top of page
Patriot Tulga

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ АНА ҚҰРСАҒЫНАН БАСТАЛАДЫ







Совет-Хан

ҒАББАСОВ,

жазушы-дәрігер, фантаст, драматург,

Медицина және Педагогика ғылымдарының

докторы, профессор, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның толық мүшесі – Академик











– Совет-Хан аға, сіз біраз жылдан бері «Адам тәрбиесінің жаңа ілімі» атты ұлттық тәрбиені жан-жақты ашатын жаңа бір ұсыныс жасап келесіз. Сұхбатымызды осынау жаңа ілім жайынан бастасақ.

– Қазір адамзат қауымы азып отыр. Адамзаттың азғындағаны соншалықты, бізден Жер анамыз жиіркене бастады. Жер сілкінулер, топан сулар, жанартаулар, табиғи апат атаулының бәрі біздің ісімізбен, ниетімізбен тікелей байланыста болып жатқан құбылыстар. Мұны экологиялық апаттар деп жүрміз. Эндоэкология – ішкі экология деген сөз, тіпті ғылыми қолданыста әзірше жоқ десе де болады.

Ата-бабаларымыз құрсақта жатқан бала тоғыз торқаның ішінде жатыр деген. Бірақ қазір сол балалар ішкі экологиялық апаттарға тап болып отыр, яғни ұрығынан уланып туылып жатыр. Ондай баланы тәрбиелеу өте қиын. Бұл – бүкіл адамзатқа ортақ дүние болып отыр. Ал, қазақ халқы осы ана құрсағындағы тәрбие мен тіршілік туралы ғажап білді. Біз өз халқымыздың қадыр-қасиетін түсінбей жүрген елміз. Әйтпесе, қазақтың салт-дәстүріндегі әлемге бренд етіп ұсынатын тұстары теңдессіз көп.

Жеті атаға дейін қыз алыспау – ғылымның ғылымы. Бұл Дарвиннен де, тіпті, Фарабиден де бұрын туған нәрсе. Жеті атаға дейін қыз алыспау деген қазақтан басқа ешбір халықта жоқ. Жер бетінде 2500 халық бар екен. Түркі тілдес туысқан халықпыз деген ұйғыр, өзбек, қырғызда да бұл дәстүр жоқ. Қырғыз ұзаса үш атаға дейін барады. Осы жеті атаның мәнін қазір біздер түсінбей жүрміз.

– Иә, аға, жеті ата ұғымы қайдан шыққан?

– Қазақ жылқы малын төрт түліктің ішінде қатты зерттеген халық. Жылқыдан ата-бабаларымыз дүлдүл, тұлпар, арғымақ, қазанат алды. Осыны алғаннан кейін барып, олар дәстүріне жеті атаға дейін қыз алыспауды кіргізді. Біздер ветеринарияны ғылым ретінде білсек те, қазір жылқыдан қазанат та ала алмай отырмыз. Дүлдүл – дегенді көргеніміз жоқ. Айғыр екеш айғыр да өзінен өскен ұрпақты үйіріне қоспайды ғой. Талап, теуіп, қуып жібереді. Тектілік деген сонда. Осыны әбден зерттеп білген бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алыспауды дәстүрге енгізген. Сондықтан да, бүгінгі ру-руға бөлінушілік дұрыс емес. Руыңды білудің мәні – тегіңді сақтау үшін керек. Міне, 27 жыл бойы Ұлттық идеология керек деуімнің себебі осында жатыр.

Біз Абайды да түсінбеген қазақпыз ғой. «Мен бір жұмбақ адаммын, Оны да ойла», – деді Абай. Біз әлі осы жұмбақты да шешкен жоқпыз. Неге десеңіз, біз сондай бір еліктегіш халыққа айналып барамыз. Батыста біреу кіндігін ашып, бөксесін көрсетіп жүр екен деп біз де бәрін ашып тастаймыз. Мені Еуропа кешірсін, бірақ олар қазір мораль жағынан азғындап отырған халық. Біз олардан рухани, имандылық дүние ала алмаймыз. Технологияны алсақ алайық...

Осыдан төрт жыл бұрын антрополог ағамыз Оразақ Ысмағұлов қазақтың руларының қанын зерттепті. Қазақта қырық үш ру бар екен. Сол әрбір рудың адамынан алынған қанның хромосомалық, гендік құрамында қан бір адамдікіндей болған. Сонда бүкіл әлемнің ғалымдары «бұл мүмкін емес» деп таң қалыпты. Менің мұнда айтайын деп отырғаным, қазіргі қоғамымызда руға бөліну өте үлкен белең алып отыр. Бұл – рудың мәнін түсінбеушілік?! Ру – тегіңді сақтау үшін ғана керек. Оларға қарсы пікір болсын, осыны түсінсе екен деп айтып отырмын.

– Сонда біздің қазақтың үш жүзге бөлінуі дұрыс емес қой?

– Үш жүз дегеніміз не? Жүз деген қазақта болмаған. Әз-Тәуке өлгеннен кейін, Әбілқайыр мен екі ұлында үш хандық пайда болды. Бір халықтағы үш жүз. Үш хандық, жеке жеке мемлекет қой. Қазір, тіпті үш жүзді туысқандық белгіге айналдырған. Батыстар – кіші жүзбіз, өзара туысқанбыз дейді. Орта жүз өз алдына, ұлы жүз өз алдына бөлек-бөлек туысқан секілді. Бұл дұрыс емес. Мұның барлығын жою керек. Үш жүз деген бөлінушілікті жоймаса, басы біріккен ұлт болмайды.

Алшын, Байсын, Үйсіннің (үш жүз деп айтпай, осылай атайық) қаны менің де, сенің де бойыңда бар. Яғни, біз бәріміз туысқанбыз.

Ал, енді руды білу керек пе дегенге келсек. Оны білу керек, тек текті сақтау үшін руды білу керек. Қазіргідей руға бөліну, алауыздық үшін емес.

Кезінде атқа ер-тұрман, ауыздық жасап берген қазақ, дүние­ге білім мен мәдениетті таратқан ата-бабаларымыз. Енді біз, ұрпақтары неге сонша сорлы болып қалдық. Тек бөгде елдікіне еліктегеннен басқа ашар жаңалығымыз болмай қалды.

– Шынында да біз еліктеп-солықтаудан алдымызға жан салмаймыз. Неге сонша еліктегішпіз?

– Енді осы неге еліктейміз? Зерттеп келіп қарасам, мынандай бір қызық дүниеге тап болдым. Қазақ халқында хандық дәуірден бері қарай, 25 жылдық тәуелсіздікте де ұлттық идеология болмады. Хандық заманда біз Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп ханның бәрі өзін бөлек санаған да, ұлттық идеологияны жасамаған. Сол себепті не мәдени орта, тіпті бір медресе Қазақстанның аумағында болмаған. Себебі, қараңғы халықты ұстау, қараңғы халықты билеу өте жеңіл. Қазіргі ғалымдардан осының сырын сұрасам, «молдалар оқытты ғой» дейді. Молданың оқытқаны мен медресенің айырмашылығы жер мен көктей. Үлкен ғажайып медреселерде – кәсіптік, заң, тілмаш сияқты адамға керекті барлық мамандықтарды беріп отырған. Ал, жаңағы хандық дәуірде ешқандай медресе ашпау деген ұлттық идеологияның қажеті жоқ деп есептегеннен келіп шыққан. Ал Тәуелсіздік алған жылдарда да ұлттық идеологияның болмауынан мұғалімдер барлық қасіретті көзбен көріп жүр. Өйткені балада не зерде, не зейін жоқ, не тәртіп жоқ.

Енді не істеуіміз керек, біз кешегі қараңғы халық емеспіз ғой. Енді ешкімге сенбей, өз қолымызбен ұрпақ тәрбиесін жасауымыз керек. Өйткені, Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесінде! Кеңес үкіметі кезіндегідей қоғамда әділет, тәртіп болған жағдайда – үгіт, насихат, уағызбен ұрпақты тәрбиелеуге болады. Ал егер қоғамда – тәртіп пен әділет болмаса, адамда тәрбие де болмайды. Бізді осы уақытқа жеткізген – тек ата-баба дәстүрі!

– Сіз ұсынған ұлттық тәрбие іліміне оралайықшы. Жалпы, тәрбиенің өзін дұрыс түсіндіре алмай жатқан сияқтымыз.

– Тәрбие, ұлттық тәрбие – білім беру, жетілдіру, үйрету болып шартты түрде бөлінеді. Ал тәрбие беруді – түйсікті, яки саналы тәрбие беру деп қарастырып жүрміз.

Білім беру – жоғарыда айтқан салт-дәстүріміздің аясында дұрыс берілген тәрбиенің жалғасы ғана бола алады. Жақсы тәрбие алған баланың білімі де жақсы болады. Бала өскен сайын күрделене түсетін білімнің санасына жетуі де тез болады.

Ал баланы жетілдіру – құрсақтан бастап беріліп келе жатқан тәрбие мен дүниеге келген соң берілетін білімнің арқасында қалыптасады. Осыдан келіп... бала тұлға болып қалыптасады.

Жаңағы тәрбиенің түрі – түйсік – ұрық тазалығы сақталып, құрсақта жанның жетілу кезеңінің үшінші айында бала тәрбие күтеді. Осы кезде, мен айтып жүрген жанның он екі арнасы біртіндеп ашыла бастайды.

– Жанның он екі арнасы дегеніміз не?

– Жанның он екі мүшесі (оны мен Арна деп атадым) – түйсік, сүю, ұят, мінез, табиғи қабілет, зерде (жады), жігер және ішкі бес сезім. Адамның кереметтігі сол, мәселе маңдайдағы көзде ғана емес, ішкі бес сезімнің бірі – жанның көкірек көзінде екені анықталды. Қазір «ішкі бес сезімсіз» туып жатқан балалар бар – бұл сұмдық.

2015 жылғы статистиканы қарасам, мен медицинаға келгенде аурудың түрі – 150-дей ғана болатын, Өтейбойдақтың заманында – 25-ақ түрі болған. Қазір 1700 түрі бар екен. Ең қиыны, дәрігерлікке мен келген уақытта баланың функционалды ауруы өз алдына, ал ағзадағы мүшенің (жүректің, бауыр­дың, бүйректің ) жұмыс жасамауы 0,2-0,1 пайыз ғана болатын. Ал қазір 46-47 пайыз. Мұны қанша емдесеңіз де, ота жасасаңыз да, түгел қалпына келтіре алмайсыз.

Бүкіл жер бетіндегі адамзат қазір азып барады. Себебі, тән тәрбиесінен басқа Жан мен Рух тәрбиесі жоқ. «Жан деген не?» деген сұраққа жауап бере алмайтындар көп. Жан дегеннің не екенін білмей тұрып жанның тәрбиесін жүргізу мүмкін емес. Бүкіл әлемде, қоғамда – Рух тәрбиесі жоқ. Адам баласының бүкіл тіршіліктен айырмасы – рухында. Бұл туралы Елбасымыз биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында нақты айтып өтті.

– Енді ата-ананы оқытуды қалай жүзеге асырамыз?

– Тәрбиенің төте жолы – ана құрсағында жатыр. «Алып анадан туады» – деп ата-бабамыз бекер айтқан жоқ. Ана құрсағындағы тәрбиені бүгінгі аналардың өздері де білмейді. Оған үйретіп отырған қоғам жоқ. Ол қайдан біледі?! Міне, ол үшін жоғарыда мен айтқан жанның он екі мүшесін (арнасын) оқытуымыз керек.

Ұлттық идеологияның қажеттілігі – осы кемістіктерді түзету үшін керек қой. Осы тәрбиені алғаш жариялап 1991 жылы «Ізгілік әліппесі» деген екі кітап жаздым. Одан бері үш монография мен екі оқулық жазылды. 2008 жылы жазылған «Педагогика мен Психология негіздері» атты монография 2011- жылы тұтастай патенттелді – №1408. Мұның бәрін маған Алла Тағала берді.

Ата-ананы оқытпаймыз. Тек қана әдеттенуге үйретеміз. Яғни, алдымен күнделікті денені жуып тазалауға әдеттенгеніміздей, жанды да тазалап алуымыз керек. Ол үшін мінәжат етуді үйренуіміз керек.

Бала құрсаққа түспей тұрып жанды тазалау – мінәжат арқылы ғана келеді. Мінәжат ету арқылы жанның мүшелерін (жоғарыда айтқанымдай) – түйсікті, ұятты, мінезді, сүюді, табиғи қабілетті, зердені, жігерді, ішкі бес сезімді күнделікті тазалауға үйренуіміз керек, немесе дағдылануымыз керек. Шынайы мінәжат еткен адам ешқашан әбес істерге бара алмайды. Олардың рухтары таза, сезімдері пәк, мақсаттары айқын болып келеді.

Бұрынғы ата-бабаларымыздың рухтары қандай биік болғанын әдеби шығармалардан оқып біліп отырмыз. Олардың бір сөзге тоқтап, ізгілікті істерді молынан жасағанының арқасында бүгінгі күнімізге жетіп отырмыз.

Жанды немесе жан-дүниемізді тазартудың ерте, кеші жоқ. Бұлай тазару еркекке де, әйелге де, кәрі мен жасқа да керек. Аяғы ауыр әйелдер мінәжат ету арқылы құрсағында өсіп келе жатқан жан иесінің жүрек тәрбиесін қалыптастырады.

– Аға, жалпы намаз оқу – мінәжат ету ме?

– Иә, намаз оқу – мінәжат етудің бір көрінісі. Мінәжатты ұйықтардың алдында және ұйықтап тұрғаннан кейін жасаған дұрыс. Өйткені осы кезде адамның ойы мен сезімі ашық болады екен. Бір тәулікте неше рет мінәжат ету адамның өзіне байланысты. Бірақ намаз оқығандағыдай белгілі бір уақытта мінәжат еткен дұрыс. Кейін бұған әбден үйреніп алған соң, мінәжат ету үшін көп уақыт кетпейтін болады. Осының барлығы да ғылыми дәлелденіп, менің «Педагогика мен Психология негіздері» атты монографиямда жүйелі түрде жазылған. Мен өзім – күнде мінәжат етіп, құдайдан еліміздің, жеріміздің амандығын тілеймін. Бұрын ата-бабаларымыз – бірінші елдің, жердің, жалпы адамзаттың амандығын тілеп барып, өз отбасындағы, жеке басына керекті айтқан.

Ал аяғы ауыр әйелдер көк аспанға немесе асқар тауға, айдыны шалқар дарияларға немесе Мешіт тәрізді киелі де, биік ғимараттарға, емен ағаштарына қарап мінәжат етсе өте жақсы болады. Мұның бәрі табиғаттың кереметтігін сезінуден келіп шыққан. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі аналар мінәжат етпейді. Ерінеді немесе әлі оларға бұл туралы ешкім айтқан жоқ. Айту, жеткізу мәселесі аз болып жатыр деу де қиын.

Аяғы ауыр әйелдің өте сезімтал, түйсіктері сергек болатыны неден екенін, әлі ешкім байыбына барып біліп жатқан жоқ. Ол неден? Өйткені, осы кезде – ана құрсағындағы жан иесінің түйсік тәрбиесінің қалыптасуына да – жауапты, тек ана болуы керек емес пе? Сол үшін де аяғы ауыр ананың екінші бір жаңа тынысы ашылады десек те болады. Осы кезде мінәжат етіп, жан тазалығы мен тән тазалығын ұстаған ана – құрсақтағы жанның тәрбиесін де қолға алғаны.

Осындай еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы кезде аяғы ауыр аналар өздерінің бойына бітетін құдіретті де қасиетті күшті сезініп, оны болашақ балаға да жеткізе алатындай болуы керек. Ол үшін табиғаттың әрбір дыбысын сезінуі керек. Табиғаттың табиғи әуенінен өткен терапия жоқ әлемде. Аяғы ауыр ана табиғатта серуендегенде күннің шуағынан, саф ауадан, салқын самалдан, мың сан табиғаттың дыбыстарынан – судың сыбдырынан, бұлақтың сылдырынан, құстың әуенді әнінен, өсімдіктердің өздеріне тән етіп шығаратын дыбыстарынан ләззат ала білуі керек. Ана осы табиғаттан алған ләззатын, ішкі сезімін өзі ғана сезініп қоймай, ішкі сезімі арқылы құрсақтағы жанға мінәжат арқылы бере білуі керек. Міне, бұл – таза құрсақтағы тәрбие болады.

Аяғы ауыр аналардың осындай сезімдерін пайдалана алмауы­на не себеп дейтін болсақ, алдымен оған еріншектік, зейінсіздік, ұқыпсыздық себеп болып отыр.

– Өзіңіз намаз оқисыз ба, аға?

– Мен намаз оқымағаныммен, күнде таңертең жеті түрлі дұға оқимын. Қаһари кулл мен Фатиха сүресінен бастап, Ықылас, Фәлақ, Нәс, Аятул-Күрсиді бір күн ада қалдырмай қайталаймын. Алла Тағала адамға шын жүрегімен тілегенін береді. Егер шынайы ниетпен оқысаң, барлық дұға-тілегің қабыл болады. Жеті жылдан аса уақыт болып қалды, қазір елімізге жер сілкінісінен сақтанатын дұға оқып жүрмін. Бұл діншілдік емес. Ата-бабамыз айтқандай «Ақ ниет пен жақсы сөз – жарым ырыс» дегені бекер емес.

– Неге бізде ұлттық сана қалыптаспай отыр? Әлі күнге дейін рулық санадан әріге аса алмай отырмыз.

– Ана құрсағында түйсік деген жанның бір арнасы толысып, түйсіктік ақыл қалыптасады. Қазір осы түйсік – ана құрсағында қалыптаспай отыр деп жоғарыда оның себептерін де айттық қой.

Халық педагогикасы деген дүниенің негіздері қазіргі педагогикада жоқ. Мысалы, Мауглиді неге балалар қызығып көреді? «Мауглиді» жазған адам биология мен физиологияның заңдылықтарын өте терең білген. Тарзанда да солай. Бір уыс шөпті иіскеп, ол айналадағының барлығын түйсік арқылы сезеді. Түйсікті қалыптастыруға бола ма? Әрине, болады.

Міне, жеті жасында дастан жазып жүрген бала Жамбыл, ана құрсағында түйсігі қалыптасып туған бала. Бұл баламен тілдессең таңқаласың.

Мен ұсынып отырған – «Адамзат тәрбиесінің жаңа ілімін» – Президент аппаратына да, Нұрекеңнің өзіне де жібердім. «Үкімет пен халық бірігіп, үндесіп жұмыс істесек, қазақ халқын адамзаттың гүліне айналдырамыз», – дедім. Мұны ешкім тыңдамады. Қазір осы технологиямен дүниеге келген екі мыңға тарта бала бар. Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің директоры Көлбай мырза: – «Сіздің кітабыңызды оқып отырып, ата-анасы бала Жамбылды дүниеге әкеліпті», – деді.

–Жарығым, онда бір күні Жамбылдың әке-шешесін ша­қырт­шы, сөйлесейік, ойларын білейін, – дедім. Ертесіне бала Жамбылдың ата-анасы келді.

Анасы:

– Аға, мына сіздің кітабыңызды әкесі екеуміз дауыстап отырып оқығанбыз. Жамбыл сіздің балаңыз. Сіз кітабыңызда айтқан ана құрсағына дейінгі, одан кейінгі, бүкіл айтқаныңызды бұлжытпай орындадық, – деді.

Шахматтан әлем чемпионы болған Жансая Әбдімәлік те осы технологиямен дүниеге келген бала. Талантты балалар бар. Мысалы, былтырғы жылы ЭКСПО-ға байланысты төрт облыстан сегізінші-тоғызыншы сыныптың балалары ғылыми жұмыстарын беріпті. Соны арнайы жіберіп тексертсем, бәрі осы технологиямен дүниеге келген балалар. Құдайға шүкір!

– «Еуропацентризм методологиясының негізі дұрыс емес» депсіз. Осыны тарқатыңқырап түсіндіріп берсеңіз.

– Еуропацентризм методологиясының – империялық озбыр саясаттың айлалы тәсілдерін жүйелейтін ілім екені тайға таңба басқандай айқын. Бұл методологияны барлық империя­лар жақсы көреді. Бірақ Қытай империясы Конфуций салып кеткен идеологиясына арқа сүйегендерінің арқасында, тіпті саясатын да, партиясын да өзгерткен жоқ. Қытай бүгінгі күні адамзаттың алдына шығайын деп отыр.

Кешегі Макаренкодан бастап, барлық ғалымдар бала дүниеге келгенде оның миы «аппақ қағаздай» таза болып келеді дейді. Бұл кешегі ғылымның ең үлкен өтірігі. Ана құрсағындағы бала үш айдан кейін тәрбие күтеді.

Еуропацентризм методологиясына сеніп қалған бүгінгі қауым – ана құрсағындағы тәрбиені білмей отыр. Осыдан келіп ұрығынан уланып туып жатқан балалар пайда болды.

Екінші қателігі – дүниеге енді келген баланы тұлға деп оқытты ғой бізді. Бұл мүлдем күлкілі нәрсе. Бұл адастырудың ғажайып, шытырман жолы. Қазақ халқының бәрі Абайды айтып мақтанамыз. Сол Абай тұлға болуы үшін не көрмеді? Біз осы жасымызға дейін әлі тұлға бола алмай жүрміз. Осыған дейін не көрмедік? Енді біз ұрпағымызды, келешегімізді, қоғамымызды жөндейтін болсақ, Еуропацентризм методологиясын терең түсініп, сезініп, оның жат, апатты негіздерін алмауымыз керек.

Бұл методология бізге: «Халқыңның мәдениеті жоқ, тарихы жоқ» деп оқытты. Сонда қалай? Пәлен ғасырлардан бері өмір сүріп келе жатқан халықтың тарихы жоқ па?! Көрдіңіз бе, бүкіл түркі өркениетін жоққа шығару арқылы Тұран елінің мәдениетін де, тарихын да, оның бүкіл әлемге танытқан ілім, білімін, барлығын жоққа шығарды. Мысалы, Мөде хан Наполеоннан, Македонскийдан мың есе артық қолбасшы. Римдегі құлдық қоғамды құлату үшін барған Атилла бабамыз туралы шындықты да жауып тастап отыр. Кешегі Шыңғысхан бірімен-бірі қырылысып жатқан қырық түрлі тайпалардың соғысын тоқтатып, бейбітшілік орнатқан. Мынау орыстардың бір-бірімен қырылып жатқан княздықтарының бәрін бір ортаға бағындырып берген де Шыңғысхан еді.

Алтыншы ғасырға дейін бүкіл Еуропа сақ тілінде сөйледі. Оны неге тарих айтпайды? Ал ХІІ ғасырда қыпшақ тілі, қазіргі ағылшын тілі сияқты ұлтаралық тіл болған. Кодекс Куманикус сол кезде жазылған.

Гитлердің идеологі Геблсс: «Кез келген халықтың тарихын жойыңыз, сонда ол халықтың келесі ұрпағы тобырға айналады. Екінші сатысында олар табынға айналады. Сосын ол халықты кім етіп ұстағыңыз келсе, солай игере бересіз» деген мағынада айтады. Біз қазір табынға жете қойған жоқпыз, бірақ тобырлық сыйпат бар. Көрдіңіз бе, идеология дұрыс жүргізілмеген кезде ұлттық сана мен азаматтық сана болмайды.

Егер халық ұлт болып ұйығанда ғана ең жоғары дәрежеге жете алады екен. Біз ұлт болып ұйымаған халықпыз. Ұлт етіп ұйытатын тек мемлекет болуы керек. Халық болып қауым­дасқаннан кейін өзінің мемлекетін сайлайды, басшысын, президентін сайлайды. Ұлттық санаға ұйымай бізде азаматтық сана да болмайды. Көшеге шықсаңыз азаматтық сананың жоқ екенін бірден байқайсыз. Немересімен әжесі, анасымен баласы орысша сөйлесіп бара жатыр, екі қыз да орыс тілінде шүйіркелесіп тұр. Бұлар тек қана қазақтар. Мен әртүрлі халықтардың ортасына бардым, жоқ, олар бір-бірімен өз тілдерінде сөйлеседі. Тіпті, ешқандай мемлекеті жоқ, ұсақталып кеткен дүнгендер де бір-бірімен өз ана тілінде сөйлеседі. Бұл нені білдіреді? Бұл ұлттық карма! Яғни, қарғыс. Осы жерде бір мысал айтып кетейін. Бұл туралы Герместердің ілімінде жазылған.

Шайтан бұрын періште болған ғой. Ол Жаратушының өзіне қарсы шығуы арқылы қарғыс алды дейді. Сөйтіп барып Ібіліске айналады. Содан бүкіл әлемдегі жақсы мен жаман, зорлық пен қайрымдылық деген қарама-қайшылықтар пайда болды. Енді осы жамандықтың дәнін сеуіп жүрген Ібілістің бірінші көмекшісі космополиттер. Міне, егемендігімізді алғанымызға жиырма бес жыл болды. Енді біз шала қазақтар мен космополиттердің бодандығына түсіп отырмыз. Өз тіліңде сөйлемесең, ренжіп бара жатқан менің қарғысым, күліп бара жатқан дұшпаныңның күлкісі, бәрі күнә болып сіздің арқаңыз­ға жабысады екен. Алла Тағала бәрін үйіп-төгіп берген осыншама ұлан ғайыр жеріміз бола тұра, сорымыз қайнаған ел болып отырмыз. Біздегі қалталы азаматтардың бәрі космополиттердің өкілдері. Америка жүз жылда он миллиардер жасапты. Біз он бес жылда жиырма екі миллиардер жасаппыз. Бұлар бізді ұрлап жатқан ұрылар.

– Ол біздің мемлекетіміздің байлығының көрсеткіші шығар, бәлкім! Аға, енді бұдан шығар жол бар ма?

– Шығар жолымыз бар. Оны мен «Адам тәрбиесінің жаңа ілімі» деп айтып жүрмін ғой. Ол үшін мүлдем жаңа методологияға арқа сүйеуіміз керек. Жоғарыда айтқан кітабым екі сатыдан тұратын методологиядан – «Жүрек тәрбиесі» мен «Ақыл тәрбиесі» – «Жеті негіздерін» ұсынып отырмын. Бұл жаңалықтар бүгінгі біз оқып жүрген педагогика мен психологияда жоқ. Егер методологияны тауып, оның жүйесі мен негізін таппасаңыз бәрі бекершілік. Жүйе дегеніміз не? Бұл жаңағы методологияның екі сатысынан шығып тұр.

– Осы сатыларға жеке жеке тоқталып өтіңізші. Бұл бір қызық дүние болып отыр. Айналып келгенде адам өзін күнделікті жанды тазалау дағдысына үйретуі керек екенін түсіне бастадым.

– Бұл тәрбиені сонау отбасын құрар кезден бастауымыз керек. Оның бірінші сатысы – Ана құрсағындағы тәрбие мен нәресте кезеңінің қырқына дейінгі кезеңді – биологиялық индивид, яки тіршіліктің түрі деп беріп отырмын. Екінші сатысы – сананы жетілдіру деп аталынады.

Адамда үш жүйе бар. Олар – тән құрылысы, жан дүниесі, рух қуаты. Жан дегеніміз де тән құрылысы сияқты – 12 мүшеден немесе Арнадан тұратыны анықталды. Тәніңдегі жүрегің, бүйрегің, бауырың, басқа да бір мүшең кетсе, адам өледі. Сол сияқты жанның да он екі мүшесі, немесе арнасы ашылмаса – адам болмысында қабағат ауыр кемшіліктің болатынын тауып отырмын. Қазір осы жанның он екі арнасы бүкіл адамзатта жабылуға жақын. Жанның он екі арнасы тек қана ана құрсағында ашылатын құбылыс. Ана құрсағынан бала шыққаннан кейін оны аша алмайсыз. Жанның он екі арнасының ашылу жолдарын жоғарыда айттым.



– Осы жерде қазақ «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» дейді. Бұл туралы не айтасыз?

– Бала тәрбиесі екі адамның бір-бірін ұнатып, отбасы құруға ниеттенген күнінен басталады. Осы кезден бастап ері тартып жүрген темекісін тастап, ішіп жүрген арағын қойып, тіпті өтірік айту мен ғайбат сөйлеуді доғару керек. Себебі ананың құрсағында жатқан дәнге осының бәрі барады.

«Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» дегеннің бәрі қазақтың айтқан сөздері емес. Бұл елімізге Еуропа тәрбиесі келгеннен кейін біреулердің шығарып жүрген дүниесі. Бұл сөз мүлде тәрбиеге келмейтін нәрсе. Баланы адам болсын десең, құрсағыңда жатқаннан бастап тәрбиелеу керек екенін жоғарыда айттым. Мен тәрбиенің жеті негізін ұсынамын:

1. Отбасын құруға дайындық және ұрық тазалығы;

2. Ана құрсағындағы тәрбие (Жанның он екі арнасын ашудың бүкіл технологиясы мен механизмі берілген);

3. Нәресте кезеңі (Дүниеге келгеннен 1-1,5 жасқа келгенге дейін);

4. Балбөбек кезеңі – 1,5 – 3 жасқа дейін;

5. Сәбилік кезеңі – 4 тен – 7 жасқа дейін;

6. Балиғат кезеңі – 7 ден – 13 жасқа дейін;

7. Кәмілеттік кезеңі – 14 тен – 18 жасқа дейін.

Балбөбек (ясли) кезеңнің тәрбиесі. Қазіргі біздің балабақшадағы тәрбиенің бәріне үлкен өзгеріс жасау керек. Балбөбек кезінде балаға не керек? Сәбилік кезінде не керек? Соны біз бере алатындай болуымыз керек. Анау кеңес дәуірінен «қиын бала» деген тіркес бар. Бұл мүлдем адам физиологиясын түсінбейтін жандардың айтып жүрген сөзі.

Адамда үш жүйе бар. Жүрек-қан тамырлары жүйесі, жұлын жүйке жүйесі, гормональды жүйе. Бұл балиғаттық кезең – жеті жасында бүршік жарады, он үш жасында гүл ашады. Қыздарымыздың он үш жасында етек кірі келді деп жүргеніміз, гормональды жүйе қалыптасып бітті деген сөз. Бұл жүйемен ойнауға болмайды. Бұл жүйе де дұрыс тәрбие болмаса, жүрек пен жұлын жүйке жүйесін басқарып кетеді. Кәмілеттік кезең – 14-18 жас аралығы. Бұл екі жүйе, жеті кезең – әл-Фарабидің үш іліміне сыяды. Олар – Хауас, Иманигүл, Жәуанмәрттілік. Бұл ілімді менің кітабыма дейін ешкім қолданған жоқ.

«Иманигүл – үш сүю», деп Абай ғұлама таратады. Алланы сүй, Адамзатты сүй, Әділеттілікті сүй. Жәуанмәрттілікте үш белгі бар. Олар – ақыл, әділет, рақым. Бұдан адамның жетер жері рақым екенін түсінеміз. Сонда бала кәмелетке дейін соның бәрін сақтап алып қалады.

Бала – 1,5 жасқа дейін – Нәресте, 1,5–3 жасқа дейін – Балбөбек, 4–7 – Сәбилік кезең. Содан кейінгі кезең 7–13 жасқа дейін – Балиғат кезеңі. Баланың гормоналді жүйесі қалыптасады. Осы кезде жақсы тәрбие беріп үлгермесең, ертең кеш болады. Өйткені бұларда жүрек – қан-тамыр жүйесі жұлын жүйке жүйесімен туғаннан бірігіп жұмыс жасап тұр еді. Енді бұған гормондық жүйе қосылады. Осыларды үндестіру тәрбиеге байланысты. 13–18 жас – Кәмелеттік кезең. Бұл жастан асқан адамды тәрбиелеймін деген бос сөз. Ана құрсағынан тәрбие көрген адам, кәмілеттен ары қарай өзін-өзі тәрбиелейді.

– Құрсақтағы тәрбиеге біраз тоқталдыңыз, аға. Енді нәрестенің 1-1,5 жасқа келгенге дейінгі тәрбиесінің қандай болуы керек екенін айтыңызшы. Сіздің ұлттық тәрбиеге қатысты Іліміңіз жүрекке де жылы тиіп отыр. Мұның бәрін біле тұра істемегендей күй кешіп отырмын.

– Оның дұрыс. Әрбір қазақ сондай күйде болуы керек, деп ойлаймын. Өйткені бұл дәстүр сіз бен біздің ата-бабаларымыз­дың ұстанған ұлы ұстанымдары ғой. Менің ғылым тілімен халыққа ұсынып отырғаным да сол – ата-баба дәстүрінен шығып отыр емес пе?

Құрсаққа дән түсті, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін ол бала жарық дүниеге келеді. Нәресте туғаннан кейін үш күнгі тәрбиені бүгінгі аналар мүлдем білмейді. Бұл күндері анасының бойындағы қалыптасқан иммунобиологиялық антитела уыз арқылы сәбиінің бойына сіңеді. Осы арқылы нәресте көп аурулардан ада болады. Осыны түсінбейтін аналар тіпті, сәбилерін емізбейтін надандыққа да ұшырап жүр.

– Таратып, асықпай айтыңызшы, бес немесе жеті күнге дейінгі тәрбие деген не?

– Бұл жеті күнде немесе бес күнде баланың кіндігі түседі. Баланың кіндігі түсе салысымен баланы бесікке бөлеу керек. Біздің ата-бабамыздың тапқан бесігінің қадыр-қасиетін білмегендігімізден қазір қасірет шегіп отырмыз. Қысты күні баланы бесікке салмаса қырық жаялық жуылуы керек. Жазды күні ең кем дегенде жеті-сегіз жаялық жуылады. Бұл деген бала қырық рет оянады деген сөз. Сонда қайта-қайта ояна берген баланың психикасы не болады? Негізінен үш айға дейін бала жиырма бір – жиырма екі сағат ұйықтауы керек.

Ал енді бүгінгі күні памперс кигізіп жүр. Оны салақ әйелдер бір тәулік бойы кигізіп қояды. Тазамыз дегендері 7-8 сағатта ауыстырған болып жатады. Осы памперстегі дәрет қайда кетіп жатыр? Ол баланың денесіне қайта тарайды, теріге кері сіңіп кетеді. Адам терісінің сорғыш қағаздан да бетер қасиеті бар. Памперс ол қаскүнемдік болып саналады. Қазіргі асылып өліп жатқан балаларға да осы памперстің әсері көп. Дәретті ұстау, оны тоқтату шартты рефлекс арқылы келеді ғой. Памперспен өскен балада осы шартты рефлекс болмайды.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов тегін айтпаған. Бесіктің пайдасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бесікті қолданбаудың салдарынан төрт-бес айдан кейін ана да, бала да невроз болады. Невроз ұйқы бұзылғаннан пайда болады. Түнімен төрт-бес рет оянғаннан ұйқы жүйесі бұзылады. Невроздан бүкіл ауру шығады. Аналардан сүт шықпай қалып жүргені содан.

Бала екі-үш ай болғанда заттардың түр-түсіне, дыбысына елеңдей бастайды. Анасының айтқандарына жымиып жауап та бере алатындай болып қалады. Міне, осы кезде баланың сезімдік тәрбиесін арттыруға жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін ұлттық музыкалық әуендер, күмбірлеген күй қойылып, бесік жыры айтылғаны жақсы. Сонымен қатар бала ұйқыдан оянғанда ана мінәжат ете отырып баланы емізгені жақсы болады. Мұндай мінәжатпен берілген омырау сүті баланың бойына имандылық нұрын құяды.

Бала үш айдан аса бастағанда оның көру, есту, сезу, көңілдену сияқты нәзік қасиеттері жетіле бастайды. Осы кезде нәрестеге көбірек түрлі-түсті заттар көрсету арқылы көруін, неше түрлі әуендерді тыңдату арқылы есту, сезу қабілетін арттыра алады екенбіз.

Алты айға дейінгі аралықта нәрестенің айналасындағы заттарға, тіршілік иелеріне деген танымы айқындала түседі. Ол өз әкесімен көбірек болғанды, анасының өзімен көбірек сөйлескенін қалап тұрады. Бұрынғы әуенге, дыбысқа, түстерге қоса енді күрделірек өлең оқуға да болады. Оны нәресте сезіне алатындай дәрежеге жетеді. Егер нәрестенің ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы өмірі ойдағыдай жақсы болған болса, осы кезден бастап баланың алғырлығы, ерекшелігі байқала бастау керек. Оған ата-ана аса қамқорлықпен қарап, әрбір ерекшеліктерін ескеріп отырулары керек.

Алты ай мен бір жастың аралығында нәресте табиғаттың адамзатқа берген ең үлкен сыйы сөйлеуді өз ынта жігерімен, талпынысымен үйрене бастайды. Бұл кезде нәресте тәй-тәй басып жүреді. Үйдегі жиһаздардың орынын, бөлмелерді, бәрін, бәрін ажырата алады. Оларды өзінің ойындарына пайдалана да алатындай болады. Өйткені бұл кезде нәрестенің санасы сағат санап өседі. Ол әрбір көргенінен, сезгенінен өзіне түйін түйіп отырады.

Бір жарым жасар нәрестенің бойында, дене бітімінде, ой-өрісінде көп өзгерістер болатын кез. Тәй-тәй басқан аяқтары арқылы денесін тіктеп ұстауға, тәлтіректемеуге тырысады. Бірақ бұл кезде нәресте қанша талпынғанмен тік жүруі, денесін ауытқусыз бір дәрежеде ұстап тұруы оңайлықпен жүзеге аспайды. Тамақты өзі жеуге, киімдерін өзі киюге, жаңа ұғынған сөздерін жаттап алуға көп талпыныстар жасайтын кезең. Бұл кезде нәрестенің бойында имандылық пен аяушылық сезімдері де қалыптасады. Міне, осы кезде оның әрекеттерін құптап, одан әрі жетілдіруге жұмыс істеу керек. Жақсы мен жаманды енді ажыратып келе жатқан нәрестеге оның мағыналарын одан әрі түсіндіру де осы кезде жүргізілгені жақсы.

– Мұның бәрі нәрестесі бар ананың күнделікті атқарып жатқан-ақ дүниесі ме деп қалады екенсің. Бірақ оған сіздің іліміңіздегідей мән беріп қарап жатқан аналар аз-ау. Енді өзіңіз айтқан балбөбек тәрбиесін қалай атқарса болады? Жалпы баланың мектеп табалдырығын аттағанша қандай тәрбие алғаны дұрыс? Ең маңызды кезең де осы болар?

– Дұрыс айтасың, тап осы кезде нәрестені ата-баба зердесімен сабақтастырып тәрбиелеудің өзіндік жетістіктері көп, әрі маңызды.

«Бала тілі – балдан тәтті» деген мәтеліміз бар. Бұл нәрес­тенің екі жастағы кезеңінде орын алады. Жоғарыдағы кезеңдерде нәресте жәй әуенді тыңдаған болса, енді сол әуенге қосыла өз денесін қимылдатуды, яғни билеуді, ырғаққа ілесіп билеуді үйренеді. Тура осы кезде оны ұлттық ойындарға баулуды да ұмытпауымыз керек. Тәрбиелік мәні бар қысқалау термелерді тыңдатып, қысқа-қысқа ертегілерді де айтып беріп, нәрестенің ойлау қабілетін арттыруға жұмыс істеуіміз керек.

Үш жас пен алты жастың аралығында жанның он екі арнасы ана құрсағында ашылған баланың – он екі түрлі тән мүшелері де толық жетіледі. Аяғынан нық тұрады. Ақыл-естері әбден жетілген, ана құрсағындағы жанның мүшелері толық ашылған баланың осы кезде сөздік қорында мыңның үстіндегі сөз болады. Ал зейіндері толық ашылмаған, енжар балалардың сөздік қоры екі жүз бен үш жүздің аралығында ғана болып қалады.

Сөздік қорын көбейту үшін ертегілер оқып, өлеңдер жаттатып, санамақтар үйретіп отыру керек. Баланың сөздік қоры көбейген сайын үлкен сөйлемдер құрастырып, өзі де еліктеп ертегілер айтуға талпынатын болады. Бұл баланың өз ойын еркін жеткізуіне жақсы ықпал етеді. Баланы еңбекке, сұлулыққа баулу да тәрбиенің үлкен мән берерлік тұсы.

Осы кезде бала өрнектер салуға, өзінше ойдан жаңаша формаларды қалыптастыруға, оларды түрлі түстерге бояуға дағдыланады. Қарым-қатынастың не екенін ұғынатын кездері де осы жас аралығы. Сол үшін тәрбие бергенде балалардың жас ерекшеліктеріне қарап, қандай мәселеге көңіл бөлу керектігін нақты біліп отырған өте дұрыс.

– Бұл аралықта бала көбіне тәрбиені балабақшадан алмай ма? Негізі баланы балабақшаға неше жастан бастап берген дұрыс деп ойлайсыз?

– Баланы үш жасынан бастап балабақшаға берген дұрыс дер едік. Өйткені осы кезде бала киімін киіп, тыңдауды, сөйлеуді біледі, әрекеттерін саналы жасай алады. Бірақ осы кезде балабақша тәрбиешісі де, ата-аналар да өзара қарым-қатынас­та болғандары жақсы.

– Мектептегі бала тәрбиесі қандай болуы керек? Бүгінгі күні мектеп жасындағы балалардың жасаған қылмыстарының көптігін статистикалық орындардан естіп қалып жатамыз. Сізбен сұхбаттасқалы бұл сұрақтардың бәрінің шешімі жан тәрбиесі екенін ұқтым. Бірақ, Құрсақ тәрбиесін білмей туылған, жан тәрбиелері жетілмеген жасөспірімдерді ендігі кезекте қалай тәрбиелеуге болады?

– Өте орынды сұрақ. Бастауыш мектеп жасы – жеті жастан басталып 12-13 жасқа дейін балиғат кезеңі болса, одан кейінгі мектеп бітіруге дейінгі кезеңі кәмілеттік жас болып есептелінеді.

Бала мектепке білімнің әліппесін үйрену үшін барады. Мектептің де міндеті осы. Сонымен қатар мектеп балаға өмірде өз орнын табуға көмектесетін, өмірге бағыт-бағдар беретін алғашқы мекеме.

Қазіргі оқу орындарындағы әрбір пәнді балалар қызығушылықпен қабылдай береді деген қисынға келмейтін пікір. Баланың бір немесе бірнеше пәнге өз қызығушылығы болуы мүмкін. Осы орайда болашақта балаға қызығушылығына қарай жекелеген пәндерді артығырақ оқыту сияқты мәселелерді қайта қараған жақсы болар еді дер едім.

Екінші, баланың мінез-құлқы туралы. Егер бала білімді болып, бірақ айналасындағылармен қарым-қатынас жасай алмаса, көпшіл де, кеңпейіл болмаса алған білімінен қайран болмауы мүмкін. Оқушының көпшіл де, кеңпейіл болып қалыптасуы үшін оған сонау сәби кезінен бастап «Адамның күні адаммен» деген ата-баба қағидасын сіңіре беруіміз керек.

– Қазір тілін құрметтемейтін, ұлттық салт-дәстүрін қадірлемейтіндер көп. Тастанды жетім балалар, қарттар үйіндегі ата-әжелер, нашақорлыққа салынған жастар көбейіп кетті. Соңғы екі-үш жылда әжетхана мен қоқысқа тасталған шақалақтар саны артты. Балаларды тәртіпке шақыратын жалғыз жол бар екенін көріп отырмыз. Ол – ұлттық тәрбие. Оған жеткізетін қандай жол бар?

– Тіл болмаған жерде ұлт та, халық та болмайды. Сондықтан тіл мәселесіне келсек, Алла айтқан «Сақтансаң сақтаймын» деген. Тілді сақтаудың ең керемет жолы – адамның тәрбиесі.

«Ата-бабаңның қадір-қасиетін ұқ» деген мақаламда тілдің жүз түрлі сипатын, он түрлі қасиетін айттым. Ғылым тілінде «филогенический память» десе, Қазақ та –»ата-баба зердесі» дейді. Міне, соған апарып байланыстыратын тек қана ана тілі. Қазіргі қабылданып жатқан «үш тұғырлы тіл» туралы мен Президент аппаратына, «Бұл ұрпақты аздырудың ең төте жолы. Тілмен ойнауға болмайды» деп жаздым. Он бір жасқа келгенше немістер, жапондар баласына басқа тілді үйретпейді. Себебі олар биология мен физиологияның заңдылықтарын терең білетін халық.

Үш тұғырлы тіл – биология мен физиология заңдылықтарын білмейтіндердің ұсынысы. Баланың ойлау логикасы 9-12 жас аралығында қалыптасады. Осыған дейін балаға басқа тілді оқытамын деу, барып тұрған есалаңның ісі. Адам баласы да тіршілік иесі болғандықтан, тікелей биология заңдылығына бағынамыз. Әл-Фараби: «Тәрбие бермей тұрып білім берсең, ол жүрген ортасына апат әкеледі» деген ғой. Міне, бүгінгі ойсыз дүниелерді істеп отырған адамдар сол тәрбиесіз білімділер. «Қоғамда тәртіп пен әділет болмаса, адамдардың да тәртібі мен тәлімі жойыла береді» дейді. Міне, қазір бізде сол.

Ұлттық тәрбие орталықтарын ашып жатыр ғой. Бұлардың жұмыстары сіздің айтып жүрген методологиялы іліміңізге сай келмейтін шығар? Оларға неге осы ілімді ұсынбасқа?

– Қайбір жылы Абай педагогикалық университеті ұлттық тәрбие кафедрасын ашқалы жатырмыз деп мені шақырды. Алдын ала бірнеше талқылау мен пікір алысулар болды. Сонда мен: «Ұлттық тәрбие кафедрасы» деп отырғандарының онша сәйкес келмейтінін ашық айтқан едім. Ұлттық кафедра болуы үшін онда Ұлттық тәрбие оқулығы болуы керек. Оның өзіне тән методологиясы, жүйесі, негіздері болуы шарт. Ол болмаған кезде мынадай таңдап алған тақырып бойынша дәріс оқу, ұлттық тәрбиенің сипатына келмейтіні ашық айтылған еді. Жүйесі мен негіздері болмаған соң бесікке салу, тұсау кесу, ұлттық ойындар деп тақырып қуалау мақсат болмаса керек. Содан келіп мұның бәрі бос сөз болып қала да береді», – дедім.

Ана тілін жақсы білмеген бала ата-баба зердесін зерделей алмайды. Қанша жерден ағылшынша, орысша, французша сайрап тұрғанмен, өз тіліңді білмесең, ата-баба зердесіне үңіле алмайсың. Өйткені ол халықтан сенің тегің басқа. Жалпы халықты кінәлай алмаймыз. «Білмеген адам у ішеді» дейді. Халық біз айтып отырған жүз түрлі сипат, он түрлі қасиеттің бірін де білмейді. Осыны айтып, жеткізу керек. Бұрынғыдай уағыз, үгіт-насихатпен адамды тәрбиелей алмайсың. «Жан құмарлығы» деген мәселе бекер көтеріліп отырған жоқ. Осы технологиямен дүниеге келген балалар темекі тарту дегенді ұят, арақ ішуді намыс санайды. Бұларда өтірік айту деген жоқ. Байлыққа қызықпайды. Барлық дүниеге жан құмарлығымен қарайды.

Қазақты – жалқау дейміз, тілімізді сақтай алмай отырмыз дейміз, баланы мектепке алып барғанда «жетпіс түрлі түйінмен» алып барамыз. Бірақ мектеп оның жеті түйінін де шеше алмайды. Енді не істейміз? Бұл жерде, тәрбиені ата-анадан бастауымыз керек. Ата-ананы оқытсаң, құрсағындағы тәрбиені де білетін болады. Онда олар жоғарыда айтып кеткен жанның арналарын да тіпті, зейін мен зердені де білетін болады.

- Аға, әңгімеңізге рахмет! Ұлт болашағы үшін аянбай еңбек етейік.

Қасымхан Бегманов,

ақын,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері





213 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Komentarze


bottom of page