top of page
Фото автораМарат Тоқашбаев

Баукеңнің бес ерлігі

Обновлено: 27 июн. 2023 г.

Мен де адаммын жаралған сүйек-еттен,

Мен де ой бар, сезім бар тебіренткен.

Қазақтың қарапайым бір ұлымын,

Жанымды арым үшін құрбан еткен.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ


100 жылдық мерекесі тұсында қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Дегенмен Баукең туралы тағы айта түскен артықтық етпейтін сияқты. Әлдебір себеппен бас қосқан бір отырыста самайын қырау шалған дардай жігіт ағасы «Бауыржан Момышұлы дегендерің кім? Мәселен, Төлеген Тоқтаров автоматшы болып жаудың 40-қа жуық солдатын өлтірген. 28 гвардияшы-панфиловшылар Дубосеково разьезінде неміс танкілерінің шабуылын тоқтатқан. Ал Бауыржан не істеген? Ол ешқандай батыр емес. Оны әдеби кейіпкер етіп дәріптеп жүрген Шерхан Мұртаза сияқты жазушылар. Мен Ұлы Отан соғысы кезінде Бас штабты басқарған Василевскийдің мемуарларын оқыдым. Онда Бауыржан Момышұлы туралы тіпті дәнеңе де айтылмаған» деп қарап тұр. Сол жерде маған ой келді: «Баукеңнің ерліктері әлі де насихатқа мұқтаж екен-ау» деп. Төмендегі очерк Баукеңнің екінші жаһан ұрысындағы нақты ерлік істерін көрсетуге арналған.

Қазақ халқының қаһарман перзенті, әйгілі батыр, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 11 желтоқсанда қазіргі Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында дүниеге келген. Жас кезінде тентек, қиқар, бірақ батыл, әділдікке құмар, болып өсіпті. Бауыржан Момышұлының әскери адам, жазушы болғандығын бәрі біледі. Бірақ оның Шымкенттегі жеті жылдық мектеп-интернатты бітірісімен бірнеше жыл мұғалім болып істегенін, өзінің іскерлігімен, сауаттылығымен ерекшеленген жас жігіттің аудандық атқару комитетінің хатшысы, аудандық милиция бөлімінің бастығы сияқты жауапты қызметтер де атқарғанын жұрттың бәрі біле бермейді.

Ол әскерге алғаш 1932 жылы алынған. Қай істі қолға алса да жеріне жеткізбей қоймайтын табандылығы, қайраты мен ширақтығы әскерде жүргенде көп көмектескен. Қызыл Армия қатарында борышын өтеп келген соң екі-үш жыл Шымкент, Алматы қалаларындағы банк саласында жұмыс істейді. Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты бітірген бойда 1936 жылы қайтадан Қызыл Армия қатарына алынған. Міне осы кезден бастап ол бүкіл өмірін Кеңес Армиясымен байланыстырған. Бұл саяси репрессия салдарынан Қызыл Армияның тек жоғарғы емес орта және төменгі буын командирлері селдіреп қалған кез. Бұрын әскерде қызмет еткен тәжірибесі бар Бауыржан Момышұлы енді взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарады.

1941 жылы Қазақ әскери комиссариатына нұсқаушылық жұмысқа ауыстырылады. Ал Ұлы Отан соғысы (Қалыптасқан дағды бойынша осылай атап отырмыз. Шын мәнінде бұл Екінші жаһан соғысының екінші кезеңі) басталысымен Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Онда Баукең немістермен Мәскеу түбінде болған айқастарға қатысады. Сол шайқастардағы табандылығы мен ерлігі үшін 316-атқыштар дивизиясы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына айналады. Бауыржан Момышұлы осы даңқты дивизияның батальон, полк командирі, соғыс бітердің алдында осы гвардиялық дивизияның командирі болады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында екі қазақ қана дивизия басқарған. Оның біріншісі Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі Әбілқайыр Баймолдин. Баукең соғысқа дейін-ақ ысылған, әскер өмірін жетік білетін офицер болатын. Ұлы Отан соғысын аға лейтенант болып бастаған ол Жеңіс күнін полковник шенінде аяқтады.

Баукеңнің әскери өмірбаянында Мәскеу үшін шайқас айырықша орынға ие. Ол генерал Панфилов басқарған, кейін 8-гвардиялық аталған әйгілі 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында батальон командирі болды. 1941 жылы жазда Алматыда жасақталған бұл дивизия Мәскеу үшін шайқастар кезінде шешуші рөл атқарды.

1941 жылдың күзінде неміс-фашист әскерлері Прибалтиканы, Белоруссияны, Молдавияны, Украинаның үлкен бөлегін басып алып, Лениград пен Қырымды кеңес аумағынан ажыратып тастаған. Қауіп күннен күнге күшейе түсті. Жау штабтарында Мәскеуді басып алуға бағытталған «Тайфун» операциясы әзірленіп жатты. Гитлершілдердің «Центр» армиялар тобы 30 қыркүйекте Мәскеуге қарай «шешуші» шабуылдарын бастады. Мәскеу бағытына немістер 75 дивизиясын, оның ішінде 23 танк және моторландырылған дивизиясын төкті. 1941 жылы қазан, қараша айларында немістердің жойқын күштеріне қарсы тұрған құрамалардың қатарында 316 атқыштар дивизиясы да болды. Оларға Волоколамск тас жолын, оның маңындағы қалаға кірме жолдарды ұстау тапсырылды. Немістер болса дәл осы бағытты Мәскеуге басып кіруге ыңғайлы, осал тұс деп таңдаған болатын. Өйткені қарсы алдарында Орталық Азиядан келген, негізінен «жабайы азиаттардан» жасақталған дивизия тұрғанын фашистер де білді. Өздерімен салыстырғанда олардың ұрыс қабілетін төмен деп бағалады. Күшті техникаға салса бұзып жарып өтетіндіктеріне еш күмәні жоқ еді. Бірақ басқа құрамалармен бірге дәл осы 316-атқыштар дивизиясы дұшпанға ерен қарсылық көрсетіп, танк тықсырыстарына өтеп берді.


Бірінші ерлік


Вермахт 1941 жылы қарашаның 16 мен 18 аралығында Мәскеуге үлкен күшпен екінші рет лап қойды. Аға лейтенант Момышұлының батальоны Волоколамск тас жолы бойында Матрёнино деревнясы маңында қорғанысты ұстап тұрған. Ұрыс кезінде батальон дивизиядан бөлініп қалды. Соған қарамастан тактикалық ұтымды тәсілдер арқылы батальон жауды бұл шепте үш тәулік бойы ұстап тұрды. Волоколамск тас жолы бойында жауды үш тәулік бойы жылжытпай тежеп тұрды. Бұл Совет командованиесіне қорғаныстың осы осал тұсына қосымша күштерді жеткізуге мүмкіндік берді. Соңынан Момышұлы батальонды шығынға ұшыратпай, қоршаудан шығарып, ұрысқа қабілетті қалпында негізгі күштерге қайта қосты. Сөйтіп Мәскеу түбіндегі ұрыстарда Бауыржан Момышұлының талантты қолбасшы екендігі алғаш рет байқалды. Баукеңнің Мәскеу түбіндегі алғашқы ең үлкен ерлігі осы болатын.

Осы қаһармандық шайқаста көрсеткен ерлігінің өзі аға лейтенант Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағын беруге лайық еді. Генерал Панфилов 1941 жылы 7 ноябрьде Бауыржан Момышұлын Ленин орденіне (ол кезде ең жоғары награда ретінде Ленин орденіне Совет Одағының Батыры атағы қоса берілетін) ұсынды. Алайда наградтық парақша жоғары жақта ізім-қайым жоғалып кетті. Оны іздестіретін не қайта жолдайтын дивизия командирі Иван Васильевич Панфилов болса қарашаның 19-і күні жақын түскен мина жарықшасынан ауыр жараланып, қаза тапты. Батальон командирі Бауыржан Момышұлының ерлігі кейін келген дивизия командирі тарапынан дер кезінде бағаланбай қалды.

Батыс майданның құрамындағы 8-гвардиялық (бұрынғы 316- атқыштар) дивизиясы Мәскеу түбінде тынымсыз жүргізілген соғыс қимылдарының нәтижесінде гитлершілдердің 2-танк дивизиясын, 29-моторландырылған дивизиясын, 11-ші және 110-шы жаяу әскер дивизияларын жойып жіберді. 9000-нан астам жанды күшін жер жастандырды. 80 танкісін отқа орады. Тек 1073-ші полктің Бауыржан Момышұлы басқаратын батальонының өзі 2-мыңға тарта неміс-фашистерін жер жастандырды.


Екінші ерлік

316-шы атқыштар дивизиясының құрамындағы Б.Момышұлының батальоны Мәскеу түбіндегі қаһармандық шайқастар кезінде ұрыс қимылдары өзгерістерінің салдарынан 5 рет қоршауда қалды. Алдына қойылған міндеттер орындалған соң жанды күштері мен техникасын шығынға ұшыратпай жау қоршауын бұзып өтіп, батальон бес ретте де өз дивизиясына қайта қосылып отырды. Әскерін орынсыз шығындарға ұшыратпаудың өзі ол кезде өзінше бір ерлік болатын. Тапсырманы орындап, әрі батальонын жау қоршауынан бес рет аман аман-есен алып шыққан ерлігі де Кеңес Одағының батыры атағын беруге лайық дер едім. Ұлы Отан соғысы тарихында бір ғана командирін оқтан қорғап, ажалдан сақтап қалғаны үшін Кеңес Одағының батыры атағын алған адамдар бар. Ал тұтас батальонды бес рет қоршаудан аман алып шығуды ерлік емес деп кім айта алады?!. Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқас кезінде батальонымен 27 рет ұрысқа түсіпті. Сол шайқастардың бірде біреуінде ол ұтылған немесе тапсырманы орындай алмай қалған кезі жоқ. Міне, ерен ерлік деп осыны да айтса болады.

Бауыржан Момышұлы психологиялық қабылдауы айырықша жауынгер командир болатын. Ол туралы әскер арасында «жау өңешіне кептелген сүйек» деген теңеу айтылатын. Оның әскербасылық дарыны 1941 жылы қараша айында полк командирі болып тағайындалар кезінде армия генералы, генерал-лейтенант Рокоссовский тарапынан да бағаланды. Ол: «Сізді бүкіл Қызыл Армиядағы полк басқаратын бірден бір аға лейтенант деп айта алмаспын, алайда Сіз менің армиямда жалғызсыз!» депті. Оның полкінің қимылдарына сүйсінгені болар, айналасы екі аптаның ішінде оған капитан шені беріледі.


Үшінші ерлік

1941жылы 26-30 қарашада 19-гвардиялық атқыштар полкінің командирі гвардия капитаны Бауыржан Момышұлы Мәскеу облысының Соколово деревнясы маңында өзінің полкімен бірге жаудың төрт тәулік бойы үздіксіз шабуылына төтеп берді. Бұл сұрапыс ұрыстар еді. Әр жолы үлкен шығындарға ұшырағанына қарамастан жау ентелей түсті. Егер қорғаныс сәл сетінеп сыр берсе лықсыған дұшпан техникасы мен күшін ұстау мүмкін болмайтын. Бұл ең соңғы қорғаныс шебі еді. Одан кейінгі шепке резертік күштер екі күннен соң ғана жетті. Неміс танкілері одан өтті дегенше Мәскеу көшелеріне кірді деген сөз болатын. Бауыржан Момышұлы барлаушылар арқылы дұшпан күштерінің жағдайын бес аусақтай біліп отырды. Өз мүмкіндіктерін де ескерді. Тактикалық тәсілдерді шебер қолданды. Сондықтан немістер бұзып-жарып өтпек болған тұстың бәрінде маңдайларын тасқа соқты.

Бірнеше күннен соң полкке шегіне отырып, Ленинград темір жолының 38-шақырымында, Крюково деревнясының шығыс бетінде бекініс құру тапсырылды. Б.Момышұлының Петр Сулима деген лейтенант шеніндегі украин адьютанты болатын. Ол тапсырма бойынша ірі масштабтағы топографиялық картаның жаңа желімдемесін командирінің алдына қояды. Картаның оңтүстік шығыс парақшаларында тұтастай қоңырқай түс алып жатыр екен. Оның астында «Москва» деген жазу көрінеді.

– Сіз бұрын Мәскеуде болып па едіңіз? –деп сұрайды Бауыржан.

– Жоқ, эшалонмен шетінен өткенімізді есептемесек болған емеспін.

– Менің де тек «Москва-товарная» арқылы өткенім бар.

Бауыржан картаға үңілгенде сансыз шаршылар мен айқыш-ұйқыш көше қиылыстарын көргендей болады. Тура ортасында Кремль көрсетіліпті. Өлшуіш-циркульді алып өлшегенде Крюководан төтелей алғанда 30 шақырымдай ғана жер екен. Шегініс ұрыстарының дағдысымен картадан Крюково мен Мәскеу арасынан табан тірейтін аралық шеп іздей бастайды. Мұндай қорғаныс құрарлық бір нәрсе болсайшы. Бауыржанның көзіне Мәскеу көшелерінде ақ қолғапты генерал басқарған, парадтық формамен өтіп бара жатқан гитлершілдер елестеп кетеді. «Жолдас командир, Сіге не болды?!» деген адьютанттың сөзіне қарамай кеңселік бәкіні сұрайды. Сөйтеді де картаны мұқият кесіп, екіге бөледі. Бір бөлегін адьютантына ұсынып, «мынаны жағып жіберіңіз! Бізге енді Крюководан оңтүстік-шығысқа қарай картаға шұқшиып, бағыт- бағдар нысаналауымыздың қажеті жоқ» дейді. Бұл «енді ары қарай шегінудің, қорғаныс құрудың мәні жоқ, артымызда Москва» дегенді білдіретін.

Бауыржан карта арқылы жағдайға қаныққан соң алғы шептегілерді тағы бір аралап шықты. Командирін көргенде солдаттар әкесін көргендей болушы еді. Сымдай тартылып, тік тұрып құрмет көрсететін. Әскери стратегия мен тактиканы жетік білуінің, орынсыз шығындарға жол бермеуге тырысатын жанашырлығының, әділдігінің арқасында соғыста жүрген үш-төрт айдың ішінде Баукең жауынгерлер арасында үлкен бедел мен құрметке ие еді. Солдаттар командирін «батька», қазақ жігіттері «ақсақал» деп жататын. Бауыржан сонда 31 жаста ғана.

– Дұшпанды өткізбейміз ғой, жігіттер!

– Өткізбейміз!

Дұшпан расында да Крюково түбінде де алға бір қадам жасай алмады. Күшті тактикалық тұрғыдан шебер орналастырудың, ұшқыр маневр жасаудың арқасында ұмтылған жау себелеген оқ нөсерінің астында қалатын. Маңдайын соққылаған дұшпан күштері титықтай берді. Мәскеу қорғанысы үшін бұл өте маңызды кезең еді. Елдің алыс түкпірлерінде жасақталған дивизиялар мен құрамалар Мәскеу қорғанысының тиісті нүктелеріне жетіп, жаппай қарсы шабуыл жасауға әзірленіп жатты. Соколово мен Крюковода жаудың жойқын шабуылдарына төтеп берген табандылығы үшін полк командование тарапынан әлдене рет алғысқа ие болды. Ал полктің командирі Бауыржан Момышұлының қайсарлығы мен қаһармандығы Кеңес Одағының батыры атағына лайық еді.


Төртінші ерлік

1941 жылғы 5 желтоқсанда Қызыл Армия Мәскеу түбінде вермахт әскерлеріне қарсы жойқын шабуылын бастады. Дубровка деревнясындағы сондай ұрыстардың бірінде Бауыржан Момышұлы жараланып қалды. Жараланса да ұрыс даласын тастап кеткен жоқ.

Алыста қалған сол бір күндерде капитан Бауыржан Момышұлының қаһармандықтарын дәлелдейтін эпизодтар жеткілікті. Солардың тағы бірі мынандай: 1942 жылдың басындағы қысқы шабуыл кезінде капитан дәрежесіндегі Момышұлы бір жарым батальондай ғана атқыштарымен түн ішінде СС-тің «Мертвая голова» дивизиясының резервтік күштеріне тарпа бас салды. Мәскеуге қарай тағы да шабуылға шығамыз деп отырған дұшпанның резервтік күштерінің сөйтіп тас-талқаны шықты. Бауыржанның батальоны 1200 гитлершілдердің көзін жойды. Ондаған ұрыс техникасын істен шығарды. Іле таң алдында Бородино, Барклавица, Трошково, Трохово, Конюшево, Вашково сияқты елді пункттерді қамтитын алты жолдың торабына ұмтылды. 1942 жылы 6 ақпанда қауырт ұрыс қимылдары арқылы жауды теміржол торабынан қуып шықты, сөйтіп соңғы үш күннен бері жау жанталаса қорғанып жатқан Соколово деревнясына резервтік күштер мен оқ-дәрі жеткізу мүмкіндігінен айырды, бұл 8-гвардиялық дивизияның алдына қойылған жауынгерлік міндеттерді мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етті. Жан алысып, жан берісіп жатқан алапат майданның өзінде шовинистік пиғылдан аулақ қаһармандықты лайықты бағалар әскербасылар болса Баукеңнің осы ерлігіне де Батыр атағын беруге болар еді.

Бесінші ерлік

1942 жылы 8 ақпанда капитан Бауыржан Момышұлы полкынан кездейсоқ ажырап қалған барлаушылар взводымен бірге келе жатқанда Болшое Шелудьково маңында кейін шегініп бара жатқан, құрамында 600-дей адамы, 8 танкісі бар жау бөліміне кездесіп қалады. Взвод тұтқиыл шабуыл жасап 200-дей неміс-фашисі мен офицерінің көзін жояды. Аса маңызды оперативтік құжаттарды қолға түсіреді. Құрамында 50-шақты ғана жауынгері бар барлаушылар взводымен бақайшағына дейін қаруланған 600 фашистке тап беріп, тас-талқанын шығару да қаһармандықтың бір үлгісі емес пе. Егер мұндай қимылды орыс офицері жасаса ол да Кеңес Одағының Батыры атанар еді. Ал Бауыржан өмірінің соңына дейін қазақ болып қалды.

Бауыржан Момышұлының әскери өмірінде даңқты беттер аз емес. Оның ерлік істерін ескерген дивизияның кейінгі командирі И.И.Серебряков 1942 жылдың тамызында Бауыржанды Мәскеу түбінде көрсеткен қаһармандығы үшін Совет Одағының Батыры атағына қайта ұсынады. Бұл наградтық парақша тағдыры да 48 жыл бойы белгісіз болып келді. Тек 1990 жылы ғана КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде шешім шығарды. Баукеңнің ерліктеріне Қызыл ту, Қызыл Жұлдыз, екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері куә.

Жаралану

Жараланған Баукеңнің омыртқасындағы оқты дәрігерге наркозсыз, сақал-мұрт қыратын ұстарамен кесіп алдыртқаны да бір ерлік. Тегінде ол екі рет ауыр жарақат алған. Бірақ екеуінде де саптан шыққан емес. 1942 жылы полк командирі болып жүргенде омыртқасына оқ тиеді. Санбатқа жеткенше ес-түссіз жатады. Әзілхан Нұршайықовтың «Аңыз бен ақиқат» роман-диалогында оқиға ары қарай былай баяндалады: «Есімді жисам, етбетімнен жатыр екенмін. Жанымда дәрігер бірдеңе деп баж-бұж етіп тұр. Бақсам сөзі мен туралы екен. «Бұл кісіні дереу госпитальға жіберу керек» деп безек қағады.

– Сонша не боп қапты? – дедім дәрігерге.

– Омыртқаңызда оқ қадалып тұр, жолдас капитан, –деді дәрігер одан сайын дегбірі кетіп.

– Сізді дереу госпитальға жөнелтуіміз керек.

Тістеніп әрең дегенде қолымды жеткізіп, арқамды сипап қарасам, расында да оқ бар екен.

– Скальпелің бар ма? – дедім дәрігерге.

– Жоқ.

– Өткір бәкің бар ма?

– Жоқ.

–Ұстараның жүзі бар ма?

– Бар.

– Ендеше соны спиртпен шай да, оқ тұрған жердің етін кес!

– Олай етуге болмайды, жолдас капитан...

– Болады! Бұйырамын! Орындамасаң – атамын! – деп етпеттен

жатқан күйімде оң жақ жамбасымдағы кобураның аузын ағыта бастадым. Батырға да жан керек деген емес пе, дәрігер дереу айтқанымды істеуге кірісті. Ол арқамды кескілей бастағанда пистолеттің сабын сындырардай қысып, тісім шықырлап мен жаттым.

– Мінеки, жолдас капитан, оғыңыз! –деп дәрігер әлден уақытта

омыртқама тірелген оқты алып, алақаныма салды. Жарамды таңдырып алып, арқамнан алынған оқты мені санбатқа жеткізген Блоха деген жауынгерімнің қолына ұстата салып, жаумен ауыр шайқастар жүргізіп жатқан полкке қайтадан жеттім. Бірнеше күн қатарынан жаумен жағаласып, жан ұшырып жүргенде арқамдағы жараны ұмытып та кеттім. Ол бірде суланып, бірде қара қотырланып, бірде қыши бастап, өзінен өзі жазылып кетті».

Баукең 1942 жылы немістерге қарсы ұрыс қимылдары өрбіген тұста Мәскеу облысындағы Дубровка деревнясы үшін шайқас кезінде тағы жараланды. Бірақ бұл жолғысы өте ауыр екен. Госпиталь төсегінде ұзақ жатып қалады. Жарақатынан 1944 жылы наурызда ғана жазылып қатарға қосылды. Сол жылы Бас штабтың Әскери академиясы жанындағы офицерлер құрамының білімін жетілдіру курсын бітірді. Қалинин майданындағы ұрыс қимылдарына, 1945 жылы Курляндиядағы фашист әскерлерін талқандауға белсене қатысты.


Комдив


1945 жылғы 21 қаңтардан бастап гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы Екінші Прибалтика майданы 6-гвардиялық армияда 2-гвардиялық атқыштар корпусының 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болды. Оның ойлы қолбасшы, мықты стратег екенін майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов өзінің «Аңыз бен ақиқат» атты кітабында Б.Момыұлы мен Г.К.Жуков, А.М.Василевский, генералдар И.Х.Баграмян мен И.М.Чистяков арасында болған диалог арқылы суреттейді.

Генерал Чистяков 6-гвардиялық армия құрамындағы 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирлігіне бекіту үшін Б.Момышұлын Баграмянға таныстырып жатады. Сол арада Жоғарғы бас командование ставкасының өкілі Маршал А.М. Василевский Б.Момышұлына талданып жатқан, алда болатын, тіпті резервтік корпусты пайдалану көзделген жауынгерлік операция бойынша Баграмянның майдандық масштабтағы картасымен танысуды ұсынады. Маршал Василевскийге дивизияның болашақ командирінің алдағы жауынгерлік операция туралы не ойлап, қандай шешім қабылдайтынын білу қызықты көрінсе керек, әрі сынайын дегені де болар. Б.Момышұлы картамен мұқият танысқаннан кейін ұрысқа резервтік корпусты қатыстырудың қажетсіздігі туралы пікір айтады. Б.Момышұлы кейін білсе сол заманның екі ұлы қолбасшысы Г.К.Жуков пен А.М.Василевский де артынан оның шешімін қолдаған пікір айтыпты. Екеуі де 1-Прибалтика майданының қолбасшысы Баграмян ұсынған жауынгерлік операцияны жүргізу жоспарын қабылдамай тастаған.

Бауыржан Момышұлы шеберлікпен басқарған дивизия бөлімдері 1945 жылы ақпан-наурыз айларында Литвадағы Приекуле стансасының солтүстік батысында дұшпанның үш белдеуден тұратын аса мықты қорғаныс желісін тас-талқан етті. Дивизияның тегеурінді шабуылы нәтижесінде 15 елді мекен азат етілді, жаудың адам күші мен техникасына айтарлықтай нұқсан келтірілді. Мұны мен Баукеңнің алтыншы ерлігі дер едім. Соғыстың аяғына дейін оның дивизиясы Курляндиядағы шайқастарға қатысты. Бауыржан Момышұлы жеңісті де сонда қарсы алды.

Атақ неге кешікті?

Бауыржан Момышұлының қаһармандық істері өз кезінде лайықты бағаланбады. Соғыс кезінде рас, аласапыран, адам біліп болмас қарбаластық боп жатады. Бірақ Баукеңе келгенде сәтсіздіктер неге қайта-қайта сан соқтыра берген? Қаһармандық әркеттерінің арқасында Бауыржан Момышұлының есімі сол соғыс кезінің өзінде-ақ аңызға айналды.

Белгілі жазушы Александр Бек «Волоколамское шоссе» повесінде панфиловшылардың ерлігі туралы айта келіп, Момышұлының ұрыс кезіндегі әрекеттеріне баға береді. Момышұлы алғашқы кездесуде-ақ: "Писать будете только правду, если нет, то я сам, лично, отрублю Вам руки" деп қатаң талап қояды. Жазушының жұртқа кеңінен танымал болған сол «Волокаламское шоссе» повесі арқылы батальон командирі Бауыржан Момышұлының шынайы қаһармандықтары тіпті соғыс жүріп жатқан 1943 жылы-ақ бүкіл Кеңес одағына әйгіленіп кеткен-ді. Мәскеуді қорғаған Бауыржан Момышұлы өзін әскер ісінің мықты ұйымдастырушы, тас-түйін жауынгерлік құрамалардың командирі ретінде танытты. Халық оны шынайы қаһарман ретінде қабылдады.

Соғыс жылдары онымен бірге алғы шепте болғандардың бәрі оны асқан жылылықпен еске алады. Иә, ол соғыс заңына сәйкес қатал болды, бірақ әділ де кіршіксіз адал еді. Бәлкім қаһармандықтың лайықты еленбеуі ұрыс жетекшілерінің, майдан басшыларының теріс көзқарасының салдары емес пе екен? Меніңше дәл осы нәрсе шындыққа келетін сияқты. Өйткені Бауыржанның мінезі өте қатты әрі тік, дегенінен қайтпайтын жан еді. Әр кез жұрт алдында не ойласа соны айтатын. Біреудің бетіне, жүзіне, атақ даңқына қарап жалтақтаған емес. Турасын айтып қарап тұрушы еді. Өзіне қойған талабы қандай болса, өзгеге де қояр талабы сондай болатын. Әділеттілікке деген қалтқысыз өткір сезімі оны өзгелердің алдында «көзге шықан сүйелдей» етіп көрсететін. Сондықтан да болар, келеңсіз кедергілер алдынан шыға бергені.

Халық арасында Бауыржан Момышұлының аты өте танымал болуына ол туралы жазылған кітаптар да себеп болды. А.Бектің «Волокаламское шоссе», Кеңес Одағының Батыры, армия генералы К.А. Галицкийдің «Годы суровых испытаний», Кеңес Одағының Батыры И.М. Чистяковтың «Служили отчизне», А.Кривицкийдің "Вовеки не забуду" және «Подмосковный караул», Д.Онегиннің "На дальних подступах", М.Габдуллиннің «Сұрапұл жылдар», "Мои фронтовые друзья", Ә.Нұршайықовтың "Аңыз бен ақиқат" кітаптары Баукеңнің ерлік істерін көрсетуге арналған. Баукеңнің қаһармандық ерліктеріне арналған көркем фильмдер де түсірілді. Бірақ осы материалдың жазылуына себеп болған азамат айтқандай емес, Шерхан Мұртаза Баукең туралы ешқашан кітап жазбаған.

Бауыржан Момышұлы қаһарман офицер ретінде соғыстан кейін де КСРО Қарулы Күштерінде қызметін жалғастырды. Жеңіс тойын тойлаған жылы Бас штабтың бірінші дәрежелі Суворов орденді Ворошилов атындағы Жоғары әскери академиясына түсіп, 1948 жылы оны үздік бітіріп шығады. Соғыстан кейінгі жылдарда икемге келмейтін тік мінезі мен ел арасына кең тараған батырлық даңқы қытығына тигендіктен болар, бюрократ-бишігештер армиядағы командалық қызметтерге тағайындауда үнемі Бауыржан Момышұлын айналып өтуге тырысып жататын. Б.Момышұлы 1950 жылы Мәскеуден қоныс аударып, Калинин қаласындағы Тыл академиясында аға оқытушы ретінде әскери-педагогикалық қызметпен шұғылданады. Онда өзінің жауынгерлік тәжірибесін пайдалана отырып, стратегия мен тактика бойынша жиырмадан астам еңбек жазады. Бұл еңбектері үшін оған профессор атағы беріледі.

Қарсыластарымен сөз таластырып отырған бір сәтінде Бауыржан: «Отаным мен халқыма деген сенімімді, адалдығым мен ар-ұятымды жоғалтқан емеспін, жоғалтпаймын да. Бірақ, тап сол үшін мені жерден алып, жерге салып жатады. Олардың айтқандарына түкіргенім бар! Менің төрешілерім–уақыт пен халық. Менің жұлдызым погондарда емес, жеті қат көктің үстінде» депті.

Шовинистік көреалмаушылықтар мен қызғаныштардан шаршаған полковник Момышұлы 1955 жылы желтоқсан айында 46 жасында доғарысқа шықты. Осы әскери оқу орнында болған бір оқиға Бауыржанның доғарысқа ертерек кетуіне де, Кеңес Одағының батыры атағына кезекті ұсынылған тұсында оның тоқтатылуына да себеп болған сияқты. Лекция үстінде тыңдаушылардың бірі (тыңдаушылардың бәрі генерал болған) Бауыржаннан маршал Гречконың қандай әскербасы екендігі туралы сұрақ қояды. Өз пікірін үнемі жалтақсыз айтып үйренген батыр сол жерде Гречконың өз жауынгерлеріне жаны ашымайтын, орынсыз шығындарға жол беретін әскер басшысы екендігін айтып салады. Баукеңнің бұл пікірі «достарының» көмегімен Гречконың құлағына жетеді. Көп жылдардан соң Саяси Бюрода полковник Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының батыры» атағын беру туралы мәселе көтерілген кезде Гречко: «только через мой труп» деп тосқауыл қойған.


Жазушылық ерлік


Баукең ол кезде «мен запастағы полковникпін, бірақ доғарыстағы азамат емеспін» дегенді жиі айтатын. Ары қарай ол өзіне жазушылық жолды таңдады. Ол қазақ және орыс тілдерінде қатар жаза беретін қазақ жазушысы болды. Әрі бұл жолға ол кездейсоқ келген жоқ. Баукеңнің тырнақалды дүниелері сонау отызыншы жылдардың басында-ақ жарық көре бастаған. Әскерде, соғыста жүрген кезде көрген-білгендерін, ой тұжырымдарын жазып жүретін дағдысы көп көмектесті. Сол кездерден қолында қалған 38 қалың дәптер оның кітаптарының алғашқы сұлбасындай еді.

Бауыржан Момышұлына оның қаламынан туған «За нами Москва», «Генерал Панфилов», «Образ воина», «Тулеген Тохтаров», «Я помню их», «Наша семья», «Психология войны» сияқты кітаптары жазушылық даңқ әкелді. Батыр тұлғасының жарқындығы сол, кезінде оның тағдырына КСРО Қорғаныс министрі, Совет Одағының Маршалы Г.К. Жуков та алаңдаушылық білдірген. Бауыржан Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры" атағы берілді. Осылайша қазақ халқы батыр ұлының асқақ рухын тағы бір рет ұлықтады



2 178 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page