top of page
Марьяна Мұхамәдиқызы Арғынбаева

Текті әулиеттің жұлдызы

Суретші, дизайнер, педагог, шахматшы Марьяна Арғынбаева туралы сыр

Марьяна Арғынбаеваның есімі суретші, дизайнер, педагог әрі шахматшы ретінде елімізге жақсы таныс. Ол Қостанай қаласында туған, бастапқы өмірлік тәжірибелерін сол жақта жинады. Әкесі Мұхамәди, атасы Абдрахман ел-жұртқа сыйлы адамдар болыпты. Арғы жағын қуып келсе аты Арқаға мәшһүр бай да бақуатты, аса ықпалды бабасы Арғынбай қажыға тіреледі. Екі мыңға жуық жылқы біткен, ауқатты екендігіне қарамай Меккеге жеті рет жаяу қажылыққа барған кісі екен. Ауыл балалары үшін медресе аштырғаны айтылады. 1911-1912 жылдары сол Арғынбай қажының медресесінде Бейімбет Майлин де оқыпты.
Марьянаның әкесі Мұхамади 1922 жылы Қостанайдың Таранов ауданында туған. Шахматты жақсы көріп ойнапты. Байдың тұқымы деп қуғын-сүргінге көп ұшыраған. Атын Михаил деп өзгертіп, ветеринариялық техникумды әзер бітірген. Ол соғыс басталған кезде небары 19 жаста болатын. Алдыңғы лекте әскерге шақырылып, 1941 жылы қыркүйек айында Миргород қаласы үшін шайқас кезінде немістердің қолына түсіп қалып, Германияға жөнелтіледі. Бірнеше рет қашуға әрекеттенгендіктен Бухенвальд концлагеріне тоғытылады. Ауыр халден өлуге шақ қалған оны 1945 жылы көкек айында одақтастар армиясы бостандыққа шығарады. Кейін қайтыс боларының алдында екі жыл бұрын өзінің атын бұрынғысынша Мұхамади деп өзгертіп алған.
«Менің тәрбиемде анам айрықша рөл атқарды», – дейді Марьяна Мұхамәдиқызы. Анасы, қазақ қызы Надежда Константиновнаның тағдыры да қызық. Оның шын аты-жөні Үміт Жұмабайқызы Байбатырова екен. Өте ауқатты отбасының қызы болыпты. Алайда біреулер қызғаныштан үйлерін өртеп жіберіпті. Сол ата-анасын жалмаған қызыл жалын өрттен екі жасар қыз аман шыққан. Кішкентай қызды байдың атқосшысы Константин танып, бағып алыпты. Қайтыс боларының алдында тоғыз жастағы Үміттің атын орысшалап әрі өзінің атын қосып «Надежда Константиновна» деп балалар үйіне өткізіпті. Бойындағы тектілік дегенді қойсаңшы. Мектептен соң жетім қыз институтқа түсіп ветеринар мамандығын алып ғылыммен айналысқан. Қостанайдағы ауылшаруашылық институтының негізін қалаушылардың бірі болыпты.
Марьяна міне осындай ата-анасы мен ағалары Марат пен Әмірдің ортасында, тату-тәтті отбасында өсіп, тәрбие алған. Анасы ұл-қыздарын шахмат ойнауға үйретіпті. «Балалық шағымыз бақытты өтті десем болады. Жексенбі күндері біздің үйге ағаларымның сыныптас достары мен менің құрбыларым жиналатын. Шахматтан турнир өткізетінбіз, балалар түрлі музыкалық аспаптарда ойнап жарысатын, ән шырқап, сурет салатынбыз. Үйіміз үйірме тәрізді у да шу болып жататын. Арасында анам дастарханға шақырып, алдымызға пельмен, палау, ал мереке кездерінде қазақша ет тартатын. Кілегей қатылған хош иісті шай беріп, дәмді торт қойғанда балалардың көзі жайнап кететін. Бұл өзі бір керемет кезең болатын. Ардақты анамның иманы саламат болсын!», – деп еске алады балалық шағын Марьяна.
Бала күннен қалыптасқан шахматқа деген құштарлық оның бойында мәңгілік сақталынып қалды. 1980 жылы Ленинградта өткен студенттер арасындағы әлемдік біріншілікте Марьяна бас жүлдені жеңіп алған. Сөйтіп 65 елдің студенттері арасында «Шахмат ханшайымы» атанған. Сол «ханшайым» шахматты әлі күнге ойнайды, жастарға да жаттықтырушы болып жетекшілік жасайды. Айталық, тек соңғы кездің өзінде әлденеше әлемдік шахмат сайыстарына қатысты. Мәселен, 2012 жылы қараша айында Грекияның Камена Вурла қаласында өткен әлемдік біріншілікке, 2013 жылы Хорватияның Опатия қаласында өткен әлем біріншілігіне, 2014 жылы Чехияның Пардюбице қаласында өткен әлем біріншілігіне, 2015 жылы Италияда өткен әлем біріншілігіне қатысып, арнайы сертификаттар мен дипломдар алды. 2016-2019 жылдары Алматы қаласы жоғары оқу орындары арасында шахматтан өткен жарыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленді. Шахмат ойыны оған әлі күнге қызықты.
Марьяна Мұхамәдиқызының негізгі мамандығы суретшілік қой. Бойында жас кезінен пайда болған құштарлық оны Ал-матыдағы Гоголь атындағы суретшілер училищесіне жетектеп әкеледі. Қолында Қостанайдағы Оқушылар сарайының суретшілер студиясында үйреніп жүріп салған суреттер топтамасы бар. Соның арқасында училищеге еш қиналмай ілікті. Алматыдағы студенттік өмір оған ертегідегідей көрінетін. Алатаудың қар жамылған аппақ шыңдары, сылдырлап аққан арықтағы сулар, биік-биік теректер, иісі аңқыған апорт пен көздің жауын алатын шиелер талай арманға қанат бітірді. Қазақтың көне Алматысы албырт жастықтың жалауы іспетті еді.
Марьяна Алматыға келген соң қазақ топырағынан шыққан әйгілі суретшілердің шығармаларымен танысты. Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Айша Ғалымбаева, Молдахмет Кенбаев, Қанапия Телжанов, Хакімжан Наурызбаев, Сабыр Мәмбеев, Сахи Романов сынды суретші, мүсіншілердің еңбектеріне тамсанды, мақтан тұтты. «Мен де сондай қылқалам шебері болсам!» деп армандады. Бойында шеберлікке құштарлық пайда болды.
Сөйтіп жүргенде төрт жыл да төрт күндей болмай өте шықты. Марьянаның дипломдық жұмысына «Қазақстанның жас балеті» деген тақырып тиді. Тақырыптың сонылығы әрі тартымдылығы өзіне иірді де әкетті. Опера және балет театрынан шықпайтын болды, таңертеңнен тренаж залына келген балериналардың суретін салатын. «Өлең айтсаң жаныңды жеп айтасың» демекші, балеттің де өте қиын өнер екендігіне көз жеткізді. Балериналардың жан дүниесіне үңілуге тырысты. Диплом жұмысына арналған кескіндемелері, суреттемелері мен этюдтері соншалықты мол еді, ұстаздар еңбегін жоғары бағалады. Көне грек ойшылы Еврипидтің: «Өнерсіз шынайы өмір жоқ» деген сөзінің ақиқатын солай ұқты.
Көркемсурет училщесін бітірген соң туған қаласы Қостанайға барып жұмыс істеуге жолдама берілді. Қостанай көркемсурет Қорында өзін-өзі шыңдау мен жетілдіруге жұмсалған төрт жыл әлі де білімін жетілдіре түсу қажеттігін аңғартты. 1980 жылы Ленинградтағы В. И. Мухина атындағы жоғары көркемсурет-өндірістік училищесіне, қазір ол Барон Штиглицтің көркем-сурет-өндірістік академиясы деп аталады, соған түсіп, өзі үшін жаңа бір әлем ашты.
Бірінші Петр қаласы Марьянаға қатты ұнады, ғажайып сарайлар, көпірлер, фонарьлар, музейлер, картиналық галереялар көзінің жауын алды. Суы қорғасын түсті сабырлы ағатын Нева, дәліздері 22 шақырымға созылатын Эрмитаж, Адмиралтейство, Кунсткамера, Невский проспекті, Петр–1-дің жазғы бағы, Орыс музейі сияқты әйгілі орындар керемет еді. Марьянаға Нева жағасындағы қала ғажайып әсер сыйлады. Қолының бос кездерінде аралап шынайы өнер туындыларынан сусындайтын. Эрмитаждағы Леонардо да Винчидің «Сәбилі Мадонна» мен «Мадонна Литтасы», Рафаэльдің «Мадонна Конестабилесі», Тицианның «Данаясы», Караваджоның «Лютна шерткен бозбала», Рембрандтың «Адасқан ұлдың оралуы», Гейнс-бороның «Көгілдір көйлекті ханым», Гогеннің «Жеміс ұстаған келіншек» сияқты әйгілі картиналар жан дүниесін сілкінтті.
Бұрын тек атын еститін Виктор Васнецов, Михаил Врубель, Иван Шишкин, Алексей Саврасов, Василий Суриков, Иван Крамской, Иван Айвазовский, Архип Куинджи және басқалардың шығармашылықтарымен жете танысты, суреттерінің түпнұсқаларын көрді. Леонардо да Винчидің: «Суретшінің қолын рух билемеген жерде өнер де жоқ» деген сөзінің қалтқысыз ақиқатына көз жеткізді.
«Ленинградта оқыған бес жыл мен үшін аса қымбат болды. Уақыт ағымындағы жаңалықтардан шет қалмауға тырыстым. Өндірістік дизайн, графикалық дизайнмен қоса киім дизайнын да үйрендім. Тіпті ғарышкерлер үшін скафандр, тамақ салатын бүктемелер, қажетті заттар тізбесі, ішкі интерьері сияқты ғарыш кемесінің дизайнымен айналысуға да тура келді. Дипломдық жұмысы: «Ғарышкерлер үшін ашық космоста плюс 60 пен минус 60 градустық уақыт индикаторы» деп аталды. Бұл өте жауапты да маңызды тақырып болатын. Қызық болғанда бұл жоба кейін ғарыш кеңістігінде сынақтан өтіп жүзеге асырылды», – дейді Марьяна.
Осындай үлкен мектептен өт-кен Марьяна Қазақстанға оралған соң Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтында (бүгінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында) дизайн пәнінен сабақ бере бастады. 1990-1993 жылдары Мәскеудегі Строганов атындағы жоғары көр-кемсурет-өндірістік училищесінің аспирантурасын бітірді. Бұл да бекер кеткен жоқ. Марьяна терең білім алып, ғылыми ізденістермен айналысу дағдысын қалыптастырды. Қолы бос кезде көркемсурет салумен, графикамен және киім моделдеумен шұғылданады.
Сол Мәскеуде оқып жүрген кезінде сүйікті ұстазы, профессор Прокипи Александрович Тельтевский қазақтарға құрметін үнемі айтып отыратын. Үлкен жиында «Қазақ студенттерін неге қорғаштай бересіз?» деген сұраққа «Мен қанды қасап соғыстың ортасында болған адаммын. Басқа ұлттардың өкілдері арасынан неше түрлі қорқақтар мен сатқындар шығып жатқанда қазақтар өздерінің батыр халық екендігін көрсеткен. Қолына гранатасын алып танкке қарсы ұмтылғандарын талай көрдім. Сондықтан қазақтарды жақсы көретінімді жасырмаймын. Мына Марьяна Арғынбаева – сол батыр халықтың өкілі. Оқыса осылар оқысын!» деп арандатушылардың аузын жапқан. Оңашада ой бөлісіп отырған сәттерде: «Марьяна, аспи-рантурадан кейін Қазақстанға қайтып оралғанда ұлттық негіздегі дизайн жобаларын жаса. Ол орыс, неміс немесе жапон дизайнына ұқсамасын. Тіпті көркемсурет пен графиканың өзінде безендіру элементтері мен рәміздер арқылы қазақтық стиль мен мәдениетті көрсетуге ұмтыл!» – деп ақыл-кеңес айтатын. Қазақстанның тұңғыш өндірістік дизайнері болғандықтан Марьяна ұстаз аманатын нысана тұтып бейнелеу өне-рінде қазақтың ұлттық стилі мен мәдениетін дәріптеуге тырысып келеді. Әдетте адамдар апта бойы – жұманы, жыл бойы – жазды, өмір бойы – бақытты күтеді ғой. Ал өнер адамдары сәттілікті күтеді. Ал ұстаз үшін шәкірттерінің шынайы маман болғанын көрудің өзі – бір бақыт.
Марьяна Арғынбаева Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында доценттігін қосып алғанда жұмыс істеген 30 жыл ішінде Графикалық дизайн мен Киім дизайны бойынша ондаған талантты мамандар тәр-биелеп шығарды. Василий Шукшин: «Ең байқампаз жандар – балалар, олардан кейін суретшілер» дейді ғой. Сондықтан да шәкірттері алдында Марьяна ешқашан жасандылыққа жол берген емес.
Өзі мақтан тұтар шәкірттерінің қатарында Лейла Ахмет Османның есімін атайды. Талантты шәкірті бүгінде АҚШ-тың ең мықты дизайнерлерінің қатарында. Бақыт Бапишев қазір Францияда, Парижде тұрады, танымал дизайнер. Ал Дастан Машрапов болса үлкен өнер қайраткерлерінің бірі. Қазақстанның Теңге сарайында қызмет етеді. Ұлттық валютамыз – теңгенің дизайнерлік авторларының бірі. Қарап отырса шәкірттерінің көпшілігі бүгінде АҚШ, Франция, Испания, Голландия сияқты шет елдерде жұмыс жасайды екен.
Ұстаз өзі де үнемі ізденіс үстінде. Алматы, Қостанай, Мәскеу, Санкт-Петербург, Вильнюс және басқа қалаларда өткен шығармашылық көрмелерге қатысты. Басқасын былай қойғанда туындылары елі-міздің көрмелерінен тұрақты орын алып жүр. Айталық, 2003 жылы «ОЮ» галереясында 17 жұмыстан тұратын жеке көрмесі өтті. 2004 жылы Бейбітшілік үйінде екінші жеке көрмесі суретшілік дарынының ашыла түскендігін байқатты. 2009 жылы «Вернисаж» галереясында үшінші жеке көрмесі өте сәтті болды. Оған қылқалам шеберінің 20 жұмы-сы қойылды. Суретшінің төртінші жеке көрмесі 2011 жылы туған жері Қостанай қаласында өтіп, оған қойылған туындылары жерлестері тарапынан жоғары бағаланды. 2012 жылы Еуразиялық дизайнерлер одағына мүшелікке қабылданды.
Суретшінің осылай тынысы ашыла түсті. Еңбектенген сайын сәттіліктер де ере түсетінін аңғарды. 2013 жылы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музейде «Шаршы» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Көктем метафизикасы» шығармашылық көрмесіне қатысты. Сонда өзінің қолынан шыққан шығармашылық жұмыстарының каталогы тапсырылғанда қатты қуанды. Сол жылы «Арт Нават» галереясында өткен көрмеге қатысып арнайы сертификатқа ие болды. 2014 жылы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музейінде «Өмір, мен сені сүйемін» тақырыбында өткен жеке көрмесі көрермендердің үлкен ықыласына ие болды. 2016 жылы наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында ұйымдастырылған жеке көрмесі Марьянаның әрі суретші, әрі дизайнер, әрі педагог ретінде жеткен биіктерін паш етті.
Марьяна – бақытты ана. Ол Рустам және Батыр деген екі ұлына лайықты тәрбие берді. Рустам Шарипов бүгінде халықаралық деңгейдегі заңгер, отбасылы, екі қызы бар. Екінші ұлы Батыр Арғынбаев архитекторлық мамандық алған, қазір Мәскеуде дизайнерлік салада білімін жетілдіруде. Ол да отбасылы. Кішкентай қызы бар. Марьяна сол немерелерін еркелеткенді ұнатады, соларға қалаған ойыншығын әпереді. Суретші өзінің өміріне риза!

Марат ТОҚАШБАЕВ.
«Патриот-Тұлға»

bottom of page