1993 жылғы 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарулы күштерде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты құрылды.
Тәрбие жұмысы органдарының тарихы осы сәттен бастау алады. Биыл біз тәрбие құрылымдарының отыз жылдық мерейтойын атап өтеміз.
Көп жағдайда тәрбие құрылымдары офицерлері институттың пайда болуына Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министріне қарыздар. Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Қазақстан армиясының толыққанды дамуы үшін тәрбие және идеологиялық жұмыстардың маңыздылығына ерекше мән берді. Тұңғыш Қорғаныс министрінің жауынгерлік және өмірлік тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі әскерлерді басқарудың тиімді жүйесін құру, егемен мемлекеттің армиясының нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу мәселелерін шешуде ғана емес, сонымен бірге жас тәуелсіз мемлекеттің жауынгерлерін тәрбиелеуде де өте қажет болды.
Бүгінде Қарулы күштерде 1400-ден астам тәрбиеші офицер қызметтік міндеттерін орындап келеді. Олардың қатарында тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлар, арнайы насихат, мемлекеттік-құқықтық дайындық, әскери тәртіп жөніндегі мамандар, офицер-психологтар, әскери оқу орындарындағы гуманитарлық пәндердің оқытушылары бар.
Бұл Қазақстан армиясындағы жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде маңызды орын алатын санаулы құрылымдардың бірі. Тәрбиешілер институты осы жылдар ішінде белсенді жұмыс істеп, өзінің қажеттілігін толық дәлелдей білді. Бұл ретте Қарулы күштер ардагерлерінің еңбегін ерекше атап өткен абзал. Олардың үлесіне тәрбие құрылымын жандандырудағы ізашарларлық тиді.
Қарулы күштердің тәрбие жұмысы органдарына әр кезеңде генерал-майорлар Айтқали Есенғұлов, Әмірбек Төгісов, Марат Нағұманов, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, полковниктер Болат Назиров, Амангелді Ибраев, генерал-майор Қайрат Мыңжанов, полковниктер Жұмабек Хасенов, Талғат Дәулетов, Аркен Ташубаев, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, полковник Қайсар Мұғаловтар басшылық жасады. 2019 жылдан бері бұл құрылымды генерал-майор Серік Борамбаев басқарып келеді.
Тәрбие жұмысы органдарының негізін қалаушылардың бірі – полковник Мэлс Шампиев бүгінде «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы филиалының басшысы. Көптеген әскери қызметшілер тәрбие жұмысы органдарын Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов басқарған кезді ерекше ілтипатпен еске алады. Сол тұста әскерлерге «Жауынгерлік дос», «Пирамида» жүйелері енгізілді. Жедел-тактикалық және стратегиялық оқу-жаттығуларды, оның ішінде халықаралық оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жауынгерлік іс-қимылдарды моральдық-психологиялық қамтамасыз етудің заманауи нысандары мен тәсілдері пысықтала бастады.
Бүгінде Қарулы күштерде тәрбие және идеологиялық жұмыс органдарының құрылымы үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті, әскер түрлеріндегі бас басқармалар, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектеріндегі басқармалар, әскери оқу орындарындағы, әскери бөлімдер мен мекемелердегі бөлімдер кіреді.
Бұдан өзге кәсіби кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінуде. Тәрбие құрылымдарының офицерлерін дайындау Ұлттық қорғаныс университеті мен Құрлық әскерлерінің әскери институтында жүзеге асырылады. Бұл бірінші кезекте офицерлердің кәсіби деңгейін едәуір арттыруға және құрамалар мен бөлімдер командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары лауазымдарын кадрлық офицерлермен толықтыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді.
2011 жылы «Қарулы Күштердің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Қоғамдық бірлестікпен өзара тығыз іс-қимыл ұйымдастырылып, бірлескен іс-шаралардың бірыңғай жұмыс жоспары бекітілді.
Ардагерлер жас офицерлерге кәсіби шеберлік дағдыларын игеруге, бейімделу кезеңіндегі қиындықтарды еңсеруге көмектесу мақсатымен тәлімгерлік қызметке белсенді қатысып келеді. Олардың қызметтік, жауынгерлік тәжірибесі тәрбие және әскери-патриоттық іс-шараларды өткізу кезінде кеңінен пайдаланылады.
2022 жылы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді САҚТА» бағдарламасын бекіту туралы» бірлескен бұйрық шығарылды. Бұл бағдарлама әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, жеке құрамның қаза болуының алдын алудың дәстүрлі нысандарын, әдістері мен құралдарын кешенді қолдану мен жаңа нысандарды енгізу арқылы армия ортасында қайтарымсыз шығындарды азайтуға, қолайлы ақпараттық-имидждік орта құруға және әскери тәрбие мен оқытудың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі штаттық қызметтер де тәрбие және идеологиялық жұмыстарға маңызды серпін берді. Олар командирлерге әскери қызметшілердің отбасыларында отбасылық құндылықтар мен моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға, әлеуметтік-тұрмыстық және рухани-адамгершілік қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдем көрсетеді.
2015 жылы Астанада Ұлттық әскери-патриоттық орталық және оның Алматыдағы филиалы құрылып, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласып келеді. Орталық базасында Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблі мен оркестрі жұмыс істейді.
Халқымыздың ерлікке толы тарихын жаңғырту мақсатымен Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы ашылды.
«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Қазіргі уақытта қозғалыс филиалдары еліміздің барлық өңірінде ашылған. «Жас сарбаз» қозғалысының базасында 6 мыңнан астам тәрбиеленушіні қамтитын төрт жүзге жуық «Смарт-сарбаз» үйірмесі жұмыс істеп тұр.
Өткізілген барлық іс-шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы жыл сайынғы «Айбын» әскери-патриоттық жиыны болып табылады. 2019 жылы мерейтойлық әскери-патриоттық жиынның ашылуына Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысы «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен бірге «Ұлы дала жас сарбазы-2050» уақыт капсуласын салды.
2022 жылы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті Қарулы күштер Бас штабының штатынан шығарылып, Қорғаныс министрлігінің штатына енгізілді. Осы жұмыстың қазіргі кезеңдегі маңыздылығын ескере отырып, 2022 жылдың қазан айынан бастап, Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымы енгізілді. Енді идеология және тәрбие мәселелерімен генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов басқаратын кәсіби тәрбиешілердің білікті аппараты айналысады.
Әр кезеңде және әлемнің барлық армияларында әскери қызметшінің жеке басы мен моральдық рухын қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілген. Әскердің рухани әлеуеті оның күшінің тірегі болып табылады және мықты моральдық-психологиялық капиталын көрсетеді. Оны сақтау мен көбейту – Отан қорғаушылардың бүгінгі буынының міндеті. Армия жағдайында, жеке құраммен жұмыс істеуде тәрбие жұмысының маңыздылығына асыра баға беру қиындық туғызады. Адамдар – армияның маңызды құрамдас бөлігі, сондықтан Қарулы күштердегі барлық тәрбие жұмысы жалпыадамзаттық құндылықтардың, Қазақстан халқының ұлттық-тарихи және әскери дәстүрлерінің негізінде жүзеге асырыла береді.
top of page
Patriot-tulga.kz
Поиск
bottom of page
Comments