Биылғы Қазақстан Республикасы Президентінің «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2023 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығына сәйкес, бүгінгі күнде елімізде жастарды әскер қатарына шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Осы орайда, Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының ұйымдастыруымен Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде әскер жасына дейінгі жастармен кездесу болып өтті. Кездесуге мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер, қала жастары және білім ошағының жоғары сынып оқушылары тартылды.
Кездесуді «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Марсұлы Сулейменов ашып берді. Алғы сөз Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Кенжебековке берілді. Жастарға бет бұрған ардагер аға Тілек Алшымбекұлы: «Біздің өз еліміз бар. Дүниежүзі біздің елді көк байрақты Тәуелсіз Қазақстан ретінде таниды. Заңды түрде сайланған Президентіміз бар. Егеменді еліміздің қауіпсіздігі мен аумақтықтық тұтастығын қорғай алатын айбынды армиямыздың бар екенін мақтан етеміз. Сондықтан да, Отанды қорғау басты парызымыз болғандықтан, әскер жасына дейінгі дайын тұрған ер азаматтардың әскерге барғанын дұрыс деп санаймын!»-деп, қадап айтты. Келесі кезекте жастардың төрінен орын алған Приозерск гарнизонының 06708 әскери бөлімінде Отан алдындағы борыштарын өтеп жүрген мерзімдік қызметтегі қатардағы жауынгерлер Қылыш Едігеұлы Әбдуәлиев, Берекет Қуандықұлы Дәулетәлиев және Назарбек Алмасбекұлы Төлебай қала жастары мен мектеп оқушыларының әскери қызметке арналған сұрақтарына жауап берді. Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер жастарға Отан алдындағы азаматтық борыштарын абыроймен атқарып, өз үйлеріне жетуге санаулы ғана күндердің қалғанын зор қуанышпен жеткізді. Сонымен қатар, өздері өскен отбасына жеткен соң, еліміздегі дәл қазіргі уақыттағы қолға алынған «Армия – жаңа мүмкіндіктер кепілі!» бағдарламасын іске асыратынын алға тартты. Аталған бағдарламада мерзімді әскери қызмет өтегеннен кейін білім алу жеңілдігіне қол жеткізу тәртіптері қарастырылған.
Атап айтар болсақ, әскерден келгеннен кейін 2 жыл ішінде, ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде еліміздегі жоғары оқу орындарына түсу, анағұрлым лайықты әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарының гранты есебінен білім алу, емтихансыз грант негізінде жоғары оқу орындарының әскери кафедрасына түсу және анағұрлым лайықты әскери қызметшілер үшін емтихансыз және ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері бар.
Кездесу барысында сөз алған «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастармен жұмыс жөніндегі инспекторы Сымбат Қуанышбекқызы Айтбай биылғы жылдың көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында еліміздегі 18-27 жас аралығындағы жастар қатарынан 18 мың ер азаматтарды әскер қатарына шақыру көзделіп отырғанын алға тартты.
Егеменді еліміздің Ата заңының 36-шы бабында:«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының парызы және міндеті» - деп, көрсетілген. Сондықтан да, осы бас қосудан ой түйген әскер жасына дейінгі жастарымыздың алдағы уақытта әскер қатарына шақырылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мәртебесін көтерудегі мінсіз қызмет пен өздерінің Отан алдындағы азаматтық борыштарына адал болатындарына сеніміміз мол!
Kommentare