top of page
Қаңтарбаев Мақсат Қырғызбайұлы

Халықаралық өнер шебері


Қылқалам шебері Мақсат Қырғызбайұлы Қаңтарбаев туралы сыр


Мақсат бала кезінен сурет салуға әуес болды. Әйтеуір қолынан қарындаш, қағаз түспейтін. Бәлкім бұған әкесінің суретші болғандығы да себеп болған шығар. Шамасы 11-12-лердегі кезі болса керек. Бірде шұқшиып көшедегі ағаштардың суретін салып жатқан баласын көріп әкесі жанындағы майдандас досына «менің мына баламнан түбінде бірдеме шығады!» дегені бар. Сол сөз құлағында қалыпты.
Әкесі Қырғызбай жан-жақты адам еді, совет-герман соғысына да қатысқан, от пен оқтың ортасынан шыққан жан болатын. Жамбыл зооветеринария техникумында математика мен физикадан дәріс беретін. Өзінің тікелей жауапты пәндерінен басқа мүсіншілік, ағаш ою, сурет түсіру, стенография, төте жазуды үйрету сияқты түрлі шығармашылық үйірмелер жүргізетін. Майлы бояулармен де түрлі полотнолық суреттер сала беретін. Әрі салған мұндай суреттері көп болатын.

Бірде Жамбыл қаласына (Тараз қаласы ол кезде солай аталатын) әйгілі қылқалам шебері, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев келе қалды. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, ол кісі Қырғызбайдың суреттеріне бірден назар аударып таңдай қақты. «Өй, пәлі, сен дайын суретші екенсің ғой! Сен бүйтіп жүрме! Сені одаққа алу керек!» деді риза болып. Сөйтті де Қырғызбай Қаңтарбаевқа тікелей өзі кепілдеме беріп, КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылдап жібергені. Өзін “әуесқой суретшімін” деп есептейтін Қырғызбай сөйтіп күтпеген жерден кәсіби суретшілер қатарына қосылғаны бар. Салған жұмыстары Италияның, Францияның, Ресейдің Санк-Петербург мұражайларына жол тартты. Міне, осындай әке тәрбиесін көрген, оны өміріне Темірқазықтай бағдар еткен Мақсаттың арманы қалайда өнер биігіне көтерілу болды.

Отбасындағы шығармашылық ахуал мектеп қабырғасында құлшыныспен жалғасты. Талай-талай байқауларға қатысты, жеңімпаз атанды. Мектеп бітірген соң Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, оның көркемсурет-графика факультетін бітіріп шықты. Оқуы жақсы болған соң оқытушылықпен де айналысты. Көркемсуретке құштарлық магниттей тартты да тұрды. Содан қолы қалт еткенде этюдтер, кариналар салды.

Қарап отырса осындай еңбектерінің өзі бірнеше жүз болыпты. Солардан іріктеп отырып Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, сондай-ақ «Мәңгілік ел – мұратым» тақырыптық көрмелеріне қатысты. Ш. Айтматовтың мерейтойына арналған «Тау мен дала жүздесуі» көрмесінде жұмыстары мақтауға ілікті. Ресей-Қазақстан суретшілерінің көрмесіне, жастар ұйымдарының жүз жылдығына және бұлардан басқа ондаған көрмеге қатысты.

Шеберлік те біртіндеп келеді ғой. Еліміздің Орталық мемлекеттік музейінде өткен «Шежірелі нақыш­тар» көрмесіне тек Мақсаттың емес, әкесі марқұм Қырғызбайдың, Жамбыл педагогикалық институ­тының көркемсурет-графика факультетін бітірген қарындасы марқұм Нұрдананың, Жүргенев атындағы колледжде оқитын ұлы Диастың картиналары қойылды. Талдықорғанда өткен «Қазақ даласы», Тараздағы облыстық көрме залында, Алматыдағы «Ұлар» арт-агенттігінде өткізген «Таныс әуендер» көрмелері айрықша есте қаларлық болды. Ілесе Стамбұлда, Лондонда өткен халықаралық көрмелерде картиналары жоғары бағаланды.

Шеберлікпен қоса атақ та, абырой да айналасына үйірілді. Осындай қатысқан шаралардың көптігі соншалық, кейде жылына жиырмадан астам көрмеге қатысып жүрді. 2019 және 2020 жылдары Италияның Флорентино қаласында өткен Fabriano in Acquarello фестивалінде Мақсаттың жұмыстарына жиналған жұрт дуылдата қол соқты. Бүгінде Мақсаттың қолынан шыққан картиналарды Латвияның, Ресейдің, Қытайдың, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның, Американың музейлері мен жеке коллекцияларынан кездестіруге болады.

Сондай атақ-даңқына қарамастан Мақсат туған жерін де назардан тыс қалдырған емес. Қазір Руслан деген жігіт басқаратын «Әулие Ата» компаниясының өкілдерімен, баласы Мираспен, жиендері Айдын, Жалғас, Берік және Дастанмен бірге Тараздағы туристік хаб «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық кешенін жасаумен айналысуда. Ол бұған дейін Астрахан маңындағы Басқұншақ ауылындағы мешітті көркемдеген. Құлан ауылындағы «Дулат баба» мавзолей кешенін абаттандыруға, оның алып есіктеріне оюлап өрнек салуға атсалысты. Бұл бағыттағы жұмыстары біртіндеп қайырымдылық шараларына ұласты. Өтеген кентінде Алматы облыстық балалар онкологиясы, Алматыда №2 балалар онкологиясы ауруха­на­ларының қабырғаларын көркемдеді. Аукционда сатылған картиналарынан түскен қаражат Карина деген сырқат қыздың Израильде емделуіне жұмсалды.

Еңбек елеусіз қалған жоқ. Республикалық «Президент және Халық», «Дружная ребята», Алматы қалалық «Вечерный Алматы», Жамбыл облыстық және аудандық газеттерінде ондаған материалдар жарияланды. Айталық, сондай мақалалардың бірінде сарапшы Талғат Нұрханов: «Мақсат Қаңтарбаевтың көрмеге қойылған елуге тарта туындылары бөлекше бояуға жетелейді. Түрлі пейзаждар, портреттерге үңілген көрермен биік мәдениет пен жарасымды үйлесімге нәзік үндесуге, ерекше ырғақ пен қиял ұшқырлығына куә болады», – деп сүйсіне бағалады. Шығармашылық және азаматтық тұрғыдан биіктеген қылқалам шебері сіңірген еңбегі үшін «Бейбітшілік әлемі» медалімен, «ҚазҰПУ-ға 90 жыл» мерекелік медалімен, «Өнер, мәдениет және спорт институтына – 50 жыл» төсбелгісімен марапатталды, «Қазақ өнерінің қайраткері» атанды. Халықаралық декоративтік өнер шеберлерінің қатарына қосылды.

Оның армандары әлі алда. Елордада, Алматыда жеке көрмесін өткізуді қалайды. Шығармашылық серпін қысқан кезде ұйықтап жатқан жерінен тұрып сурет салатыны бар. Басы толған идея. “Суретші еңбегінің 10 пайызын ғана жұртшылық көреді, ал 90 пайызы суретшінің басында болады” дейді қылқалам шебері.
Мақсат Қырғызбайұлының шығармашылықпен айналысып, үлкен жетістіктерге жетуіне анасы Оңласынның еңбегі орасан. Қолынан келген көмегін аямай, ұлының талантын шыңдауға аналық жүрегімен тілектес болды. Жары Гүлнар да жұбайына рухани жігер беріп, үнемі ұмтылдырып отырды.

“Анамыз бен апамыз әкем екеуміздің шығармашылықпен айналысуымызға көп еңбек сіңірді. Біздің еңбегіміздің көп үлесі сол кісілердің еншісінде”, – дейді суретшінің ұлы Диас. Диас атасы мен әкесінің ізін жалғап суретші мамандығын таңдады. Бүгінде ол танымал қылқалам шебері. Талай көрмелерге қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Мақсат Қырғызбайұлы жары Гүлнармен бірге балаларына өнегелі тәрбие беріп, бәрі де үлкен азаматтар болып қалыптасты. Үлкен ұлдары Мирас та отау құрып, жары Наргиза екеуі Алдияр, Бексұлтан есімді екі ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр.

Диас өткен жылы Салтанат есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, Ескендір деген ұлдары бар.
Сүт кенжесі Жазира Қытайда халықаралық сауда мамандығы бойынша білім алуда.
“Орнында бар оңалар” демекші, Мақсат Қырғызбайұлы әкесінің үмітін жалғап, ата кәсібін өзіне серік етіп келеді.

Осыдан алты жыл бұрын тұңғышы Мирас: “Әке, біз ержеттік. Кішкентай болғанда көп күшіңізді бізге жұмсадыңыз, енді біз Сізге қызмет етейік. Үйдегі тұрмыс­тық мәселенің бәрін өзіміз қолымызға аламыз, алаңдамай шығармашылықпен айналысыңыз”, – дегеннен, тек шығармашалыққа бой ұрдым дейді ұрпағына риза болған қылқалам шебері.

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ,
“Патриот тұлға” журналының Бас редакторы.

bottom of page