Patriot-tulga.kz
Саққұлақ би
Саққұлақ би
Саққұлақ би (шын аты Сәбден) 1800 жылы Ақмола облысының Ерейментау ауданында дүниеге келіп, осы жерде 1888 жылы дүние салды. Ол орта жүздегі арғын руының атақты биі, шешені болған. Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі. Жасынан зерделі де, зерек болып өскен ол 12-13 жасынан әкесі Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған, ел билеу ісіне араласқан. Баласының қабілетін сезген әкесі Сәбденді 15 жасында кішігірім дау-дамайды шешіп келуге жұмсаған. Ол 16 жасында сол өңірде шешендік атағы шыққан Байдалы бимен сайысқа түсіп, Байдалының “Құлағың неткен сақ еді” деген сөзінен кейін “Саққұлақ” атанып кеткен. Саққұлақ бидің “Саққұлақтың Шоқанға берген батасы”, “Ақыл туралы”, “Шоқанның Саққұлақ биге қойған сауалдарына берген жауабы”, “Төрт нәрседен қашық қыл”, “Мұсаның өліміне айтқаны”, “Орман-тоғай жер сыны”, “Қыз күнінде балаң-балаң”, “Шоқанның қарындасына айтқаны”, Шоқан қазасына орай “Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау”, “Шыңғысқа өз аузынан айтқан көңілі”, “Батырдың басы орда қалар”, “Байдалы биге айтқаны”, “Ғылым туралы”, “Мүсетке айтқаны”, т.б. көптеген шешендік сөздері бар. Оның шешендік нақыл сөздерінен елдік пен ерлік, ғылым, білім, жақсылық пен жамандық туралы терең философиялық ой-түйіндерді байқауға болады. Басқа би-шешендердей емес, Саққұлақ би өзі айтқан билік сөздері мен басқа билердің аталы сөздерін, бағалы ойларын үнемі қағазға түсіріп жүрген. Кісі қолынан қаза тапқан би Бөгенбай батыр ұрпақтарының қорымына жерленген. Саққұлақ биден 7 ұл қалған. Нұралы, Ералы деген ұлдары әкесіне тартып би-шешен болған. Ералының “Жантай” деп аталатын дастанын С.Сейфуллин жазып алып, “Әдебиет майданы” журналында 1936 жылы жариялаған.
Саққұлақ шешеннің өзге шешен, билерден бір өзгешелігі — ол сауатты, білімді болған. Өзі айтқан билік сөздермен өзге билер айтқан аталы, бағалы ойларды үнемі қағазға түсіріп жүрген. Оған бір ғана Шоқан Уәлиханов кездесіп, тыңдап қоймаған. Сол кездегі қазақтың, орыстың оқыған азаматтары, зерттеушілері кейде іздеп барып, кейде шақырып алып, көптеген даналы, бағалы сөздерін жазып алып жүрген. “...Ел ішінен суырылып шыққан шешен, сөзге ұста, тапқыр ойшыл, кеудесінің есігі бар, құлағының тесігі бар, көзі қырағы, көңілі жіті адамды көп көрдім. Бір емес, әр тілді білетін, оқыған, тоқыған, жүйрік, білгіш адамдармен ойда, қырда талай жерде жолығып, талайымен сөйлестім. Қанжығалы қарт Бөгенбайдан шыққан Саққұлақ шешен сондай жұрт аузында шежіре атанған қариялардан еді. Мен ол кісімен талай бірге жүріп, көптеген ақылды үлгілі сөздерін жазып алдым. Ол шешенде жазыл маған қазына көп бол атын. Тағы бір кездессем деп жүретінмін. Реті келмей-ақ қойды”, — деп жазады белгілі фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.
Бидің Саққұлақ атануы туралы
Сәбден баланың “Саққұлақ би” аталуы былай екен: Қыс қатты болған тышқан жылы Алтай-Қарпықтың қалың жылқысы Ереймен тауының етегіне қыстап шығады. Сәуір айында олар жылқысын түгендесе, сексен жылқы кем бопты. Сұрастыра келсе, ұзынкұлақ хабары Бапан ауылынан шығады. Ел-жұрт Байдалы биге барады. Байдалы бір топ ел басшы, байларын ертіп Бапанның үйіне түседі. Дастарқан үстінде Бапан Байдалыға:
— Байеке, жөн айта отырыңыз?
— Жөн сұрап қалдың ғой, — дейді, сонда Байдалы:
— Тай мініп, тайлақ жетектегенді әр жерден көрдің.
Жиенінің жылқысын алып, қан-сорпа қылғанды қай жерден көрдің?
Бір тонау бар — хан тонау
Бір тонау бар — тон тонау...
Аты-жөні жоқ, бұл қалай тонау?!
Байдалы шешен осылай термелей жөнелгенде, Бапан аз-кем тосылып, үндемей қалады. Әкесінің кідіріп қалғанын сезе қойған Саққұлақ бала іліп алғандай:
— Биеке, дат! — деп Байдалының алдына барып бас иеді.
— Қанжығалының үлкені тұрып, кішісінің сөйлегені қалай? — деп, Байдалы баланың сөзге киліккенін ұнатпайды. Сонда, Саққұлақ былай депті:
— Ата тұрып ұл сөйлесе,
Ұлдың ержеткені.
Ана тұрып, қыз сөйлесе,
Қыздың бойжеткені.
Өсетін жасты
Өшетін көрі
Жасқап беттен қақса,
Заманның кері кеткені.
Өз төлін өзі сыртқа тепкені
Байдекеңнің бұл не еткені? -
Байдалы би балаға таңдана, жан-жағына паңдана қарады.
Көп ішінде іркілмей
Сөз бастаған бұ қай бала?
Ойлап едім әуелде
Отырған бір жай бала.
Уәжің сенің нақ еді.
Құлағың неткен сақ еді!
Сипатыңа қарасам,
Қара лашын, тұйғынсың.
Сөйлер сөзге келгенде
Бәйге атындай сырғисың.
Көзіме жылы ұшырайсың
Жөніңді айтшы, қай ұлсың?
Байдалы осылай толғап барып тоқталғанда Сәбден бала:
— Арғы атам батыр Бөгенбай, әкем аты алдыңызда отырған Бапан би. Алтайдың аузын асқа, адырын атқа толтырған Ішпекбай бабам емес пе еді! Алтайға ана болған менің Аққоян апам емес пе еді! Ендеше, жылқышыларыңның салақтығынан қалың қарда опқа құлап, жарға жығылған жылқыға бұл елдің ешбір кінәсі жоқ! Сөзіңіз уәлі болсын, дауыңыз куәлі болсын! Болмаса, айтқан сөзіңіздің бәрі бекер!
— Япырым-ай, мына бала қайдағы мен естіп-білмеген сөзді айтты-ау, мен тозған екенмін, бұл озған екен. Сөзің уәжді балам, сенің билігіңе тоқтадым. Олай болса бұл дау аяқталсын. Бала атқа қонсын. Тізгінді бердім саған. Бұдан былай сенің атың “Саққұлақ би” болсын, әумин! — деп, батасын беріпті дейді ел.