Х Халықаралық «Айбын-2024» әскери-патриоттық
жастар жиыны қарсаңында
2018 жылдан бері Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына үзбей қатысып келе жатқан «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілерінің дәл бүгінгі құрамында Диана есімді оқушы бар. Өткен ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынында жұлдызы жарқыраған Диана Мусатаева Қарағанды облысы білім басқармасы Приозерск қалалық білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 10 «ә» сыныбында білім алып жүр.
Талантты Диана Мусатаева «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының құрамында Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық-жастар жиынына екі жыл қатарынан қатысып, жеңіске жету жолында өзінің үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, Республикалық «Айбын-2022» әскери-патриоттық жастар жиынында алғаш рет бағын сынаса, Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынында Калашников автоматты атыс қаруын жартылай бұзу мен жинаудан жеңімпаз атанды. Көз ілестірмей қолына алған атыс қаруын жартылай бұзуда 9 секунд көрсеткішпен алға шығып, жинау барысында 11 секунд нәтиже көрсетті. Сайыс қорытындысында рекорд жаңартқан Диана Мусатаева жеңімпаз атанды. Бүгінгі күнде Д.Мусатаева клуб тәрбиеленушілерімен бірге Х Халықаралық «Айбын-2024» әскери-патрирттық жастар жиынына қатысуға дайындалып жүр.
«....Ендігі арманым - ұшқыш болу» - дейді, арман қиялының сезімінде тербетілген Диана Мусатаева. Мектепті бітірген соң, Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Ж. Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түсуді көздеп жүр. Асқақ арманының алдын орындау мақсатымен, анасы Индира Сырлыбайқызымен бірге Балқаш қаласындағы 53898 әскери бөлімінің авиациялық оқу-жаттығу орталығына барып қайтты.
Дәл қазіргі таңда, келешегінен көп үміт күттіретін талантты Диана Мусатаева «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен бірге Х Халықаралық «Айбын-2024» әскери-патриоттық жастар жиынына дайындалып жүр.
лейтенант
Думан Құрманғалиев,
Приозерск гарнизонының
баспасөз хатшысы
Comments