top of page
Ахмед хан

Бұрындық хан


Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы — XV ғасырдың 70-90-шы жылдары болды. Бұл жылдар Қазақ хандығы үшін күшею, нығаю және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес кезеңі еді. Кезеңнің ең басты оқиғаларына көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін алғашында Мауреннахрдағы темірлік билеушілерімен, кейіннен шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген күрестері жатты. Осы күрестер барысында тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны өкілдері: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттілігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.

Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрады. Жәнібек ханның қашан қайтыс болып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бас­тағаны бізге белгісіз. Ол туралы ешбір дерек жазбайды.

Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның Мауреннахрдың қоластындағы Түркістан аймағындағы қалалардың біріне келіп бекінуі жатады. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мауреннахрдағы темір әулетінің билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтан да оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шибанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.

Қазақ хандығы Мауреннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңілген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылып қалу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазидтархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлерінде Қазақ хандығының саяси билігі орнығады. Орны келгенде айта кету керек, бүкіл хандықтың әскерін Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жеткізілсе де, деректерде атап өтілгеніндей, Жәнібек хан ұлдары Қасым, Жиренше, Махмуд сұлтандар ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен алғанда, 1470 жылдардың ортасында өтеді.

Ал XV ғасырдың 80 жылдарында Мұхаммед Шайбани хан Мауреннахр билеушілеріне арқа сүйеп, аймаққа тағы да енеді де, солтүстік өңірдегі қалаларды басып ала бастайды. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан қашуға мәжбүр болады. Ал Қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпалы мен әсері өсе бастайды. Олардың ұлыстарының ау­мағы кеңейіп, қалалар мен елді мекендер, жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.

XV ғасырдың 80-90 жылдары Мауреннахрда феодалдық бытыраң­қылықтың одан әрі тереңдеуі Қазақ хандығына өте тиімді болды. Қазақ хандығының аумақта саяси-эко­но­микалық ықпалының күшеюіне енді сол кездегі көршілес мемлекеттердің бірі – Моғолстан қарсылық білдіре бастайды. Моғол ханы Сұлтанмахмұт хан тікелей ашық соғысқа бара алмай, ол да Шайбани ханды қазақтарға қарсы қолданады. Сұлтанмахмут хан Мауреннахрдан аймақтың бір бөлігін тартып алып, онда Шайбани ханды билеуші етіп қояды. Деректерде, моғол ханының бұл ісіне қарсы Қазақ хандығы наразылық білдіреді және осыған байланысты екі жақ арасында екі рет ұрыс болады, екеуінде де қазақтар жеңіске жетті деп жазылады. Осы кездердегі сыртқы саясаттағы жеңістердің барлығында да Бұрындық ханның үлесі өте зор. Оның беделінің және атақ-даңқының әбден өскен кезі де осы тұс.

XV ғасырдың 90-шы жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Біздің ойымызша, қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдары ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқындығын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да, ауыр әрі ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде Мауреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстар мен шайқастардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бой­ынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде Қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында Мұхаммед Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.

Сонымен бірге Бұрындық хан кешегі қарсыласы Шайбани ханмен екеуара одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шибанилық екі сұлтанға ұзатады. Мұндай одақтастыққа қарсы Жәнібек хан ұлдары да Моғолстан ханымен жақындасып, оларға қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір-біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Көріп отырғанымыздай, Бұрындық ханның билігі тұсында, XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы жетекші саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ та қалыптасқан жағдай Бұрындық ханға абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше, олардың бір-біріне қарсы тұруына, ол күштердің бірінде өзінің болуы — оның беделінің құлдырауының басы болды. Бұрындық хан өмірінің қайғылы жағы да осында еді.

XVI ғасырдың алғашқы онжылдығында Бұрындық хан өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген күрделі ірі оқиғалар болып өтті. Ол оқиға тағы да Мұхаммед Шайбани хан есімімен байланысты еді. 1500 жылдын жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мауреннахрды біріктіріп, Моғолстанның қоластындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алады. Моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахмет хан­дар қолға түсіріледі, бірақ Шайбани хан оларды босатып жібереді. Әбден күшейген Мұхаммед Шайбани хан 1505 жылдан 1510 жылға дейін Қазақ хандығына қарсы 4 рет жорық ұйымдастырады. Жорықтардың алдына қойған саяси және экономикалық мақсаттарына: Қазақ хандығын бағындыру не әлсірету, Түркістан аймағын Мауреннахрға қосу жатты. Бұрындық хан дәл осы жорықтар кезінде үлкен қателіктер жіберді деп есептейміз. Оған дәлеліміз мынадай. Мұхаммед Шайбани ханның алғашқы үш жорығы кезінде Бұрындық хан қарсыласына қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары: Жаныш сұлтанның, Тыныш сұлтанның ұлыстарын ойрандап, мыңдаған мал-жанын олжалайды. Тіпті 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, оған қарсы ешқандай қарсылық көрсетпейді де, қашуға мәжбүр болады. Оның бұл іс-әрекеттері хан беделінің құлдырай бастағандығын, оның атақ-абыройының түсе бастағандығын көрсетеді.

Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ та бәрі көп ұзамай керісінше шығады.

1510 жылдың қысында Мұхаммед Шайбани хан тағы да қазақтарға жорық жасайды. Бұл жорық - оның қазақтарға қарсы жасаған соңғы жорығы болды. Жорық бағыты Қасым сұлтан ұлысына қарсы бағытталады. Қасым ресми хан болмаса да, осы жылдары оның беделі Бұрындық ханнан да күшті еді. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп жазады:

«...Бұл кезде Бұрындық ресми хан болып саналғанымен, хандықты басқару және толық билік Қасым ханның қолында болды». (XV—XVIII ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 217 б.). Осы жорығында Шайбани хан Қасым ханнан тас-талқан боп жеңіледі. Қасым ханның жеңісі Дешті Қыпшаққа түгел тарап, оның атағын өсіреді.

Қасым ханның осы жеңісінен кейін Бұрындықтың тағдыры өте қайғылы жағдайда өтеді. Ол жөнінде тағы да Мұхаммед Хайдар Дулати: «...Қасым ханның атақ-абыройының өскендігі соншалық, ол Бұрындық ханды қуып жіберді», — деп баяндайды. (Көрсетілген кітап, 222 б.). Бұл шамамен алғанда, 1510 жылдың соңында немесе 1511 жылдың басында бо­лады.

Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі оқиғаларға белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіртіп, атақ-абыройын жоғалтқызады. Бұрындық ханның тағдыры — әркімге де тарихи сабақ бола алатын тағдырға жатады..

Енді бірер сөз Бұрындық ханның өмірінің соңғы кезеңі туралы. Тарихи дерек мәліметтерінде баяндалғанындай, Бұрындық хан Дешті Қыпшақтан кетіп, Самарқанға келеді. Қай жылдары екені белгісіз, сонда жүріп ол қайтыс болады. Ол Үргеніш қаласы маңындағы Бақырған ата қабірінің жанына жерленеді. Кейбір тарихшылар ешбір дерек мәліметіне негіздемей, Бұрындықтың соңғы өмірі жөнінде қисынсыз пікірлер айтады. Мысалы, А. П. Чулошников Қасым хан мен Бұрындық хан арасында ұрыс болды да, жеңілген Бұрындық өз Отанын тастап, Мауреннахрға кетті деген ойлар айтады. Сол сияқты, Бұрындық хан Самарқан жақта жоқшылықтан, кедейшіліктен қайтыс болды деп жазады. Мұндай пікірден кейін Бұрындық ханның өміріне қатысты мәліметтер беретін деректермен танысқанымызда А. П. Чулошниковтың пікірлері дәлелденбеді.

XVI ғасыр басында жазылған «Хандар шежіресінде» Бұрындық ханның ұлдары жөнінде айтылады, бірақ олардың ешқайсысы Қазақстан аумағындағы саяси билікке келмейді. Соған қарағанда Бұрындық хан Қасым ханнан ығысып Хорезм­ге қарай жылжығанда өзінің жақтастарымен, әсіресе, ұлдарымен бірге кеткен дейміз.

Осылайша, Бұрындық ханға қатысты жоғарыда айтқан ойларымызды түйіндей келе, оның өмірі — Қазақ хандығының 40 жылдай тарихымен тікелей байланысты болуына сәйкес хандықтың құрылуы мен күшеюінде оның өзіндік рөлі, алатын орны, қосқан үлесі бар дейміз. Сонымен бірге Бұрындық ханның өмірі, әсіресе өмірінің ақырғы кезеңі, ащы болса да шындық, біреулер үшін тарихи сабақ бола алады.

Б.Б. КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.


bottom of page