top of page
Patriot Tulga

Батырдың ерлігі – ұрпағына үлгі!


Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлерінің ұйымдастыруымен Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен қазақ батыры, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ерлік сабағы өткізілді. Іс-шара тақырыбы «Жеңістің Туын желбіреткен – Рақымжан Қошқарбаев!» болғандықтан, ерлік сабағында қазақ жауынгерінің сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлік ісіне аса жоғары мән берілді. Тақырып кеңінен ашылған тұста Рақымжан Қошқарбаевтың соғыстан кейінгі жылдардағы Сарышаған кентінің іргетасын қалауға қатысқандағы еңбек еткен жылдары пысықталды.

Ерлік сабағына Қарағанды облысы білім басқармасы «Сарышаған кентінің жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 7-9-сыныптары арасындығы мектеп оқушылары тартылды. «Жеңістің Туын желбіреткен – Рақымжан Қошқарбаев!» тақырыбындағы ерлік сабағын мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сағадиева Айдана Жанғазықызы ашып берді. Алдымен, заманауи интерактивтік тақта арқылы мектеп оқушыларына батырдың өмірі мен ерлік жолына арналып түсірілген «Рақымжан Қошқарбаев. Өмір жолы» деректі фильмі көрсетілді. Келесі кезекте сөз алған Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлерінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Кенжебеков білім ошағында білім алып жүрген оқушылар алдында Рейхстагқа Жеңіс Туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевтың соғыстан кейінгі жылдары Сарышаған кентіндегі алғашқы құрылыс жұмыстарына қатысып, бірнеше нысандардың бой көтеруіне үлес қосқанын жеткізді. Ардагер аға Тілек Алшымбекұлы: «Біз Рақымжан Қошқарбаев есімін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туын тіккен қаһарман ретінде білгенімізбен, соғыстан кейінгі жылдары Сарышаған теміржол станциясының ашылуымен осындағы құрылыс жұмыстарында еңбек еткенін бірі білсе, екінші біреулері біле бермейді. 1949 жылы ең бірінші рет Сарышаған жеріне ат басын тіреген Рақымжан Қошқарбаев өзінің осындағы соғысқа дейінгі Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесінде бірге оқыған, өзімен аттас Рақымжан Дакенов досымен бірге соғыстан кейінгі жылдары еңбек етеді. Тұрғын үйлерді салудан бөлек, іргетасын жаңадан көтерген Сарышаған кентіндегі құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруда аянбай тер төккен» - деп, айтып берді.

Іс-шара барысында, арнайы шақырылған мейман Сарышаған кентінің тумасы Күлмағамбетов Жұмағали Күшмағамбетұлы оқушыларға өзінің студенттік жастық шағында мектепте бірге оқыған досы Мейрамқұл екеуінің Рақымжан Қошқарбаевты Алматы қаласына іздеп барғандарын әңгімелеп берді. Әке аманатын орындау мақсатымен, екеуі Мейрамқұлдың әкесі Зәкен Бижамбектің жазған хатты қаһарман қазақ батырының қолына жеткізеді. Қал-жағдай сұрасқан соң, Рақымжан Қошқарбаев өзі басқаратын Алматы қонақ үйінің төріне отырғызып, екеуінен кезінде Сарышаған кентін салудағы бірге еңбек етіп, дәмдес болған байырғы таныс адамдарын сұрап біледі.

Осы бір тағылымды іс-шарадан көп мағұлмат алған мектеп оқушылары Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолынан үлгі алып, өнегелі тәрбие мен оқудағы жоғары сапалы көрсеткіштерімен биік белестерді бағындыра беретіндіктерін жеткізе білді. Әсіресе, бір кездері Рақымжанмен Сарышаған кентінде бірге еңбек еткен марқұм Зәкен Бижамбектің немересі, 9 сынып оқушысы Зәкен Уалихан Сағидоллаұлы өз ойын: «Бүгінгі мағынасы бар іс-шарадан бұрын естімеген тың мәліметтерге көзіміз жетті. Біз батыр тұлғасындағы Рақымжан Қошқарбаев есімін мақтан етіп, сабақ үлгерімін жақсарта түсетін боламыз. Бұл әрине, біз үшін зор қуаныш!»- деп, ой түйді.

«Жеңістің Туын желбіреткен – Рақымжан Қошқарбаев!» тақырыбындағы ерлік сабағы аса жоғары ұйымшылдықпен өтіп, мектеп оқушылары асқан қызығушылық танытты.



Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

Думан Жұмашұлы

7 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page