Алдымызда еліміз үшін маңызды оқиға – Президент сайлауы өткелі тұр. Бұл сайлаудың алдыңғы сайлаулардан өзгешелігі - алдағы уақытта Президенттің 7 жылға бір рет қана сайлана алатындығы. Бұл сайланатын Президенттің ауқымды жобаларды толық жүзеге асыруына мүмкіндік беретін уақыт мөлшері. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі деп түсінеміз. Президент сайлауы саяси ауқымы кең, бүкіл бір халықтың тағдыры бір адамға сеніп тапсырылатын жауапкершілігі мол тарихи сәт. Сондықтан сайлауда әрбір қазақстандықтың дауыс беруі ерекше маңызды. Біздің елімізде он сегiз жасқа толған кез келген азамат тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан дауыс беруге құқылы. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге де ешкiмнiң құқығы жоқ. Сайлауға қатысу, дауыс беру әр азаматтың жеке таңдауы десек те, әрбір адам дауыс беру арқылы елінің болашағына өз ықпалын тигізетінін сезінуі керек. Сондықтан көкірегі ояу, саналы азаматтардың дауыс беруді өзінің азаматтық парызы деп білері анық.
Сайлауға баруды міндеттейтін, тіпті бармаса айыппұл салатын басқа мемлекеттерге қарағанда, біздің елімізде сайлауға қатысып, дауыс беруге ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларына назар аударып, бүгін күн мен болашаққа көз жіберіп, елдің ертеңіне алаңдаушылық білдіру, сайлауда белсенділік таныту бәрімізге парыз. Сайлау әрқайсымызға үлкен жауапкершілік, азаматтық борыш жүктейді. Елдің тізгінін ұстауға үміткер, Президенттік лауазымға лайық тұлғаны дұрыс таңдау арқылы біз еліміздің келешегін қамтамасыз етеміз. Сайлау бізге мемлекетті басқару саласына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік береді. Сайлаудың ашық әрі бәсекелі, әділ өтуі әр мемлекеттің саяси сауаттылығын, сол қоғамның мәдениеті мен даму деңгейін көрсетеді. Өзін елінің патриотымын деп санайтын әр азамат өз елінде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, ерікті түрде пікір білдіруі керек. Сондықтан Қазақстанның әр азаматының даусын болашаққа жол деп білгеніміз жөн.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доцент м.а., PhD доктор Каупенбаева С.М.
Comments