top of page

Байдалы би

Байдалы би

Байдалы Бекшеұлы бүкіл ел қамын ойлаған, қазақтың бірсыпыра белгілі қайраткерлеріне ақылшы аға, үлгілі ұстаз болған, қайратты, қабілетті, ерге қамқорлық жасаған тұлға. Ол жалпы әлсіздерге болысу, әділ болу, қиянатқа қарсы тұруды – адамдық, азаматтық парызы деп түсінген. Халық жадындағы Байдалы би – ел қамын жеген үлкен ойшыл.

Байдалы би қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі, білікті би, ойшыл ақын, атақты шешен, кезінде Абылай хан­ның тікелей ақылшысы болған. Небір шиеленіскен даулар Байдалы алдынан шешім тапқан. Абылай хан асқан шешендігіне, ақылды кеңесіне дән риза болып, «сегіз биім, сегіз бидің ішіндегі семіз биім» деп атағанда оның дене бітіміне емес, ақыл-парасатына, шешендік тапқырлығына қарап айтса керек. Өзге билер Байдалының билігіне тоқтаған. Тіптен, Абылай ханның өзі де одан аса алмаған.

Ол қазіргі Қарағанды облысы, Сарысу өзенінің бойында, Жаңаарқа маңында, бұ­рынғы «Дружба» совхозы (2002 жылдан бас­тап Байдалы би ауылы) орналасқан жерде туған. Биіміз 1722-1723 жылдары дүниеге келген. Байдалы би Абылай хан­ның сегіз биінің бірі болып, Хан кеңесіне мүше болып сайланған. Байдалы бидің арғы тегі – Арғын тайпасының Қуандық руы­нан.

Жастайынан мұсылманша оқыған, са­уат­ты адам болған. Халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Байдалы би он екі жасынан бастап ауыл арасында билік айта бастапты. Ел ішінде дау-да­май біткен бе? Қаршадай бала сондай түйінді дауларды шешкен билердің сөзіне қанып, әділдігіне бас иіп өскендіктен ел би­лігіне ертерек араласады. Таңдайы тақылдап, айтқан сөзін нақылдап тұрған баланы ел­дің көнекөз қариялары тез танып, ақ батасын береді. Бас қосқан жерден тас­тамай, ақсұңқарды баулығандай соңына ертіп, үлкен дауларға алып баратын бол­ған. Өздері әділ шешім айта алмай, аға­йындыққа бүйрегі бұрар сәттерде билікті балаға айтқызады. Содан бала бидің аты ауыл-аймаққа тез жайылады. Бірте-бірте ол үш жүздің ішіндегі үлкен дауларға да төрелік айта бастайды. Жағалай жат­қан жалпақ ел Байдалының атына ерте қанығады. Қарақылды қақ жарған қазылығына тәнті болады. Оның даңқы бірте-бірте Абылай ханға да жетеді.

Сырттан әділдігіне, шешендігіне және ақыл-парасатына көптен сүйсініп жүр­ген Абы­лай Байдалыны өз ордасына ша­қырады.

Хан ордасында Байдалы беделді бо­ла­ды. Орыс патшасының Бөкей ордасына байланысты айтылған пікірлері қазақ мем­лекеттігіне қатысты ой болатын. Ре­сей әкімшілігі қазақ мемлекеттігін жою, сондай-ақ қазақтың ұлттық, мемлекеттік идеясын қоғамдық санасынан ысырып тастау әрекетіне қарсы тұрған негізгі күш­тердің бірі, әрине, қазақ басқарушы эли­тасы болатын.

Ал қазақ басқарушы тобы үшін ХҮІІІ ғасырдан бастап-ақ орыс әкімшілігіне, оның реформаларына деген қатынас ең өзекті мәселелерінің біріне айналды.

Осы кезеңде Байдалы шешен айтқан биліктерін елдің құқық тарихындағы бір­ден-бір тыңнан шығарылған биліктер деп емес, ертеден келе жатқан Сақ, Ғұн, Көк түрік замандарынан бастау ал­ған заң­дардың яғни Шыңғыс ханның «Яса­ғы­ның», Есім ханның ескі жолының, ­ Қасым хан­ның қасқа жолының, Әз Тәукенің «Же­­ті жар­­ғысының» заңды жалғасы деп біл­­ген дұ­рыс.

Кемеңгер би бүкіл ел қамын ойла­ған, қазақтың бірсыпыра белгілі қайрат­керлеріне ақылшы аға, үлгілі ұстаз бол­ған, қайратты, қабілетті, ерге қамқорлық жасаған адам. Ол жалпы әлсіздерге бо­лысу, әділ болу, қиянатқа қарсы тұруды адамдық, азаматтық парызы деп түсінген. Халық жадындағы Байдалы би – ел қамын жеген үлкен ойшыл.

Байдалы Бекшеұлы Қазақ халқы­ның өзара және басқа туысқан мемлекет­тер­мен достық қарым-қатынаста болуын арман-мұрат тұтқан.Ол тек би ғана емес, ойшыл ақын болған.

Бекше – ағайын ішінде аз ру. Көп өскен ағайындардан қиянат көргенде «Аздың жақсысы болғанша, көптің жаманы неге болмадым. Ақ бидайдың дәні болғанша, арпаның сабаны неге болмадым» деп, кейде назалана толғанған екен деседі ел.

Байдалы би халқым деп қайғырған, елім деп егілген сезімтал ақын жаны сол ха­лықпен бірге күйзеледі:
Ел ағасына жарасар -
ел ұстарлық айласы.
Бәрінен де қиын ғой
ағайынның аласы.
Мал аласы сыртында,
ішінде болар адамның
қаскүнемдік аласы.
Өмір деген қысқа ғой,
Ой, адамзат, айтарым
Алды-артыңа қарашы!

Шығармаларының негізгі идеясы: адам­ның өмірдегі орны бөлек, адам таби­ғатқа, табиғат адамға ұқсайды, бақыт пен бақытсыздық қоғамның құрылысына, кей­де адамның өзіне де байланысты, жа­мандық пен жақсылықтың бір-біріне атыс­тырып, ру тартысын қоздырып жүретін ай­лакер түлкімінезді адамдардан асқан азғындық жоқ, адам біреуге жамандық жасау үшін емес, жақсылық жасау үшін жаратылған. Біз жарық дүниеге сүю үшін, бағалау үшін келдік, – Байдалы.

Жақын – ажал, алыс – білімді мен білімсіздің арасы

Ел аузында Байдалы би туралы көп­теген тарихи аңыздар мен ертегі-әң­гімелер сақталған. Оның атымен бай­ланысты толып жатқан нақыл, мәтел сөз­дер, билік-кесімдер халық арасында кең тараған.
Бірде есесі кетіп, теңдік ала алмай жүрген төре тұқымының бір жастау аза­маты Байдекеңе аяғын үзеңгісіне салып, атқа міне бергенде, сұрақ қойып: «Байеке, алыс не, жақын не?» – депті. Сонда Бай­далы би өрге көтеріле беріп: «Жақын – ажал, алыс – білімді мен білімсіздің арасы», – дейді.

Бес сұраққа жауабы

Бір үлкен аста Байдалы биді сынау үшін үш жүздің таңдаулы азаматтары: «Байеке, осы қанат не, жанат не, сағат не, ағат не, болат не?» – деп бес сұрақ қойыпты. Оған дана би: «Ердің күткен жақсы аты – қанат емей, немене?! Тоқтышақтың терісі – жанат емей неме­не?! Соғып тұрған жүрегің – сағат емей немене?! Жігіттікте өткен іс – ағат емей, немене?! Ауыздағы отыз тіс – болат емей немене?! – деп жауап берген екен.

Жамал ЖОЛМҰХАМЕД

bottom of page