алды.
2008 жылы Құрманғазы атындағы VII Республикалық халық аспаптарында орындаушылар (прима қобыз номинациясы) конкурсының лауреаты.
2011 жылы қазан айында Қарағанды қаласында өткен Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы IV Республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсында I орынға ие болды және «Арнайы» дипломмен марапатталды.
2012 жылы Астана қаласында өткен Қорқыт атындағы Түркі тілдес халықтардың алғашқы дәстүрлі орындаушылық өнер фестивалінде лауреат атанды.
2020 жылы қараша айында Париж қаласында өткен International Competition and Festival of Music and Arts «Les Etoiles de Paris 2020» конкурсында бас жүлде – Гран-при мен Алтын медалін жеңіп алды.
2020 жылы «Grand Online Eurofest 2020» Халықаралық өнер байқауында 1 орынға ие болды.


Сұхбатты жүргізген
Раушан КАРШАЛОВА

bottom of page