«Қамқорлық» қайырымдылық акциясы аясында
Жүрек жылуы
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың жазып кеткен қара сөздерінің он төртінші қара сөзінде: «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әртүрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіңе ойлағандай оларға да болса игі еді» - деп, жазып көрсетілген болатын. Осы орайда, «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы аясында Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Қайырымдылық жылы жүректен» тақырыбымен ауқымды іс-шара ұйымдастырылып өткізілді. Аталған іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы қолайсыз отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және басқа да санаттағы балаларға әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Білім ошағының орталық залындағы бас қосуға аз қамтылған отбасылар қатарынан отыздан астам оқушылар және олардың ата-аналары арнайы шақырылған болатын. Алдымен, «Қайырымдылық жылы жүректен» тақырыбындағы іс-шарасы психолог мамандар Т.Наушаруанова мен П.Нарманованың бірлескен жиынға қатысушыларды ынталандыру мақсатындағы сергіту жаттығуларымен басталды. Жиналғандарға арналып шағын қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Көпшілік алдында мектеп оқушылары қатарынан Ш.Сулейменов «Атамекен» әнін шырқаса, Ж.Жолдасбек «Әсем ән» атты әнді нақышына келтіріп орындап берді. Іс-шара барысында Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің маманы Гүлзат Жетпісбайқызы Рамазанова мен «№1 жалпы білім беретін мектебі» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Перизат Ізімханқызы Шойбекова сөз сөйледі. Ал, «Қайырымдылық жылы жүректен» тақырыбындағы іс-шарасын қорытындылаған «№1 жалпы білім беретін мектебі» КММ қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков: «Жақсылық жасау - имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Қайырымдылық - адамның асыл қасиеттерінің бірі болғандықтан, қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады» - деп, ой түйді. Аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара соңынан ата-аналарының көз алдында жиналған оқушыларға «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік педагогы мен
қамқоршылық кеңесінің арнайы дайындаған киім-кешектері, азық-түліктері және тұрмыстық қажетті құрал-жабдықтары салтанатты түрде табыс етілді.
Шексіз алғысқа бөленген оқушылардың ата-аналарының арасынан Шамшия Калпакбаева, Гавхар Омонова және Жанна Сағындықова сөз сөйлеп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Қайырымдылық ісіне белсене қатысқан қамқоршылық кеңестің мүшелері Ақдана Бейсекеева, Сандуғаш Қожабергенова, Гульсабира Хизирова, Мадина Дайырбекова және Приозерск гарнизонының сарбаздар асханасындағы жеке кәсіпкер Абай Ағаділов есімдерін ерекше атаған жөн. Ауқымды іс-шараға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Медетов, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ф.Амантаева, тәлімгер А.Жармаханова және дефектолог Г.Нуржанова қатысты.
Қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Маңына ұрық шашпаған жақсылық, жапанда жалғыз өскен бәйтерекше, тұл болады да қалады» - деп, айтса керек.... Осы ретте баршамыз бір болып, жақсылық жасау арқылы адамдарға, айналаға, табиғатқа қайырымдылық пен қамқорлық жасауға талпынарымыз анық. Ендеше, осындай игі істеріміз көп бола берсін!
Қарағанды облысы білім басқармасының
Приозерск қаласы білім бөлімінің
«№1 жалпы білім беретін мектебі» КММ
әлеуметтік педагогы
Жанар Садуақасова
Суретті түсірген
Приозерск гарнизонының
баспасөз хатшысы
лейтенант
Думан Құрманғалиев
Comments