top of page
Фото автораМарат Тоқашбаев

ТЕКТІЛІК   ПЕН  ЖАҒЫМПАЗДЫҚ

     Бүгінде жұрт тектілік деген сөзді жиі қолданады. Тектілік – адам мінез-құлқының жоғары парасаттылық деңгейде қалыптасуы емес пе?   Әдетте  мол өнімді дақыл өсіру үшін оның селекцияланған  тұқымдарын іздейсің, етті, не сүтті мал тұқымын өсіргің келсе қораңды асыл тұқымды ірі қараға толтырасың.  Тектілік те сондай – жоғары сұрыпты адами қасиет.   Қазақ ұғымында текті деп генетикалық жолмен ата-бабасынан дарыған немесе өзін-өзі тәрбиелеу  арқылы адамдықтың биік мәртебесіне жеткен тұлғаларға қатысты  айтылады. Алайда бүгінгі таңда «текті» сөзі орынды-орынсыз жиі қолданылатын болып жүр. Тектілік ең алдымен иманнан көрінеді. Оны ең алдымен  жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан, сөз саптауынан, адамдарға құрметінен, қанағатшылдығынан, айналасына қамқорлығынан бірден байқайсың. Тектілік өзі бірден көрініп тұрады.

     Мысалы,  хан Абылай жас күнінде Сабалақ атанып Төле бидің түйесін бағып жүргенде бәйбішесі Төле биге байқағандарын айтатыны бар ғой. «Ой, осы бала басқадан ерекшелеу, отырғанда өзгелер сияқты топыраққа отыра кетпейді, үстіндегі сырт киімін шешіп, бүктеп астына төсеп отырады, сөзге де орынсыз араласпайды, тамақ берсең ашқарақтанып бас салмайды,  қолын жуып, әдеппен шақтап ішеді.  Ұйықтағанда да, бүрісіп жатпай кеудесін ашып, екі қолын екі жаққа созып тастап, мына дүниенің бәрі менікі дегендей ерекше  ұйықтайды», – деп.

    Шынымен тектіліктің бойына адалдық, ынсапқорлық, қанағатшылдық, әдептілік, тазалық  қасиеттер қатар сіңірілген, сондықтан  жоғары бағаланған. «Көріп алған көріктіден көрмей алған текті артық» дейтіні де сондықтан. 

     Тектіліктің ұнамды болуы текті адам өзін-өзі ұстаудың ерекше қалыптасқан жүйесі мен тәртібіне ие. Ол өсек, өтірік айтпайды. Ұрлық істемейді. Сөз тасымайды. Пара алмайды.  Тек турасын айтып отырады. Ең бастысы текті адам ешкімге  жағымпазданбайды!  Жағымпаздық лакмус қағазы сияқты. Оны жасырып қалу мүмкін емес. Талай қадір тұтқан ағаларымыздың жағымпаздық пендешіліктерін көргенде тектіліктен мүлде ада екендіктерін көрдік. Көрдік те жирендік. 

     Тектілік тек байларға дариды, кедейлерге дарымайды деген ұғым түбірімен қате. Керісінше кедейлердің арасында текті, иманды адамдар көп. Ал өмірдің үлкен шындығы – қазіргі қоғамда билікке жағымпаздардың  арасында текті адам бар деп айтуы қиын...  Өйткені тектілер ешқашан жағымпаз болмайды. «Арлан бөрі қанша аш болса да иттен қалғанды иісскемейді» деуші еді...

    Қазақ жұртында текті деп Дінмұхамед Қонаев сияқты өзінің азаматтығын жоймаған тұлғаларды  айтуға болар еді деп ойлаймын. Сіздер бұл қатарға тағы  кімді қосар едіңіздер?

 

59 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page