top of page
Думан Құрманғалиев

Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 77 жыл!

Кешегі Ұлы Отан соғысы (1941-1945 ж.ж.) жылдарындағы Отан үшін отқа түскен батыр бабаларымыздың әрбір жүріп еткен ерлік жолы – біз үшін үлгі, шежіре және тарих. Осы ретте, Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» мемлекеттік мекемесінде 7 мамыр – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күніне 30 жыл толу және

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне 77 жыл толуына орай, ерлік сабағы болып өтті. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге!» атты ерлік сабағына арнайы шақырылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков пен тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысының ардагері Қамқабек Дулатов төрден орын алды. Аталған іс-шараға білім ошағының 10 «а» сынып оқушылары тартылған болатын.

Халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы:

«Мен қазақпын жаралған сүйек еттен,

Менде ар бар, менде ой бар жан тербеткен.

Халқымның қарапайым бір ұлымын,

Жанымды арым үшін құрбан еткен» – деп, жазып кеткеніндей, ерлік сабағының қонағы, тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысушы, ержүрек ардагер ағамыз Дулатов Қамқабек Тыштыбаевич оқушыларға өткен күндерден есте қалғанын айтып берді. Отырған орнынан тұрып сөйлеген ардагер аға Қамқабек Дулатов: «Бала кезімізде Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің кеуделеріндегі күнмен шағылысып, жарқыраған орден мен медальдарына қызыға қарап, бой түзеп есейгенімізді білеміз. Өз басым сарбаз ретіндегі Отан алдындағы борышымды қарулы қақтығыс орын алған таулы аймақтарда өткергенім шындық. Әрине, қиындық болғандығы рас. Тау шатқалында жасырынған жауға қарсы тұра білдік. Ең бастысы – далалық жағдайдағы қабылдаған Әскери антқа адал болдық. Аман-есен елге оралдым....» - деп, өткен күндерінен ой түйді. Ардагер аға Қ.Дулатов бұл күнде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында келісімшарт бойынша қызмет етіп, Приозерск гарнизонында орналасқан Әуе қорғанысы күштерінің 44841 әскери бөлімінде, өзіне берілген әскери міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

Қазақ халқының ақыны Қадыр Мырза Али:

«Ұлы кешке сенген күн, Фашистерді жеңген күн. Ағаларға ерген күн, Бақыт гүлін терген күн» – деп жырлағанындай, келесі кезекте сөз алған

Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебеков оқушылар алдындағы өз сөзін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қол жеткізген Ұлы Жеңіске арнады. Сонымен қатар, соғысқа қатысқан қазақстандық батыр жауынгерлердің майдан даласындағы көрсеткен ерліктеріне тоқталып, есімдерін мәңгі есте сақтау керек екенін және олардың ерлік жолын мақтанышпен айтып жүру керек екендігін жеткізді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Алшымбекұлы: «Ұлы Отан соғысында Отан қорғауға батыр апаларымыз Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Х.Доспанова және тағы да басқалары аттанды.

Әлия Молдағулова – мерген. Мәншүк Маметова – пулеметші. Хиуаз Доспанова – ұшқыш. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр қыздар.

Халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз.

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры, ұшқыш – Талғат Бигелдинов.

Жазушы, Кеңес Одағының батыры – Мәлік Ғабдуллин.

Халық қаһарманы, Жеңіс туын тіккен ержүрек қазақ азаматы – Рахымжан Қошқарбаев.

Ата-бабаларымыз ұзаққа созылған сұрапыл соғыста жеңіске жетіп, біздерге, яғни ұрпаққа Отанымызды жаудан қорғап, ел мен жерді сақтап қалды.

Биыл, Ұлы Жеңістің 77 жылдығын атап өтеміз. Майдан даласында ерлік көрсеткен қазақстандық батыр жауынгерлер – біздің мақтанышымыз! Ұлы Отан соғысы тарихы ешқашан ұмытылмайды! Батырлар есімін мәңгі есте сақтаймыз!» - деп, мектеп оқушыларына өзінің көкейіндегі ойын жеткізді.

Осынау 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысының майдан даласындағы батыр жауынгерлердің ерлік жолын ұмытпай, келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырған Ұлы Жеңісін қадірлей білейік!

52 просмотра0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Comments


bottom of page