top of page
Нұрманбет Қизатұлы

Қазақ фотожурналистикасының ақсақалы

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңы. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет етіп жүрген кезіміз. Бірде Қапшағай қаласынан қалыңдау пакет келді. Ашып қарасақ, өңкей өндірістік суреттер. Бұл өзі газет үшін үнемі жетіспей жататын дүние. Секретариатта бірге істейтін Рахымжан Өтегенов, Әскер Исақов, бәріміз қуанып кеттік. Әр фотоның артында желімделген тілдей қағазға еңбек адамының аты-жөні, жұмыс орны, сіңірген еңбегі баяндалған мәтіні тұр. Соңында «Суретті түсірген Н.Қизатов» деп авторы көрсетілген. Және суреттер қандай!

Ол кезде Қазақстанға танымал Рысқали Дүйсенғалиев, Бек Тілекметов, Қуандық Боқаев, Нұрғожа Жұбанов сияқты оншақты ғана фотожурналист болатын. Секретариат сөресінде солардың әрқай­сысының аты-жөндері жазылған бөлек-бөлек папкілері тұратын. Сол папкілердің қатарына енді сыртына «Н.Қизатов» деген жазуы бар папкі қосылды. Өзі де редакцияға жиі келіп тұратын болды. Араға бірнеше жыл салып «Жетісу» газетінің штатына қабылданды. Нұрекең өзінің кәсібилігімен, газет талабын мүлтіксіз орындайтын іскерлігімен әйгілі фотошеберлер қатарына тез-ақ қосылды.

Өз басым суретке түсірушілерді фотограф және фототілші деп шартты түрде екі топқа бөліп қарастырамын. Фотографтар суретті статикалық яғни бір позада қатырып қойып түсірсе, фототілшілер қасқағым сәтті қағып түсірудің шебері. Нұрманбет Қизатов шығармашылық тұрғыдан иницировкалық тәсілді пайдаланғанымен суреттің композициялық шешіміне айрықша мән беретін маман. Жарықты шебер де, ұтымды пайдаланады. Фокусты дұрыс таңдайды. Суреттері тұнық. Н.Қизатовтың фотоаппараты оқтаулы мылтық тәрізді кез келген сәтте түсіруге дайын тұрады. Жағдайды тез бағамдау, жарық көздерін өзіне ыңғайлы етіп пайдалану, еңбек адамының өндірістік образын ашу кәсіби шеберге еш қиындығы жоқ шаруаға айналды. Әлемдік әйгілі шебер, француз фотографы Вилли Риццо өз мамандығы туралы: «Фотошебер болу локомотивті, ұшақты, лимузинді зы­рыл­датқан шебер жүргізуші болумен бірдей» деген екен. Сол айтпақшы, Нұрманбет Қизатов та фотоаппаратын ұстағанда реактивті жойғыш ұшақ тәрізді қимылына көз ілеспей кетеді.

Нұрмамбет Қизатовтың суретері өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарында ел газеті «Егеменнің», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Қазақстан-ZAMAN», «Заң газеті», «Президент және Халық», «Огни Алатау», «Жетісу» және тағы басқа ондаған басылымдардың беттерінде жиі-жиі жарық көріп жатты. Оның суреттер базасы да ел тарихының өзіндік қазынасы іспетті.

Тоқсаныншы жылдардың басын­да Әділет министрлігінің тапсыруы­мен «Заң газетін» ашқанымда сол шеберлігіне бола газетке қызметтес болуға шақырғаным бар. Талай жылдар қанаттас, қатарлас күн кештік. Ақиқатында Нұрекең табиғаты бөлек жан, өте еңбекқор. Жасы сексеннің сеңгіріне көтеріліп жатқан шағында да «шаршадым» деген сөз аузынан шыққан емес. Әлі де жас жігіттей уәдесіне берік, айтқанын орындайды, әзілқалжыңы араласа жүреді. Жасым келді екен деп жантайып жатудан аулақ. Әрі ең кереметі фото әлемінің заманауи әдіс-тәсілдерін, соны техникасын жетік меңгеріп алған.

Нұрағаңның рухани тазалығы, адалдығы, ақ көңілділігі, жақынына жанын аямайтын мәрттігі кәсіби шеберлігімен әр кез ұштасып жатыр. Жұмсақ юморлы әзілі жаныңды жадыратады. Бүгінде ол қазақ фотожурналистикасының көрнекті тұлғаларының бірі. Өз саласы бойынша ондаған конкурстардың, байқаулардың жүлдегері. Өмірде осындай әріптесіңнің, сыйлас ағаңның барына қуанасың. Қолтаңбасы түсірген суреттерінен көрініп тұратын фототілшіге мерейтойы тұсында ұзақ ғұмырдан басқа не тілерсің?!

Марат ТОҚАШБАЕВ,
Қазақстан Педагогикалық Ғылым академиясының академигі, профессор.

bottom of page