Басылымның осы саны Халықаралық Ақпараттандыру Академиясына (ары қарай – ХАА) арналып отыр. Сондықтан ХАА туралы бірер ауыз сөз. ХАА ақпараттандыру табиғатын танып-білу, ақпараттық технологиялар, экологиялық және ақпараттық-сараптамалық қызметті кеңейту, қоғамды ақпараттандыру әрі әлемдік біртұтас ақпараттық қоғамдастықты құру жолында ниеттестердің өзін-өзі басқаратын тәуелсіз қоғамдық бірлестігі. Ол ел тәуелсіздігінің елең-алаңында, 1994 жылы құрылған. Бүгінгі таңда ХАА-ның елордада, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Петропавловск, Қостанай, Тараз, Ақтөбе, Қаратау қалаларында өкілдіктері мен филиалдары жұмыс істейді.
ХАА әлемдік ақпараттық кеңістік құрамындағы ҚР инфрақұрылымдарын қалыптастыруға
ұмтылады. Халықтың ақпараттық мәдениетін арттыруды көздейді. Ақпараттандырудың келешек кезеңдердегі даму бағыттарын саралайды. Жоғары дәрежелі ғылыми кадрлар мен мамандар даярлауға атсалысады. Өндірістік, ғылыми, оқу-әдістемелік, ақпараттық-сараптамалық әдебиеттер, газеттер мен журналдар шығарумен айналысады.
Академияның халықаралық мәртебесі оның құрамында тек қазақстандық ғалымдар ғана емес, жақын және алыс шетелдердің өкілдері де жұмыс істеуімен айшықталады. Бүгінгі таңда академия 1600-ден астам танымал ғалымдарды, ақпараттандыру саласына айтулы үлес қосқан ғылым мен өндірістің әр алуан саласындағы мемлекет және қоғам қайраткерлерін біріктіріп отыр. ХАА өз қызметін мемлекеттік басқару құрылымдарымен, азаматтық қоғам институттарымен, халықаралық ұйымдармен, БАҚ, әлеуметтік сала, экономиканың түрлі салаларымен ынтымақтастықта жүзеге асырып отыр. Ол әлеуметтік-экономикалық, инновациялық түрлі бағдарламалар мен жобаларға тәуелсіз сараптама жасауға, кеңінен консультациялық кеңестер көрсетуге, сондай-ақ түрлі ақпараттық базалар құруға қабілетті. Академияның 2014 жылы қабылданған өзіндік конституциясы бар.
Академия жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізеді. Онда негізгі тақырып бойынша ақпараттандырудың жағдайына мониторинг жасалып, Қазақстандағы ақпараттандыру саласының даму көкжиектері бағаланады. Академияда ұйымдастыру жұмыстары жеті секция бойынша жүргізіледі.
Өзі өмір сүріп келе жатқан 27 жылда ХАА бірқатар халықаралық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Сондай іс-шаралардың бәрін түрлі ғылыми ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, министрліктермен және ведомстволармен, Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесе атқарып келеді. ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдармен тұрақты байланыста. Ол ПРООН (БҰҰ даму бағдарламасы) ұйымының ақпараттандыру мен компьютерлік технология бағдарламасы бойынша атқарушы серіктесі болып табылады.
Халықаралық Ақпараттандыру Академиясына оның президенті, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, басқару жүйесі мен техникалық кибернетика саласындағы аса көрнекті ғалым Ә.Әшімов басшылық етеді. Оның орынбасары, бірінші вице-президенті Алексей Филиппович Цеховой академия жұмысының биік деңгейге көтерілуіне елеулі еңбек сіңіріп келеді. Ол – ХАА Бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, кен геоақпараты мен жобаларды басқару саласындағы көрнекті маман. Алексей Филиппович жер қойнауын пайдалануда жасанды интеллект модельдері мен жүйелерін дамыту бағытында орасан зерттеулерді жүзеге асырды. «Электрондық үкімет» және ақпараттық теңсіздікті төмендету мәселелері бойынша әлденеше сараптамалық жұмыстарға жетекшілік етті әлі де талай игілікті істердің бастамашы болып келеді. А.Ф.Цеховой жуырда сексеннің сеңгіріне шықты. Ғалымды мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, ғылым жолындағы ізденісініңіз тоқтамасын дегіміз келеді!
Академия ұжымы сондай-ақ отандық тау-кен гидрогеологиясының негізін қалаушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Слямхан Жаппарханұлы Жапархановтың да есімін жоғары бағалайды. Жарты ғасырдан астам қызметінде профессор Жаппарханов жерасты ауыз сулары мен минеральды суларының 7 кен орнын ашқаны мәлім. Академияның өзінің www.academy.kz деген сайты бар. Ол бүгінгі таңда интеллектуалдық және ақпараттық қарым-қатынастың керемет құралына айналып, әлемдік қауымдастықтың пікір алмасуына, ғылыми-өндірістік жетістіктермен танысуына мүмкіндік беріп келеді.
Comments