top of page
Думан Құрманғалиев

Отаншыл рухтағы алау сезім

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуына – 30 жыл!


Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының басшылығымен, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуына 30 жыл толуына орай, сонымен қатар өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру және егеменді еліміздің айбынды армиясының мәртебесін көтеру мақсатында Ашық есік күні ұйымдастырылып өткізілді. Айтулы іс-шараға Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде білім алып жүрген жас сарбаз сыныбының оқушылары қатысты.

Білім ошағынан әскери бөлімге жол тартқан жас сарбаздарды, 06708 әскери бөлімінің бақылау-өткізу бекетінің алдында, Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Т.А. Кенжебеков қарсы алды. Отан алдындағы әскери қызметті абыроймен атқарып жүрген мерзімдік қызметтегі сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат тұтқан оқушы жас сарбаздар алдымен, әскери бөлімнің бақылау-өткізу бекетіндегі қызмет барысымен етене жақын танысты. Келген адамдарды қабылдау, құжаттарын тексеру, әскери бөлімге өту рұқсат қағазының дұрыстығын анықтау, ұялы телефон сияқты байланыс құралдары мен қолдағы бар артық заттарды кезекшіге тапсыру сынды қызмет түрлерінің жүзеге асуын көзбен көріп, іштей ұқты.

Сарбаздардың жатын орнының табалдырығын аттаған оқушы жас сарбаздар күн тәртібімен танысты. Белгіленген күн тәртібінде уақытпен сарбаздың таңертеңнен кешке дейінгі тыныс-тіршілігі көрсетілген. Атап айтқанда ұйқыдан тұру, спорт және дене шынықтырумен айналысу, жуыну, төсек жинау, тазалық жасау, тамақтану, жауынгерлік даярлықты ширату сияқты әскери өмірдің қыр-сыры қамтылған. Мерзімдік қызметтегі сарбаздар тарапынан оқушы жас сарбаздарға кешкі ұйқыға жату мен таңертеңгі ұйқыдан тұру әдістері практика жүзінде көрсетілді.

Реті келгенде, мектепте тек оқу-жаттығу атыс қаруын ғана көрген оқушы жас сарбаздар кәдімгі автоматты Калашников атыс қаруын қолмен ұстап көріп, белгіленген уақытпен бұзу және жинау жаттығуларымен айналысып та көрді.

Сондай-ақ, жас жеткіншек ұлдар мен қыздарға радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныстағы газ тұмшасын уақытпен киіп алу әдістері көрсетіліп, қорғанудың басқа да жаттығулары орындалды.

Ашық есік күнінің соңында сарбаздар асханасына табан тіреген оқушы жас сарбаздар ас мәзіріндегі көрсетілген тамақтану түрлерімен танысып, сарбаздардың тамағынан дәм де татып көрді.

Қорытындысында отаншыл сезімдегі оқушы жас сарбаздарды бастап келген 6 «в» сыныбының жетекшісі Мәрия Давлятярова мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Мұрат Файзуллаев осындай игілікті іс-шараны өткізуді қолға алған Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Т.Кенжебековке шексіз алғыстарын білдіріп, еліміздің келешегі өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу ісінің әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы қызметіне зор табыстар тіледі.


Әскери бөлімнің бақылау-өткізу бекетінен көтеріңкі көңілмен шыққан отаншыл сезімдегі оқушы жас сарбаздар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Тілек Алшымбекұлын ортаға алып, естелік суретке түсті.




9 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page