Patriot-tulga.kz
Мүсіндері мақтанышқа айналған
Мүсінші Серік Қамидоллаұлы Мəтениязовтың есімі Атырау өңіріне жақсы таныс. Əр суретшінің өзіндік əлемі болады десек, оның өзіндік қолтаңбасы анадайдан менмұндалап тұрады. Тосын шешім, орындалу шеберлігі, тазалық пен ойлылық оның шығармашылығының шырайын кіргізіп тұрған ерекшеліктер. Мүсіншінің қолынан шыққан дүниелер ешкімді бей-жай қалдырмайды.
«Менің алғашқы ұстазым туған анам – Руза Житенғалиқызы. Ол қолөнерші, ісмер адам болатын, киіз басып, алаша тоқитын. Бала кезімде қолымның шеберлігін байқаған ол, маған тиыннан сақина соғуды үйретті. Мыс тиынның ортасын тесіп, қырынан қойып айналдырып ұрып отырса, ол жалпайып сақина болып шығады. Сосып егеп, киізге үйкеп жылтыратып сақина қылып шығаратынбыз, –деп еске алады Серік Қамидоллаұлы.
– Біздің жеріміз сазды жер болатын, құдық қазса жер астынан таза саз балшық шығатын. Балалар жиналып саздан мүсіндер жасайтынбыз, менің жасағандарым əдемі, сүйкімдірек болып шығатын. Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін Оңтүстік мұнай барлау экспедициясының құрылыс жөндеу цехында тас қалаушы, ағаш шебері болып қызмет еттім. Демалыс күндері кесек бордан, гипстен ойып мүсіндер жасау ермегім болатын. Жасаған дүниелерімді туыстарға, көршілерге сыйлап жіберетінмін. Бір мерекеде көршіме астаудың екі жағында отырған аю мен кірпісі бар күлсалғыш жасап, сыйға тарттым. Осыны əлгі үйдің туысы, көркемсурет училищесінде оқитын студент көріп: «сəтті шыққан дүние екен, оқуға келсе, емтихансыз өтіп кетері анық» депті. Сол сөз қамшылады ма, менде білім алуға деген ұмтылыс пайда болып, 1981 жылы салып ұрып Алматыға тарттым. Көркемсурет училищесіне құжаттарымды тапсырып, əлгі «көріпкел» студент айтпақшы, мүсін бөліміне оқуға түсіп кеткенім. Сөйтіп мүсінші Мұса Сейісовтың класында білім алдым.
«Қазіргі өнерде оны ажырату оп-оңай, қабырғада ілулі тұрғанның бəрі – көркемсурет, арт жағынан қарауға болатынның бəрі – скульптура» деген екен өнерді оңай санайтын біреу. Серік Қамидоллаұлы өзі қалаған мүсіншіліктің өте күрделі мамандық екендігін терең түсінді. Училищеде алған білімнің аздық ететінін жоғары курста жүргенде-ақ сезген. Содан ол білімін жалғастыру мақсатында 1985 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының монументальдық-декоративтік мүсін бөліміне түседі. Сəтін салғанда əйгілі мүсінші Хəкімжан Наурызбаевтың класына тап келеді. Ұстаз бен шəкірт арасындағы байланыс тек мүсіншілікпен шектелмей адами қасиеттердің ұшталуына да қызмет етеді.
Сірə, Пабло Пикассо «Скульптура – ақыл өнері» деп тегін айтпаса керек. Мүсін жасау тасты құр қашап шығару емес, бұл өнерде философиялық ой-толғаныс, ізденіс,шеберлік жəне білім бір-бірімен үндесіп жатады. Жəдігерді жақсы біліп, мүсінге ерекшелік енгізу үшін, оның шынайы образын ашу үшін тақырыпты зерттеуің керек. Кітапханаларға барып, ғаламторға үңіліп,біраз ізденуге тура келеді, мүсін кейіпкерінің өмірбаянын, мінез-құлқын, қадір-қасиетін білу үшін жан-жақты зерттейсің. Тəуір дүние сонда ғана өмірге келеді. Серік Мəтениязов институт қабырғасында оқып жүргенде-ақ «Жігер» фестиваліне, «ВЛКСМ-ға – 70 жыл», «Алматы көркемсурет училищесіне – 50 жыл» атты республикалық көрмелерге қатысты, өзінің мүмкіндіктерін байқап көрді. Сол студент кезінде 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып Мəскеудің өзімбілермендік саясатына қарсылық білдіргені тағы бар. Алайда мұның өзі бөлек бір əңгіме.
Оқуын бітірген соң Қазақстан Суретшілер одағының Атырау облыстық ұйымында жəне «Ғимарат» мекемесінде суретші-мүсінші болып жұмыс істеді. Жүздеген тапсырыстарды орындады. Шығармашылық тұрғыдан өзінің шеберлігін жетілдіре берді. Соның арқасы болар, 2001 жылы Қазақстан Суретшілер одағына, 2006 жылы Қазақстан Дизайнерлер одағына мүшелікке қабылданды.
«Мүсіннің тілі жоқ, оған тілдің мүлде қажеті де жоқ!» депті Американың əйгілі ойшылы Ральф Уолдо Эмерсон. Сондықтан ба, Серік Қалиоллаұлы өзі үшін өзі сөйлеп тұратын мүсіндер жасауға құмартты. Мүсінннің бойына қаншалықты ізгілік ұялатса оның көркемдігі де, бағасы да жоғары болатынына көзі жетті.
Тынымсыз ізденіс пен еңбектіңарқасында 2000 жылы өткен I облыстық «Ақ ерке Жайық» фестивалінің Гран-при жүлдегері атанды. 2007 жылы халықтық-көркем кəсіпшілік саласында облыстың үздік кəсіпкері деп танылды. 2012 жылы өткен облыстық байқауда «Шебер отбасы» аталымының жеңімпазы болды. 2016 жылы өңіріне «Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы» ескерткіш медалі қадалды. Ал таяуда «Қазақ өнерінің қайраткері» атағына ие болды. Бірнеше рет облыстық, республикалық жəне халықаралық көрме-конкурстардың жүлдегері атанды.
Соның бірі биыл Испанияда суретшілердің қашықтықтан өткізілген «Dali s Mustache» атты халықаралық конкурсында ІІІ дəрежелі, АҚШ-та өткен «American Edition» халықаралық конкурсында II дəрежелі жəне Мəскеуде өткен «Magic muse» атты халықаралық байқауда I дəрежелі дипломдармен марапатталды. Мүсінші Серік Мəтениязовтың есімі Жылыой ауданының энциклопедиясына жəне халықаралық «Лучшие люди» энциклопедиясына енгізілді. Халықаралық энциклопедияның I дəрежелі дипломымен жəне «Сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапатталды.
Мүсіншінің жеке көрмелері де жұртшылық назарын аудара бастады. 2004 жылы облыс орталығындағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет жəне қолданбалы-сəндік өнер музейінде «Мүсін əлемі» жəне 2007 жылы Құлсары қаласында «Шабыт əлемі» атты жеке көрмелері өнер сүйген жерлестеріне өзіндік тарту болды.
Шығармашылық тұлға əдетте ешкімге тəуелсіз өз бетімен жұмыс істегенді ұнатады. Серік Қалиоллаұлы да 2005 жылы мүсіншілік өнерін жеке кəсіпкерлікпен ұштастырды. Бұл нəтижесіз болған жоқ, облыс көлемінде орнатылған монументальді-декоративті 30 шақты мүсін жұрт игілігіне айналды. Атап айтқанда: ұлт-азаттық көтерілісінің ұйымдастырушылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, дəулескер күйші Құрманғазы Сағырбаевтың, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың, Кеңес Одағының Батырлары Қайырғали Смағұлов жəне Мұса Баймұхановтың, əдебиет зерттеуші, ғалым Қабиболла Сыдиықовтың, ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың, «Даңқ» орденінің толық иегері Шүкір Еркіновтің мүсіндерін жасады. Сондай-ақ оның қолынан даңқты мерген Есқайыр Халықовтың, Социалистік Еңбек Ері Ұлықпан Əбдірахмановтың, ҚР еңбек сіңірген мұнайшысы Сафи Өтебаевтың, ҚР еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері Шафиқ Ізбасовтың, қоғам қайраткері Жанша Таңқыбаевтың, қазақтың классик ақыны Жұмекен Нəжімеденовтың, ағартушы ұстаз Қазмұхамбет Қарашаұлының, көрнекті ақын Хамит Ерғалиевтың, «үшеуі тұтас – үш таған» атанған əйгілі Нарынбай, Өтен, Төремұрат батырлардың ескерткіштері шықты. Сол мүсіндердің бəрі өңірдің мақтанышына айналды. Марқұм ақын Табылды Досымов Серік туралы «Арыстарды тірілтіп жүрген тұлға» деуі тегіннен тегін болмаса керек.
Жазушы Мұзафар Əлімбаев «Суретті көз салмайды, көңіл салады» деген екен. Жас ұрпақты отаншылдыққа тəрбиелеуде патриотизмнің ерекше орын алатыны анық. Сондықтан да болар, Жылыой өңірінен табылған екінші «Алтын адамның», Жылыой ауданынан аттанып, ауған соғысында қаза болған интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіштің, жеңістің 70 жылдығына орай Құлсары қаласы мен Аққыстау селосындағы жеңіс саябақтарына орнатылған ескерткіш мүсіндердің құндылығы жоғары. Қарашүңгіл, Достан ата, Доссор мұнайының 100 жылдығына арналған ескерткіш белгілер жəне «Ата мен Ана», «Қонақжайлық» монументалді мүсіндері, Құлсары қаласындағы көпір аузына «жылқының пірі –Қамбар ата», «қойдың пірі – Шопан ата» мүсіндері, субұрқаққа жəне саябаққа арналған мүсіндер де Серік Мəтениязовтың шығармашылық еңбектерін айшықтайды. Бұлардан өзге «Тротуар», «Күрес», «Кешкі əуен», «1937 жыл», «Жауап алу», «Ұйқыда», «Бір арқа шөп», «Кісен ашқан» сияқты көрерменге түрлі ой салатын жұмыстары баршылық.
Ол 2011 жылы «Ақжелкен» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Орал жəне Ақтөбе қалаларында өткен «Атырау облысы суретшілерінің көрмесіне» қатысты. «Атырау суретшілері» атты каталогқа туындылары енді. 2018 жылы мүсіндік туындыларының суреттері басылған «Серік Мəтениязов» атты альбомы жарыққа шықты.
Аталған еңбектері үшін Атырау облысы əкімінің, оның орынбасарларының, облыстық мəдениет басқармасы басшыларының Алғыс хаттарына ие болды. Бұлардан басқа Жылыой ауданын басқарған С.Дүйсенғалиев, С.Еңсегенов, М.Ізбасов, А.Бекет сияқты əкімдердің, Исатай ауданының əкімі Н.Ожаевтың, М.Мурзиевтің, Атырау қаласының əкімі С.Айдарбековтың, Жылыой аудандық мəдениет бөлімінің меңгерушісі Н.Сүйембаевтың, тағы басқа ондаған ұйымдар мен мекемелердің Алғыс хаттарымен марапатталып жатты. Шығармашылық ізденістері кезінде мүсінші өзінің айтыскер ақын Ə.Есенғалиев, ақын, журналист С.Халықов, сəулетші М.Құлшиев, суретші Ə.Жантасов секілді достарымен, жанашырларымен жиі қауышады. Олардың ұсыныс, пікірлерін ескереді. Бірақ өзінің ұстанған бағытынан, ойластырған жобасынан еш жаңылмайды. Бұл да оның шығармашылық мінезін аңдатса керек. Мүсіншінің жан досы Бақыт Базарбаев сондықтан да оған
арнаған бір өлеңінде:
«Нұры молдау жарығың
Белді бекем буғаным.
Қандай бақыт, бауырым,
Қазақ болып туғаның» деп қалам тербеуі бекер болмаса керек.
Əдетте шығармашылық тұлғаның табысты болуына отбасылық жағдайы да үлкен ықпал етеді. Серік Мəтениязовтың жары Лəззəт Оңғарқызы Мамырова жолдасының сүйікті ісімен алаңсыз айналысуына барынша мүмкіндік туғызып отыр. Өйткені оның өзі де суретші. 1990 жылы М.Əуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет факультетін жəне 2001 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын қазақ тілі мен əдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Біраз жылдар мектепте мұғалім болып істеген. Бірнеше рет өзі де аудандық, облыстық, республикалық жəне халықаралық көрме-конкурстарға қатысып, жүлдегер атанған. Өнердің кескіндеме, қолөнер жəне мүсін түрлерімен айналысады. Өткен жылы «Ынтымақ» қоғамдастықты дамыту бағдарламасы аясында Жылыой аудандық Ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру мақсатында Жылыой ауданының қолөнер шеберлері мен суретшілері арасында өткізілген байқауда 1-орын иеленгені тағы бар. Республикалық жəне халықаралық байқауларда алған дипломдары мен марапаттары бір төбе. «Биыл екеуміз үшін де мерейтойлық жыл. Мен алпысқа, Лəззəт елуге толғалы отырмыз. Алға қойған жоспарымыз да аз емес», – дейді мүсінші.
«Көркемсурет – оған қарауға болатын өнер, скульптура – оны айналдыра қарап шығуға болатын өнер, ал архитектура болса ішінен өтуге болатын өнер», – депті америкалық қаламгер Дэн Райс. Сол айтпақшы, мүсіншілік көп еңбекті қажет етеді. Мұндайда Лəззəт үнемі жан жарының қасынан табылады. Қолынан келген көмегін, ақыл-кеңесін аямайды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демекші, көп шаруаның сəтті болуы шығармашыл отбасының ауызбіршілігінен туындап жатса керек.
Мұрат ЖАНЫСБАЙҰЛЫ,
«Патриот-Тұлға»