Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірімізде креативті индустрия бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Креативті индустрия ұғымының аясы өте кең. Оны ойындар құрастыру, бағдарламалық өнімдердің кең ауқымы, виртуалды, музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинематография, анимация, дизайн жасауға қолдана алады.
Кітапхана атмосферасын жандандырып, әртүрлі жобаларды жүзеге асыруға, қоғамды кітап оқуға ынталандыру үшін креативті идеялар мен тәжірибелер қажет.
Кітапхана креативті жобаларды жүзеге асыру үшін тамаша орта болып табылады. Кітапханадағы креативті индустрия оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мен қоғаммен байланысты нығайтуға бағытталған. Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өңірлік «IT Hub» жетекшісі Серік Сүндетовпен «Креативті индустрия: Жобалар тәжірибесі» тақырыбында кездесу кешін өткізді. Бұл шараны өткізудегі мақсаты - креативті индустрияны түрлі шығармашылық қызмет саласындағы инновациялық технологияларда пайдаланудың маңызын түсіндіру. Тың идеясы, жаңашыл бастамасы бар жастарға оны қалай жүзеге асыруға болатындығы жайында мағұлмат беру болатын.
Кеш аясында өңірлік «IT Hub» жетекшісі Серік Сүндетов өзінің креативті жобалары мен идеяларын айта отырып, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар жасанды интеллект, стартапты құру, оны дамыту жолын түсіндірді. «IT Hub» жетекшісі шығармашылық индустрияны дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендігін айтты. Кітапханашылар кітапханадағы жаңашылдықтар мен заманауи өзгерістер енгізу бойынша пікір алмастырып, ойларын талқыға салды. Осы шараға қонақ болып келген қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлнар Салиева сөз сөйлеп, кітапхана қызметін одан әрі дамытуға, жастарды кітап оқуға ынталандыратын шығармашылық жұмыстарды қолға алып, бірлесе жұмыс жасайық деген ұсынысын Серік Сүндетовке жолдады.
Кітапхана оқырманы Әділет Өмірәлиев, Айгүл Байтурешева: «Өңірлерде креативті жобаларды дамыту сияқты тың бастамаларды дамытуға не қажет?», «Қазақ тілінде сапалы контент жасап, әлемдік деңгейде таратуға қандай жобаны жүзеге асыруға болады?» сияқты т.б. сауалдар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді. Сұрақты мұқият тыңдаған Серік жастарды өңірдегі креатив бағытын дамытып, ел болашағы үшін бірге жұмылып жұмыс жасау керектігін атап өтті. Жалпы шара барысында өскелең жас ұрпақтың тақырыпқа қызығушылықтары жоғары екендігі байқалды. Жастар – елдің болашағы мен дамуының негізі. Жастарымыз белсенді, білімді, креативті, өз елінің патриоты болса, еліміздің алтын діңгегі жоғары, мемлекетіміз дамиды деген ойдамын.
Гүлжан Ескендірқызы.
С.Жиенбаев атындағы
облыстық жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері.
Ақтөбе қаласы.
Comments