Бүгінгі мектеп бітіруші түлектер – егеменді еліміздің ертеңгі мамандық иелері. Дәл қазіргі білім ошақтарындағы оқу жылының қорытындысымен сан мыңдаған түлек түрлі мамандық иесі атану үшін өздері қалаған оқу орындарын таңдай бастайды. Мамандық иесі атанудың қанщама түрлері болғанымен, «әскери қызметші» атану мамандығының алатын орны ерекше. Өйткені, біздің ұғымымызда әскер қатарында қызмет ету деген – бұл егеменді еліміздің аумақтық тұтастығын сақтау мен халқымыздың бейбіт өмірін қырағы күзету болып саналады. Ал, әскери маман атану үшін әскери оқу орындарын таңдай білу керекпіз. Осы ретте, Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласының білім бөлімінің «№2 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі білім алып жүрген жоғары сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырылып өткізілді. Басты мақсат – мектеп бітіруші түлектерге кәсіптік бағдар беру болып табылады. Кездесуді алғашқы әскери және технологиялық дайындығы пәнінен педагог-ұйымдастырушы Мадешов Мухан Сәбитұлы ашып берді.
Алдымен оқушыларға еліміздегі әскери оқу орындары бойынша арнайы дайындалған деректі фильмдер мен бейнетүсірілімдер заманауи интерактивтік тақта арқылы көрсетілді. Келесі кезекте сөз алған Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Кенжебеков Тілек Алшымбекұлы аталған әрбір әскери оқу орындарына жеке дара тоқталып, мектеп оқушыларына мамандық таңдау барысындағы оқуға түсу долдарын түсіндіріп берді. Әскери мамандарды даярлау мақсатындағы еліміздегі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты және Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтын ерекше атауға болады.
Сонымен қатар, ардагер аға Тілек Алшымбекұлы мектеп оқушыларына әскер қатарына шақырылатын азаматтарға білім алуға жеңілдіктер жасау үшін қабылданып жатқан тың бастама жобасын баяндап берді. Бұл жобаның бүгінгі мектеп түлектері, ертеңгі күні әскер қатарына шақырылатын жастар үшін қандай артықшылықтары бар?
Біріншіден, Отан алдындағы борышын атқарған сарбаздар екі жыл ішінде ұлттық бірыңғай тестіні тапсырмай-ақ ақылы түрде жоғары оқу орнына түсе алады. Ал, әскери дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен жастар оқу орны есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болмақ.
Екіншіден, ақылы және тегін оқитын сарбаздардың барлығы таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз қабылданып, тегін оқиды.
Үшіншіден, әскерден келген жастар Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарына емтихансыз қабылданады.
Атап айтқанда, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға төмендегідей білім беру жеңілдіктері қарастырылған:
-мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде, ұлттық бірыңғай тапсырманы есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі;
-анағұрлым лайықты әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарының гранты есебінен тегін жоғары (оның ішінде жоғары білімнен кейінгі) білім алу мүмкіндігі;
-емтихансыз грант негізінде жоғары оқу орындарының әскери кафедрасына (офицер атағын алу үшін) түсу мүмкіндігі;
-анағұрлым лайықты әскери қызмет үшін емтихансыз және ұлттық бірыңғай тапсырманы есепке алмай, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу мүмкіндігі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен еліміздің жоғары оқу орындарының белгіленген мерзімде қызмет еткен әскери қызметшілерге тегін жоғары білім алу мүмкіндігін беру жөніндегі бірлескен жобасы да әскери қызметтің беделін арттыруға ықпал етері сөзсіз. Осы орайда, еліміздің елуден аса жоғары оқу орындарының басшылары қол қойған келісімде ынтымақтастық бағыттары, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген адамдарға тегін білім алу үшін жыл сайын бөлінетін орындардың саны айқындалғаны белгілі.
Одан әрі мінбер биігінен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Т.Кенжебеков жоғары сынып оқушыларына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді қызметтің сарбаздарына «несиелік демалыс» беру туралы меморандумды бекіткенін жеткізді. Бұл бағыттағы еліміздің қорғаныс ведомствосының қолға алған бастамасының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде өз несиелерін ұмытуға мүмкіндік беретіні анық. Несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру барлық банктермен және микроқаржы ұйымдарымен сарбаздардың барлық ақшалай қарыздарын тоқтата тұруы нысанаға алынады. Жастарды әскерге шақыру науқаны кезінде болашақ Отан қорғаушылардың жиналған банктік қарыздары мен шағын несиелері туралы мәліметтер бірден Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілетін болады.
Еліміздегі мектеп түлектері қатарынан әскери маман атану және әскер қатарында қызмет етуге ниет білдіргендер әскери қызметшілер тарапынан зор қолдау тауып жатса, айбынды армиямыздың қатарындағы нағыз отаншыл да жігерлі сарбаздарымыздың қатары көбейе беретіні сөзсіз!
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
Думан Жұмашұлы
Comentarios