Республикалық «Бірге - таза Қазақстан» экологиялық акциясы
Бүгінгі күнде Республикалық «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің әрбір қаласы мен елді мекенінде қарқын алуда. Осы іс-шара барысын қолға алған Қарағанды облысының «әскери қалашық» деген аталатын Приозерск қаласының тұрғындары таңертеңнен бастап, қала шетіндегі Балқаш көліне жақын орналасқан 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш маңына жиналды. Мақсат – майдан даласындағы жауынгерлік ерлік жасап, Отан үшін көз жұмған ержүрек батырларымыздың ерліктеріне бас иіп, еңселі биік ескерткіш маңын жиналып қалған қоқыстан тазартып, маңайына ағаш отырғызу болатын.
Республикалық акцияға Приозерск қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері мен «Приозерск қаласының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жастары қатарынан бөлек, Приозерск гарнизонына қарасты әскери бөлімдерінің жеке құрамы мен Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№2 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде білім алып жүрген 6 «в» сынып оқушылары қатысты. Алдымен, ескерткіштің айналасында тыңғылықты тазалық жүргізіліп, жақын жерлерге ағаш отырғызылды.
Әскери қызметшілерді бастап келген 60601 әскери бөлімінің командирі полковник Қырықбаев Данияр Нұрланұлының асқан белсенділік танытып, қолына күрек ұстағандығын көзіміз шалды. Реті келіп, сөзге тартқанымызда әскери шендегі басшы полковник Данияр Нұрланұлы: «Баршаңызды қоршаған ортаға бей-жай қарамауға шақырамын. Бүгінгі іс-шарада Ұлы Отан соғысы кезіндегі майдан даласында ерлікпен опат болған батыр жауынгерлерімізге арналған ескерткіш маңайын тазарту, айналасына ағаш отырғызып гүлдендіру ісі жүзеге асқандығы анық. Ескерткішті қорғап, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біздің басты парызымыз!» - деп, өз ойын жеткізді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - демекші, осылай әрбір істе бірге төбе көрсетіп, бір кісідей атсалысатын болсақ, өзіміз тұратын «әскери қалашықтың» қанаты кеңге жайылып, гүлдене беретіндігіне сенімдімін!
Comments