top of page
Patriot Tulga

Қазақтың батыр қолбасшылары







Оразбекова Күләш Айтмолдақызы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

университетінің профессоры,

психология ғылымдарының докторы

 






Халқымыз көптеген қиындықтарды, нәубәтті, тарихи оқиғаларды бастан өткерді. Ғасырлар бойы бодандықта болған Қазақ елі тәуелсіздік алып, дербес мемлекет құрды. Еліміздің тәуелсіздігін аңсаған, сол жолда жан аямай күрескен талай ұлы адамдар мен қаһарман батырлар шықты. Кезінде қазақ батырлары жоңғар қалмақтарына «Аттан қазақ», «Абылай», «Қарасай», «Бахтияр» т.б.с.с. ұрандарымен атой салып, жау үрейін ұшырған. Бұл батырларды – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбайды жыраулар, жер жібіткен наурыздай көруші еді. Жан келмейтін бетіне, үшеуі де ер еді. Үшеуі тұрса ту ұстап, аузын айға теңеген Абадан қызыл бөрі еді» - деп жырлап, жастарға үлгі-өнеге еткен. 

Алтай мен Атырау арасына кеңінен жазылған Қазақ жері басқыншы жаулардың шабуылынан аз зардап шеккен жоқ. Қазақ халқы басынан талай-талай нәубетті кешіріп, құрдымға кете жаздаған да кезеңдер болды. Сонда өз елі, өз жері үшін айтулы батырлар жан аямай күресіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Олардың есімдері жадымызда жатталып қалды: Жалаңтөс Айтқұлұлы, Қарасай Алтынайұлы, Есет Көкиұлы, Бөгенбай Ақшаұлы, Қабанбай Қожағұлұлы, Хангелді Срымбетұлы, Саңырық Тоқтыбайұлы, Өтеген, Қойгелді Сартұлы, Райымбек Түкеұлы, Наурызбай Құттымбетұлы, Олжабай Толыбайұлы, Баян Қасаболатұлы, Жауғаш Қырбасұлы және тағы да басқалар. Олардың өз халқына деген адалдығы, қайтпас қайсарлығы мен жаужүрек батырлығы біздің есімізде мәңгі сақталады. Қолбасшы батыр жетекшілігімен еліміз басқыншы жаудың ойранды әрекеттеріне төтеп беріп, тәуелсіздігін сақтап қана қойған жоқ, қазақ жерін кеңейтті.

 Егер ғасырлар қойнауына терең бойлап, көз жүгіртетін болсақ, қазақ халқының әскери тарихы аса зор әрі алуан түрлі екені анық көрінеді.

 Отан қорғаушылардың қасиетті бейнелері мен істері ежелгі заманнан бері қабір үстіне салған қорғандар мен ескерткіштердің тақталарында, аңыздар мен шежірелерде, тарихшылардың, жазушылар мен сазгерлердің еңбектерінде сақталған. Халық батырлары, ұлт-азаттық көтерілістердің ұйымдастырушы, қолбасшылығы, жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған. Қараңыз:

Әбілқайыр,  Мұқамбет Ғази Баһадүр хан. Кіші жүз ханы, қолбасшы, Шыңғысханның он бесінші ұрпағы Әбілқайыр хан батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен 1710-48 жылдары аралығында Кіші жүздің ханы сайланды. 1710 ж. Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты батыр Бөгенбай тағайындалды. 1715 ж. Әбілқайыр хан қазақ-қалмақ қарым-қатынасы мейлінше шиеленісіп тұрған 1716-18 жылдары Ресей империясынан көмек алу мақсатымен Сібір губернаторы князь М. Гагаринге, Уфа воеводасына хат жазып, қазақтардың ахуалын реттеуге атсалысты. 1723 жылға дейін Түркістанда тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққаннан кейін Бұхар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын көшпелі тайпаларға қоныс аударды. 1726 ж. Үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Ал Әбілқайырдың хандық дәрежеге қалай жеткендігін 1736 ж. оның Ордасына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль былайша түйіндейді: «Ол зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі, сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде, шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ». Әбілқайыр 1728 ж. Бұланты өзенінің жағасындағы, 1729-30 жылдары Аңырақайдағы жоңғарларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілетімен ерекше көрінді. Аңырақай шайқасында бас қолбасшылықты өз еркімен Болат ханға бергенімен Үш жүздің қолын үйлестіруде көп жұмыс атқарды.

Бөгембай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгембай (1680 – 1775).  Жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі, атақты батыр, ұлы қолбасшы. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасының Қанжығалы руынан, есімдері әуелден елге мәлім болған батырлар әулетінен. Батырдың атасы Әлдеуін – қазақтың атақты ханы Есім ханның атақты батырларының бірі болған. Ғұмырының дені ат үстінде жортуылмен өткен. Қатағанның Тұрсын ханымен соғыстағы ерен ерлігі үшін оны Түркістанның әмірі етіп тағайындаған. Өз әкесі Әлдеуінұлы Ақша заманында дұшпанына бет қаратпаған айтулы батыр, айбынды қолбасшы сарбаздан тұратын әскерін басқарыпты. Үмбетей жыраудың: «Алатаудай Ақшадан, асып тудың Бөгенбай» деуі де, Ақшаның қандай айбынды батыр болғанын танытып тұрғандай. Бөгенбай батырды халықтың ерекше ардақтап, ғасырлар бойы есімін аялап, есте сақтап келуі – оның ерлік, әскер басылық қазақ ауылдарына шабуылдап, мазасын алып, әбден титықтатып біткен казак-орыстармен шайқастан басталады. Жиырма сегіз жасында 30 мың қолды бастап барып, казак-орыстарды дүркіретіп қуып, Еділден әрі асырып салады. Осы кезден бастап, қашан қазақ жері жоңғарлардан азат етілгенше Бөгембай батыр аттан түспей, Қабанбай, Олжабай, Жәнібек, Малайсары секілді қазақтың аты шулы батырларымен тізе қосып, ел тәуелсіздігі үшін талай шайқастарға енеді. 1710 ж. Қарақұмда өткен Үш жүз қазақтарының құрылтайында бүкілқазақтық жасақ құрып, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары талқыланады. Осы құрылтайда Бөгембай батыр Үш жүздің Бас сардары болып сайланады. 1726 ж. Бөгембай бастаған қазақ қолы Бұланты өзені бойында қалмақтарға қарсы күйрете соққы берді. 1727 ж. Қожамберген басқарған қазақ-татар жасағымен бірігіп, Бөгембай басқарған әскер Нияз, Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен соғысып жеңіске жетті. Осы шайқастардағы көрсеткен ерлігі, шабуылды шебер ұйымдастыра білуі – оның даңқын асырды. 1756-58 жылдары Бөгембай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды талқандап, Үрімжіге дейін қуып барды. Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында Бөгембай батырдың соңғы үлкен жорығының бірі – Аягөз өзені бойында болған. Қазақ қолына төтеп бере алмаған жоңғарлар да жеңілгенін мойындап, келісімге келуге мәжбүр болған. Осы арада батыр жоңғарлардан ақ аманатын алып, олардан бұдан бұлай жауласпауға ант алады, Бөгембай белгілі бітімші мәмілегер де болған. Ол 1761 ж. Абылай ханның Қытайға жіберген елшілігін басқарып барып, екі елдің арасында бейбіт қарым-қатынастың орнауына үлкен үлес қосады. Бөгембай батыр «Қанжығалы қарт Бөгембай» атанып дәуірлеп тұрған шағында өз ажалынан дүние салып, сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи күмбезіне жерленеді.

  Қазақ батырларының елдікті сақтап қалудағы ерлігі Үмбетей мен Тәттіқара толғауларында жақсы баяндалған. Үмбетей жыраудың «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауында былай делінген:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгембай,

Сары, Баян мен Сағынбай,

Қырмап па еді жауыңды,

Қуантпап па еді қауымды,

Ұмыттың ба соны, Абылай.

Жалпы Бөгенбай батыр Жоңғарларға қарсы 103 рет үлкен соғыстарға кірген, 50 жыл жуық қазақ қолының басында болған, 77 жасында Қарабалта түбінде қырғызға қарсы шайқасты басқарған. Қырғыз феодалдарымен болған осы соғыс Бөгенбай батыр қатынасқан соңғы соғыс болды.

«Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт!» деп Тәттіқара жырау жырлағандай,  қазақ халқы өзінің даңқты ұлының тұлғасын мәңгі жүрегінде сақтап, ауыздан-ауызға таратуда. Бөгембай батырдың ерліктері оны Қазақ хақының ең ардақты ұлдарының қатарына қосты, отансүйгіштік пен қайсарлықтың үлгісіндей танытты. 1991 ж. Астана – Павлодар, Ерейментау – Павлодар тоғысқан жол торабында Бөгембай батырға арнап ескерткіш орнатылды. 2007 ж. Астана қаласында Бөгембай батыр мен Сарыарқа даңғылының қиылысында ескерткіш ашылды (Мүсіншісі – Т. Ермеков). Астана қаласында бір даңғылға, Алматыда бір көшеге оның есімі берілді.

Кенесары Қасымұлы (1802 – 1847). Мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-47 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы. 1802 ж. Көкшетау өңірінде дүниеге келген.  Атақты Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Қасым сұлтан мен бәйбішесі Айкүмістің алты баласы болған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген. Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы- қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленеді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан. «Менің тілегім – екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», - деді. Кенесары Қасымұлы 1837 ж. Желтоқсанда І Николай патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазған. Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленішұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді. 1841 ж. қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан. Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. 

Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қызғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түсті. 1847 ж. Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік – Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді. Абылай ханның ұрпағы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н. Середа өз зерттеулерінде жан-жақты ашып жазған. Ал ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән». Ресейдің әскери тарихшысы В. Потто кезінде Кенесарыны қазақтардың Шамилі деп те атаған. Кенесары Қасымұлының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай дастаны» 1875 ж. сұлтан Жантөриннің тәржімесімен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. 20 ғасырдың 30-жылдары М. Әуезов «Хан Кеңес» пьесасын, 60-жылдары І. Есенберлин «Қаһар» романын жазды. 1888 ж. Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болды. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми-зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е. Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлы тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды. 2002 ж. Кенесары ханның туғанына 200 толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның атымен аталатын көше бар.

Қабанбай Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз (1692 – 1770).  Қазақ батыры. Азан шақырып қойған аты – Ерасыл. 18 ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы күрестің бел ортасында жүрген қолбасшылардың бірі. Халық арасынада оны Қаракерей Қабанбай деп атаған. Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза тапқан. 16 жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін ол 5 – 6 жыл Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болады. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанады. 1717 ж. Аягөз шайқасында ерекше көзге түсіп, Қабанбай батыр атанады. 1723 ж. Түркістан қорғанысына, 1726 ж. Бұланты шайқасына, 1730 ж. Аңырқарай – Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады. 1741 ж. Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады.

 Қабанбай батыр тек Орта жүздің ішкі жағдайларына ықпал етіп қана қоймай, Кіші жүзде болып жатқан тарихи оқиғалардың да бел ортасында болады. 1752-54 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысқан. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күңгейі мен тірескейінде екі бағытта шабуылға шыққан. Күңгейді әскер тобын басқарған Қабанбай сарбаздарымен Қаракөл мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылған. Баспан-Базар, Шораға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат еткен. Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қабанбай батыр 1756 ж. Жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға ат салысты. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласты. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысқан. Қытаймен бітім жасалғаннан кейін, 1758 ж. қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап қарсы шығып, Қабанбай жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшыраған. Қабанбай батыр есімі ел есінде сақталған. Алматы облысындағы бұрынғы Андреев ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында, Жарбұлақ ауданында, Астана қаласында бір даңғылға, Алматы, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларындағы бір-бір көшеге, сондай-ақ Аягөз қаласында орналасқан танк дивизиясына Қабанбай есімі берілген. Алматы облысының Алакөл ауданының орталығындағы Үшарал қаласында батырға ескерткіш орнатылған. Стамбулдың Бахыркой ауданы, Алакөл алаңындағы Киікті саябағында батыр бабамызға еңселі ескерткіш орнатылды. Ескерткіш жобасын жасаған Әзірбайжан мүсіншісі Руғи мырза. Мерекелік шара үстінде аудан әкімі Атеш Унәл мырза Қабанбай ескерткіші қойылған Киікті саябағын бұдан былай «Қазақ саябағы» деп атау жөніндегі шешімін жария етті. Батыр туралы жыр-дастандар, зерттеу еңбектері аз емес. Қабанбай батырдың өмірі мен ерлік күресі Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәттіқара, т.б. халық ақындары жырларына арқау болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылыми академиясының көне жазбалар бөлімінде Қабанбайға арналған жырлардың төрт нұсқасы, Қытай қазақтарында оңға тарта нұсқасы сақталған. Бұл жырларды жинауға Ш. Уәлиханов, С. Торайғыров, Қ. Халидұлы, Қытайда тұратын қазақ ғалымдары З. Сәнік, Б. Садықан, т.б. көп еңбек сіңірген. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романын жарыққа шығарды.

Наурызбай батыр Құттымбетұлы  (Құтпанбетұлы) (1706 – 1781).  Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан атақты батырлардың бірі, белгілі қолбасшы. Шыққан тегі Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Мекені Алматы қаласы маңындағы Жалпақтөс, Серіктас деген жерлер. Ел басына түскен ауыртпалық өзге замандастары сияқты Наурызбайды да ерте есейтеді. Халық жадында оның «Торы ала тұлпарлы, түйе тұрпатты» батыр бейнесінде қалуы да содан. Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол 1729 ж. атақты Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі: «Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан-судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады» деп, оның атын жырға қосып, мақтан тұтады.

 Қол бастап талай шайқасқа қатысқан Наурызбай батыр 1784 – 53 жылдары Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырларымен бірге тізе қоса қимылдап, қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды. Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғысына Наурызбайдың өзімен бірге Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары да қатысады. Бірақ олардың бәрі де жау қолынан қаза табады. Батыр жаудан азат етілген аймақтарға қазақ руларын орналастыру ісінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, ел басқарған. Бұл жөнінде «Қазақ-орыс қатынастары» атты құжаттар жинағында К. Миллер Наурызбайды Ұлы жүз ордасының старшинасы деп атап көрсетеді. Бұқар, Жамбыл, т.б. ақын-жыраулар оны жырға қосқан. Наурызбайдың Оңтағар, Жақсылық, Шәшке деген балаларынан тараған ұрпақтары бүгінде Алматы облысының Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында тұрады. Алматы қаласындағы бір көшеге Наурызбайдың есімі берілген. 2006 ж. батырдың 300 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының Қаскелең қаласына ескерткіші орнатылған.


Түкеұлы Райымбек (1705 – 1785). Қазақ-жоңғар соғысында ерлік көрсеткен батыр, қолбасшы. Ұлы жүз албан ішіндегі алжан руының сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырларымен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түскен. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Батыр туралы ақын М. Мақатаев «Райымбек, Райымбек» атты поэма жазған. Ел аузындағы аңыз әңгіме бойынша Райымбек батыр дүниеден озар алдында ұрпақтарына «денемді ақ түйеге артып, басын бос жіберіңдер. Ол қай жерге барып шөксе, сол жерге жерлеңдер» деген өсиет айтса керек. Сол ақ түйе шөккен жердегі батыр есімімен аталатын зираттың басына зәулім кесене тұрғызылып, ақ түйенің мүсіні орнатылған. Қасиетті орын саналатын осы кесене тұрғызылған жерге адамдар келіп тәу етіп тұрады. Алматы – Райымбек тас жолы бойындағы Сарыжаз ауылының оңтүстік-шығысындағы Қасенай деген жердегі Мұратәлі деп аталатын үлкен төбеде Райымбек батыр баба ұрпақтарының күшімен қойылған еңселі ескерткіш.

Қасаболатұлы Баян, Батыр Баян (1710/15 – 1757).  Шоқанның мәліметтерінен Баянның ханына да, халқына да мәлім, айбынды қолбасшы және ержүрек жауынгер болғанын көреміз. Абылай қалмақтарға жорықпен келе жатқанда қалмақтан жеті адам елші келіп, қалмақ ханы Қалдан Серен: «Қалмақтар мен қазақтар ағайынды болған. Біз егіздерге ақ үйлі аманат пен қымбат тартулар жасаймыз. Бейбіт болайық», - деп ұсыныс жасайды. Абылай батырларын жинап кеңес құрады. Хан: «Ақ үйі аманатын алайық, оларды сендірейік, одан кейін шабуыл жасайық», - дейді. Сол кезде Баян: «Сіз ақ үйлі аманатын алмаңыз, қалмақтарды алдаймын деп ойламаңыз. Ұса менен Серен жоғары және төмен Қытайды да алдаған, сені де алдайды», - дейді. Хан өз сөзінен қайтпайды. Қазақтар екі күн қалмақтарды тосады. Ақ үйлі аманаты да, басқа сыйлықтар да жоқ. Шолғыншылар екі күн бұрын қалмақ қолының жасырын кетіп қалғанын хабарлайды. Баян мың адамдық жасақпен қалмақтарды қуып, Қытай жеріне кіреді. Бірақ қамақ қолын толық талқандай алмай, қайтуға мәжбүр болады. Қайтар жолда қалмақтардың улаған суынан ұшынып ауырған Баян және оның жауынгерлері қаза болады. Бұл деректі де Шоқан айтқан. Шоқтығы биік Баянның бейнесі поэмада былай суреттеледі:

Қанайым, ойың удай, тілің шаян,

Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.

Көп жаудың албастысы, ел еркесі,

Баянның батырлыгы алашка аян.

Баянның аруақты құр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ ноян?

Наркескен, өрттей ескен қайтпас болат,

Баянсыз қанатымды қалай жаям?!

Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,

Келмесе қандыбалақ батыр Баян, - деген Абылай сөзінен батырдың хан ордасындағы орны мен беделін байқайсыз. Баян батыр ел рухы мен батыр рухының биіктігін барлық құндылықтан жоғары қояды. Елдің мүддесі Баян үшін қымбат, халқының тағдыры жау табанына басылмауы жолында жан аямай күрескен Баян батыр – ерліктің, отаншылдықтың үлгісі.  Шоқанның айтуынша, Баян Абылайдың ең жақын батырларының бірі болған.  Абылай хан «үш жүздің батырларының ішінде кімдерді ерекше бағалайсыз?», деген сұраққа екі батырды ерекше атайды. «Бәсентиін Малайсары батыр байлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, Уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен, ержүректілігімен ерекшеленеді», Тәтіғара толғауында:              

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын

Сары батырмен Баянды айт Уақтағы.

Алғырлығы, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген батыр. Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып, «Батыр Баян» атанған.


Сейітқұлұлы Жалаңтөс, Жалаңтөс Баһадүр (1576 – 1656).  Мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, Жалаңтөс Баһадүр Бұхарда 5000, Нұратада 5000 тұрақты жасақ ұстанды. 1618 жылы Имамқұл хан Жалаңтөс Баһадүрді хандығының бас қолбасшысы, хандықтың ішкі тәртібін қадағалайтын және шет елдермен қарым-қатынас жасау жөніндегі бас уәзірі етіп тағайындайды. Бұл кезеңде Бұхар хандығында белгілі дәрежеде тәртіп орнап, тұрақтылық сақталады. Имамқұл тақта отырған тұста хандықта екі адамның ықпалы күшті болды: бірі – Жалаңтөс Баһадүр, екіншісі – Бадахшаң әмірі қатаған Махмұд би еді. Жалаңтөс Баһадүрдің беделінен сескенген Имамқұл 1626 жылы Бұхар хандығынан тәуелсіз Самарканд аймағын құрып, оған Жалаңтөс Баһадүрді әмір етіп тағайындайды және бас қолбасшылықты Жалаңтөс Баһадүрдің өзінде қалдырады. Жалаңтөс Баһадүрге Үндістан, Хорезм, Тибет, Ресей, т.б. елдерден сыйлықтар келіп тұрады.

  Жалаңтөс Баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білді. Самарқандтағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620-36 жылдары «Ширдор» («Арыстан қақпа») медресесін салдырады. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» («Алтынмен апталған») медресенің құрылысын бастайды. Жалаңтөс Баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарканд, Бұхара, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, оған қоса қазақ сахарасының да қорғаны бола алды. 1640 жылы жоңғарлардың Батыр қонтайшысына қарсы 30 мың қолмен шығып, 50 мыңдық қолды талқандайды. 1643 жылы Жалаңтөс Баһадүр Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғарларға қарсы шайқасып жатқан Салқам Жәңгір ханға 20 мың қол бастап көмекке келеді де, қалмақтарды ойсырата жеңеді. 1644 жылы Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан аумағын билейтін Моғол империясы мен Бұхар хандығы соғысады. Салқам Жәңгір 100 мың қолмен Жалаңтөс Баһадүрге көмекке келеді де, Бұхар хандығы аман қалады. Осындай жағдайда Бұхараның ақсүйектері Жалаңтөс Баһадүр бастаған алшындардың қолдауымен Жәнібектің баласы Бақимұхаммедті хан көтереді, інісі Уәлимұхаммедті тақтың мұрагері деп жариялайды. Жалаңтөс Баһадүр хан кеңесіне мүшелікке қабылданып, әскери істер жөніндегі кеңесші және ішкі істер уәзірлігінің орынбасары болып тағайындалды. 1605 жылы Бақимұхаммед қайтыс болады да, таққа Уәлимұхаммед ел ішінде тәртіп орнатып, халықтың бірлігін сақтай алмайды. Мұндай саясатқа қарсы болған Жалаңтөс Баһадүр бастаған топ 1611 жылы Уәлимұхаммедті тақтан түсіріп, орнына Имамқұлды отырғызады. Осы кезеңде Бұхар хандығының нығаюына Жалаңтөс Баһадүр көп еңбек сіңіреді.  Жалаңтөс Баһадүрдің мұндай әрекеті оның қайраткерлігін, батыр қолбасшылығын танытты. Жалаңтөс Баһадүр 80 жасында Самаркандта дүниеден қайтты. Денесі Самарканд өңірі Дағбид қыстағындағы өзі пір тұтатын Мақтым ағзам әулие бейітінің жанына жерленген. Ел аузында «Жалаңтөс батыр» атты хикая сақталған. Онда Жалаңтөс Баһадүрдің ерлік істері баяндалады. Хикая нұсқасы толық емес, қарасөз үлгісімен жазылған. Ел аузынан жазып алған Шайхы Уәлихайдарұлы. Хикаяның қолжазбасы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы тұр. Қызылорда облысында Жалаңтөс батыр атында ауыл бар. 

Сырым батыр.  ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің ұйымдастырушысы әрі көсемі. Кіші жүз шаруаларының көтеріліс басшысы (1786-97). Жастайынан топ жарып көрсеткен өнегелі істері, әділ билігі үшін бала би аталады. Ол патша үкіметінің, қазақ сұлтандарының әділетсіздіктеріне наразы болып, шаруаларды маңына топтастырады. Сырым батыр – қазақ халқының бостандығы, ұлт-азаттығы үшін атамекен қонысын сыртқы жаулардың талауына түспеуі үшін күрескен айбынды жауынгер.  Сырым соғыс-жорықтарда асқан мерген, алғыр найзагер, батыл болды. Патша үкіметінің жарлығымен Хиуа хандарының талап-тонау әрекеттеріне қарсы қорғау соғыстарында Сырым Кіші жүз қазақтарының қалың қолын бастап жауды талай рет жеңіп шықты. Ол Нұралы ханның халыққа істеген қиянатын, зұлымдығын бетіне басып, оны жұрт алдында сан рет масқаралаған. Сырым мен Нұралы тұқымының арасында күрес тоқтаған жоқ, сан рет шабуыл-жорықтар болды. Нұралының балалары Ералы, Есім сұлтандар әскер жинап, күреске белсене араласты. 1797 жылы 28 тамызда Сырым Датұлы көтерілісті тоқтату туралы шешім қабылдады. Ақыры Сырымның көтерілісі 1798 жылы басылды. Сырым батырдың өлімі жайлы ел арасында әр түрлі әңгіме бар. Сырым дүниеден озған кезе оның асында 2000 жылқы, 2500 қой сойылып, 5000 күбі қымыз ішілген және бірнеше жүз киіз үйлер тігілген. Бұл бір жағынан, оның байлығын, екінші жағынан, оның халық арасында беделді болғанын білдіреді. Әдеб.: Сырым Датов. Атырау облысының энцикопедиясы. – Алматы: «Атамұра», 2000.

Тайлақ батыр.  Жазушы М. Есламғалиұлы халықтың шежіре деректері мен тарихи жырлардағы мәліметтерге сүйеніп, 1729-30 жылдары жоңғарлармен өткен шайқастарда Кіші жүздің қолын басқарған осы Тайлақ батыр деп жорамалдайды. Жоңғар шапқыншылығанда Үш жүздің қолын басқарған Әбілқайыр сұлтанмен үзеңгілес, қатар жүрген ниеттес, көңілі жақын құрдасы әрі ақылшы-кеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасы жиынында Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланған. Бұланты – Білеуті шайқасында, Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасағын басқарған. Тайлақ батыр – ұлт тәуелсіздігі жолындағы ұлы күресте ерлігімен де, азаматтығымен де көзге түскен қазақтың марқасқа тұлғаларының бірі. Тайлақ батыр жөніндегі алғашқы деректі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атымен тарихта қалған қанды қырғынға бастан-аяқ қатысқан, атақты «Елім-ай» толғауының авторы Қожаберген жырау жырларында кездестіреміз: «Қатысып Кіші жүзден Тайлақ мерген». Көрнекті жазушы Ә. Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» романдарында негізінен Керейіт Тайлақты сюжет арқауы етіп,  Шекті Тайлақ туралы бір оқиға үстінде ғана әңгіме етіп өтеді.

 Сырым ауданы Шідерті елді мекеннің маңындағы Тайлақ атанған ауыл бар. Оның іргесіндегі қорым да солай аталады. Осындай қазақ батырлары көп болған: Есет батыр, Ақтамберді, Жәнібек, Сырым, Өтеген, Сырымбет, Исатай, Сатай батыр бәрін атап шығу мүмкін емес. Болашақ пен бүгінгі ұрпақ, әсіресе, жауынгер-сарбаздар олардың білгені жөн. Өйткені солар туралы оқи отырып, өзіңізді өзіңіз танисыз, өзіңізге сын көзбен қарап үлгі-өнеге аласыз, ұлттық сана-сезіміңіз, намыс-жігеріңіз оянып, Отанға сүйіспеншілігіңізбен қамқорлығыңыз артады. Қазақ батырларының қыз-келіншектері әскери дайындықтан өтпесе де, қолдарына қару алып жауға қарсы шыққан. Ерлеріне сүйеу боп, керек жерде сын мен мақтау да айта білген.  Осы орайда Ақжүніс толғауын келтіруді жөн көрдім. «Ай Қарт Қожақ! Сен бесікте жатқанда бала болып жыламадың. Арнап бермесе, өздігіңнен емшек сұрамадың. Омырауы жұпарлы, он саусағы қыналы анаң сүйінді. Бір жасында күйем деп оттан қорықпадың. Бұлт үйіріліп күн жауған, дауыл ұрып, түн болған шақта бесігіңе өрмелеген жыланды сығымдап өлтірдің. Қабағы тастай түйілген, жеңсіз берен киінген, елінің тыныштығы үшін егескен күні әкен сүйінді. Бес жасына келгенде, жас шыбықтан садақ жасадың, жалғыз шиеден жебе сайладың, жай тартқанда атқан оғың алты жүз қадам жерден табылды. Ел тағдырын тау текенің тарғыл мүйізінен иілген арыс садақ пен күрең тобылғыдан қиылған қанды жебеге тапсырған аған сүйінді. Он жасыңа келгенде, піл тісіндей жайнадың. Қызыл-жасыл киініп, белінді қынай буынып, қызыл балықтай асыр салдың. Жиын-тойда ақ балтырың түрініп, өзіннен жарты мүшел жігітпен балуанға түстің. Ағайын-туғаның сүйінді. Он бесіне келгенде жас та болсаң, бас болдың, қарағайдан садақ будың, қайыңнан оқ жондың. Қылыш шауып, найза шаныштың. Ат ойнатып, айбар таныттың. Ауыл-аймағың сүйінді».


Есет батыр.  Есет жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті деген әңгіме де бар. Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген – Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен Ұлы жеңіске өз үлесін қосады. Ал, тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болады.  Есет батыр қазақтар, башқұрттар және татарлардан үлкен әскери топ құрып, соны басқарған. Есет батырдың ерлігіне қанық болған Сібір татарлардың билері мен бектері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтаннан Есет батырды өздерінің басшысы етіп жіберуді сұраған. Есет батыр татарларға келгенде оны билер мен бектер ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге көтеріп, шора (аймақтың басшысы) сайлаған. 1746 – 1772 жылдары татарлар аймағының көсемі ретінде басқарған. Суретші Бронислав Залесский 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған «Қазақ сахарасына саяхат» деген кітабында былай деп жазған: «Мен бір күнімді Есет Көтібаров есімді қырғызбен өткіздім. Ол осы замандағы қазақ даласына танымал ерекше тұлға... ол көсем болып қалды... және қазының міндетін атқарды». Б. Залесский осы сапарында қара қарындашпен Есеттің қырынан суретін салып алған. Есет сол заманда Еуропада, Ресейде суретке түсірілген, ол суреттері кезінде газет-журналдарда жарық көрген санаулы адамдардың бірі болған.  Ресейден табылған ақпарат құралдарында Кіші жүзде Есеттің аты 40-шы жылдарда өлтірілген отандасы Кенесарының немесе Кавказдағы Шамильдің атындай қаһарлы болғандығы және оның ұзын бойлы, селдір қара сақалды, мұртты, оның жүзінен қайырымдылық пен сергектік, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ой, ақылдық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалатындығы жөнінде жазылған.  Соңғы жылдары табылған тағы бір дерек шығыстанушы С. Өтенияз Ұлыбританияның Лондон ұлттық кітапханасының сирек кітаптар қорынан 1865 жылы ағылшын тілінде жарық көрген қазақ даласы жайлы кітаптың көшірмесін алып келген. Осы кітаптың 33 беті Есет батырға арналған.


 Иманов Амангелді Үдербайұлы (1873 – 1919).  Халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі. Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтерілісі барысында айқын көрінді. 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлайды. Амангелдінің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің жарақты үлкен жасағына қарсы 1917 жылғы 21-23 ақпандағы Құмкешу – Доғал – Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасайды. Жазалаушылар Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін тұншықтыра алмады. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты. Амангелді 1918 жылы 21 наурыз – 2 сәуір аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысады. Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалады. 1919 жылы 20 сәуірде Торғайда Кеңес өкіметі құлатылып, Амангелді тұтқынға алынады. Батыр қазақ азаматтарын бір-біріне қарсы қойған аласапыран уақыттың алмағайып саясатының құрбаны болды. Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін 1940 жылы аудан орталығына әкелініп жерленеді. Қабірінің басына ескерткіш орнатылған ( мүсінші – Х. Наурызбаев). Амангелдіден Рамазан, Шәріп есімді екі бала қалады. Ұрпақтары қазір де бар. Амангелдінің ерлікке толы ғұмыры ақын-жазушылардың, суретшілер мен композиторлардың шығармаларына арқау болған. Қазақстанның көптеген ауылдары, мектептері, көшелері, Қостанай облысының бір ауданы Амангелді есімімен аталады. Амангелді ескерткіші – 1947 жылы Алматы қаласында ашылған (мүсінші – Х.Б. Асқар-Сарыджа, сәулетші – Т.Қ. Бәсенов) Алматыдағы алғашқы монументтік ескерткіштердің бірі. 


Қазақтың батыр аналары


 Айтолқын – Абылай ханның қызы, ХҮІІІ ғасырдағы соғыстарға қатысып, ерлік көрсеткен.

 Жандәлі – Найман тайпасынан шыққан батыр қыз. Қазақ-жоңғар шайқасында ерлермен бірге майданға шыққан.

 Айбике – ХҮІІІ ғасырда өткен атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздар қолын басқарған ержүрек әйел. Ол қазақтың батыры, ағасы Қабанбайға Алтай, Ертіс, Тарбағатайдағы жоңғар жасақтарының жайын біліп, жеткізіп отырған.

  Ақбикеш – ХҮІІІ ғасырдағы жойқын соғыстарда алыстан көретін қырағы қыз екен. Руы Алшын. Ол соғыста жау жасағын бақылап, оның бағытын қазақтарға хабарлап отырған. Қаратау өңірінде «Ақбикеш мұнарасы» деген ескерткіш бар.

 Ботагөз – Тама Көкі ұлы Есет батырдың қызы. 1742 жылы әкесі Орынборға кеткенде еліне қалмақ шауып, жылқысын қуып кетеді. Ботагөз 150 сарбазды бастап барып, жауын тұтқындап жеңіспен оралған.

Сапар. Әкесінің аты Мәтен, руы Табын. Кейде есімі Сапура деп те аталады. ХҮІІІ ғасырдағы Е. Пугачев соғысында аты аңызға айналған батыр қыз. Аңызда «көктемір», «көрінбес» деген атпен дәріптелген, қаһарман қыз өзін Е. Пугачевтың ізбасарымын деп жариялап, азаттық көтерілісті одан әрі жалғастыруға үндеген. Ғалым Н. Бекмаханова ол туралы «Легенда о невидимке» деген (1968 ж.) кітап жазған.

 Бақты – әкесі батыр болған текті ердің қызы екен. Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. ХІХ ғасырдың орта кезінде Бақты қыз батыр әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы күресіп, барлаушылық қызмет атқарған.

 Қойсана – (ХҮІІІ-ХІХ ғ.) Тарақты Байғозы батырдың қызы. Сардар Шұбыртпалы Ағыбай батырдың анасы. Ер Ағыбайға екіқабат кезінде елінің жылқыларын қуып кеткен барымташыларды қуып жетіп, аттан түсіріп, байлап, аулына әкелген соң көп ұзамай Ағыбай батырды дүниеге әкеліпті.

 Назым – Қабанбай батыр мен Гауһар батырдан туған қаһарман қыз. Әкесімен бірге ХҮІІІ ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатынасып, Отанын қорғаған. Назым қыз есімі және оның ерлігі жұртқа аңыз болып тараған.

 Қызай – Найман елінен шыққан батыр қыз. ХҮІІІ ғасыр шамасында Найман еліне жау шабады. Бұл кезде оң жақта бой жетіп отырған Қызай бойына жау жарағын асынып, жасанған жауға қарсы ерлікпен шайқасады. Жау жеңіліп, келген бойымен кері қайтады.

 Әлемді таңқалдырған батыр аналар мен қазақтың қыздары аз болмаған. Бәрін атап шығу мүмкін емес. Сонда да, қараңыз: Әйгілі Кирдің басын алып, патшалық құрған Тұмар ханым, Шығыс әйелдерінің патшайымы Тұрқан қатын, Шыңғыс ханды бұлтартпаған қоңырат қызы. Бөрте ханым, Низами ғашық болып жыр арнаған қыпшақ қызы Әппақ сұлу, бүкіл Ұлы жүздің ұлы анасы Домалақ ананың. Найман елінің текті анасы Ақсұлудың қасиетті есімдерін білмейтін қазақ жоқ. Сол сияқты Ақсақ Темірді тезге салған белгісіз ана, Әз-Жәнібекті ақылмен тоқтатқан Қарашаш, құдіретті Құнанбайды қаймықтырған анасы Зере, ру атын алған Қарқабат, Дәулетбике, Ақбикеш сынды терең ойлы, батыл да батыр мінезді қазақ әйедері көп болған. Олардың бірсыпырасы қиын кезеңде ер-азаматтармен бірге қолына қару алып, жауға аттанған.    

  «Намысты бермеу үшін жатқа қолдан,

  Арулар аз болды ма атқа қонған», - деп ақындар жырға қосқан. Біздің қыздарымыз оларды біліп, мақтан тұтып соларға ұқсап, кейінгі ұрпаққа жеткізе білсе, ағамыз М. Мақатаев айтқанындай:

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер

Батырлар дүрілдеп өткен жер.

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер

Сарылып сал-сер кеткен жер.

Құлшылық етемін құмдарға,

Тағзым жасаймын қырларға!

Шүкірлік етемін қашанда,

Осы бір Отанда тұрғанға!    (М.Мақатаев)

 

110 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page