Patriot-tulga.kz
Жолбарыс хан
Тәуке қазақ қоғамында аса беделді болса да оның саяси қарсыластары да аз емес еді. Кезінде
Тәукеге қарсы ашық бас көтере алмағандар енді оның ұрпақтарын биліктен ығыстыруды ойластыра
бастады. Тәукенің ұлы Қайып ханды қыс айында аң аулап жүргенде оған бақталас әулеттің
басында тұрған Абылай сұлтанның (бұл Абылай хан емес) адамдары 1723 жылдың басында
қапысын тауып өлтірді. Осыдан соң Абылай сұлтан ел арасында «Қанішер Абылай» атанып кетті.
Алайда қастандық жасаушылардың таққа ұлы хан ретінде Әбілқайырды отырғызуды көздеген
мақсаттары орындалмай, қазақтың атақты үш биінің қолдауымен ұлы хандыққа Тәукенің басқа ұлы Болат отырды.
Болаттың болбырлығы мен бостығы Қазақ жүздерінде жаңа жүздік хандардың пайда болуына алып келді. Орта жүзді Батыр мен Сәмеке бөліп билей бастаса, ал Ұлы жүзге Абдолла ханның жас
кезінде асырап алған баласы Жолбарыс хан болып сайланды. Кіші жүз ханы Әбілқайыр да осы Абдолланың ұлы еді. Орыс тарихшысы А.И.Левшин Әбілқайырды Аджаның баласы деп көрсетіп,
өрескел қате жіберген. Оның Аджа деп отырғаны осы Абдолла хан. Абдолла қазақ хандарының кіші
бұтағын бастайтын Үсекке шөбелек, яғни оның төртінші ұрпағы. Ал Үсек болса атақты қазақ хандарының бабасы Жәдік сұлтанның інісі. Осы шежіреден көріп отырғанымыз, шын мәнінде Ұлы жүзге хан болған Жолбарыс Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ағасы. Алайда олар бірге тумаған бауырлар. Жолбарыс 1690 жыл туды. Ол Әбілқайырдан бір жас қана үлкен еді. Бұлай болатын
себебі, о баста Жолбарысты бұған дейін кіндігінен бала көрмеген Абдолла хан асырап алды.
Десек те, Жолбарысты қарадан шықты демесең, шығу тегі жақсы еді. Ол Арғын Қуандығындағы
Темеш руының белгілі биі Нұрқожаның немересі болатын. Туғанына үш-төрт күн болған Жолбарыстың шешесі мен әкесі аяқ астынан қайтыс болып, Қаз дауысты Қазыбек би жетімді Абдолла ханның перзент көрмеген әйелінің бауырына салды. Жолбарысты емізген оның емшегі
иіп, көп кешікпей Әбілқайырға екіқабат болды. Осылайша Жолбарыс пен Әбілқайыр бір емшекті
еміп, бір үйде өсті. Алайда Абдолла ханның әйелі өгей балаға дұрыс қарамаған соң, оның үстіне Әбілқайыр мен Жолбарыс шекісе бергендіктен, ес біле бастаған Жолбарысқа әкесі Абдолла бала
кезінде-ақ жасырмай, шындықты айтты. Осыдан соң Жолбарыс Қаз дауысты Қазыбек биге қашып келді. Алайда ол, балаға бәрін түсіндіріп, оны Абдолла ханға қайта қайтарды. Есейген соң Қазыбек
бидің өтінішімен бала тәрбиесімен Абдолла шаңырағына жақын қоныстанған Үйсін Төле бидің өзі де айналысты. Осылайша Жолбарыс есейе келе сұлтан атанып, Ұлы жүз арасына сіңісіп кетті. Ол
Абдолла ханның Ташкенттегі ордасында өсіп, тәрбиеленді. Кезінде оның әкесі Абдолла ханға бағынған Ұлы жүздің Дулат, Албан, Суан, Шанышқылы, Сарыүйсін тайпаларының билері
Жолбарыстың өткенінен хабарсыз болғандықтан, оны Абдолла ханның туған ұлы ретінде
қабылдап, ханның мұрагері деп білді. Есейген Жолбарысты Абдолла алғаш Леңгерге бек етіп тағайындады. Онан соң, Абдолла қайтыс болған соң, Төле бидің тікелей қолдауымен Жолбарыс
Ұлы жүзге хан болып сайланды. 1723 жылы көктемде, Сеуан Рабдан бастаған қалмақтар Арқа жері арқылы Талас, Шу бойындағы қалың Дулатқа шабуыл жасағанда, және Албан мен Суан тайпалары
жау қолында қалғанда хан атанғаны болмаса, Жолбарыстың халі шаттанарлықтай мәз емес еді.
Ол о бастан-ақ, жау жағадан алғанда Алакөл бойындағы қонысын тастап, Шуға көшіп келген Төле биді қуана қарсы алып, өзінің хан ордасын оның қасына тікті. Ол үлкенді сыйлайтын, асықпай,
билермен ақылдасып барып шешім қабылдайтын, салиқалы да байсалды қазақ азаматы еді.
Алайда жетім болып өскендіктен аса ұяң, кісінің бетіне тіке қарамайтын, момындығы тағы байқалып
тұратын. Әрине, хан болған адамға мұндай мінездер жараса қоймас еді. Сондықтан да мұндай қасиеттер Жолбарыстың да беделін көтере қоймады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан»
кейін Ұлы жүздің үлкен бөлігінің жау қолында қалуына байланысты Ташкент аймағындағы елді басқыншылықтан аман алып қалу үшін Жолбарыс Төле бимен ақылдаса отырып, қалмаққа алым-
салық (тамат) төлеп тұруға амалсыздан келісті.
1738 жылы Жолбарыс хан Төле бимен келісіп, орыс патшайымы Анна Иоанновнаға орыс
бодандығын қабылдайтындарын айтып хат жолдады. Хатты Орынборға, губернатор
Неплюевқа Төле бидің туысы Айтбай алып барды. 1738 жылы 19 қыркүйекте орыс патшайымы
Жолбарыс ханның атына жауап жолдап, оның бодан болу туралы тілегінің қабылданғанын
мәлімдеді. Алайда бұл хабар жоңғар билеушілерінің қатты қарсылығын туғызғандықтан жалғасын таппай, аяқсыз қалып қойды. Дегенмен де, Ресей басшылары Жолбарыс ханның өтінішін пайдалана отырып, қазақ жері арқылы Орта Азия мемлекеттерімен сауда-саттық ісін жандандыруды көздеді. Осындай мақсатпен орыстың белгілі тарихшысы В.Н.Татищев Орынбора
Әбілқайыр ханға және өзіне қонақ болған Жәнібек пен Шөрекке Жолбарыс ханның өтініші бойынша Ташкентке сауда керуенін аттандыратынын айтып, аталған кісілерге осы керуенді
қорғайтын батырлар тауып беруді, оларға бұл үшін ақыны осы керуенге қатысатын саудагерлердің
өздері төлейтіндерін түсіндірді. Аталған қазақтар бұл тапсырманы құп алып, орыстың сауда
керуенін Ташкентке дейін ешбір қауіпсіз өткізе алатындарын мәлімдеді. Осылайша поручик Карл
Миллер бастаған керуен 1738 жылы 29 тамызда Ор бекінісінен сапарға шықты. Керуен құрамына
39 көпес және т.б. әскерилер кірді. Тауарлар 44 түйеге және 60 жылқыға тиелді. Оларға келесі күні
қосылған Әбілқайыр хан өзінің адамдарымен керуенмен бірге алты күн жол жүріп, Торғай өзенінің бір сағасына жеткен соң, керуенді ары қарай күзетуді Орта жүздің Алтай және Шақшақ руларының
жігіттеріне тапсырды. Олар керуенді аман-есен қазақтардың астанасы Түркістанға дейін жеткізді.
Ал Түркістаннан Ташкентке қарай керуен қазақ батырларынсыз аттанды. Бұл қазақтар арасында түсінбеушілік туғызды. Осындайда, бұл керуен жоңғарларға арналған қару-жарақты алып бара
жатыр деп күдіктенген шымыр руының батыры Қойгелді өзінің жігіттерімен оған тосыннан шабуыл
жасады. Бұл күтпеген оқиға 1738 жылдың 2 қарашасында орын алды. Керуен басы К.Миллер мен
көпестер тұтқынға түсті. Алайда Шақшақ Жәнібек пен Жолбарыс ханның араласуымен олар біраз
уақыттан соң тұтқыннан босатылды. Арада біраз уақыт өткен соң, Жолбарыс ханның
ұйымдастыруымен 1739 жылдың 2 сәуірінде К.Миллер өзімен бірге ортаазиялық саудагерлерді
тауарларымен алып, кейін қарай, яғни Ор бекінісіне аттанды. Алайда осы кезде ташкенттік
өзбектер қазақтың мұң-мұқтажына бүйрегі бұрып тұратын Жолбарыстың көзін жоюды ойластырып,
оған қарсы қастандық ұйымдастырды. Оған өзбектердің Мың руынан шыққан Шахрух бидің тікелей қатысы болды. Ташкентті билейтін Жолбарыстың қазақшылдығы және жоңғарларға арнап өздеріне қарасты адамдардан салық жинауы өзбектерге тіптен де ұнамады. Әсіресе, екеуі екі
қаланың билеушісі болып табылатын Шахрухтың ұлдары Әбдірахым мен Әбдікәрім оған қатты
өшікті. Олар өздеріне қызмет етіп жүрген тәжік жігітін жалдап, Жолбарысты қастандықпен өлтіруді
ұйымдастырды. Үш күнге созылған, елді мезі еткен қалың жаңбырды жамылып, жалдамалы
қанішер қойнына қанжарын тығып,маусым айының басында Жолбарыс ханның ордасына жасырын
кіріп, оны бауыздап кетті. Қаралы да, жантүршіктірер сұмдық хабарды естіген халық Ордаға қарақұрым болып жиналып, ағыл-тегіл зар еңіреп ханды жоқтады. Көзі тірісінде ешкімге тырнағы
батпаған, кеңпейіл де кешірімпаз хан небәрі 49 жасында өмірден өтті. Осылайша кемеңгер Төле бидің оң қолы болып, қазақтың Ұлы жүзін бейбіт те, мамыражай тұрмысқа жеткізу жолында бүкіл
өмірін сарп еткен Жолбарыс хан да бақилық болды.
Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ жанындағы
Орталық Азиядағы дәстүрлі
өркениеттерді зерттеу
орталығының директоры,
ҚР ҰҒА Құрметті академигі