top of page
Думан Құрманғалиев

Сегіз қырлы, бір сырлы сарбаз


Біз қатардағы жауынгер Елжас Советбекұлымен қаладағы орталық кітапхананың оқу залында таныстық. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Ұшқан ұя» кітабын парақтап тұр екен. Үстіндегі әскери киімі құйып қойғандай түбіт мұрт бозбаланы сөзге тарттық. Мінезі ашық, кісіні жатырқауды білмейтін жауынгер бірден ашыла кетті.

Елжас 1998 жылы 24 мамырда Алматы облысының Талғар ауданында дүниеге келген екен. Мектепте жақсы оқыпты. Музыкалық аспаптарға бала күнінен әуес. Жеті жасында әкесі домбыра үйірмесіне қолынан жетектеп алып барған. Содан бері өнерді жанына серік етіп келеді. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінде өнер көрсеткен. Жасынан көпшіліктің қошеметіне бөленеген.

Өзі: «Ата-анам үнемі қолдап, қолпаштап отырды. Соның арқасында ауданда өнерлі бала атандым» деп күліп есіне алады. Иә, өнерлі өрге жүзер деген емес пе, Елжастың да әрдайым талабын шыңдап отырғаны бірден байқалады.

Кейіпкеріміз 2021 жылы көктемде Талғар ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасынан әскерге қатарына шақырылған. Қазір Приозерск гарнизонындағы артиллеристер құрамасында мерзімді қызметін өтеп жүр. Бөлімдегі мақтаулы жүргізушілердің бірі. Енді санаулы күнде туған ауылына, отбасына оралатын сарбаздың әскери өмірден түйгені көп. Өзін осы бір жылда нағыз ер азамат сезінгенін айтып қалды. Амандық болса, жүргізуші ретінде жинаған тәжірибесі азаматтық өмірде пайдаға асатынына сенімді. Оқып, жоғары білім алсам деген де жоспары бар екен.

Кітапхананың Наурыз мерекесіне орай жабдықталған дастарханында батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Бірлік Чебиковпен тілдесіп отырмыз. Аға офицер Елжасқа жоғары баға берді. Тәртіпті, талапшыл жауынгердің үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретінін бөліп айтты.

– Елжас ұжым мақтанышы. Ол жауынгерлік дайындықтың үздігі. Дене дайындығында да үнемі топ жарып жүр. Гарнизондағы мәдени іс-шаралардың шырайын келтіріп жүрген сарбазыма ризашылығым шексіз, – дейді майор Бірлік Чебиков бізбен әңгімеде.

Осы отырыста Елжас халық күйлері мен қазақ композиторларының бірнеше шығармаларын нақышына келтіріп орындады. Алған әсерімізді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек өнерпаз жауынгердің орындаушылық шеберлігін көрген адам ғана түсіне алмақ.




33 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page