Patriot-tulga.kz
Сайрамның саңлағы
Менің Шатырхан дейтін досым бар. Жастық шағымыз бірге өтті. Мінезі аңқылдаған, жан адамға жаманшылығы жоқ, көңілі аппақ қардай таза жігіт. Алматыда оны білмейтін зиялы қауым өкілі жоқ десе де болады. Біреу оны ұстаз ретінде білсе, біреу цирк шебері ретінде дәріптейді. Біреу палуан ретінде білсе, біреу әнші ретінде таниды. Біреуге ол халық өнерінің қамқоры болса, біреуге кәсіпкер ретінде танымал. Бірақ ол ең алдымен өз ұлтының жанашыры. Әрі қоғамдағы өзгерістердің алдында жүруге тырысады.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ ол нарықтық қатынастарға бой ұрды. Түрлі салада ұмтылыс жасады. Америка Құрама Штаттары, Германия, Түркия, Венгрия, Польша, Иран сияқты 14-15 шет елдерде іссапарда болды. Сол сапарлардан көңілге түйгені де аз емес. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) «Қанша бай болсаң да берген садақаң ғана өзіңдікі, қалғаны мұрагеріңдікі» деген хадисінде айтылғандай адамдықтың өлшемі ақша емес адамгершілік екенін таныды. Есесіне миллионер болып кетпесе жанына жақын көптеген достар тапты. «Менің байлығым – достарым» дейтіні де сондықтан. Оның өмірде ұстанған қағидасы «Тек қана Алға!». Қарап отырсаңыз бүкіл өмірі осы қағиданы растап отырады.
Шатырхан Сарыбайұлы Керімбек 1951 жылы 10 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Жібек Жолы ауылында дүниеге келген екен. Әкесі Сарыбай 1906 жылы туған, қарапайым колхозшы болыпты. Ұлы Отан соғысы кезінде 1942 жылы соғысқа алынып, 1945 жылғы Жеңіс күніне дейін майданда болған. Елі мен жері үшін қан төккен. Бірнеше рет ауыр жараланған. Әскерден оралған соң, туған колхозында звено жетекшісі, бригадир болып істейді. Кейін зейнеткерлікке шыққан соң, жұрт сыйлайтын ауыл ағасына айналды. Көзіміз көрді, Сарекең елге кәдірлі, сөзін жұрт жерге тастамайтын ақсақал болды.
Қосағы Күміс екеуі соғыстан бұрын үйленген екен. Екі қыздары болыпты. Әскерге кетіп бара жатқанда аяғы ауыр келіншегіне «ұл тапсаң, атын Рысбек, қыз тапсаң, Жақсыгүл деп қой» деп аманаттапты. Үшінші перзенті қыз болып, аты содан Жақсыгүл аталыпты. Жақындары «өңкей қыз табады» деп күңкілдесіп жүргенде күйеуі майданнан оралған соң Күміс анамыз 11 құрсақ көтеріп, 11 ұл туған! Алдындағы үш қызды қосқанда бәрі 14. Бірқатары жас кезінде шетінеп кеткен. Бүгінде бары – ең үлкен әпкелері Күләнда мен бес ұл. Әпкелері бүгінде зейнеткерлікте, өзінің де ержеткен 8-9 баласы бар. Ал соғыстан кейін дүниеге келген Айтқұл ұзақ жылдар партия, кеңес қызметінде болды, әкім болып ауылдық округті басқарды. Шатырхан ұлдардың ішінде екіншісі. Одан кейінгі Әділхан жүргізушілік жұмыс істеді. Жұмаділхан Түркия елінде ауыл шаруашылығы саласынан ғылым докторлығын қорғады, бос уақытында суретшілікпен айналысады. Ең кенжесі Қайрат болса ауылда еңбек етіп жүр.
Әкелері Сарыбай 1984 жылы 78 жасында, аналары 1998 жылы 82 жасында дүниеден озды. Мінеки, ауылдың қара жолында жалаңаяқ зыр қаққан бала Шатырхан осындай ортада өсті, сөйтіп тамырын тереңге салды. Жақындарына жанашыр болып шыр-пыры шығатыны да содан. Бүгінде ол ел танитын, абыройлы, беделді азамат. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби цирк шеберлерінің бірі, спортшы, күрестен спорт шеберлігіне кандидат, ұстаз, мәдени шаралардың білгір ұйымдастырушысы.
Мәдениет саласында 1972 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әскери борышын өтеп келген соң Сайрам ауданындағы Манкент ауыл шаруашылық зауытында мәдениет-спорт нұсқаушысы болып істеді. 1974 жылы Республикалық эстрадалықцирк студиясына түсті. Цирк өнерімен бірге эстрада студиясында әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алды. Сөйтіп студияның екі бірдей бөлімін қатар тәмәмдады. Цирк аренасында акробат-гимнаст ретінде өнер көрсетті. Кейін концерттік бригадалармен бірге гастрольдерде болып, сахнаға да шығып жүрді. Алайда өнер әлемі оны ең алдымен өнерпаздар даярлайтын ұстаз ретінде таниды.
Ақиқатында да Шатырхан Керімбековтің басты еңбегі кәсіби цирк өнеріне мамандар даярлауға атсалысқаны. Болашақ әншілер тәрбиелесті. Қазіргі қазақ эстрадасындағы Рамазан Стамғазиев, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Гүлнәр Сиқымбаева, Сәкен Қалымов сияқты жастар Шатекеңнен тәлім-тәрбие алған өнер жұлдыздары. Оригиналды жанрдың шеберлері, бұдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кеткен Балтабек пен Раиса Жұмағұловтар да Шатекеңнің тікелей шәкірттері болатын. Бүгінде тыңдарманға жақсы таныс «Қоңыр» тобындағы әнші Мархабат Мықтыбеков те Шатекеңнен дәріс алған. Кезінде ол Ж.Елебеков атындағы республикалық өнер студиясында ширек ғасырға жуық ұстаз, директордың орынбасары қызметтерін атқара жүріп, білім сапасына айрықша мән берді. Шәкірттердің тек маман ғана емес ең алдымен адам болуын қалайтын. Сондықтан да адамгершілік қасиеттердің орнығуын назарда ұстайтын. «Адамды алға сүйрейтін талап пен еңбек қой. Өз басым қай биікке шықсам да еңбегімнің арқасы деп білемін. Балаларыма да соны айтып отырамын», – дейді Шатекең. Шатырхан балаларына қамқор әке, немерелеріне сүйікті ата. Перзенттерінің үлкені Ақбота елімізге танымал әнші болса, Болаты ішкі істер органдарында, капитан, Нұрсұлтаны бүгінде танымал әнші. Өткен жылы «Украина дауысы» байқауына қатысып, жүлдегер болып оралды. Ал Биболы мен Ақсезімі – мектеп оқушылары. Жұбайы Құралай да іскер маман. Шатекеңнің шаңырағының түтінін түзу шығарып, отбасының ұйытқысы болып отыр. Құралай қазақ елінің айтулы айтыскер қызы Надежда Лушникованың қызы.
Уақыт шіркін зулайды ғой. Шатекең екеуміз 1980 жылдардың басында танысыппыз. Ер мінезділігі, ақкөңілділігі, серілігі оны өзгелерден биіктетіп тұратын. Екеуміз біраз уақыт бірге той басқарып жүрдік. Ол кезде той қазақ өміріне дендеп ене бастаған. Асабаларға сұраныс көбейген кез. Біз үшін той – ұлттық әдет-ғұрыптарымызды, салт-санамызды жаңғырту, тәрбие мінбері. Сондықтан асабалық еңбегімізге ақы тілемей-ақ ондай жиын-тойларға қуана келісетінбіз. Жұма, сенбі, жексенбі тыным жоқ. Шатекең беташар айтудың шебері. Сірә, мыңнан астам келіннің бетін ашқан шығар. Ол менен, мен одан үйреніп дегендей асабалығымызды жетілдіре бердік. Асабалықты өзіндік өнер деңгейіне көтеруге атсалыстық. Қазіргі кәсіби асабалықтың бастауында Шатекең сияқты азаматтар тұрды десек сірә, қателеспеспіз. Тоқсаныншы жылдардың басында жауапты қызметтер атқара бастаған кезде менің асабалықты қоюыма тура келді. Кейін Шатекең де бұл қызметін кейінгі буынға қалдырды.
Шатырханның елден ерек тосын қызықтарын еске алмау мүмкін емес. Өзінің 45 жасқа толған тойын Көктөбедегі телемұнара басында өткізгені, қалалық әкімшілікте бітпей жүрген шаруасын араб шейхы болып киініп барып тындырып қайтқаны, маза бермеген рекэтир жігіттерді жамсатып салуы, «крыша» болғысы келген полицейлерді қаматып тастауы айта берсе аңызға татырлық бір-бір оқиға. Бұлардың бәрінің астарында да Шатекеңнің өзіндік мінезі жатыр.
Оның мінезінің ішінде өз басыма Шатырханның жолдастыққа, достыққа беріктігі, айтқанында тұратын бір сөзділігі ұнайды. Жақындарына қамқорлығы тағы бар. 1997 жылы «Заң газетін» басқарып жүрген мені ҚР Ақпарат агенттігі «Қазақстан Республикасы Телерадио корпорациясына» «Қазақстан-1» телеарнасының «Ақшам» ақпарат бағдарламасына бас редактор етіп ауыстырып жіберді. Жұмысқа барған соң жарты жыл өтпей жатып жаңа жұмыс орным елордаға айналмақ Ақмола қаласына қоныс аударды. Жатақханада тұрамыз. Күн болса суық. Жұмыс түнгі 11.00 дейін. Жалақы аз. Балашаға Алматыда. Сондай қиналып жүрген шақта Шатырхан Алматыдағы үйге келіп, жағдайды біліп, жәрдем жасап жүргендігін осы күнге дейін ризашылықпен ойыма аламын. Өтпелі кезең, нарық қыспағына алған кез. Алысың тұрмақ, бірге туғаның көмектесері екіталай уақыт. Ал Шатекең жолдастық, достық парызын ұмытпаған. Қалай риза болмайсың.
Шатекеңнің тағы бір қыры халық өнеріне, оның ішінде айтыс өнеріне жанашырлығы. Ұмытылып бара жатқан айтыс өнеріне демеушілігі арқасында Шатырхан Керімбектің есімі Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Жүрсін Ерман сияқты өнер жанашырларымен қатар аталатын болды. Сөйтіп жүріп халық әндерінің жинағын кітап етіп шығаруға атсалысты.
Марқұм әйгілі әнші Роза Бағланова: «Шатырхан шын мәнінде жігіттің нары. Қандай жүк артсаң да қыңқ етпейді. Көтеріп кете береді. Азаматтығы зор. Уәдесіне тиянақты. Сөз берсе орындайды. Мінезінің сабырлылығына, қажет жерде хас батырлардай тайсалмай тұрыса алатындығына ризамын. Үлкен орталарда өзін лайықты ұстай алады. Нағыз азамат жігіт» деп отыратын.
Кезінде Республикалық эстрадацирк студиясында бірге қызмет істеген Гүлнар Тайбекова: «Шатырхан Сарыбайұлы 1976 жылы республикалық цирк студиясын бітірген бойда сонда оқытушы болып қалдырылды. 1986 жылы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Бірге қызмет еттік. Шатырхан Сарыбайұлының ұйымдастырушылық қабілеті зор еді. Өзі ақкөңіл, оқу ісін ұйымдастыруда бір-бірімізді жақсы түсінісетінбіз. Жұрттың бәрімен тіл табыса алатын. Сондықтан да даудамай өрбіп көрген емес. Шәкірттері өте сыйлайтын. Жақсы көретін. «Шатырхан Сарыбайұлы» деп алдынан қия өтпейтін», – дейді.
Германияның Кельн қаласында тұратын кәсіпкер Шұғайып Ерол:
«Қазақстанда біз үшін Шатырхан мырзадан артық жақын жоқ. Оның танымайтыны жоқ екен. Алматы түбінен кірпіш зауытын ашпақ болғанымызда көп шаруамызға қолғабыс етті. Не істесе де жанашырлықпен, достық пейілмен істейді. Шатырхан арқылы біз нағыз қазақтардың достық пейілін, меймандостығын танып білдік», – дейді.
Міне, менің досым Шатекең сондай жігіт. Сом тұлға, сом мінез Алатаудай асқақтап тұр.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Патриот тұлға» журналының Бас редакторы.