Patriot-tulga.kz
Қолы жеңіл оташы
Балалар дәрігері Дінмұхамед Рузуддинов туралы сыр
Ұрпақ денсаулығы – мемлекет үшін де, қоғам үшін де әр қашан маңызды. Педиатрия – медицинаның даму үстіндегі бала ағасындағы ауруларды айқындаумен және емдеумен айналысатын үлкен бір саласы. Дінмұхамед Бексауытұлы Рузуддинов тап осы салада қызмет етеді. Ол – әйгілі хирург, академик Камал Сәруарұлы Ормантаевтың шәкірті. Алматыдағы №1 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында ширек ғасырға жуық оташы дәрігер болып істеп келеді. Бүгінде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Өз саласы бойынша есімі елімізге танымал хирург таяуда «Медицина саласының үздігі» атағымен марапатталды.
Дінмұхамед Бексауытұлы Рузуддинов 1969 жылы 1 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келген. Ата-анасы «Дінәш» десе, басқа туыстары «Димаш» дейді. Әкесі Бексауыт ветеринарлық мамандығы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында қызмет етті де, Димаштың балалық шағы, оқушылық кезі аудан орталығы Шолаққорғанда өтті. Әкесі ауданға сыйлы азамат болатын. Ауыл шаруашылығына қырық жылдан астам еңбек сіңірді, Созақ ауданының бас мал дәрігері қызметін атқарды. Жұбайы Жұпархан бес перзент өсіріп ер жеткізді. Сол үшін де «Күміс алқа» иегері атанған. Кеңестік кезеңде ауыл интеллигенциясының отбасында тәрбиеленгендіктен Димаш мектеп бітірген соң, көп ойланбастан медицина саласын таңдады. Өйткені алдында үлгі болып Рузуддиновтар әулетінің Алатаудай тірегі, көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуірбек Рузуддинов тұрды.
Дінмұхамед медицина саласын таңдағанына еш өкінбейді. «Халық денсаулығына қызмет ету – үлкен мәртебе. Оның ішінде тілі әлі шықпаған бесіктегі баладан жас өспірімдерге дейінгі ағзасы жетілу үстіндегі жас буынның денсаулығын қорғау өте маңызды. «Ширек асырға
жуық оташылық қызметімде мыңдаған ота жасаппын. Жоғарғы қабаттардан құлаған, әртүрлі ауыр жа рақаттар алған, көлікжол апаттарынан, күрделі күйіктерден ауыр жағдайларға ұшыраған, т.б. көптеген түрлі патологиялық сырқатты балаларға хирургиялық көмек көрсетіп келемін. Қаншама науқас балаларды аман алып қалдық. Мені қуантатыны да – осы!» – дейді Дінмұхамед Бексауытұлы мамандығы жайлы сыр шертіскенде. Әрине, Димаштың өмір жолы тақтайдай тегіс бола қойған жоқ. Биіктерге бастаған талпыныс пен тәртіп, ізденіс пен еңбек.
Дінмұхамед 1986 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түскен бойда бірінші курста әскер қатарына шақырылды. Қарағандының «Майқұдық» ықшам ауданында мотоатқыштар полкінің танк батальонында үш жыл әскери борышын өтеді. ІІ дәрежелі «Үздік қызметі үшін» медалімен марапатталып, «старшина» әскери шенімен медицина институтына қайтып оралды. Интернатурасымен қосып алғанда жеті жыл оқуға арналды. Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін аяқтап, диплом алған соң 1996 жылдың маусым айынан қалалық №1 Балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесінде балалар хирургі болып өз қызметін бастады. Бұл – екі миллионға жуық тұрғыны бар мегаполистің және қала маңындағы елді мекендердің балаларына хирургиялық сала бойынша көмек көрсететін көпсалалы аурухана. Димаш өзінің білімі мен қолының жеңілдігінің арқасында аурухана ұжымы мен пациенттер арасында беделге тез ие болды. Небір мүйізі қарағайдай тұлғалар қажет болғанда «Дінмұхамед Бексауытұлы керек еді», – деп іздейтін болды. «Театр киімілгіштен басталады...» дегендей аурухана қабылдау бөлімшесінен басталады. Қабылдау бөлімшесі кез келген аурухананың ең басты, маңызды, ауыр, күрделі бөлімшесі болып табылады. Димаш осы бөлімшеде табаны күректей 17 жыл, оның алғашқы он жылында балалар хирургі, одан кейінгі жеті жылында қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет етті. Ол қазір осы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары. Балалар дәрігері ауырған жерін түсіндіріп айта алмайтын, кішкентай науқас сәбилердің тілін түсініп, жанына – дәру, дертіне – шипа дарыта алады. Нағыз дәрігер деп міне, соларды айтуға болады. Дінмұхамед Бексауытұлының еңбек кітапшасында бір ғана жазу жазылған. Ол қалалық №1 Балалар клиникалық ауруханасы ғана. Осының өзі Дінмұхамед Бексауытұлының мінезінің тұрақтылығын, еңбекқорлығын, табандылығын көрсетеді. Ширек ғасырға жуық уақытта қаншама ата-ананы қуанышқа бөледі, қаншама алғыс алды. Жанары жасқа толған қаншама сәбидің көңілін тауып, дертіне дауа дарытып, жүрегіне мейірім шуағын төкті десеңізші.
Дінмұхамед Бексауытұлы – өте тыңғылықты, жұмысына жауапты, өз мамандығын бар жанымен сүйетін азамат. Өте еңбекқор, адал, ұжымында сыйлы, беделді. Өзі де бүгінде көптеген жас дәрігерлердің білікті ұстазы, тәлімгері. Жас мамандарға өз тәжірибесімен бөлісіп, үйретуден жалықпайды.Әріптестері Димаштың ұжыммен жұмыс істеу ерекшеліктерін, ұжымды басқару қабілетін жоғары бағалайды. Ол өзін айналасына үнемі белсенді, өзіндік өмірлік ұстанымдары биік маман ретінде танытып келеді. Дінмұхамед Бексауытұлы жауапты қызметімен қатар, отбасында бала тәрбиесіне де уақыт табады. Сүйікті жары Гүлнар Рузуддинова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жары да дәрігер – маммолог, медицина ғылымдарының кандидаты. Сондықтан Димаш інімізді әке атына лайықты перзент, отбасында сүйікті жар, ардақты әке, туыстар арасында абзал бауыр деп айтуға әбден болады. Гүлнар екеуінің үлкен ұлы Сұңқар Ресей Федерациясы Президенттік академиясының Ұлттық қауіпсіздік пен құқық факультетінің магистратурасын бітірді.
Қазір Астанада жауапты қызметте. Білімді, жаңашыл, қазіргі заманға сай тәрбиеленген, ата-анасы үміт артып отырған жас маман, жалынды азамат. Кіші ұлы Жігер – мектеп оқушысы,
оқу үздігі, шахматтан ІІ разряд иегері, суретші, жанжақты бала. Алматыда өткен «Жігіт сұлтаны» сайысында ІІ орыннан көрінді. Қыздары Кәусәр да – мектеп оқушысы, оқу үздігі, әнші, қалалық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Дінмұхамед Бексауытұлы перзенттерін адалдыққа, еңбекқорлыққа, адами қасиеттерге тәрбиелеп, өмірлік бағыт беріп келеді. Сүйікті қызы Кәусәрді еркелетіп, ханшайымдай төбесіне көтереді. Балаларын бақытына балайды. Дінмұхамед Бексауытұлы туған туысқандарына, анасына, бауырларына да өте қамқор, мейірімді азамат. Достарына адал, ақкөңіл, қашанда көмек қолын созуға дайын. Өз өмірінің жартысын балалар денсаулығына, балалар хирургиясына арнаған ақ халатты абзал жан алдағы уақытта да ел игілігіне еңбек ете бермек.
Мұрат
Жанысбаев.