top of page
Patriot Tulga

Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді

Алматы облысы Райымбек ауылындағы "Анаға құрмет" атты музейінде белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының профессоры, академик Күләш Оразбековаға арналған бұрыш ашылды. Сондай-ақ ғалым ауыл балаларына арнап қайырымдылық шарасын жүзеге асырды. Іс-шараға айтулы сазгер Владимир Питерцев, суретші, философия ғылымдарының кандидаты Ерлан Әсембайұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессоры Қияқбаева Ұлбосын Қозыбайқызы (Күләш апайдың студенті), студенттер мен магистранттар, докторанттар қатысты.


Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ана атаулының бәрі өз ісінің білікті маманы болып жүр. Бұл сөздің астарында аналарымыздың кез келген салада қажымас еңбек етіп жүргенін аңғартады. Себебі әлемдегі түрлі жаңалық пен нәтижесін берген ашылуларда әйел азаматының маңдайдан аққан тері мен қайрат-жігері жатқаны анық. Олар тек жанұясының ұйытқысы емес, бүкіл әлемнің жанашыры, айналасына мейірімін төккен ізгі жан. Әйел – ер азаматтың жары, балаларының анасы, тірегі. Талай қиын-қыстау замандарда қазақ әйелдері – қамыққанға сүйеу, тарыққанға тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген.

Сол қамқоршылардың бірі – педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының профессоры, Нью-Йорк академиясының құрметті докторы және мүшесі Оразбекова Күләш Айтмолдақызының бұрышы ашылуына орай «Анаға құрмет» музейінде «Ана – бір қолымен бесікті тербертсе, бір қолымен әлемді тербетеді» атты танымдық-тағылымдық кездесу өтті. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін жалғастыратын саламатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми озық етіп тәрбиелеу біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Осы түбегейлі мәселелерді жоспарлы түрде жүзеге асырып, қазіргі заман талабына сай жастардың бойына дарытып жүрген ұлғатты ұстаз-ғалым Күләш Айтмолдақызы Оразбекова деп кәміл айтап аламыз.

Күләш Оразбекова – төрт ғылым саласының докторы: педагогикадан – Қазақстан, психологиядан – Ресей, философиядан – АҚШ, Нью-Йорк академиясының, медицинадан – Франция елдері академиясының толық мүшесі. Ғалым ғылыммен қатар рухани-діни тәрбиеге көп көңіл бөледі, дін мен дәстүрді, қазақтың рухани қайнарларын байланыстыра отырып көптеген зерттеу мақалалар, кітаптар жазды. Сондай-ақ Күләш Айтмолдақызы 30 рет қажылық сапарға барып, қажылық парызын орындап қайтқанын да атап өткен жөн. 

Күләш Оразбекова – Педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк академиясының толық мүшесі және философия докторы, халықаралық психология ғылымдары академиясының толық мүшесі және академигі. Адам құқығын қорғау бойынша Халықаралық Комитетінің «CiPOHc құрметті полковнигі». Ресей­дің Екатерина ІІ орденімен марапатталған. Бұл орденді әлемнің белгілі әйел тұлғалары В. Терешкова, М.Тэтчер, В.Матвиенко, С.Моргуновадан кейін алған тұңғыш қазақтың қызы Күләш Оразбекова болды. Ғалым Францияның комплементарлық медицинасының профессоры, сондай-ақ бірнеше халықаралық ғылыми ұйымдардың мүшесі. «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Ататүрік» орденінің иегері. ҚР «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін медальдарымен, «Планета мира – World of Peace» алтын медалімен, халықаралық «Гиппократ», «Бейбітшілік көгершіні», отандық «Ұлт қайраткері», «Білім беру ісінің үздігі» сияқты т.б. ондаған медальдармен марапатталған.  Алматы облысының құрметті азаматы.

Күләш Айтмолдақызы – қайырымдылық проектілерін қолдап жүрген қазақ әйелдеріне үлгі болар ардақты ана, аяулы әже. «Ұлттық психология» үш томдығы ағылшын тілінде де жарық көрді. Қазақстанда алғаш шыққан «Әскери психология» кітабінің авторы.

Музейге келген көрермен Күлаш апаны гүл шоқтарымен қарсы алды. Ал апай болса, ризашылығын білдіріп, жас өнерпаздар мен бүлдіршіндерге батасын берді. Одан бөлек Қырғауылды ауылы «Ақ көгершін» балабақшасының тәрбиеленушілері психология-логикалық танымдық ойындарын көрсетті.

   Ал, Күләш апай болса, кішкентай ұлдармен қыздарға әдемі киімдер сыйлап, осы ғимаратты салған азаматқа және оны Аналар музейіне арнаған үкімет басшыларына, тәрбиелік мәнін зор үлгі-өнеге етіп, үлкен, кішіге рухани мұра ретінде насихаттап жатқан музей қызметкерлеріне, ұйымдастырушыларға, келушілерге үлкен ризашылығын білдіріп рақмет айтты. Владимир Питерцевтің Күләш апайға арнаған «Күләш апай» деген күйін Құрманғазы оркестрінің қобызшысы Құндыз Қалабаева нақышына келтіре орындап бәрімізді қуантты.

Шараға қатысқан «Қазақ қыздары», «Жан досым» сияқты белгілі әндердің авторы Келбет Владимир Питерцев Күләш апайға, ұстаздар қауымына өзінің жылы лебіздерін арнады.

"Әр адамның бойындағы жақсы асыл қасиеттер ана сүтімен сіңеді. Аналар жолы – өнегелі тарих. Тарих – көптің ісі. Біздің данамыз Максим Горький «Өткенді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес» деген. Анаға құрмет көрсететін бұл Музей ұрпақ үшін, тек танымдық дүние ғана емес, ол жас отбасы үшін де аңсап сусап, үйренетін тәлімдік өнеге. Өйткені ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Ол мемлекеттік маңызы зор аса жауапты іс.

Өз ұрпағын өнегелі, өнерлі, еңбек сүйгіш абзал азамат болып осуы әр ата-ананың ғасырлар бойы арманы болып келді. Сондықтан:

Ұядағы балапан

Ұшатын күні болғанда,

Қанаты әбден толғанда,

Істейді ол да көргенін, –  деген Базар жырау. Ол –шындық! Сіздерге табыс, денсаулық тілеймін", – деді сазгер ойын тереңнен тербеп.    

Шара қонақтары: суретші, философия ғылымдарының кандидаты Ерлан Әсембайұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессоры Қияқбаева Ұлбосын Қозыбайқызы (Күләш апайдың студенті), студенттер мен магистранттар, докторанттар да жиыннан жақсы әсер алғандығын алға тартты. Шараны Келбет Владимир Питерцев атақты ақын Ш.Сариевтің сөзіне жазылған өзінің "Күләш апай" әнімен және "Қыл-қобыз" күйімен қорытындылады.



"Анаға құрмет" музейінің меңгерушісі     

Гүлнәр Әбіш

 

120 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page